Жабысқақтық неврозы
Жабысқақтық невроз дегеніміз- бұл науқастарда еркінен тыс жабысқақ ойлар, қорқыныштар, қимылдар пайда болуымен жүретін невроз формасы, олар науқас үшін жат, бірақ олардан арыла алмайды.
Психопатологиялық көріністердің қайсысының басым болуына байланысты жабысқақ невроздың 3 түрін ажыратады: обсессивті, фобиялық және жабысқақ - компульсивті.
Невроздың обсессивті түрінде науқастар жабысқақ естеліктерге (фамилияларды, жағымсыз ситуацияларды естеріне алады), елестерге (өз басынан өткен жағымсыз оқиғалар, кітаптардан немесе өзге көздерден алынған өзіне таныс оқиғалар) шағымданады. санақ терезенің этаждың және т.б.) көріністерге шағымданады. Ауру осы психикалық құбылыстардың бөтендігін түсінеді, бірақ олардан арылуға дәрменсіз. Олар қандай-да бір әрекетті толық орындауға кедергі жасайды, қажытады.
Жабысқақтықтар үнемі күмәнданулармен де көрініс береді. Науқастар орындаған істерінің шындығына сенімсіз, есікті жапты ма, жарықты сөндірді ме, үйден шыққанда газды сөндірді ме және т.с.с. қайталап көп рет тексереді.
Науқас П., 28 жаста, слесарь. Алғашқы жүктіліктен дүниеге келген. Өз жасына сай дамып, өскен. Балалық шағында балалар инфекциясымен ауырған. Психикалық аурулармен тұқымқуалаушылық ауырлығы жоқ. Әкесі мінезі бойынша жұмсақ, анасы-ұялшақ, көңілшең, ренжігіш. Науқас мінезі бойынша педант, ұқыпты, қарым-қатынаста ашық, бір істен екінші іске ауысуы қиын. Мектепке 7 жасында барған, жақсы оқыған. Сабақ кезінде өзінің шешімдерінің дұрыстығына күмәнді болған. 10-сыныпты бітіріп, слесарь болып жұмысқа орналасқан. Жұмысына жоғары жауапкершілікпен қараған. Кезекті жиналыста цех бастығы, жұмысқа деген жауапсыздық нәтижесінде көрші цехта төтенше оқиға болғанын айтқан. Артынан ол адамдардың қатаң жаза алатындығын айтқан. Жұмыстан кейін науқаста, станокты сөндірдім бе жоқ па деген сезікті ой пайда болады. Үйіне жете бере, ол станокты тексеру үшін, жұмысқа қайта оралуға мәжбүр болған. Осындай ойлар күнде қайталанып отырған, ол онымен күресуге тырысқан, бірақ нәтижесіз. Кей уақыттарда аса тітіркенгіштік, ашушаңдық танытқан.
Стацианарға түскенде науқаста аздап үрейшілдік байқалды. Жұмыс орны, жанұясы туралы көп күйзеліп, ойланады. Науқас өзінің істеген істерінің дұрыстығына үнемі күмәнданатындығына, одан арыла алмайтындығына шағымданады. Өз күмәнінің негізсіздігін біле тұра бірнеше рет оларды тексеруге мәжбүр екендігін айтады. Науқас өз күйіне сын көзқараспен қарайды, оның қажу жағдайына байланысты екендігін түсінеді. Дәрілік және психотерапиялық емнен кейін жағдайы жақсарды. Жұмысына шығарылды.
Жабысқақтық невроздың фобиялық нұсқасының клиникалық көрінісінде басты рөл қорқыныштарға (фобияларға) тән. Олардың ішінде ең кең тарағаны ауыр соматикалық және инфекциялық ауруларға шалдығу қорқынышы: миокард инфарктымен, қатерлі ісікпен, мерезбен және т.б. Науқас өз ойының дұрыс емес екенін түсінеді, бірақ олардан арыла алмайды, және белгілі бір жағдайларда осы ойлар оны қатты толқытады. Кардиофобиямен науқасты лық толы автобус ішінде, метрода, тар жерлерде инфаркт пайда болады деген қорқыныш және сенім баурайды. Жүрек аймағынан жағымсыздықты сезінгенде (соматовегетативтік реакциялар), дер кезінде медициналық қызмет көрсете алмайды деген күмән пайда болғанда науқас қорқынышы күшейеді.
