Білім беру социологиясы
Білім беру педагогика, психология, философия, тарих, экономика, социология секілді ғылымдар қатарын зерттеудің объектісі мен пәні болып табылады. Олардың әрқайсысы өздеріне тән шекарасын зерттейді. Білім беру социологиясы - білім жүйесін әлеуметтік институт ретінде және оның қоғаммен өзара әрекеттестігін зерттейтін ғылыми пән. Социологияның мұндай ерекше саласының бөлініп шығуы білімнің тарихи ауыспалы жүйесіне және шартты дербестігіне, оларды тудырушы қоғамдық қатынастар шеңберінде қоғамның дамуы мен қызмет етуіне белсенді әсер ете алу қабілеттілігіне негізделген.
Білім беру социологиясының пәні әлеуметтік институт ретінде білім (оның қоғамдағы қызметі мен басқа институттармен өзара байланысы), әлеуметтік ұйым ретіндегі оның мекемелері (мектеп, ЖОО, т.б.), сонымен бірге білім саласындағы әлеуметтік саясат болып табылады. Білім беру социологиясы, сондай-ақ білім жүйесінің әлеуметтік институт ретінде қоғаммен және оның негізгі элементтерімен өзара әрекеттесулері: қоғамдық өндіріс элементтері, экономикалық қатынастар элементтері, саяси жүйе элементтері, рухани өмір элементтері мәселесін зерттейді. Білім жүйесі мен оның жеке кіші жүйелер ішінде пайда болатын әлеуметтік мәселелерге (мектеп, кәсіби оқу орны), оқытушы мен оқушы арасындағы өзара қатынас, ұжым мен топ арасындағы қатынас, мектеп сыныптары ішіндегі қатынас саласындағы мәселелерге келетін болсақ, мұндай мәселелер білім беру социологиясының саласы ретінде педагогика социологиясын қалыптастырады [3].
Білім беру социологиясының өзіндік ерекше міндеттері бар [4]:
білім алудағы қажеттілікті зерттеу, қоғам өмірі мен жеке өмірдегі оның рөлін, түсініп, бағалау;
олардың әлеуметтік маңыздылық контекстіндегі білім сапасын және деңгейін бағалау;
қоғам мен білім алушылардың білімге қатынасы, оның әлеуметтік құндылықтарын зерттеу;
әлеуметтік мәртебенің факторы ретінде білімнің рөлін көрсету;
рухани қажеттіліктер мен мүдделер динамикасына оның әсер ету деңгейін анықтау.
Білім беру социологиясының негізін М.Вебер және Э.Дюркгейм қалаған. Олар білімнің әлеуметтік қызметтерін, оның экономикалық және саяси процестермен байланысын, сонымен қатар социологиялық көзқарас бойынша оқу орындары мен педагогикалық процестерді зерттеді. Кейінірек Т.Парсонс білімді қазіргі қоғамда әлеуметтендіру институты ретінде зерттеуді, оқу орындары мен оның элементтерін әлеуметтік жүйе ретінде қарастыруды ұсынды (рөлдер мен нормалар жүйесі). Осы тұрғыдан алғанда мектептер, сыныптар, әлеуметтік психологиялық орта, топтық процестер, жанжалдың шығу тегі, оқыту тәсілі, социометриялық құрылымдарға ие болатын білім алушылардың бейресми топтары зерттеледі. Н.Гросс, Р.Будон, Р.Коллинс білім алушының әлеуметтік жағдайын, оның оқу жүйесіндегі жетістіктерін, сондай-ақ білім мен әлеуметтік стратификацияның байланысын талдауға назар аударады.
