Халықаралық шарттардың бекітілуі

Халықаралық шарттар өзара байланысқан бірыңғай ережелердің жүйесін бейнелейді. Соған орай ол барлық қаулылар тараптар үшін міндетті тұтас бір құжат ретінде қарастырылады.Халықаралық шарттардың атауы, кіріспе немесе преамбула, қатынасты реттеуге қатысты нормативті ережелерден тұратын негізгі (орталық) бөлім және қорытынды ереже халықаралық шарттар құрылымының негізгі құрамдас бөліктері болып табылады.

Кіріспе немесе преамбула шарттың маңызды бөлімдерінің бірі, мұнда негізінен уағдаласушы тараптар, шартты бекітуге өкілеттілігі бар уәкілдер көрсетіледі, қандай негізде және кім арқылы халықаралық шартқа отыруда, өкілеттіліктердің талапка сай екендігі де еске алынады. Бұл бөлім негізінен «төмендегідей келісімге келді» деген сөз тіркестерімен аяқталады.

Жазбаша түрдегі шарттың негізгі бөлімі баптарға бөлінеді, кейбір жағдайда тарауға, тармаққа немесе бөлімдерге топтасуы мүмкін. Бірқатар шарттарда баптарға сондай-ақ тарау, тармақтар мен бөлімдерге атау берілуі ықтимал.

Негізгі бөлімнен соң хаттамалық немесе қорытынды бөлім онда халықаралық шарттардың ратификацияға жататындығы немесе жатпайтындығы, қандай мерзімге жасалынғандығы, оның жойылу шарттары ескерілуі мүмкін, қай тілде жазылғандығы, яғни екі жақты халықаралық шарттар, әдетте, келіссөздерге қатысушы тараптардың мемлекеттік тілінде жасалады. Тараптардың келісуі бойынша халықаралық шарттардың тілі ретінде өзге тіл таңдап алынуы мүмкін. Ал көпжақты халықаралық шарттар келіссөздерге қатысушы тараптардың келісуі бойынша белгіленетін тілдерде жасалады.

Орта ғасырларда халықаралық шарттар негізінен латын тілінде жазылса, XVII ғасырдан бастап латын тілін француз тілі ығыстыра бастаған еді. XX ғасырдың басында француз тілімен қатар ағылшын тілі де дипломатия тіліне айнала бастайды. Дегенмен, XX ғасырда халықаралық шарттарды қандай да бір жалпы қабылданған тілде жасау дәстүрінен бас тартқан болатын.

Сонымен бірге шарттың қандай мәтіні түпнұсқа болып саналатындығы немесе барлық мәтін тепе-тең болып санала ма, қатысушы мемлекет өкілдерінің қол қоюы, мекен-жай және қол қойылған мерзімі жазылады. Халықаралық шарттың тең түпнұсқа мәтіні дегеніміз - келіссөздерге қатысушы тараптар немесе уағдаласушы тараптар түпнұсқа (түпкілікті нұсқа) ретінде қарайтын халықаралық шарт мәтіні.

Қорытынды бөлімде аталған кейбір шарттардың болмауы да немесе қосылуы да мүмкін, тек қатысушы мемлекет өкілдерінің қол қоюы, мекен-жай және қол қойылған мерзімнің болуы міндетті.

Халықаралық шарттың төртінші бөлімі ретінде қосымшаның болуы мүмкін, ол тек қосымша ғана болып қоймай, сондай-ақ заңды күшіне ие болса, онда халықаралық шарттың мәтінінде ескерте кетеді.

