Сурет. Мәліметтерді жинақтауыштар
Мәліметтерді жинақтауыштар дегеніміз мәліметтерді жазып сақтауға арналған сыртқы жады. Мәліметтерді сақтау құрылғысына байланысты магниттік, лазерлік дискілер, магниттік таспадағы жинақтауыштар болып бөлінеді. Магниттік диск - жалпақ дөңгелек табақша немесе диск түрінде жасалған, беті магниттік қабықшамен қапталған металл немесе шыны пластина. Олардың иілгіш және қатқыл түрлері бар.
|
Қатқыл диск ауа кірмейтіндей жабық корпусқа салынып, жүйелік блокқа орнатылады. Оның дискілері жылдам айналып, кез-келген мәліметтер көлемін сенімді түрде сақтайды. Қатқыл дискінің негізгі бөліктері: сырты магнитпен жалатылған қатқыл дискілер (пластиналар), позициялау құрылғысынан тұратын бастиектер блогы, шпиндель электрожетегі, электроника блогы және сырты мықты темірден жасалған корпус. Қатқыл дискінің жұмыс істеу принципі магнитофондарға ұқсайды.
Қатқыл дискіге «винчестер» деген атау әуелі қалжың ретінде берілген болатын, өйткені бұл құрылғының кейбір техникалық сипаттамалары шынында да осы бір американдықтардың танымал мылтығына ұқсас келетін. Кейін бұл атау үйреншікті болып кеткендіктен, винчестер деп тек қана мылтықты емес қатқыл дискіні де атайтын болды.
|
Иілгіш магниттік дискінің көлемі 1,44 мегабайт. Дискеттер қатты пластмасса қорапта орналасады, сол себепті олар ұзақ әрі сенімді қызмет атқарады.
|
Үлкен көлемде ақпарат тасымалдау үшін CD-ROM компакт-дискілерін қолданған тиімді. CD-ROM («Compact Disk Read Only Memory» - жады оқылатын компакт диск) ақпаратты сақтау үшін кең көлемде қолданылатын ақпарат тасымалдаушылардың бірі. Компакт дискінің ақпарат сыйымдылығы 650-700 МБайт шамасында.
Компакт-дискілерде барлық мәлімет иілгіш дискілердегідей магнитті емес, оптикалық принциппен сақталады. Дискідегі барлық мәлімет лазерлік сәуленің көмегімен оқылады.
Компакт-дискідегі мәліметтерді оқу үшін CD-ROM дискжетегі қолданылады. CD-ROM дискжетегінің негізгі параметрі – оқу жылдамдығы. Оқу жылдамдығының өлшем бірлігі ретінде 80-жылдары музыкалық компакт дискілердің (аудиодискілер) оқу жылдамдығы ретінде белгіленген өлшем бірліктер қолданылады. Қазіргі заманғы CD-ROM дискжетектерінің оқу жылдамдығы 40х–52х. Компакт-дискілердің CD-R (Compact Disk Recordable) және CD-RW (Compact Disk ReWritable) деген түрлері болады. CD-R дискілерге ақпаратты бір рет, ал CD-RW дискілерге бірнеше рет жазуға болады.
DVD (ағылш. Digital Versatile Disc – көпмақсатты сандық диск немесе Digital Video Disk – сандық видеодиск) – сыртқы түрі компакт-дискіге ұқсағанымен, одан да көп мөлшерде мәліметті сақтауға мүмкіндік беретін ақпарат тасымалдаушы. DVD-дің қарапайым компакт-дискіден айырмашылығы ондағы мәліметті оқып-жазу үшін қысқа толқынды лазер қолданылады. Бірқабатты біржақты DVD-дің ақпарат сыйымдылығы 4,7 ГБайт. DVD бір немесе екі жақтан немесе екі жақ бетінде де орналасатын екі қабаттан тұруы мүмкін. Алғашқы осындай дискілер мен ойнатқыштар 1996 жылдың қараша айында Жапон елінде, 1997 жылдың наурыз айында АҚШ-та пайда болды.
DVD-дің оқу/жазу жылдамдығы - 1 385 000 байт/с шамасында. (1352 КБайт/с=1,32 МБайт/с)
Blu-ray Disc немесе қысқашаBD (ағылшынша blue ray – көгілдір сәуле және disc - диск) – сандық деректерді, соның қатарында жоғары сапалы видеоны сақтау үшін қолданылатын оптикалық дискілердің жаңа буыны.
Blue ray деген сөз тіркесі өз атауын DVD-мен салыстырғанда анағұрлым көп мәліметті оқып-жазуға мүмкіндік беретін қысқа толқынды 405 нм «көк» түсті (техникалық күлгін-көк) лазерге байланысты алған болатын. Бірқабатты Blu-ray (BD) дискіде 27 Гбайтқа дейін ақпарат сыйғызуға болады.
Бірнеше секторлардан тұратын файлдарды жазуға арналған магниттік дискідегі жады бірлігі кластер деп аталады. Ол операциялық жүйемен бөлінетін дискідегі жадының блогын құрайды. Бір кластерге жеке файл немесе оның бөлігі жазылуы мүмкін. Операциялық жүйеде әрбір кластерге ерекше нөмір беріледі. Сыйымдылығы 1,44 мегабайт дискеттерде әрбір кластер бір секторға тең. Қатқыл дискіде бір кластерде 1, 2, 4, 8 және одан да көп секторлар болуы мүмкін.
Контроллер – компьютердің жеке құрылғыларының жұмысын басқаратын электрондық схема. Контроллер құрылғы сигналдарын шинаның сигналдарымен сәйкестендіреді және орталық процессордан түскен командалар бойынша құрылғыларды басқарады. Индикатор – құрылғының қалып–күйін, мәліметтердің өзгерісін немесе программаның орындалуын көрсетуге арналған.
Дата добавления: 2015-10-09; просмотров: 3662;