Кеннің түрлері
Жоғарыда келтірілген деректерден жер қойнауындағы заттардың бәрі пайдалы қазбалар бола бермейтінін көрдік. Техника қарыштап дамыған бүгінгі заманда минералды шикізат жер қойнауында шоғырланған аймақтардан, кен орындарынан алынады. Енді өндірістік масштабта өндірілетін кен түрлерінің сипатына тоқталайық. Олар әртүрлі тұрғыдан зерттеліп сараланады.
Қазба байлық түрлері жалпы үш топқа бөлінеді: металды қазба байлық-тар, металл емес қазба байлықтар және жанғыш қазба байлықтар.
Металдықазба байлықтар барлық минералдардың минералды көзі болып табылады. Металл емес қазба байлықтардан өндірістік әр салаларында қолда-нылатын заттар, оларды өңдеу арқылы тұздар, фосфаттар, бораттар, сол сияқты құрылыс материялдары алынады. Жанғыш заттарға көмір, мұнай, торф, сланец және газдар жататыны мәлім.
Пайдалы минералдардың пайда болуы тау жыныстарының жаратылы-сымен тығыз байланысты. Сондықтан кендер де сол үш топқа бөлінеді: эндо-генді, экзогенді және метаморфты.
Кендерді пайдалану тұрғысынан алсақ та, онда кеннің құрамына кіретін пайдалы заттардың түрлері тағы да тау-жыныстарын білумен байланысты екен.
Енді қысқаша кендегі әр түрлі минералдың тау-жыныстарының қандай түрлерімен тығыз байланысты екеніне тоқталайық. Әр түрлі элементтердің минералдарының бірге кездесуі олардың физикалық, химиялық және физико-химиялық қасиеттерінің ұқсастығының айғағы. Мұндай қасиеттерге: тығыздық, кристалды торларының энергия мөлшері, ерігіштік, булану температуралары, қаттылығы, тоқ өткізгіштік, магниттік және т.б. жатады.
Жоғарыда тау жыныстарының қандай топтарға бөлінетіні келтіріледі. Жер қыртысында алдымен қатаятыны сілтілі жыныстар, оларда кальций, фос-фор, темір, фтор және т.б. кездеседі.
Хром, магний, платина, темір өте негізді жыныстармен бірге жиі ұшыра-сады.
Негізді жыныстарда темірмен бірге титан, ванадий, никель, мыс, кобальт, платина, палладий т.б. элементтер кездесіп отырады.
Қышқыл және өте қышқыл жыныстарда көбінесе вольфрам, молибден, қалайы, литий, фтор, бор, висмут, ниобий, тантал кездеседі.
Қышқыл және орташа қышқыл жыныстардың құрамында түсті және сирек кездесетін минералдар: мырыш, қорғасын, күміс, алтын, кадмий, германий, висмут, кобальт, никель, уран, сынап, сурьма т.б. кездеседі.
Әрине бұған қарап жер қыртысында барлық минералдар рет-ретімен кездеседі екен деген ұғым тумауы керек. Белгілі бір кен аймағының табиғатын, тау жыныстарының құрамын тексере келе ол аймақтан қандай минералдардың кездесуін алдын-ала жорамалдауға болады.
Енді кендердің ең басты түрлерімен танысайық.
Кеннің аттары, әдетте, оның құрамындағы негізгі заттың (металдың не метал еместің) атымен аталады. Сондықтан алдымен металдардың қандай топтарға бөлінетіндігімен танысайық. Ең алдымен барлық металдар қара және түсті металдар болып екіге бөлінеді. Қара металдарға жататындар темір, марганец және хром.
Түсті металдар бірнеше топқа бөлінеді: ауыр түсті металдар (мыс, қорғасын, мырыш, никель, кобальт), жеңіл металдар (алюминий, магний, бериллий), сирек кездесетін металдар (бастылары тантал, ниобий, бериллий, литий, молибден, титан, сынап, сурьма, вольфрам және т.б.), шашыранды түрде кездесетін металдар (индий, галий, германий, рений, селен, теллур және т.б.).
Металдардың бөлінуіне сай кендер бірнеше топқа бөлінеді. Сондай-ақ әр топқа кіретін кендердің аттары олардың құрамындағы басты металдар аттарымен аталады. Негізгі кен түрлеріне төмендегілер жатады.