Халықаралық келіссөздер – халықаралық шарттарды жасаудың алғашқы сатысы болып қарастырамыз. Келіссөздер – бұрын дипломаттар мен саяси қызметкерлер шеңберінің кәсіби қызметінің маңызды бөлігін құрайтын, қазіргі таңда қоғамымыз ашылып, кеңейген сайын көптеген тұлғалар мен ұйымдардың өміріндегі ажырағысыз бөлігіне айналды. Оған дәлел ретінде күнделікті өмірде мемлекеттер арасындағы мәселелердің келіссөздер жүргізуі арқылы шешілуін айтуға болады. Сонымен қатар әлемдегі ең беделді ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының «Дауларды бейбіт жолдармен шешу» деп аталатын VІ-тарауының 33-бабында келіссөз жөнінде көрсетілгендігі сөзімізді айқындайды. Онда былай делінген: «Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін кез келген дауға қатысушы тараптар ең алдымен дауды келіссөз жүргізу, тексеру, бітімгершілік, татуласу, арбитраж, сотқа арыздану, аймақтық органға жолдану, келісімге келу немесе т.б. өз қалауы бойынша бейбіт жолдармен шешуге тырысуы қажет. Қауіпсіздік Кеңесі, егер ол қажет деп тапқан жағдайда, тараптардан олардың даудың осындай амалдармен шешілуін талап етеді». Халықаралық шарттарды жасау процесінде келіссөз өте маңызды орынға ие. Бұл процеске шартты жасау бастамасынан бастап, оның күшіне енуіне дейінгі кезеңді жатқызуға болады. М.Ә.Сәрсембаевтың пікірінше «Шартты жасау мына сатыларды: келіссөз, мәтінді дайындау және келісу, парафирлеу, қол қою, бекіту немесе ратификациялау, күшіне енуді қамтитын күрделі процесс». Ж.О. Құлжабаева шартты жасау сатысына байланысты мына маңызды жайттарды көрсетеді: «Халықаралық шарттарды жасау бірқатар жүйелі сатылардан тұратын күрделі процесс. Бұл шарттық процесс бірқатар нақты сатылар мен халықаралық шартқа қатысушылардың заңды әрекеттерін, яғни келіссөз жүргізу үшін өкілеттілік берілген тұлғаларды тағайындау, өкілеттілікті тексеру және ұсыну, шарт мәтінін келісу, шарт жобасын талқылау және қабылдау, шартты аутентификациялау, шартқа қол қою, ескертпе жасау, ратификациялау, ратификациялық грамоталармен алмасу және шартқа қосылу, шартты промульгациялау (жариялау), шартты БҰҰ-да тіркеуді қамтиды». Шарттық процестің жоғарыда аталған сатылардың барлығын қамтуы міндетті емес. Дегенмен, келіссөз жүргізбей халықаралық шартты жасау мүмкін емес. Келіссөз жүргізілуінің маңыздылығын айқындау үшін шарт жасау процесінің басталуын анықтау қажет. «Халықаралық шарттар құқығы туралы» Вена конвенциясына сүйенер болсақ, шарт жасаудың алғашқы сатысы өкілеттілікті белгілеу мен берумен байланысты. Егер халықаралық шарттарды жасау халықаралық құқықтағы шарттық норманың қалыптасу және мемлекет еріктерінің келісуі барысындағы келісімнің қалыптасу процесі екендігін ескерсек, онда мемлекет еріктерінің келісуі тек келіссөз жүргізу процесінде мүмкін екендігін мойындау керек. Былайша айтқанда, келіссөз жүргізуден бастап мемлекет еріктерінің келісуі де басталады және халықаралық шарттарды жасау процесі жүзеге асырыла бастайды. Дипломатиялық келіссөзді жүргізудің мақсаты – халықаралық қатынастарда пайда болатын мәселелер бойынша келісімге қол жеткізу. Келісімнің нәтижесі саналуан, әртүрлі мәртебеге ие, әртүрлі міндеттілік күші бар ресми актілердің түрлі нысанына айналады. Бірақ олардың мәні бір – тараптардың келісімі. Келіссөздер бұл өзара қолайлы негіздегі келісімге қол жеткізу процесі.Келіссөзді халықаралық шарттарды жасаудың бір сатысы ретінде мойындау бұл ешбір күмән келтірмейтін факт.Ал енді келіссөз ұғымының өзіне тоқталсақ, келіссөз ұғымы латын сөзінен (negotium: nec, ni – «жоқ» және оtium - «бос уақыт») шыққан. Бұл терминнің алғаш қолданылуы саудамен және сатып алушылармен тығыз байланысты. Мемлекеттердің арасындағы келіссөздердің маңыздылығы жайында көне замандағы авторлар да айтып өткен. Солардың бірі, ең атақты келіссөз жүргізуші және оны насихаттаушы кардинал Ришелье болатын. Ол өзінің «Саяси өсиетінде» келіссөзді «мемлекет мүддесі үшін аса қажетті нәрсе» деп айтып кеткен.Көптеген мемлекет қызметкерлерінің, философтардың және саясаткерлердің мемлекеттер арасындағы келіссөздердің маңыздылығын анықтаған-дығына қарамастан ХVІІІ-ғасырға дейін келіссөздердің жүргізілуін зерттейтін жұмыстар болмаған. Тек 1714 жылы француз зерттеушісі Француа де Кальердың «Мемлекеттермен келіссөздерді жүргізудің тәсілдері туралы» кітабы шықты. ХХ-ғасырға дейін келіссөз процесіндегі жалғыз ғылыми зерттеу осы деуге болады. Бүгінгі таңда ғылымда келіссөз процесін зерттейтін маңызды теориялық базалар жетерлік. Келіссөздер – дипломатиялық қызметтегі маңызды құралдардың бірі. Көбінесе келіссөздерді дипломатиямен шатастырып жатады. Дипломатияның өзін келіссөздерді жүргізу құралы ретінде анықтайды. Сонымен келіссөздер дегеніміз не? Келіссөздер – адамдардың арасындағы көптеген өзара қатынастарының бірі. Адамзат тарихы адамдар арасындағы көптеген ауызша және ауызша емес өзара қатынастарын біледі. Олардың егізгілеріне: консульта-ция, пікір-талас, «дөңгелек үстелдер», арбитраж, әңгімелесу, хат жазысу, делдалдық жатады. Халықаралық келіссөздерді осы келтірілген өзара әрекет ету әдістерінен не ажыратады? Бұл сұраққа жауап беру үшін келіссөздердің де негізгі сипаттамаларын білу керек, яғни басқа өзара әрекет ету әдістерінен не айырады, мәні неде осыны білу керек. Халықаралық құқық сөздігі халықаралық келіссөзге келесі анықтаманы береді: «Бұл әртүрлі мемлекет өкілдерінің арасындағы байланыс нысаны, яғни әртүрлі пікірлермен алмасуда, сұрақтарды шешуде, өзіндік ықыластарын білдіру, әртүрлі салаларда бірлесудің дамуы, халықаралық келіссөздерді бекіту және т.б.».

