Ежелгі Қытайдағы әлеуметтік ілімдер
Ежелгі Қытайдың әлеуметтік ойының гүлденуі б.з.д. VІ - ІІІ ғасырларға жатады. Ежелгі Қытайдың неғұрлым ықпалды әлеуметтік-саяси ілімдері даосизм, конфуцийшілдік, моизмжәнелегизмболды [2].
Даосизмнің пайда болуы жартылай аңызға айналған дана ЛАО-ЦЗЫ (б.з.д.VІ ғ.) есімімен байланысты. Ол “Дао дэ цзин” (“Дао және дэ туралы кітап”) канондық трактатын жазған деп айтылады. Ілімнің негізінде “дао” (сөзбе-сөз алғанда - жол) ұғымы жатыр. Лао-цзы ізбасарларының түсіндіруі бойынша Дао - абсолюттік дүниенің бастауы. Ол аспан әміршісінің ізашары және өзінің күш-қуаты жағынан одан асып түседі. Дао - барлық тіршілік иелерінің бастау көзі, табиғи пайда болулардың және барлық құбылыстар алмасуының, олардың бір нәрседен екінші нәрсеге өтуінің шексіз ағыны, туу мен өлудің мәңгі иірімі. Адамға ол әлемді билейтін тылсым заң ретінде көрінеді. Жаппай өтімді бұл күштің алдында адамға тек өзінің бишаралығын сезінуден және құштарлықтан босану жолымен өзінің өмірін ұзартуға тырысудан басқа ештеңе қалмайды.
Лао-цзы өзінің адамдық қатынастардың табиғи қарапайымдылығын қалпына келтіруге деген үмітін “даоның керемет құпиясын” көре алады және соңынан халықты ерте алады деген мұрагер ақсүйектерден шыққан ақылды көсемдермен байланыстырады. Даостардың пікірінше, данышпан тақсыр елді бейәрекет әдіспен, яғни қоғам мүшелерінің ісіне белсене араласудан өзін-өзі ұстай отырып басқарады. Лао-цзы өз заманындағы билеушілердің тым әрекетшілдігін, салықтар мен тыйым салатын заңдарды көбейткендіктерін, шексіз соғысқұмарлықтарын бетіне басып отырды. “Билеушінің жақсысы ол туралы халық оның бар екенін ғана білетін адам” [3].
Қытайдың әлеуметтік ойлары тарихындағы аса ықпалды доктриналардың бірі конфуцийшілдіктің негізін қалаушысы КОНФУЦИЙ(б.з.д. 551 - 479 жылдар) болып табылады. Конфуцийшілдіктің негізгі санаттары асыл текті қайраткер, адамды сүю және ритуалдар ережесі ұғымдары болып табылады. Бұл санаттар өзара тығыз байланысты, өйткені оны алып жүрушілердің көзқарасы тұрғысынан қарастырылған біртұтас саяси мұраттың, жалпы принциптер мен нақты нормативтік ұйғарымдардың әр қырын көрсетеді.
Конфуцийге сәйкес мемлекетті тақсырдың басшылығымен асыл текті қайраткерлер басқаруға жаралған. Конфуций адамдарды “жоғарғы” және “төменгі” деп бөлу жойылмайды деп дәлелдеді және асыл тектілерді шығу тегіне байланысты емес, моральдік қасиеттері мен біліміне қарай бөлді. Конфуций ілімінде асыл текті қайраткер - кемел өнегеліліктің үлгісі, өзінің бар мінез-құлқымен мораль нормаларын дәлелдейтін адам. Конфуций мемлекеттік қызметке ұсынуға дәл осы белгілерді алуды ұсынды.
Асыл текті қайраткерлердің басты міндеті - адамды сүюге өзін тәрбиелеу және жан-жақты тарату. Бұл ұғымға Конфуций ерекше, қазіргі заманғы дәлме-дәл келмейтін мазмұн берді. Адамды сүюді отбасылық-әулеттік және патриархалдық қауымдастықтардың өнегелілік құндылықтарына сай келетін мінез-құлық деп түсінді. Адамды сүю: ата-аналардың балаларына қамқорлығын, отбасындағы жасы үлкендерге перзенттік құрмет көрсету, сондай-ақ бір-бірімен туыстық байланыспаған адамдардың әділ қарым-қатынасын қамтыды. Саясат саласына көшірілген бұл принциптер жалпы басқару жүйесінің іргетасы болуға тиіс еді. Оны қайта құруды Конфуций атауларын түзеуден бастады, яғни қоғамдағы лауазымдар мен оның жүктейтін міндеттерінің шын мәніндегі, бастапқы мағынасын қалпына келтіруден бастады. Тақсырға өз қарамағындағы бодандарды өзінің баласындай көру міндеттелді. Ол елдегі азық-түліктің жеткілікті болуын қамтамасыз етуге, оны қарумен қорғауға және халықты тәрбиелеуге тиіс. Бодандарды тәрбиелеу - маңызды мемлекеттік іс, оны өзі үлгі көрсету арқылы жүзеге асыру қажет. Өз кезегінде халық билеушілерге перзенттік құрмет көрсетіп, оларға қалтқысыз бағынуы қажет. Мемлекеттік билікті ұйымдастырудың басты бейнесі Конфуций үшін отбасылық әулеттердегі және рулық қауымдастықтардағы (патронимия) басқару болды. Ойшылдың тұжырымдамасы патерналистік мемлекет мұратын негіздеуге ең ерте жасалған әрекеттердің бірі болып табылады. “Лунь юй” кітабының беттерінде егер де ритуал ережелерін барлық адам сақтайтын болса, онда мемлекеттік басқаруға деген қажеттілік болмай қалады деген ой айтылған. Конфуций мен оның ізбасарлары сол бақытты шақтың тууы үшін бағынбайтындарға қарсы жазалау жорықтары қажет болатындығын жоққа шығармайды. Ең бастысы жазалау жорықтары туралы өкімдерді билеушілері немесе уделдердің сановниктер емес, асыл текті және өз халқын сүюші тақсыр бергендігінде. Жазалауды әкесіндей, яғни адамдарға деген сүйіспеншілікпен қолдану қажет.