Білім беру жүйесі - әлеуметтік институттың ең маңыздыларының бірі. Функционалды көзқарас бойынша білім жүйесі индивидтердің әлеуметтенуін қамтамасыз ететін институционалды құрылымдар қатарында. Индивидтің әлеуметтенуі - индивидумдар өздері өмір сүретін қоғамда тиімді жұмыс істеу үшін өмір сүру арқылы сапасын дамыту процесі. Әлеуметтендіру мәдениеттің сабақтастығын, оның ұрпақтан ұрпаққа берілуін қамтамасыз етеді. Алғашқы әлеуметтендіруді (баланың әлеуметтендіруі) алып жүруші агенттер болып отбасы табылады, әлеуметтендіру көбінесе стихиялы сипатта болады. Осылармен қатар өмір бойы әрекет етіп индивидтер әлеуметтендіруші агенттіктер, қоғамның құрылымдары болып табылады (саяси, заңдық, діни, БАҚ, т.б.). Бұл жерде әлеуметтендіру басымдылығы бойынша мақсатты бағытталған сипатта болады. Қазіргі қоғамда саналы әлеуметтенудің шешуші құралы білім жүйесі болып табылады. Олардың әрекет ету процесінде сонымен қатар әлеуметтену процесінің екі жақты қызметі туындайды - мәдениетті жеткізу және тұлғаның дамуы.
Мақсатты бағытталған әлеуметтендірудің тарихи, институционалды құрылымы осы кезге дейін қоғамның аз ғана бөлігін қамтыды және біртұтас саяси, діни, әскери және экономикалық элитаны қалыптастыру мақсатын көздеді. Қазіргі кезде білім беру жүйесі өзінің маңыздылығы, мазмұны, көлемі жағынан қоғам өмірінде шешуші рөл атқарады. Егер өткен ғасырларда білім жетістігі тарихи, экономикалық табыссыз, бірақ элита тобының пұрсатты тар өкілдерінің мәртебелі құрамында болса, қазіргі кезде қоғамның өндіріс әлеуеті маманданған білімнің кең таралғанымен анықталады. Қазіргі демократиялық саяси жүйенің басты талабына бұқаралық білімнің таралуы жатады.
Білім тұлғаның дамуына, өзін-өзі көрсетуіне көмектеседі. Сонымен бірге білім тәжірибелік және символдық сипаттағы маңызды міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етіп, қоғам үшін шешуші маңызды орын алады. Мәдениетті жеткізу қызметі дәстүрлі құндылықтарды арнайы емес тиісті білім беру жүйесінде сақтау және оларды жоғалтып алуын толғандыратын тарихи бағыт алған сана-сезім ашық көрінетін қоғамдарда көрініс береді. Білімнің бұл қызметінің жүзеге асуы гуманитарлық жиынтық пәндерінің қолдауынан көрінеді - қоғам тарихы, тіл, әдебиет, география, дін және философия.
Мәдениетті жеткізу қызметінің іске асуымен байланысты туындайтын мәселелер қатарына мәдени мұраның кертартпалы қорғаушы элементтерін оның серпінділігін сақтауға мүмкіндік беретін, дәстүрге сыни баға бере отырып, құрметтейтін мәдениет элементтері мен үйлестіру мәселесі жатады (олардан тыс, мәдени құндылықтарды жеткізу мүмкін емес) [5].
Білім беру жүйесі қоғамның бірігуіне маңызды үлес қосады. Қазіргі көптеген елдер әр түрлі этникалық, діни, нәсілдік топтармен сипатталады. Білім тарихи тағдырдың қауымдастық сезімін, осы біртұтас қоғам қатарына жататынын қалыптастыруға өзінің үлесін қосады және осындай топтардың ұлттық мәдени ерекшеліктерін сақтай отырып, мәдени интеграция шеңберіндегі ортақ құндылықтарды, қалауларды, мұраттарды және ұмтылыстарды жасап шығаруға көмектеседі.
Білім жүйесі рухани өмірдің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Ол жастардың алған білімі негізінде өмірге дайындығын іске асырып, қалыптасқан қоғамдық институттардыңіс-әрекетін қамтиды.
