Естің түрлері, функциялары

Жантану ғылымы, осыдан өз алдына келесі мәселелерді шешу міндетін белгілейді: санадағы өткен тәжірибе іздері қаншама уақыт сақталуы мүмкін?; есте қалдырудың ұзақ не қысқа мерзімді болуы неліктен?; ес іздері қандай өзгерістерге түсуі мүмкін?; естің адам танымына ықпалы қандай?

Қозғалысты ес - әрқилы қимыл-қозғалыстар мен олардың бірлікті жүйесін есте қалдырып, сақтап және қайта жаңғырту. Кейбір адамдарда осы ес түрі басқаларынан гөрі басымдау келеді. Ондайлар, мысалы, музыкалы шығарманы дауыспен қайталай алмаса да, бимен көрсетуге шебер. Ал екінші біреулердің қозғалысты есі тіпті шабан. Бұл ес түрінің әрқандай еңбектің дағдыларын қалыптастыруда, балалардың жүру, жазу әрекеттерінің қалыпқа түсуінде және, т.б. маңызы өте үлкен. Қозғалысты ес болмағанда, біз қажетті әрекет пен қимылдарымызды әрдайым жаңадан үйреніп баруымызға тура келер еді. Жақсы дамыған қозғалысты ес адамның әрекет ептілігінен, еңбектегі ұқыптылығы мен «бармағынан өнер тамғанынан» көрінеді.

Сезімдік ес. Әдетте, қажеттеріміз бен қызығуларымыздың, қоршаған ортамен қатынасымыздың қаншалықты тиімді не зиянды, ұнамды не жағымсыз орындалып жатқанын көңіл-күйімізбен танытамыз. Осыдан, көңіл-күй (эмоция) есі адам өмірі мен іс-әрекетінде өте үлкен маңызға ие. Басымыздан өтіп, есімізде сақталған сезімдер әрқашан бізді әрекетке ынталандырады немесе өткендегі жағымсыз әсерлерге тап келтірген оқиғалардан сақтандырады. Сізбен қатынасқан адамның көңілін аулау, оқыған кітабыңыздың кейіпкерімен қосылып, толғанысқа түсуіңіз осы сезімдік еске негізделген.

Бейнелі ес - елестерге, табиғат көріністеріне, сонымен бірге дыбыстар, дәмге негізделген жад іздері. Ол көру, есту, сипай сезу, иістік және дәмдік болып бөлінеді. Егер көру, есту естері әрбір жете дамыған адамның өмірлік бағыт-бағдарында қалыптасатын болса, онда сезімдік, иістік пен дәмдік естер адамның кәсіптік қасиеттеріне жатады. Сәйкес түйсіктер сияқты мұндай ес түрлері іс-әрекет шарттарына орай қарқынды дамып, кейде кемістігі болған ес түрлерінің орнын толықтыруда керемет деңгейлерге көтерілуі мүмкін, мысалы, соқырдың денесімен сезінуі, естігіштігі, ал кереңнің көргіштігі, иіскей, жанаса сезгіштігі және, т.б.

Қысқа мерзімді есте жоғарыда баяндалған жүйедегіге қарағанда материал басқаша тұрақтайды. Бұл жағдайда есте қалған бейне сезімдік деңгейдегі толық көріністей болмай, оқиғаның қандай да бір шағын баламасына сәйкес келеді. Мысалы, сізге қаратылған ақпарат оны құрайтын дыбыстар жүйесінде қабылданбай, біртұтас сөздер қалпында еске алынады. Әдетте, ұсынылған материалдың ең мәнді деген 3-4 бірлігі немесе кейінгі элементтері ғана қабылданады. Саналы, ерік күшін қосумен сол қабылданған сөздік материалды бірнеше рет қайталай отырып, оны біршама ұзақ мерзім сақтауға болады. Ал сезімдік естегі бейне қайталанбайды, ол секундке жетпей, жойылады да, ұзақ сақтауға келмейді.

Ұзақ мерзімді ес. Баршаға белгілідей, осы мезетте болған оқиға мен атам заманда жүз берген тарихи жағдайларды есте сақтаудың арасында айтарлықтай өзгешелік бар. Осыдан, ұзақ мерзімді ес - жадта сақтау жүйесінің маңызды да әрі күрделі түрі. Жоғарыда келтірілген 2 ес жүйесінің қамту аймағы өте шектелген: біріншісі шағын уақытқа жұмыс істесе, екіншісі материалдың кіші бір бөлігін ғана ұстап қалуға қабілетті. Ал ұзақ мерзімді естің уақыты да, қамту көлемі де шексіз. Бірнеше минуттан артық сақталғанның бәрі ұзақ мерзімді еске кіреді.

Ұзақ мерзімді еске байланысты қиыншылық - бұл санадағы ақпаратты іздестіріп, таңдап, қажеттісін таба білу. Ал есіміздегі мәліметтің көптігі соншалықты, оны санмен айғақтау мүмкін емес. Солай болса да сана қорымыздан қажетті дерек дер кезінде шыға келетініне таңданбасқа болмайды.