Eрте конфуцийшілдіктің әлеуметтік-саяси бағдарламасы жалпы алғанда консервативтік деп бағаланады. Билеуші сословие жаңаруының конфуцийшілдік идеялары артықшылықтарға ие емес топ өкілдерінің есебінен мемлекеттегі түбегейлі қайта құруға алып келе алмады, өйткені ежелгі дәстүрмен тәрбиеленген олар рулық ақсүйектер қорғаштайтын билік ұйымының белсенді қорғаушыларына айналды. Әділ адамдарды ұсыну тұжырымдамасы ескі және жаңа аристократия арасындағы қақтығыстарды әлсіретуді ғана көздеді. Сонымен бірге, доктринаның жеке қағидалары, жоғарыда айтылғандай, прогресшіл мәнге ие болды. Оларға ең алдымен моральдік білімдер мен адамдарды қай сословиелікке жататынына қарамастан оқыту идеяларын жатқызған жөн. Конфуций мен оның шәкірттерінің ағарту қызметі қытай мәдениетінің дамуында орасан рөл атқарды.
Мұрагерлік аристократияның билеуіне сын айтқан моистер мектебінің негізін қалаушы МО-ЦЗЫ (шамамен б.з.д. 479 - 400 жылдар) болды. Оның ілімін оның жолын қуушылар “Мо-цзы” кітабында баяндаған. Моизм әлеуметтік жағдайы тұрақсыз, қарама-қайшылықты ұсақ меншік иелерінің - ерікті жер өңдеушілердің, қолөнершілердің, саудагерлердің, мемлекеттік аппараттағы төмен шен иелерінің мүддесін білдірді. Бір жағынан, олар еңбекші бұқараға жақын болды және белгілі бір дәрежеде олардың сенім-пікірлерін қабылдады, ал екінші жағынан - қоғамда белгілі бір орынды иеленгеннен кейін билеуші төбе топқа жақындауға тырысып бақты, жоғары сословиенің артықшылықтарын өздеріне талап етті. Моистердің ілімін осындай қарама-қайшылықтар жайлаған болатын.
Әлеуметтік төменгі топтың кейбір түсініктерін қайта жаңғырта отырып, моистер мемлекеттік лауазымдарды шығу тегі мен туыстық принциптері бойынша иеленуді айыптады. Олар барлық адамдардың көктегі құдай алдында бірдей екендігін дәлелдеді. Мемлекеттік қызметке шығу тегіне қарамастан неғұрлым ақылды адамдарды ұсыну қажет. Олар осы тұрғыдан мұрагерлік аристократтарда білім туа бітеді деген ойға жол беретін және ақылдылардың ұсынылуын білім деңгейімен шектейтін конфуцийшілдіктің ымырашылдық доктринасын да сынға алды. Мо-цзы ақылдылықтың көзі туа біткен ізгіліктер мен кітап оқу ғана емес, қарапайым халықтың өмірінен алынған білім деп көрсетті. Мемлекет басқару оқытуды қажет етпейді. Адамның мемлекеттік басқаруға қабілеті оның іскерлік қасиеттерімен - қарапайым халыққа қызмет етуді қалауымен, іске қажырлылығымен және т.б. анықталады.
Мо-цзы қалыптасқан атқарушы қызметтің басында ақылды билеушісі бар мемлекетті биліктің керемет ұйымдастырылуы деп есептеді. Биліктің беріктігінің кепілі мен негізі шенеуніктердің тақсырдың еркін бірдей етіп орындауында деп түсінді. Мемлекеттің толық біртұтастығын орнату үшін бірдей ойлауды енгізу, зиянды ілімдерді жою ұсынылды.
“Әрбір адам жақсы немесе жаман нәрсе туралы естігендерін жоғарыда тұрғандарға хабарлауға тиіс, жоғарыдағылар дұрыс деп тапқанды барлығы да дұрыс деп мойындауға, ал жоғарыдағыдар дұрыс емес деп тапқанды барлығы да дұрыс емес деп мойындауға тиіс” [4]. Бұл тәртіпті жасалған қылықтарға сай жазалаулар мен марапаттаулардың көмегімен сақтау қажет болды.
