Психологиялық кәмелеттік үшін оқу-білім. Өмірге бейімделу үшін оқу-білім.
Білім – адам баласының маңызды қасиеті. Сол арқылы ол өзінің ішкі табиғи мүмкіндіктерін ашып, өзіндік «менін» сезініп, сыртқы әлеммен әлеуметтік қарым-қатынастарда бола алады.
Білім – адамзаттың терең және үйлесімді дамуын бекітетін құралдардың бірі, прогрестің, әлеуметтік тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздіктің маңызды факторы.
Білім – тұлғаның қалыптасуы мен дамуында үлкен рөл атқарады.
В.И.Дальдің сөздігінде «білім», «білдіру», «үйрету» деген мағынада қолданылған. Яғни, үйрету мен тәрбиелеу бір-бірімен өте байланысты.
Философиялық әдебиет білімді адамның рухани келбеті деп қарастырады.
А.А.Асмолов білімді тұлғаның өзін-өзі дамытуы мен өмірлік жолын дұрыс таңдау мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған үрдіс деп анықтаса, А.А.Петровский білімді мақсатпен, жоспарлы ұйымдастыра отырып, адамды әлеуметтендіруге болатындығын көрсетеді.
Білімнің көмегімен мәдениетті игеруге болады. Осы анықтамалардың өзі-ақ білімнің тұлғаны дамыту, жетілдірудегі маңызын көрсетеді.
Білім философиясы білім ұғымын тұлғаны тәрбиелейтін, жасайтын негіз деп қарастырады.
Білім беру дамып келе жатқан адам үшін нақты шарттарды кепілдік етеді, жаңа ой-өрісті, өмір мәнінің жаңа көрінісін қалыптастырады. Адам үшін құндылықтың барлығын, оның потенциалын, өмірлік күш-жігерін сақтай отырып, білім беру қоғамының өмір барысын қайта құрады және бағыттайды. Білім беру – адамның өзіндік күштерін ашуға және ол кез-келген қоғамның қозғаушы күші ретінде мемлекеттің барлық ниеттерін алдын-ала анықтап, даму бағыттарын табуға мүмкіндік беруі тиіс.
Білім – адам өмірінің стратегиялық маңызды саласы.
Қазіргі жүрдек және ақпараттық өркениетте классикалық білім беру парадигмасы өзінің әлсіздігін айқын көрсетті.
Білім беру кеңістігіндегі үш аса маңызды тенденцияны атап өткеніміз орынды.
Біріншіден, білім парадигмасының өзгеруіндегі әлемдік үрдістер білім берудің классикалық моделінің заңдары, білім философиясы мен социологиясында жаңа функциональді идеяларды іздестіру, гуманитарлық ғылымдардағы тың методикалық өлшемдерді қарастыру, эксперментті альтернативті мектептердің ашылуы.
Екіншіден, әлемдегі мәдени және білім беру кеңістігіне ену, үздіксіз білім беру жүйесін, білімді ірілендіру мен компьютерлеуді дамыту, оқыту бағдарламаларын еркін таңдауға жағдай жасау, мектептер мен басқа оқу орындарының дербес дамуына негізделген оқушылар мен оқытушылар қоғамдастығын қалыптастыру.
Үшіншіден, білім беру процесінде ұлттық құндылықтар мен адамгершілік үлгілерін әр уақытта есепке алу қажеттіігін ұмытпау. Осы тұста дамыған елдер тәжірибесіне назар аудару орынды.
Білімді тұрақты дамыту стратегиясын басшылыққа алған жоғары дамыған елдер, әсіресе, Жапония, Қытай, Корея, Малайзия, Сингапур сияқты Азия елдері жаһандану үрдісін, ақпараттық-коммуникациялық революцияны, инновациялық технологиялардың ендірілуін басқа елдермен белсенді және тиімді экономикалық қарым-қатынас орната отырып, жедел даму мүмкіндігі есебінде пайдаланса, екінші жағынан, өздерінің ұлттық рухани және экономикалық тәуелсіздігін, қауіпсіздігін сақтаудың, ұлттық өркендеудегі бірден-бір кепілі ретінде отандық білім саласын реформациялауға аса үлкен мән беріп, оны мемлекеттің басым саясатына айналдырып отыр.
