АКТИНОМИКОЗ
Актиномикоз — сәулелі саңырауқұлақ арқылы пайда болатын созылмалы арнайы қабыну.
Осы аурумен ауыратын адамдардың ішінде 60—80% бет-жақ аймағында кездеседі.
Актиномикоз дертін қоздырушы сәулелі саңырауқұлақты, 1877 жылы Лангенбек малдан, ал 1878 жылы Израил бірінші рет адамнан тауып, оны „адам сәулелі саңырауқұлағы" деп атады. Көп жылдар бойы адам денесіне сәулелі саңырауқұлақ түрлі өсімдіктер арқылы жұғады, яғни бұл сырттан кіретін қоздырғыш дерттерге жатады деп келді (экзогенді аурулар). Осыған байланысты П. X. Касквее, П. Я. Яшмискас актиномикоз тек ауыл шаруа-щылығымен айналысатын адамдарда кездесетін аурулар деп есептеді. Д. И. Гринев, Е. М. Гофнич т. б. сәулелі саңырауқұлақты ауыз қуысы мен барлық ас қорытатын жолдардан тапқаннан кейін бұл теория өзгерді. Осыған байланысты қазіргі кезде көптеген ғалымдар (Д. И. Аснин, Г. О. Сутеева, А. И. Рыбаков, Т. Г. Робустова) бұл науқасты аутоинфекцияға жатқызады.
Антиномикоздың негізгі дамуына иммундық жүйе жұмысының бұзылуы әсер етеді. Жалпы факторлардың ішінен иммунитеттің бұзылуына біріншіліқ немесе екіншілік иммунды тапшылық дерттері жатады. Жергілікті факторлар ішінен одонтогендік, стоматогендік, тонзилогендік, риногендік қабынуларды айтуға болады.
Патологиялық анатомиясы. Инфекция кірген жерде арнайы гранулема пайда болады. Саңырауқулақ айналасында лимфоциттер мен полинуклеарлы клеткалар жиналады. Сырт жағындағы жұмсақ грануляциялық қабат плазмалық клеткалармен қатар, фибробластардан тұрады. Осы клеткалар ішінде үлкен көпядролы ксантома тек актиномикозға тән клетка болып есептеледі. Гранулема ортасы бұзылып, ал шет жағындағы грануляциялық тін фиброзға айналады. Сәулелі саңырауқұлақтың өзі ұшы колба сияқты кеңейген жіңішке жіпше.
Актиномикозға морфологиялық өзгерістер организмнің арнайы және арнайы емес қорғануына байланысты. Көптеген жағдайда актиномикозға ірің микробтарының қосылуы үлкен әсерін тигізеді.
Инфекция 1) жалғасу (үласу); 2) лимфа тамырлары; 3) қан тамырлары арқылы тарайды.
С. Ф. Дмитровтың сәулелі саңырауқүлақ друзының „лизис" феноменін ашқаннан кейін лимфа және қан арқылы тарау жолдары түсінікті болды. Бет-жақ аймағында лимфа тамырлары арқылы инфекцияның тарауы көп кездеседі.
Қан тамырлары арқылы инфекция тараса актиномикозбен көбінесе барлық организм уланып, өкпе, бауыр, бүйрек қабынуға шалдығады.
Жіктелуі. Актиномикозды Г. О. Сутеев (1951) 3 түр, К И. Бердигин 4 түрге бөледі.
Ал енді біз Т. Г. Робустованың жіктеуі дұрыс деп түсінеміз, өйткені ол барлық жағдайларды қамтиды; 1) Тері; 2) Теріасты; 3) Теріасты — бұлшықет; 4) Сүйек; 5) Лимфа түйіндері; 6) Сүйек қабы; 7) Кілегейлі қабық; 8) Кілегейлі қабықасты; 9) Одонто-гендік актиномикоз гранулемасы; 10) Көмекей сілекей бездер актиномикоздары.
Клиникасы бойынша актиномикоз екі түрде кездеседі: 1) асқынбаған; 2) асқынған түрі (ірің микробтарымен қоса) болып бөлінеді.
Асқынбаған актиномикоздың клиникасы. Актиномикоздың клиникалық көрінісі организмнің өзіндік ерекшеліктеріне, орналасқан аймағына байланысты.