Білім беру өзінің құрылымы бар шағын жүйені көрсетеді. Негізгі элементтер ретінде әлеуметтік қауымдастық, әлеуметтік ұйым ретіндегі оқу-тәрбиелеу мекемесін (оқытушылар мен оқушылар) және социомәдени іс-әрекетінің түрі ретінде оқу процесін көрсетуге болады. Білім жүйесі мына принциптер бойынша құрылады әрі бірнеше буындардан тұрады: мектепке дейінгі тәрбие беру жүйесі, жалпы білім беру мектебі, кәсіби-техникалық білім, жоғары оқу орыннан кейінгі кадрларды қайта даярлау мен біліктілікті жоғарлату жүйесі, т.б. Білім беру социологиясы білім жүйесінің көрсетілген әр деңгейінің әлеуметтік мәселелерін зерттейді.
Мектепке дейінгі мекемелер. Мектепке дейінгі мекемелердің адам тәрбиесінің, оның еңбекқорлығы мен басқа қасиеттерінің негізін қалау процесінде маңызы зор. Қоғамның маңызды институттарының бірі ретінде мектепке дейінгі мекемелердің әлеуметтік қызметтерін былай бөліп көрсетуге болады:
· жас баланың тәни және психологиялық денсаулығын қорғау және нығайту;
· балалардың білім алуға, жан-жақты дамуына және мектепте оқуға жалпы мәдени психологиялық құқығын жүзеге асыру;
· құрдастары ортасында әлеуметтік мінезін қалыптастыру (балалар ұжымында, қарым-қатынаста және белсенді өзара әрекеттесуде);
· қоршаған әлеуметтік орта мен отбасының даму мүмкіндігінің шектелген себебі бойынша дамуда айрылғандардың орнын толтыру;
· әйелдер мен балалардың тұлғалығын жетілдіру және қоғамдық еңбек үшін қолайлы жағдай жасау;
· мектепке дейінгі және келесі өмір барысында баланың тұлға болып қалыптасуы мүддесі үшін ата-ана және үлкен адамдармен психология-педагогикалық және әлеуметтік-ағартушылық жұмыс [6].
Мектеп. Мектептегі оқытудың тек балалардың жартысын ғана қамтитын мектепке дейінгі тәрбиеден айырмашылығы баршаға ортақтығында. Барлық жастарға орта білім беру мекемесін бітіруге мүмкіндік пен кепілдік беріледі. Жастар орта білім алған соң еңбектік және қоғамдық-саяси өмірге араласады. Индустриялы қоғамда мектеп дербес өмір сүретін, жас буын мен жас адамның тұлғасын тәрбиелеу мен әлеуметтендіруде негізгі институт болып табылады. Әлеуметтендіру институты ретінде мектептің рөлі әрқашан айтарлықтай жоғары болған, алайда индустриялы өндірісте ата-аналардың жұмыспен қамтылуы мен екі ұрпақтық отбадан қарапайым отбасыға өтуіне байланысты отбасының тәрбиелік рөлінің төмендеуі себебінен ол одан да ұлғая түседі. Әр текті қоғамда мектеп деңгейі мен бағыты, сонымен бірге білімнің мақсаты мен міндеті бойынша жіктелген. Мектеп қабырғасында оқыту және мектептен тыс ұйымдастырылған іс-әрекет балалар мен жастардың тіршілік әрекеті барысында ерекше рөл атқарады. Ол табиғи талапты, бейімділікті, қабілеттілікті қарқынды байытып, дамытады, жан-жақты қызығушылықты қалыптастырады, өнегелі тәрбиенің факторы болып табылады, саналы тәртіпті нығайтады, қоғамның талабын орындауға үйретеді.
Жалпы білім беру мектебін аяқтау жас бала үшін болашақта өмірлік жолын, мамандығын, айналысатын іс-әрекетін таңдауды білдіреді. Мектеп бітірушісі осы нұсқалардың біреуіне тоқтала отырып, кәсіби білімнің қандай да бір түріне жоғары баға береді.