Осылайша моизм тұжырымдамасында теңдік идеялары іс жүзінде сырт қалды; тұжырымдама халықтың басқаруға қатысу ғана емес, мемлекеттік істерді талқылауға қатысу мүмкіндігін де болдырмайтын деспоттық-бюрократиялық мемлекетті мадақтаумен аяқталды. Мемлекет бірлігіне деген Мо-цзы көзқарастары билікті орталықтандыру идеяларына жақын болды.
Ерте легизмнің ірі өкілі ШАНЬ ЯН (б.з.д. 390 - 338 жылдар шамасы) ұсынған реформалардың жобалары мен жарлықтары “Шань цзюнь шу” трактатына (“Шань облысының әміршісі кітабы”) енген. Легизм ілімі оның алдындағы тұжырымдамалардан едәуір өзгеше болды. Легистер саясатты дәстүрлі моральдік баяндаудан бас тартып, билікті атқару техникасы туралы ілімді жасады. Шань Ян осы қайта бағдарлануды жүзеге асыра отырып, патриархалдық тәртіпті жоюға қол жеткізген мемлекеттік міндеттерді атқарған ақсүйектер мен ауқатты қауымшылдардың ұмтылыстарын басшылыққа алды. Саяси теориядан олар басқаларға қарағанда ізгілікті ақыл-өсиеттерді аз күтті. Оларға керегі жалпы мемлекеттік түрлендірулердің салыстыра тексерілген бағдарламасы болатын.
Легизмнің ерекшеліктерін қоғамдық құбылыстарға тарихи көзқарастардың элементтері құрады. Жаңа аристократияның жеке меншіктік мүдделері қауымдық өмірдің архаистік ұстанымдарына қайшы келгендіктен, оның идеологтарына дәстүрдің беделіне емес, әлеуметтік шарттардың бұрынғымен салыстырғандағы өзгерістеріне шағынуына тура келді. Ежелгі тәртіптерді қалпына келтіруге шақырған даостарға, конфуцийшілдерге және моистерге қарсы легистер ескіге қайта оралудың мүмкін еместігін дәлелдеп бақты.
Легистер қауымдық өзін-өзі басқаруды шектеу, отбасылық-рулық қауымдар мен патронимияларды жергілікті әкімшілікке бағындыру қажет деп есептеді. Шань Ян қауымдық өзін-өзі басқаруды теріске шығармастан, азаматтарды мемлекеттік биліктің тікелей бақылауына қоюды көздейтін реформалардың жобаларын (елді аудандарға бөлу, жергілікті жерлердегі шенеуніктік қызметтер және т.б.) ұсынды. Бұл жобаларды жүзеге асыру Қытайда азаматтардың аумақтық бөлінуінің бастауы болды.
Барлық мемлекет үшін біртұтас заңдар белгілеу ұсынылды. Басқа да ерте легистер сияқты Шань Ян әдет-ғұрып құқығын заңнамамен толық алмастыруды ойлаған жоқ. Заңды ол қуғын-сүргін саясаты (қылмыстық заң) және үкіметтің әкімшілік өкімі деп түсінді.
Билік пен халық арасындағы қарым-қатынастарды Шань Ян жауласушы тараптардың бір-біріне қарсы тұруы деп қарады. Үлгілі мемлекетте әміршінің билігі күшке арқа сүйейді және ешқандай заңға бағындырылмаған. Шан Янға азаматтардың құқығы, олардың заңды кепілдері туралы және т.б. ұғымдар белгісіз. Заң, оның ойынша қорқыныш ұялатушы ескерту жасаушы террор болып шығады. Тақсыр қызметінің жоғарғы мақсатын Шань Ян басқыншылық соғыстар жолымен Қытайды біріктіруге қабілетті күшті билік құру деп есептеді.
Легистік тұжырымдамаларды іс жүзінде қолдану қатыгездіктің күшеюімен, бодандардың санасына әмірші алдында жаппай үрейді сіңірумен және жаппай сезіктенумен қатар жүрді. Жалпы бұқараның легистік тәртіпке наразылықтарын ескере отырып, Шань Янның ізбасарлары неғұрлым жексұрын жағдайлардан бас тартып, легизмді моральдік мазмұнмен толықтырып, оны даосизммен немесе конфуцийшілдікпен жақындастырды. Б.з.д. ІІ - І ғасырларда легизм идеясымен толықтырылған конфуцийшілдік Қытайдың мемлекеттік діні ретінде бекіді. Моистер мектебі біртіндеп келмеске кетеді. Даосизм буддизммен және жергілікті нанымдармен астарласып магия белгілеріне ие бола бастайды және уақыт өте келе саяси идеологияның дамуына ықпалын жоғалтады. Конфуцийшілдік 1911 - 13 жылдардағы Синхай революциясына дейін императорлық Қытайдың ресми ілімі болып келді.
Дата добавления: 2015-06-10; просмотров: 3325;