Жақ-бет аймағындағы жұмсақ тіндерде ауырмайтын немесе сәл ауыратын шектелген инфильтрат пайда болады. Бұл инфильтрат біртіндеп өсіп, шекарасын жоғалтып үлкейіп, „ағаш" тәріздес қатаяды. Пальпация жасағанда ауырады. Инфильтрат үстіндегі тері қызғылт-көк түсті. Дене қызуы сәл көтеріліп, жалпы жағдайы ауырлай түседі.
Бертін келе тері инфильтратқа байланысты қызғылт түске еніп жұқарып „жыланкөз" пайда болады. Жыланкөзден кішкентай ақшыл-сары түйінді сұйық ағады (23-сурет).
23-сурет. Актинамикоз
Бұл түйіндер сәулелі друз деп аталады. Шамалы уақыттан кейін жыланкөз жабылып, орнында шұқырша қалады. Бұндай процесс көп кешікпей басқа жерлерде (инфильтрат үстінде) пайда болады. Осының әсерінен инфильтрат үстіндегі тыртықтар „көктелген көрпе" тәрізді болады. Клиникасы жараның орналасқан жеріне (топографиясына) байланысты. Мысалы, ауру құлақ-шайнау аймағында болса шайнау бұзылып, ауыз ашылмай қалады. Ал мойында болса бас қозғалысы қиындайды.
Ірің микробтарымен қоса асқынған актиномикоздың клиникасы. Егер актиномикозға ірің микробтары қосылса, бет-жақ аймағында флегмона, абсцесс белгілері көрінеді. Яғни аурудың жалпы жағдайы нашарлап, дене қызуы 40°-қа дейін көтеріледі, әр жерде абсцестер мен флегмоналар пайда болады. Оларды емдегеннен кейін, актиномикоздың клиникасы жоғарыда айтылғандай болады. Айта кететін жағдай, актиномикозға ірің микробтары қосылмағанның өзінде, бұл сырқат өте қатерлі науқас болып есептеледі.
Ажырату диагнозы. Т. Г. Робустованың айтуынша, стационардан тыс, тек 8% ауруға ғана актиномикоз деген диагноз дұрыс қойылады. Бұндай жағдайдың басты себебі, дәрігерлердің актиномикоз клиникасын нашар білуімен қатар, бұл науқас бір көрініспен ғана аяқталады деген болжамда болуында. Осыған байланысты дәрігерлер актиномикозды ақыл тіс артындағы оститтен, жедел және созылмалы остеомиелиттен, одонтогендік теріасты гранулемадан, туберкулез бен сифилистен клиникалық белгілері мен келесі қосалқы әдістемелерге сүйене отырып ажырата білу қажет:
1. Сәулелі саңырауқүлақ шоғын (друзын) микроскоп арқылы анықтау.
2. Жыланкөзден шығатын іріңді жағындыны шыны арқылы тексеру.
3. Д. И. Аснин әдістемесі бойынша актинолизатпен тері-аллергиялық сынақ жасау. Бұл сынау тәсілі: білектің ішкі жағына (оң және сол жағына) тері ішіне 0,3 мл актинолизат енгізіледі. Бақылау үшін одан 8—10 см төмен 0,3 мл ет-пептонды сорпа немесе физиологиялық ерітінді енгізіледі. Сынақты 24 сағаттан кейін оқиды. Егер: 1) теріде тек иненің орны қалса реакцияның жоқтығы (—); 2) сынаған және бақылау орындарында бірдей қызыл түсті кішкене қызару пайда болса, реакция күдікті (+); 3) инъекция жасалған жерде (сынау) әр түрлі көлемді қызғылт түсті эритема пайда болса, реакция бар бірақ әлсіз (+); 4) тері эритемасы ашық-қызғылт түсті, сипағанда ауырса реакцияның болғаны (++); 5) эритема ашық-қызыл болып, тері домбығып ісіп ауырса реакцияның күшті болғаны (+++); 6) актинолизат жіберілген жерге байланыссыз организмде жалпы немесе ошақты өзгерістер болса реакцияның өте күшті болғаны (III).
4. Агарға себу арқылы сәулелі саңырауқұлақты бөліп алу.
5. Биопсия арқылы анықтау.