Кәсіби білімді, яғни кәсіби техникалық және жоғары маман алуды зерттеу үлкен орын алады. Кәсіби техникалық білім өндірістің қажеттіліктерімен, жастарды өмірге жедел әрі тезірек енгізу формасымен тікелей байланысты. Кәсіби-техникалық дайындық әр түрлі шығындарға қарамастан білім алудағы маңызды арна болып қала береді. Білім беру социологиясы үшін білім алушылардың білім себебі оқытудың тиімділігі оның мамандық жоғарылатудағы рөлі мен халық шаруашылығындағы мәселелерді шешудегі рөлі маңызды. Сонымен бірге, қазіргі кезде осы білім түрінің деңгейі жоғары деп айта алмаймыз, өйткені түлектердің жоғары білім алуға бағдары арнайы орта білімнен басым түсуде. 90-жылдардың басындағы жастардың әлеуметтік кәсіби бағыттылығының қарама-қайшы тәжірибесі, алға қойған мақсаттары оны қоғамда шынайы орындалуы арасындағы айырмашылықтар олардың айтарлықтай маңызды және терең дағадарыста екенін көрсетіп отыр [7].
Жоғары білім беруге келетін болсақ, социология үшін жастарды оқыту түрлерінің әлеуметтік мәртебесін анықтау, болашақтағы ересек өмірдің мүмкіндігі мен рөліне баға беру, қоғамдағы субъективті талпыныс пен объективті қажеттілігінің сәйкестігі, дайындықтың сапасы мен тиімділігі маңызды.
Білім қоғамдық өмірдің барлық саласымен байланысты. Экономика білім беру саласының материалдық базасын анықтайды, оның мазмұнын пәндер құрылымы, мамандық және мамандану тұрғысын, жоспарын негіздейді. Саяси сала, сондай-ақ білім жүйесіне тікелей әрекет жасайды. Қоғамдағы режимге (демократиялық және тоталитарлық) және оның түрлеріне (ашық және жабық) байланысты білім беру жүйесінің мазмұны мен оған сәйкес келетін құрылымдары қалыптасады. Сонымен бірге социомәдени орта макро- және микро- деңгейде білім берудің барлық жүйесіне әсер етеді. Бұл жерде әңгіме қоғам мен отбасының өнегелі және діни құндылықтары жайлы болып отыр.
Сонымен қоса білім - тиісті тәуелсіздігі бар, қоғамның дамуы мен жұмыс істеуіне белсенді әрекет көрсететін қабілеті бар автономды жүйе. Білім беру деңгейіне қоғамның экономикалық күйі мен еңбек ресурстарының сапасы байланысты. Білім жүйесі азаматты қалыптастыра отырып, қоғамдық өмірдің саяси саласына да ықпал етеді.
Сонымен бірге, білім мәдени-тәрбиелік қызмет арқылы қоғамның рухани өміріне әсер етеді. Мектепке дейінгі тәрбиелеу жүйесі және жалпы білім беру мектебі болашақта кез келген кәсіби дайындықтың талабы болып табылатын тұлғаның жалпы мәдениетін қалыптастырады.
Білім беру жүйесі қоғамның әлеуметтік құрылымына “шығуды” әлеуметтік жіктелген қызметтің көмегімен іске асырады. Білім қоғамның әлеуметтік кәсіби құрылымының өндіруші факторы ретінде көрінеді. Сонымен қатар, ол әлеуметтік ауыспалылық пен әлеуметтік мобильділіктің арнасы болып табылады.
Қазақстандағы білім беру жүйесі қазір өзінің элементтері мен буындарына қатысты негізгі өзгерістерді бастан кешіруде. Мемлекеттік оқу орындарымен бірге баламалы, жеке меншік оқу орындары пайда болды. Білімнің нұсқалық формаларын таңдау мұмкінідігі кеңеюде. Дәстүрлі бұқаралық мектеппен бірге бір бағыт ұстанған сыныптар мен пәндерді тереңдетіп оқытатын лицейлер, гимназиялар, колледждер, мектептер пайда болып келеді. Тегін білім беру жүйесімен қатар барлық буындарда бала-бақшадан университетке дейін ақылы білім беру өмір сүріп келеді.