Науқас Л., 32 жаста, инженер. Нашар ұйқыға, тез шаршайтындығына, өлімнен қорқынышқа, тәбетінің жоқтығына шағымдар айтады. Тұқым қуалаушылық ауырлығы жоқ. Әкесі ашушаң, тітіркенгіш, алкогольді шектен тыс қолданады, балаларының көзінше жанжал көрсетеді. Балалары қорқыныштан үндемейтін болған, науқастың айтуы бойынша «қорқыныш бүкіл денесін баураған». Шешесі момын, үндемейтін, мейірімді, әкесіне бағынышты жан болған. Балаларымен жақсы қатынаста болған, мүмкіндігінше оларды еркелетуге тырысқан.
Науқас мінезі бойынша сезімтал, әсершіл, тұйықтау. Екі ағасымен өсіп, оларды бағып- күткен. Сегіз сыныпты және индустриальды техникумды бітірген. Күйеуде болған, артынан ажырасып кеткен. Бес жастағы ұлы бар. Шешесі және ағасымен бір пәтерде тұрады. Жанұясында ұрыс-керіс жиі болады, ағасы арақ ішіп, ұлына нашар ықпал етуде. Науқас ол үшін көп күйзеледі, ағасымен бірнеше рет әңгімелескен, бірақ ол ешқандай нәтиже бермеген. Өзінің ашушаң, тітіркенгіш болып кеткендігін байқаған. Жұмыс уақытында үй жайлы көп ойлаған, осы жағдайлар баласының тәрбиесіне кері әсерін тигізеді деп күйзелген. Өзі үйде болмағанда ағасы оның баласына зақым келтіреді деп қорыққан. Бір күні жұмыс уақытынының соңында, үйінде бір жаман жағдай болатындай сезінген. Жауапты жұмыс болғандықтан, жұмысын тастап кете алмаған. Кеудесінде жайсыз сезім туып, қалтырап, жүрегі тоқтап қалатындай болған. Терапевтке қаралып, амбулаторлы ем қабылдаған. Терапевт жүрек-қан тамырлары жүйесі тарапынан органикалық бүзылыстар таппаған. Екі күннен кейін осы жағдай қайталанған. Невропатологқа қаралған, ол оны психиатрға жолдаған. Тағайындалған емді күнделікті қабылдамаған. Жағдайы нашарлаған: қалалық транспортта жүруге, үйде жалғыз қалуға қорыққан. Осындай ұстама кезінде жедел жәрдем шақырған. Өз күйзелістерінен шыға алмаған. Осындай ұстама тамақ ішіп отырған кезде де байқалған, осы жағдайдан кейін тамақты абайлап ішіп, кейде тамақ ішуден бас тарқан. Өз бетімен психиатрға қаралып, стационарлық емге жолданған.
Психикалық жағдайы: әңгімелескенде толқиды, шамалы тұтығады, өз жағдайы жайлы жақсы әңгімелейді. Жүрегі тарапынан күрделі бұзылыс жоқ екендігін жоққа шығармайды. Бірақ бұл сенімділік, өзіне шұғыл жәрдем көрсете алмайтын жерлерде жоғалып кетеді. Науқастармен жақсы араласады. Үйі туралы көп ойлайды, көмек іздейді, өз дертінің болжамын сұрайды. Дұрыс өмір сүруіне кедергі жасайтын қорқыныштардан арылғысы келеді.