Бірақ ұзақ мерзімді естің де аймақ көлемінің шегі барын мойындамасқа болмайды, себебі ол өлшем мимен байланысты. Ғылымда дәлелденгендей, ми 10 млрд. нейроннан тұрады, ал әрбір нейрон аса көп санды ақпарат сақтауға қабілетті. Бірақ әрбір жеке адам миының есте қалдырып, сақтау мүмкіндігі оның биологиялық, әлеуметтік дамуына тәуелді.

Сөздік-логикалы (мағыналы) ес мазмұнына біздің ой-өрісіміз кіреді. Ой тілсіз өрнектелмейді, сондықтан ой тек мағыналық қана болмай, сөзді-логикалы болатыны осыдан. Біздің ойымыз әр түрлі тіл формаларымен берілетіндіктен, оны қайта жаңғырту материалдың тек негізгі мазмұнын жеткізумен не сөзбе-сөз қалтқысыз қайталануымен жүзеге асуы мүмкін. Егер кейінгі жағдайда жадқа алатынымыз мағыналық өңдеуге түспейтін болса, онда оның өзгеріссіз жадталуы логикалы емес, механикалық жаттауға айналады.

Сөзді-логикалық, мағыналы есте басты мән екінші сигналдық жүйеде. Сондықтан да, қарапайым формадағы қозғалыс, бейнелі және эмоционалды естер жануарларда да байқалатын болса, мағыналы ес түрі адамға ғана тән қасиет. Сөзді-логикалы ес басқа ес түрлерінің дамуына арқа сүйей отырып, оларға жетекшілік етеді және өз дамуымен олардың жоғары деңгейге көтерілуіне ықпалын тигізеді. Оқу процесіндегі шәкірттің білім игеруі мен топтауы, негізінен, осы мағыналық еске байланысты.

Іс-әрекет мақсатына байланысты ес - ырықты, ырықсызболып бөлінеді. Арнайы есте қалдыру не еске түсіру мақсаты болмаған психикалық процесс - ырықсыз көрініс беріп, ал егер бұл процесс мақсатты бағдарланған болса, ырықты сипатқа ие. Кейінгі жағдайда есте қалдыру мен қайта жаңғырту арнайы мнемикалық (жаттау, еске түсіру) әрекеттерге орай жүзеге келеді.

Ырықсыз не ырықты болудан ес дамуының бірізді, кезекпен келетін 2 деңгейі құралады. Адам өмір тәжірибесінің көбі ырықсыз ес жәрдемімен жинақталып, соның арқасында арнайы дайындықсыз-ақ қажетті болған тұрмыстық біліктеріміздің қоры қалыптасады. Бірақ іс-әрекет барысында адамның өз іс-әрекеттерін басшылыққа алу қажеттігі де туындап қалады. Бұл жағдайда іске ырықты ес қосылады да осыдан бізге керекті болған материалды алға ниет қып белгілеумен жаттаймыз немесе еске түсіреміз.

Кейінгі жылдары зерттеушілер назары есте қалдырудың бастапқы кезеңіне, сыртқы әсерлер іздері бекінгенге дейін өтетін процестерге аударылуда. Қандай да материал есте қалдырылуы үшін ол субъект тарапынан тиісті дәрежеде өңделіп, игерілуі тиіс. Ал бұл үшін белгілі уақыт аралығы қажет, яғни сырттан түскен әсерлердің басы бірігетін (консолидация следов) уақыт. Бұл процесс - жаңа ғана болып өткен оқиғаның біздің субъектлік санамызда бірден ұмытылмай, онда толғаныс пайда етуі: болып өткен оқиға енді жоқ болса да біз оның көріністерін елестетеміз, құлағымыздан шуы кете қоймайды. Мұндай процестер тұрақты болмайды, жойылып та кетеді, бірақ тәжірибе топтастыру механизмдерінің қызметінде үлкен роль ойнағандықтан, ол есте қалдыру, бекіту және қайта жаңғырту үшін қажетті естің ерекше формасы ретінде - қысқа мерзімді ес деп танылған. Бұл ес түрі, жоғарыда көрсеткеніміздей, материалды аз уақыт аралығында ғана сақтау мүмкіншілігіне ие.

Нақты қызметтік ес (оперативная память) адамның нақты іс-әрекет мезеті мен қажетіне орай қозғалыстар және қимылдарды орындауына байланысты іске қосылады. Қандай да бір күрделі әрекетті орындау үшін оны бөлшектеп алуымыз керек, кейін әрекеттің әр бөлігі бойынша нәтижеге келіп, екіншісіне өтеміз. Осы екі арадағы нәтиже сол мезеттегі қажеттігімен есімізде тұрады, ал ақырғы көзделген мақсатқа жақындаған сайын есіміздегі алдыңғы бөлік нәтижелері әрқайсысы өз кезегімен ұмытылып, естен шығып, келесі әрекет бөлігінің ақпаратына орын босатқандай болады. Орындалатын әрекет бөліктерінің көлемі мен аумағы әр түрлі, мысалы, балақай жеке әріпті қинала танудан бастаса, ересек адам, тіпті маман болса, кітап беті мазмұнын тұтастай қабылдауы мүмкін. Қызметтік естің жоғары деңгейде, нәтижелі болуы адамның ниетті жаттығуларына байланысты.

 








Дата добавления: 2015-10-26; просмотров: 8057;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.005 сек.