Келіссөздердің сипаттық ерекшеліктері:

1. Мәселелердің болуы.

Шынында, талқылайтын мәселелердің болуы келіссөздердің қажеттілігіне сілтеме болып табылады.

2. Тараптардың мүдделерінің ұқсастығы мен айырмашылығы.

Бұл келіссөздердің маңызды ерекшеліктерінің бірі тараптар арасындағы жалпы мүдденің болмауы қатынастардың бейтараптылығына, ал мүдделердің кереғарлығы конфронтацияға әкелуі мүмкін. Сондықтан келіссөздер үшін аралас мүдделі жағдай қажет. Келіссөз жүргізу процесін зерттеген Ф.Ч. Инле айтқандай, келіссөзді бастау үшін қатысушылардың жаппай бір мүддесі және сол уақытта мүдде қақтығысы да болуы керек.Осы жайтқа американдық зерттеушілер Р. Фишер және У. Юри де көңіл аударған. Олардың пайымдауы-нша келіссөздер сіздің мүдделеріңіз бен қарама-қарсы тараптың мүдделері кейде бірдей, кейде қарама-қайшы болған шарттарда келісушілікке қол жеткізу үшін бағытталады. Тараптар мүдделерінің айырмашылығы әрдайым олардың арасында қарама-қайшылық болуын білдірмейді. Ресей зерттеушісі В.В.Удалов мүдделерді өзара шектеулі және қиылыспайтын деп бөледі. Өзара шектеулі мүдделердің болуы тараптардың екеуінің де бір нәрсені қажет ететіндігін білдіреді. Мысалы, бір аумақты екі тараптың да қалауы. Қиылыспайтын мүддеде бір тарап мүддесінің жүзеге асырылуы екінші тараптың мүддесіне ешқандай қатысы жоқ, яғни қызығушылығында болмайды.