Қазіргі жағдайда Қазақстанда білім беру жүйесінің алдында мазмұнды және құрылымдық-ұйымдастырушылық сипаттағы міндеттерді шешу мәселесі тұр. Мазмұнды көзқарас бойынша құндылықтық іргелілікті қалыптастыру, өзіне жалпы адамзат мұратының үздік үлгілерін және ұлттық тарихи-мәдени мұрасына ие принциптерді жанастыратын білім жүйесіндегі гуманитарлық білімнің базалық негіздерін дамыту мен орнына келтіру қажет.
Ұйымдастырушылық мәселелер қатарына мемлекеттік білім беру мекемелерін және ақысыз білім беруде кең етек алып бара жатқан мемлекеттік емес ақылы білім беру мекемелерімен үйлестіру мәселесі жатады (дәл айтқанда “ақысыз білім беру ұғымы” анық емес, ол оқушылар үшін тегін бірақ мұндай білім беру мемлекеттік бюджет арқылы салық төлеушілер тарапынан төленеді). ҚР Конституциясымен кепілдік берілген мұндай білімнің маңызды әлеуметтік мәні айқын. Оның мазмұны мен дамуы мемлекеттік бөджет көлеміне және ондағы осы мақсатқа бөлінген қаржыға тікелей байланысты. Сонымен бірге ақылы мемлекеттік емес білім берудің қатар даму заңдылығы айқын. Оның қол жетерлігі азаматтардың кіріс деңгейіне тікелей тәуелді. Ақылы білім беру жүйесі мұндай мекемелердің материалдық кеңейуіне, мұғалімдерінің жоғары жалақы алуын қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді. Мұғалімдер құрамын байқау негізінде жақсартуға, оқытудың жоғары деңгейіне үміткер болуына, мұндай білім беруде маманданудың пайда болып жатқан жаңа талаптарына икемді түрде өз қатынасын білдіруіне мүмкіндік береді. Білімнің ақылы жүйесінің даму барысына қарай оның шынайы элиталық сипаты көрінеді.
Ақырында білім беру саласында әмбебап принцип көрінеді: қымбат болған нәрсе үздік сапаға ие және жоғары бағаланады. Мұндай жүйенің анық көрінетін әлеуметтік қызметі осындай. Оның жасырын (латентті) қызметі білім беру деңгейіндегі, сапасындағы жіктелу азаматтардың табыс деңгейіне қарай жіктелуін білдіріп қана қоймай, сонымен қатар өз түлектеріне әлеуметтік баспалдақ бойынша жоғары жылжуда және тиісті әлеуметтік ұстанымдарға ие болуда әлеуметтік мобильділік үшін ең үздік алғаш қадамдық жағдайларды ұсынуынан келіп шығады, яғни қоғамның әлеуметтік құрылымына өз үлесін қосады.
Білім беру мекемелерін зерттеу пәні ресми және бейресми құрылым, балалар мен жеткіншектер ұйымдарының ерекшеліктері, әлеуметтік-психологиялық аспектідегі мұғалімнің мамандығының әлеуметтік мәртебесі, оқу ұжымындағы өзін-өзі басқару мен басқарудың өзіне тән ерекшелігі болып табылады. Білім беру социологиясында әлеуметтік саясат мәселелері үлкен орын алады, оның негізігі міндеті - білімнің әр түрлі қызметтерін оңтайландыру, әр түрлі салада (өндірісте, ғылымда, мәдениетте, басқаруда) оның тиімділігін арттыру. Сондай-ақ, жалпы қоғам дамуында оның адам факторын белсендірудегі рөлі анық.
Дата добавления: 2015-06-10; просмотров: 3773;