Қазіргі ғасырды адамзат «жылдамдық ғасыры, бірігу ғасыры», информация ғасыры деп бағалап жүр. Бұған «білім ғасыры» деген анықтаманы да қосуға болады. Өйткені, білімді болудың аса үлкен қажеттілік екендігін адам баласы осы ғасырда өте жақсы түсінген сияқты.
Постиндустриялдық өркениет заманының білім беру кеңістігіне үш сипат тән: ізгілендіру, біріктіру, кірігу процесінің жоғарылығы және инновациялылық.
Білімнің гуманистік немесе ізгілік сипаты әлеуметтік-мәдени дамудың ең жоғарғы құндылығы – адами дамуды, оның негізгі өлшемдерін қамтамасыз ету, яғни өмір сүруін ұзарту, салауаттылығын арттыру, сатып алу, тұтынудың мүмкіндігін кеңейтуде көрініс береді.
Біріктіру сипаты жеке қызығушылық пен мүдделердің қоғамдық мүдделермен үйлесімділігін таба отырып, мүдделер қақтығысын болдырмау немесе оның алдын алу, кері әсер ететін әлеуметтік факторларды жою немесе ығыстыру, ықпалын әлсірету сияқты үрдістерде айқындалады.
Білімнің инновациялық сипаты қазіргі өркениеттің негізгі рухани жолы – тұлғаның ішкі қуанышы мен сапасының, шығармашылығының дамуына жағдай жасауында болып отыр.
Адам баласы таптық, топтық, жыныстық, нәсілдік белгілерден әлдеқайда кең. Оның әлемге қатынасы жан-жақты және терең.
Біз әдетте, кез келген нәрсенің мәнін, мағынасын белгілі бір дәрежеде анықтап үйренгенбіз. Көп нәрсе көзге көрініп, сезіліп тұрғандықтан оның мәні де тезірек байқалады. Алайда, адамның көзіне көрінбейтін, уақытпен бірге ағып бара жатқан өмір деген абстрактілі ұғымның мағынасын немесе анықтап дәл айтуға болады.
Тұлғалық дамудың жоғары деңгейіне жеткен адам: мен жерді тіреп тұрған негіз не болмаса күллі ғаламның кіндігі емеспін. Сондықтан менен де маңызды, менен де қадірлі бірдеңе болуы тиіс. Менің жарқ етіп өте шығатын шолақ ғұмырым ұшы-қиыры жоқ мәңгіге созылып жатқан бітпес бір ғұмырдың титімдей бөлшегі деп ойлансын. Осы бір өте бір қиын уақытта әлемдегі өз орнын дұрыс анықтап, қоғамдағы кетігін тауып қаланғанда ғана мәні ашылады. Ал ол адам өмірде өз орнын табу үшін өзге адамдардың өз орындарын табуына кесірін тигізбеуі керек. Міне осылайша, гармония, сыйластық, барлық адамға деген игі тілек, жақсы ниет дүниеге келеді.
Осындай тереңдікпен ойлану үшін, әрине, білім керек.
Білім – адамды түбегейлі өзгертетін және оның тіршілік ету мүмкіндігін кеңейтетін рухани фактор. Қазіргі адамаралық қатынастардағы мобильділікті, динамизмді, сәт сайын өзгеріске ұшырап тұратын іс-әрекетті рухы биік, білікті маман ғана қабылдай алады.
Осы айтылған факторлардың басты көпшілігі соңғы 20-30 жылдарда дамып келе жатқан білім философиясының қалыптасуына негіз болады.