3. Келіссөз қатысушыларының өзара бағыныстылығы.

Келіссөзге қатысушылар өз мүддесін өздері жүзеге асыра алмағандықтан бір-біріне бағынышты болады. Өзара бағыныштылық жоғары болған сайын келісімнің нәтижесі де жақсы болуы мүмкін немесе керісінше.

4. Күрделі құрылым.

Келіссөз процесін зерттеушілердің көбісі келіссөздің үш сатысын айқындайды: дайындық, өзара әрекет ету және имплементациялау.

5. Тараптардың араласуы.

Кез-келген келіссөз белгілі бір мәселені талқылауды қажет етеді, яғни араласу, сұхбаттасу келіссөздің ажырамас элементі. Былайша айтқанда, тараптардың араласуынсыз ешқандай келіссөз болмайды.

6. Мәселелерді бірлесіп шешу.

Бұл келіссөзің маңызды бір сипаты, ол келіссөзді өзара қатынас тәсілдерінен ажыратып тұрады.

Сонымен, келіссөздер – бұл өзара пайдалы шешімге қол жеткізу үшін идеяларды, ақпараттар мен альтернативаны талқылайтын тараптар арасындағы диалог.Қазіргі кезеңде халықаралық келіссөздердің халықаралық мәселерді шешу құралы ретіндегі маңыздылығы өсті.1945 жылы БҰҰ-ның құрылуы халықаралық аренадағы мемлекеттердің, ұйымдардың және тұлғалардың өзара қатынасындағы басым тәсіл ретінде келіссөздердің қолданылуына жол ашты. Әсіресе, бұл беталыстар соңғы жиырма жылдың ішінде анық байқала басталды. Бұл халықаралық ұйымдардың пайда болуымен және олардың қызметімен және бір мемлекет шеңберінде шешімін таппайтын өзекті мәселелердің пайда болуымен байланысты. Әлем бүгінде жәй ғана «тар» емес, сонымен бірге тығыз байланысты, өзара тәуелді болды. Әлемнің бір аймағындағы революциялар, саяси өзгерістер, әскери қақтығыстар қазіргі коммуникациялық құралдардың көмегімен басқа жерлерге жағымды немесе кері әсер етуде. Бір-бірімен қарама-қарсы қақтығыстарға түсіп, сонымен бірге ынтымақтастықта болып халықтар мен мемлекеттер бір-бірін түсіну қажеттілігінің алдында тұр. Сонымен қатар, әлем тек өзара бағынысты болып қана қоймай өзара әлсіз болуда. Экологиялық мәселелер, ядролық соғыс нәтижесінде өзара жою қаупі ішкі саяси аяда мемлекеттердің өз мәселелерін күшпен шешу мүмкіндіктерін жоққа әкеледі. Оған дәлел ретінде АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы даудың келіссөз арқылы шешілуі және бұл процесте Қытайдың орнын айқын атауға болады. Қорытынды айқын – әлемдегі халықаралық қауіпсіздік пен әлемдік тәртіпке төнген қазіргі қауіпті әскери амалдармен емес, келіссөздер жүргізу тәсілімен шешу қажет.

Халықаралық шарттың мәтінін жасау. Халықаралық шарттың келісілген мәтінін жасау шарт процесіндегі міндетті саты болып табылады. Осы сатыға шарт жобасын талқылау мен қабылдау және оның түпнұсқасын бекіту де кіреді. Келіссөздер жүргізу келісілген мәтінді дайындаудың негізгі сатысы болып табылады. Олар халықаралық шарттың келісілген мәтінін дайындаудың мынандай сатыларынан өтеді:

1) Әдеттегі дипломатиялық көздерді пайдалану;

2) Халықаралық конференциялардың қызметі;

3) Халықаралық ұйымдардың қызметі.