6. Жалпы қанды тексеру (лейкопения, гемоглобин азаюы. ЭТЖ көбеюі. С реактивтік белок пайда болуы).
7. Комплимент байланысы реакциясын ауру сарысуымен тексеру. Актинолизат антиген болып есептеледі.
8. Рентген сәулесі арқылы тексеру.
Емдеу тәсілдері. 1. Хирургиялық емдеу абсцестермен флегмоналарды ашу, тісті жүлу, ауыз қуысын тазарту (санациялау), ауруға шалдыққан лимфа түйіндерін алу, секвестрэктомия жасаумен шектелуі қажет.
2. Арнайы иммунитетті көтерумен қатар сәулелі саңырауқүлаққа қарсы күрес актинолизат, АПВ актиномицеттік поливаленттік вакцина жіберу керек. Бұл вакцина (Д. И. Аснин, О. Б. Миникер, Т. Г. Сутеев, М. В. Фирюкова) медициналық паразитология және тропикалық медицина институтының актиномикозға қарсы күресу бөлімінде ашылған. Егер актиномикоз организмнің қалыпты қабыну реакциясымен жүрсе, онда емдеу актинолизато-терапия және жалпы нығайту терапиясынан басталады.
Егер актиномикоз гиперергиялық қабыну қалпында басталса, емдеуді жалпы нығайту терапияларынан бастаған жөн. Ағзалар мен жүйелердің қосымша дерттері болмаса емді левамизолмен емдегеннен соң актинолизатотерапияны бастау керек.
Ал, актиномикоз гиперергиялық типтес реакциядан басталса, онда қабынуға қарсы, ферментативтік, инфузиялық, жалпы нығайту, витаминдер В, С, кокарбоксилаза, АТФ терапиялар (2—3 жетіден 1—2 айға дейін) қолданғаннан кейін актинолизатотерапия мен левамизол қолдануын бастау қажет. Актинолизатқа қарсы реакция болса (аурудың жалпы жағдайы нашарлап, ыстығы көтеріліп, дірілдеп-қалшылдаса), онда жалпы терапияны тоқтатпай одан әрі жүргізіп, қашан организм орнына келмейінше левамизол-мен емдеу керек.
Г. С. Сутеева тәсілі бойынша актинолизатты 3 мл-ден жетісіне екі рет, курсына 2,0 инъекция бұлшықетке енгізеді. Осыдан кейін 1 ай демалыс, сонан соң екінші, кейбірде үшінші курстарын жасайды. Клиникалық сауыққаннан кейін профилактика ретінде 10—15 рет актинолизат инъекциясын берген жөн.
Біздің клиникада, актинолизатты тері қабатына жіберетін Д. И. Аснин тәсілі былай жүргізіледі. Бірінші рет білектің іш жағынан тері ішіне жетісіне 0,5—1,0 мл екі инъекциядан; екінші рет 0,5 мл-ден екі рет, ара қашықтығы 6—8 см; үшінші рет бір жерге 1,0 мл, екінші жерге 0,5 мл; төртінші рет 1,0 мл-ден екі жерге; қалған инъекцияны 1,0 мл 2 жерге, курсына 20—25 рет жасау керек. Бұл әдісте тері ішінде актинолизат қоры жиналып, организмге біртіндеп таралуы ем үшін өте қолайлы.
3. Йод препараттарын беру.
4. Қабынуға қарсы емді антибиотиктерді венаға енгізу әдісінен бастайды. Д. И. Асниннің әдісі бойынша 150 мың морфоциклинді тәулігіне екі реттен 10 тәулік венаға енгізеді. Біздің клиникада пенициллиннің новокаинды тұзын немесе кевзолды 1 миллионнан 8—9 тәулік венаға енгізген өте жақсы нәтиже берді. Әрине антибиотиктермен қосып сульфаниламидтерді тағайындау керек.
5. Физиотерапевтік емдер. УЖЖ, лазер, әртүрлі дәрілерді лазеро-электрофорез арқылы енгізген жөн. Осы аталған емдерді қолдану жергілікті нәтиже бермесе, қабынуға қарсы рентгенотерапия қолдану қажет.
Тағы да айта қететін мәселе, жоғарыдағы аталған емдер біріктіріліп қолданылса актиномикоз дертінен құтылуға болады.
Дата добавления: 2015-04-03; просмотров: 2563;