Астрономия пәні мен міндеттері
ЖАЛПЫ АСТРОНОМИЯ
Табиғат заңдарын зерттеудегі қазіргі заманғы жетістіктер адамның Әлемге деген көзқарасын едәуір тереңдетті және көп ғылымдар арасындағы шекараны жуықтайтындай жағдайға жеткізді. Астрономияның соңғы жетістіктері негізінде, оның зерттеу объектілерінің қатары ғарыштағы материяның көрінбейтін түрінен бастап тірі ағзаларға дейінгі аралықты қамтиды деуге болады. Егер физиканы табиғаттың ең іргелі (фундаменталды), мейлінше жалпылама әрі қарапайым заңдылықтарын зерттейтін ғылым десек, астрономияны физика әдістерін пайдалана отырып Әлемді жан-жақты зерттейтін ғылым деуге болады.
Астрономия сөзі гректің “астрон”–жұлдыз және “номос”–заң сөздерінің тіркесінен шыққан. Астрономияның негізгі зерттейтін объектілері: Күн, планеталар және олардың серіктері, метеорлық денелер, тұмандықтар, жұлдыздар, жұлдыздық шоғырланулар, галактикалар және т.б. ғарыштық объектілер және олардың арасындағы кеңістікті толтыратын материя. Жерді Күн жүйесінің бір планетасы ретінде аспан денесі деп қарастырсақ, ол да астрономияның зерттеу объектісі болып табылады. Астрономияның ерекше зерттеу мәселелерінің бірі – жерден тыс өркениеттерді іздестіру және олармен байланыс орнату. Бұл сұрақ адамзаттың алдындағы ең көкейкесті мәселелердің бірі болып табылады.
Астрономияның негізгі зерттеу әдісі – бақылау. Бақылаулар негізінен түрлі телескоптар көмегімен жүргізіледі. Оптикалық диапазоннан тыс электромагниттік сәулеленуді тіркеу, спектрлік талдау, фотосуретке және бейнетаспаға түсіру, фотоэлектрлік құралдарды қолдану, компьютерлерді пайдалану бақылау жүргізудің және оны сараптаудың мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті. Ғарышкерліктің дамуына байланысты астрономияда тәжірибе жасау мүмкіндігі пайда болды. Ғарыш кемелері мен жасанды жер серіктері көмегімен астрономдар Әлемді зерттеудің жаңа деңгейіне көтерілді. Күн жүйесін зерттеуде планетааралық ғарыш кемелерін қолдану астрономияда көптеген жаңалықтар ашуға мүмкіндік берді. Аспан денелерін зерттеудің тағы бір жолы – Жерге түсетін ғарыш сәулелері мен метеориттерді зерттеу.
Аспан денелерін зерттегенде негізгі үш мәселе қойылады:
1) Аспан денелерінің көрінетін орны мен қозғалысын, осы мәліметтер негізінде олардың шын орны мен қозғалысын тауып, өлшемдері мен пішінін анықтау.
2) Аспан денелерінің физикалық құрылысын, химиялық құрамын, ондағы физикалық жағдайды (қысым, температура, тығыздық) анықтау.
3) Аспан денелері мен олардың жүйелерінің пайда болуы және дамуы мәселелерін шешу.
Астрономияны қолданатын мәліметтер сипатына байланысты негізгі үш бағытқа бөледі: астрометрия, аспан механикасы және астрофизика.
Астрометрия аспан денелерінің көрінетін орнын және қозғалысын, Жердің айналуын өлшеудің теориялық және техникалық әдістерін табу, аспан координаттар жүйелерін тағайындау, астрономиялық бақылаулар негізінде дәл уақытты және жер бетіндегі нүктелердің дәл географиялық координаттарын анықтау сияқты маңызды мәселелермен айналысады.
Аспан механикасы аспан денелері мен олардың жүйелерінің өзара әсерлесу (негізінен бүкіләлемдік тартылыс) салдарынан болатын қозғалысын зерттейді. Аспан механикасының негізгі практикалық мәселелері - бақылаулардан алынған мәліметтерге сүйене отырып аспан денелерінің (соңдай-ақ жасанды серіктер мен ғарыш кемелерінің) орбиталарының элементтерін анықтап, олардың траекториясын табу, қозғалысының орнықтылығын зерттеу. Аспан механикасының «Теориялық астрономия» деп аталатын бөлігі аспан денелерінің көрінетін орындары (эфемеридалары) мен орбиталарын есептеумен айналысады. Ғарыш кемелерін ұшыру қажеттілігі аспан механикасының қарқынды дамуына ықпал етуде.
Астрофизика жоғарыдағы екі бөлімнен қалған мәселелердің бәрімен айналысады десек болады. Атап айтқанда, ол аспан денелерінің пайда болуын («Космогония»), ондағы физикалық күйді, олардың физикалық құрылысы мен химиялық құрамын, олардың бетіндегі және қойнауындағы жүріп жатқан процестерді, олардың арасындағы ортаның (жұлдызаралық және т.б.) қасиеттерін, Әлемді тұтастай алғандағы пайда болуы мен дамуын және құрылымын («Космология») зерттейді. Жұлдыздар мен олардың жүйелерін жан-жақты зерттейтін «Жұлдыздық астрономия» астрофизиканың бір бөлігі болып табылады. Жалпы алғанда астрофизиканы теориялық және практикалық бөліктерден тұрады деп қарастырсақ болады. Сондай-ақ, астрофизиканың салалары ретінде инфрақызыл, рентген астрономиясы, гамма-астрономия және нейтринолық астрономияны атауға болады.
Тарау
Дата добавления: 2015-05-16; просмотров: 3592;