Шарт мәтінін жасау дипломатиялық жолдар арқылы халықаралық ұйым және халықаралық конференцияларда жүзеге асырылады. Дипломатиялық келіссөздер арқылы көбінесе екіжақты шарттар мәтіні жасалады. Келiссөздерге қатысушы тарап - халықаралық шарт мәтiнiн жасауға немесе қабылдауға қатысқан мемлекет немесе халықаралық ұйым Әдетте, халықаралық шарттардың мәтінін дайындау келіссөздер арқылы немесе арнайы шақырылған конференциялар арқылы жүзеге асырылады. Егер шарт қандай да бір органның басшылығымен қабылданса, онда мәтінді дайындау жөніндегі негізгі жұмыстар сол ұйымның көмекші органдары арқылы жүргізіледі. Мысалы, БҰҰ шеңберінде сәйкес қызметтерді халықаралық құқық Комиссиясы жүзеге асырады.

Әдеттегі дипломатиялық арналар келісуші тараптардың дипломатиялық өкілдіктерінің қызметінен тұрады. Келісуші тараптар шарттың жобасы бойынша келіп түскен ұсыныстарды талқылап, мәміле, өзара талаптан қайту арқылы өздерінің көзқарастарын үйлестіреді. Жүргізілген келіссөздердің нәтижелері бойынша халықаралық шарттың біртұтас келісілген мәтіні жасалады. Халықаралық шарттың жобасын дайындау процесінде тараптар негізгі мәселелер жөнінде алдын–ала келісімдерге қол жеткізеді.

Қазіргі кезде шарттың келісілген мәтінін дайындау үшін мемлекеттер мен Үкімет басшыларының жоғары деңгейдегі кездесулері кеңінен тарап келеді. Мысалы, Шанхай кездесуі, Дауостағы экономикалық форум, Алматы басқосуы.

Қазіргі кезең тәжірибесінде халықаралық шарттар мәтіндерін жасау халықаралық ұйымдардың қызмет аясына кіреді. Бұл көбіне халықаралық ведомствоаралық шарттарға байланысты болып келеді. Шарттың мәтінін үйлестірудің мұндай нысаны шарт тәжірибиесінің арнаулы мәселелерін толық қамтиды, шарт процесі қатысушыларының құзыреттері мен кәсібилігін жақсартады.

Шартты бекітудің көп жағдайларында шарттық инициатива, яғни, белгілі бір көздеген мақсаттарға жет үшін өзара шарттық міндеттемелерді құру туралы ұсыныс орын алады. Оларды осы ұсынысты ұсынушы тұлғаға, ұйымға немесе органына байланысты ішкімемлекеттік, сыртқы саяси, арнайы және арнайы емес деп бөледі. Ол әдетте дипломатиялық каналдар арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасында халықарлық шартты бекіту туралы ұсыныс Қазақстан Республикасының Президентіне Үкіметпен немесе сыртқы істер Министрлігімен, ал Қазақстан Республикасының Үкіметіне сыртқы істер Министрлігімен және келісуі бойынша республиканың сәйкес ведомстволарымен ұсынылады. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары міндетті түрде құқықтық сараптамадан өтуі тиіс. Сараптама бірінші әділет Министрлігінде, ал содан соң сыртқы істер Министрлігінде жүргізіледі.

Қазақстан Республикасының қатысушы болу ниеті бар халықаралық шарттарға, сондай-ақ халықаралық шарттар жобаларына өз құзыретiне қатысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мүдделi орталық мемлекеттік органдарымен келiсiлгеннен кейін міндетті түрде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңдық сараптама жасалуға тиiс.

Халықаралық шарттарды жасасу мәселелерi бойынша шет мемлекеттермен немесе халықаралық ұйымдармен қатынастар Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi арқылы жүзеге асырылады.