Өткізілген емнен кейін жағдайы жақсарған. Науқас сабырлы, бөлімшенің өмір барысына қызығушылық танытады, еңбек үрдісіне баулынды. Өз жағдайына сын көзбен қарайды, қорқыныш сезінбейді.
Инфекциялық ауруларға шалдығу фобиясымен, мысалы, сифилофобиямен науқастарда, таныс емес адамдармен жанасқанда, бөтен заттарды ұстағанда ауру жұғады деген терең қоқыныш баурап алады. Осындай жағдайлардан кейін науқастар арнайы шара қолданады: киімін дезинфекциялайды, қолын бірнеше рет қайталап жуады.
Жабысқақтық невроздың жабысқақты-компульсивті түрінде жағдай контрасты идеялармен, әуестікпен және әрекеттермен анықталады. Науқастың моральды ұстанымдарына қарама-қайшы әрекеттер жасауға күшті мотивсіз ойлар пайда болады. Анасында баласының басын ауыр затпен ұрып жаруға, оның көздерін үшкір затпен шұқуға және т.б. ойлар пайда болады. Науқастардың ойына қоғамдық орындарда ұятты іс жасау тілегі келеді. Кейбір науқастарда компульсивті невроз бастың жабысқақ қозғалыстарымен, мимикамен және т.с.с. көрінеді. Шамалы уақытқа науқастар осы қозғалыстарын және әрекеттерін тежей алады. Бірақ бұл уақытта науқастарда психикалық кернеліс сезімі байқалады.
Жабысқақтық невроздардың жоғарыда аталған нұсқаларының іс жүзіндегі бөлінулері біршама схемалық, шартты сипатта. Жиі ауру көрінісінде обсессивті және компульсивті немесе фобиялық невроздардың элементтері болады. Кейде олардың байланыстарының тығыздығы соншалық бір нұсқаны екіншісінен ажырату мүмкін емес. Мысалы, науқаста өткір заттарды көргенде қорқыныш туып, сол сәтте өз балаларын кескілеп тастағысы келген.
Жабысқақ жағдайлар неврозы жағдайы басқа невроздарға қарағанда созылмалы ағымда өтеді. Науқас аурудың ұзақ ағымында өз дертін өршітетін ситуациялардан алшақ жүреді. Жалпы алғанда олардың симптоматикасы бірқатар эволюция жасайды. Мысалы, бастапқыда фобиялар белгілі бір жағдайларда, белгілі бір әрекетті орындау кезінде немесе орындау алдында пайда болады. Жабысқақ қорқыныштар кейін олар жөніндегі естеліктердің өзінен пайда болады. Жабысқақ естеліктер баурап алушы қорқыныштарға ауысады. Мысалы, науқаста қайтыс болған туысқанының тірілей жерленгені туралы жабысқақ ойлар пайда болады. Науқасты осы жағдай қалай өткендігі туралы ойлар жиі мазалайды. Ол тірілей жерленген туысқанының қалай тұншыққанын айқын көз алдына келтіреді. Ақырында осы ойлар аса айқындалып, үнемі сипат алып, науқас үшін өте ауыр күйзеліс болып табылады, өз әрекеттерінің орынсыздығын түсіне отыра, молаға қарай жүгіреді, бейітті қазуды талап етеді.
Невротикалық бұзылыстардың негізінде пайда болатын сапасы жағынан жаңа жағдайларға ритуалдар, «жамандықты қайтаруға» арналған тәсілдер динамикасы айқын мысал бола алады. Жиі науқастарда қимылдық ритуалдар дамиды (аяқпен жерді тепкілеу, қолдарымен ерекше қимылдар асау және т.б.). белгілі бір сатыда қимылдық акттар ритуал сипатынан айрылады. Бұл ритуалдық әрекеттер қарсы бағытталған фобиялар жоғалған жағдайда болады, бірақ қимылдық актілер қалып қалады, қимылдық жабысқақтықтарға ауысады.
Дата добавления: 2016-03-22; просмотров: 4130;