Қара металл кендері: а) темір кендері; б) хром кендері; в) марганец кендері;
Ауыр түсті металдар кендері:
| а) мыс кендері; | е) қорғасынды – мырыш кендері; |
| б) мыс – мырышты кендер; | ж) қорғасынды – барит кендері; |
| в) мыс – қорғасынды кендер; | з) қорғасынды – мырышты – барит кендері; |
| г) мыс – молибденді кендер; | и) мыс – қорғасын – мырышты кендер; |
| д) мыс – никельді кендер; | к) никельді кендер. |
Асыл металл кендері.Мұнда алтын мен күміс бірге кездеседі. Бұлар алтынды кендер деп аталады.
Жеңіл металл кендері – боксит кендері (алюминий), бериллий кендері.
Сирек кездесетін металл кендері:
| а) молибден кендері; | ж) литий кендері; |
| б) вольфрам – молибден кендері; | з) циркон кендері; |
| в) вольфрам кендері; | и) висмут кендері; |
| д) бериллий кендері; | к) сынап – сурьмалы кендер; |
| е) вольфрам – қалайы кендері; | л) қалайы кендері. |
Шашыранды кездесетін элементтер осы кендердің құрамынан табылады.
Металл емес қазба байлықтардың басты кендері мыналар:
| а) алмаз кендері; | е) асбест кендері; |
| б) графит кендері; | ж) бор кендері; |
| в) фосфат кендері; | з) флюорит кендері; |
| г) күкірт кендері; | и) тұздардың кен орны және т.б. |
| д) барит кендері; |
Кендердің құрамында қанша металл болуына байланысты бір металды және көп металды болып бөлінеді. Әдетте бір металды кендер сирек кездеседі. Мыс кендерінде рений, селен, теллур жиі кездеседі. Бұған қарамастан мыс кені бір металды болып саналады.
Келтірілген кендердің өздеріне тән ерекшеліктері де бар. Мысалы, қара металл кендерінде Ғе, Мn және Cr тотықты минералдар түрінде кездеседі. Мұның себебі жер бетіне жақын жатып, бастапқы күйден өзгеруінде. Дүние жүзінде темірдің 30%-ті шөгінді кен орындарынан, ал 60%-ке жуығы мета-морфты кен орындарынан алынады. Марганецтің 80%-ті шөгінді кен орын-дарынан өндіріледі.
Ауыр түсті металл кендеріндегі металдар негізінен сульфидті минералдар түрінде кездеседі. Кен орындары көбінесе экзогенді кен орнына жатады. Бұл кендерде металдың мөлшері аз болады.
Мыс, мыс – никельді және мыс – мырышты кендердің бір ерекшеліктері кейде олардың негізі сульфидтерден тұрады, демек жыныс минералдары аз болады. Бірақ олардың орнын толтырып тұратын бір ғана минерал бар. Ол – пирит. Мұндай кендерді тұтас сульфидті кен деп атайды. Бұларда бағалы минерал түйіршіктері өте ұсақ мөлшерде болады. Мұндай кен түрлерін сеппелі кендер деп аталады.
Сирек кездесетін металл кендерінде пайдалы минералдар тотыққан минералдар түрінде кездеседі. Тек молибден, висмут және сынап сульфидті минерал түрінде болады. Бұларда металл мөлшері өте аз болады. Мысалы, молибден кендерінде металдың мөлшері 0,005–0,1% ғана.
Сирек кездесетін металдардың кен орындары эндогенді кен түріне жатады. Әсіресе, вольфрам, қалайы, титан, бериллий, цирконий және т.б. шашыранды кен орындарынан жиі табылады.
Кеннің қандай да бір түрінің маңыздылығы оның құрамындағы бағалы заттардың мөлшеріне байланысты. Осыған байланысты кендер –бай, кедей және мардымсыз болып бөлінеді. Бірақ былай бөлу тек шартты түрде ғана. Мысалы, 30-жылдары (өткен ғасырда) құрамында 0,5% мысы бар кен мардымсыз деп саналса, ал қазір құрамында 0,2-0,15 % мыс бар кендер өңдеуге болады деп саналады. Өйткені кен өңдеу әдісі дамып жетіледі.
Дата добавления: 2016-12-08; просмотров: 9126;