Шарт мәтінін дайындау бойынша келіссөздер оның мәтінін қабылдаумен аяқталады. Мәтінді бекіту, яғни сол редакциясында қатысушы мемлекеттерге шарттың міндеттілігіне келісім беру үшін ұсынылады. Мәтінін қабылдау барлық қатысушы мемлекеттердің келісімімен жүзеге асырылады. Мәтінді қабылдау әртүрлі жолдармен жүзеге асырылады. 1969 жылғы Вена конвенциясының 9 бабында сәйкес ережелер бекітілген. Жалпы ереже бойынша мәтінін қабылдау барлық қатысушы мемлекеттердің келісімімен жүзеге асырылады. Мәтінін қабылдау нысаны қол қою немесе парафирлеу болуы мүмкін. Халықаралық конференцияларда шарт мәтінін қабылдау ішкі ережелерге сай жүргізіледі. Бірақ мұндай ережелер бекітілмеген болса, онда 1969 және 1986 жылдардағы конвенцияларға сәйкес, қатысушы мемлекеттердің үштен екі дауысымен қабылданады. Шарт мәтінін қабылдаудың тағы бір әдісі консенсус арқылы қабылдау. Ол дауыс берусіз ешбір тарап қарсылық білдірмеген жағдайда қатысушылардың өзара келісімімен қабылдауы. Сонымен бірге сирек қолданылатын аккламация, яғни, қол шапалақтау немесе қолдау білдіру арқылы келісім беру әдісі арқылы қабылданады. 2005 жылғы Заңның 1 бабына сәйкес, халықаралық шарттың тең түпнұсқа мәтiнi – келiссөздерге қатысушы тараптар немесе уағдаласушы тараптар түпнұсқа (түпкiлiктi нұсқа) ретiнде қарайтын халықаралық шарт мәтiнi болып табылады.

Дәйектеу - келіссөздерге қатысушы әрбiр тараптың өкiлетті өкілдерінің халықаралық шарт мәтiнiмен келiсу белгісi ретінде келiсілген халықаралық шарттың жобасына немесе оның жекелеген баптарының нормаларына инициалдарымен алдын ала қол қоюы, не халықаралық шарт мәтiнiнiң тең түпнұсқалығын анықтау тәсiлдерiнің бiрi болып саналады. Түпнұсқалық мәтін шарттың шектеулі бір данасы немесе бір ғана дана болуы мүмкін. Осы сатыда шартта кеткен қателерді түзетуге мүмкіндік бар. Түпнұсқалықты анықтағаннан кейін мәтінге қанай да бір өзгертулер енгізуге тыйым салынады. 1969 жылғы Вена конвенциясының 10 бабына сәйкес шарттың мәтінін құрастыруға қатысқан мемлекеттер түпнұсқалықты анықтауды өздері шешеді. Егер ондай процедура болмаса, онда түпнұсқалықты анықтау қол қою арқылы жүргізіледі.

Халықаралық шарт жасау процесі халықаралық шарт жасау ұсынысынан бастап оның күшіне енуіне дейінгі кезеңдерден өтеді. Халықаралық шарт жасау туралы ұсыныс бір немесе бірнеше мемлекетті бірден, ал кейбір жағдайларда халықаралық ұйымдардан да шығуы мүмкін. Қазақстан Республикасында халықаралық шарт жасау туралы ұсыныс: Қазақстан Республикасы Президентіне Қазақстан Республикасы Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігінің тарапынан. Қазақстан Республикасы Үкіметіне Қазақстан Республикасының министрліктері, мемлекеттік комитеттері және басқа да орталық атқару органдары, сонымен қатар Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігі мен бірге Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынышты мемлекеттік органдар тарапынан.

1. Қазақстан Республикасы Президентіне халықаралық шарт туралы ұсынысты қарастырған Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан.

2. Қазақстан Республикасы Үкіметіне Үкіметті басқаруды өзгерту туралы Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігі тарапынан.

Қазақстан Республикасы Үкіметіне ведомствоаралық сипаттағы шарт туралы ұсыныс Қазақстан Республикасының мемлекеттік комитеті және басқа орталық атқару органы, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынышты мемлекеттік орган тарапынан жасалады. Халықаралық шарт жасау процесін ұйымдастыру туралы өзіне міндеттене алатын орган – ұйымдар болып табылады.


<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>
Экспериментальная часть. Электрофорезом называют процесс перемещения заряженных частиц в неподвижной дисперсионной среде под влиянием внешней электродвижущей силы. | Одноплечий утримуючий дротяний кламер. Будова, покази до застосування.




Дата добавления: 2015-09-28; просмотров: 3974;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.018 сек.