Гидроизоляциялық материалдардың қазіргі заманғы құрылыстағы маңызы

Елімізді индустриалды-инновациялық дамыту стратегиясы ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерін енгізу және пайдалану арқылы ел экономикасын дамыту үшін қажетті жағдайлар мен ыңғайлы ортаны құруды, өңірде инновациялық қызметті қалыптастыру және қолдауды, энергия және ресурс үнемдеуші өндірістерді дамытуға жағдай жасауды көздейді.

Қазақстанды индустриалды-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, құрылыс материалдары саласын дамыту мақсатында, еліміздің ішкі қажеттілігін қамтамасыз ететін және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашатын өндірістерді модернизациялау мен жаңа кәсіпорындар құрылысы жоспарланған.

Құрылыс индустриясы және соның ішінде құрылыс материалдары өндірісін дамыту саласы да ел дамуының негізгі жеті басымдықтарының бірі болып табылады. Бұнда, әсіресе шикізаттық және технологиялық салаларды үйлестіре отырып, құрылыс материалдары өндірісін модернизациялауға, құрылыс қарқынын жеделдетуге аса басым назар аударылған. Аталған үйлесім тек қана заманауи, импорт алмастырғыш және тұрғылықты жаңғыртылған технологияларды жасау мен оларды өндіріске енгізу негізінде ғана жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде отандық өнімдердің дүниежүзілік нарықта бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.

Құрылыс материалдары мен бұйымдарының негізгі қасиеттері және төзімділігін арттыру тек қана жоғары сапалы шикізаттар мен қазіргі заманғы қондырғыларды қолдануға тәуелді болып қалмастан, құрылыс материалдарын өндіру кезінде жүретін физика-химиялық процестерді білікті басқаруға да тәуелді. Сонымен бірге соңғы кезде құрылыс материалдары нарығында жасанды полимерлік материалдар негізіндегі бұйымдар мен құрылыс материалдарының түрлі қасиеттерін жақсартуға бағытталған химиялық қоспалардың үлесі де артуда. Яғни құрылыс техникасы тек қана құрылыс өндірісі процестерін механикаландыру бағытында ғана емес, сонымен бірге құрылысты химияландыру бағытында да, атап айтқанда жаңа материалдарды алу, құрылыста химиялық және физика-химиялық процестердің маңызын арттыру бағытында да дамуда.

Конструкциялық материалдардың ұзақтұрақтылығын арттыру, материалдың жұмыс істеу ортасындағы факторларды толық ескерген жағдайда ғана мүмкін болады. Құрылыс материалдары, бұйымдары мен конструкцияларының жұмыс істеу кезінде оған кері әсер ететін факторлардың бірі, ол қоршаған ортадағы ылғал. Су немесе ылғалды ауа орта құрылыс материалдарындағы коррозиялық процестерді жеделдетеді, аяздың әсерінен қату арқылы бұйымда түрлі дәрежедегі жарықтардың пайда болуына алып келеді, соның нәтижесінде құрылыс материалдары мен бұйымдарының төзімділігі төмендеп, жұмыс істеу мерзімі қысқарады. Сондықтан құрылыс материалдары мен бұйымдарын қолдану алаңдарында оларды судан оқшаулау шараларын жүзеге асырып қолдану қажет.

Гироизоляциялық материалар деп беріктігі, деформациялануы, жылуға төзімділігі т.б. қасиеттері бойынша техникалық талаптарды қанағаттандыра отырып, суды өткізбеу қабілетіне ие заттарды айтады. Гидроизоляциялық материалдың су өткізбеу қабілеті жоғары болған сайын, оның сапасы да артады. Оған қоса материал мен бұйымдарға су ғана емес, сонымен бірге кейбір агрессиялы заттардың судағы ерітінділері де кері әсерін тигізеді. Сондықтан гидроизоляциялық материалдардың химиялық төзімді болуының да маңызы зор.

Гидроизоляциялық материалдардың қолдану аймағы өте кең. Бұл материалдар жер асты құрылыстарын жер асты суларының агрессиялы әсерінен қорғау (котлавандар, іргетастар, су құбырлары, жер асты өткелдері т.б.), су тоғандарын, бассейндерді, су қоймаларын судан оқшаулау, көпірлерді қорғау, гидротехникалық құрылыста сүзгіге қарсы экрандар мен қорғаушы қабаттарды жасау, ирригациялық құрылыста каналдар мен латоктарды судан оқшаулау, іргетастарда тау жыныстарының кеуектері мен қуыстарын толтыру, өндірістік құрылыста қабатаралық жабын плиталарын қорғау, жабындық материалдар мен бұйымдарды жасау, іріпанельді құрылыста түйісу саңлауларын бітеу және саңлаусыздандыру т.б. да бағыттарда қолданылады.

Гидроизоляциялық материалдар ғимараттар мен конструкцияларда түрлі сыртқы орта факторларының әсеріне, атап айтқанда: ультрокүлгін сәулелерінің, температуралық ауытқулардың, ауадағы озон мен оттегінің, жел күшінің, жаңбыр және қардың, микроорганизмдердің, сұйық және газ тәрізді агрессиялы ортаның, ылғалдылық градиентінің, диффузиялық орын ауыстырулардың, химиялық белсенді реагенттер мен түрлі ішкі әсерлердің ықпалында болады. Гидроизоляциялық материалдардың бұзылуы осы факторлардың әсеріне тәуелді.

Гидроизоляциялық материалдарды қолдану өте ерте заманнан басталған. Осыдан 4500-5000 жыл бұрын табиғи битум мен шайырларды мысыр және вавилон құрылыстарында органикалық байланыстырғыш және гидроизоляциялық материал ретінде қолданғаны анықталған. Битум және асфальтпен сарайлар мен храмдардың моншалары, каналдары, су арықтары оқшауланған. Астықтың ұзақ сақталуын қамтамасыз ету үшін, астық қоймалары қабырғасы мен едені битум мастикаларымен әрленгедігі анықталған.

Битум мен қара майлар қазіргі күнде де гидроизоляциялық мақсатта кеңінен қолданылады, дегенмен соңғы кезде оларға полимерлер негізіндегі гидроизоляциялық материалдар бәсекелес бола бастады. Полимерлердің сапалық көрсеткіштері, битум мен қара майлармен салыстырғанда жоғары. Сондықтан химия өндірісінің қарқынды дамуы, полимерлер мен олардың негізіндегі пластмассалар және композициялық материалдарды тиімді гидроизоляциялық материалдар ретінде қолдану ауқымын кеңейтті.

 








Дата добавления: 2016-09-20; просмотров: 1140;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.007 сек.