Фотометрия
Жарық энергиясын, оған байланысты шамаларды өлшеу әдістері мен тәсілдері қарастырылатын оптика тарауы фотометрия деп аталады. Фотометрияда келесі шамалар қолданылады:
1. энергетикалық – оптикалық сәулеленудің энергетикалық параметрлерін оның сәуле қабылдағышқа әсеріне қатысты емес сипаттайды
2. жарықтық – жарықтың физиологиялық әсерін сипаттайды және көзге немесе басқа да сәуле қабылдағышқа ықпалын қарастырады.
1. Энергетикалық шамалар.Жарық толқындары тасымалдайтын энергия жарық энергиясы немесе сәулелік энергия (W) деп аталады. Берілген ауданнан уақыт бірлігі ішінде өтетін энергия мөлшері сәулелік энергия ағыны (Фе) деп аталады; оны қуаттың өлшем бірлігімен, мысалы Ваттпен өлшеуге болады
Фе=W/t. (5)
Энергетикалық жарқырау – жарық көзі бетінің әрбір аудан бірлігінен шығатын сәуле энергиясымен анықталатын шама (өлшем бірлігі – Вт/м2)
Re=Фе/S. (6)
Энергетикалық жарық күші –жарық көзінің сәуле ағынының осы сәуле тарайтын шектегі денелік бұрышқа катынасына тең шама (өлшем бірлігі – 1Вт/ср)
Ie=Фе/w. (7)
Энергетикалық жарықтылық – бетті сәулелендіруші элементтің энергетикалық жарық күшінің осы элементтің бақылау бағытына перпендикуляр жазықтыққа проекциясының ауданына катынасына тең шама (өлшем бірлігі – Вт/(ср∙м2))
Ве =ΔIe/ΔS. (8)
Энергетикалық жарықталыну (Ee) жарықталатын беттің бірлігіне түскен сәуле ағынының шамасын сипаттайды. (өлшем бірлігі – Вт/м2).
2. Жарықтық шамалар. Жарық ағыны – сәулелік энергия ағынының көзге әсер етіп, көру сезімін туғызатын бөлігі. Өлшем бірлігі – люмен (лм).
Жарқырау былай анықталады (өлшем бірлігі – лм/м2)
R=Ф/S. (9)
Жарық көзінің жарықтылығы – жарық көзінен берілген бағытта кішкене денелік бұрыш ішінде таралатын жарық ағынының сол бұрышқа және жарық көзінің көрінер бетіне қатынасы (өлшем бірлігі – кд/( м2))
В =I/(Scosφ). (10)
Жарықталыну(Ee) жарықталатын беттің бірлігіне түскен жарық ағынының шамасын сипаттайды (өлшем бірлігі – люкс (лк)).
Е=Ф/S. (11)
Студенттердің өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтары:
1. Оптика нені зерттейді?
2. Жарықтың түзу сызықтық таралу заңын түсіндіріңіз.
3. Жарықтың шағылу заңын түсіндіріңіз.
4. Жарықтың сыну заңының өрнегін жазыңыз.
5. Толық ішкі шағылу заңын қалай түсінесіз?
6. Фотометрия оптиканың қандай бөлімі?
7. Энергетикалық шамалар мен жарықтық шамалар арасындағы айырмашылық қандай?
Дата добавления: 2015-09-18; просмотров: 11500;