Білім философиясы – жалпы философияның бір бөлігі немесе саласы. Ол философияның өзегін құрайтын «адам-әлем қарым-қатынасын» білім алу, білім беру, басқаша айтсақ, білімдеу тұрғысынан қарастырады. Философияның бүкіл тарихында білімнің сипаты, білім мен сенім, білім мен адамгершілік, білім мен іскерлік сияқты сұрақтар жан-жақты қарастырылған.
Білім философиясының арнайы ғылыми сала ретінде бөлініп шығуына себеп болған маңызды негіздер – білім берудің технологияларының өзгеруі, көлемінің өсуі және қоғам мен білімнен туындаған қайшылықтардың тереңдеуі.
Білім философиясында білімділік идеясы, білім берудің мақсаты, білім беретін жүйелердің тарихы, философияның білімге ықпалы сияқты аса маңызды педагогикалық сұрақтар талқыланады.
Философия өзінің біртұтастық және жүйелілік, құрылымдық талдау идеяларымен педагогиканың методологиялық негізі рөлін жоғалтпайды. Өйткені, қазіргі уақытта көптеген жүйелер кең тараған философиялық бағыттардың идеяларына сүйенеді.
Философияның тарихилық принципі педагогика ғылымы үшін аса маңызды. Педагогиканың барлық бөлімі осы принципке негізделеді. Өйткені, адамды білімді етіп, тәрбиелеу барысында тарихи дәстүр мен қазіргі инновациялық үрдіс әр уақытта өзара ұшырасып, кездесіп, қиылысып отыруы қажет.
Жалпы теориялық және қолданбалы деңгейі бар педагогика жалпы негіздер, дидактика, тәрбиелеу теориясы, мектептану сияқты төрт маңызды бөліктерден тұрады. Олардың әрқайсысының өзіндік орны мен мақсаты бар.
Білім философиясы педагогика тікелей айналыспайтын, бірақ оған қатысы бар маңызды дүниетанымдық мәселелерді зерттейді.
Мысалы, білімді адам идеалы.
Қазіргі уақытта білімді адам идеалы туралы педагогика тұрғысынан ғана ізденіс жасау жеткіліксіз. Өйткені, ондай идеалды шығару үшін адам туралы білімдердің жаңа деңгейін игеру қажет. Яғни педагогиканың антропологиялық негіздері өзгеріске ұшырады.
Қазіргі білімді адам - әлемді игеріп, ондағы өзінің орнын таба алатын, заман сұранысына сай өзегін өзгерте алатын, іскер адам. Яғни білімді тек білдіру үшін ғана емес, соған сүйеніп, тез жол табуға икемді, ішкі қуатты мобильді, білікті тұлға пісіп-жетілуіне бағыттау қажет.
Яғни білімнің адам тұлғасын жетілдірудегі, ұйымдастыруындағы құндылықтың табиғатын анықтау – білім философиясының негізгі міндеті.
Білім философиясы жақында ғана қалыптасқан жас ғылым болғанына қарамастан, оның құрамында негізгі бағыттары қалыптасты.
Білім онтологиясы – білім деген не сұрағына жауап беріп, оның табиғатын, мәнін, мағынасын түсіндіреді.
Білім аксиологиясы – білімдегі құндылықтардың табиғатын және білімнің өзіндік құндылықтың сипатын айқындайды.
Білім логикасы – білімнің пайда болу тетіктерін, білімнен білімнің туындау заңдылықтарын зерттейді.
Білім әдістемесі – білімді үйрету жолдары мен оған әсер етудің тетіктерін үйретеді.
Білім этикасы – білім мен адамгершіліктің өзара қарым-қатынасын қарастырып, адамды ірілендірудегі білімнің маңызын анықтайды.
Білім эстетикасы – жан мен адам қарым-қатынасындағы сұлулық пен ұсқынсыздық, әдемілік пен сүреңсіздіктің табиғатын анықтаудағы білімнің маңызын зерттейді.
Білім аумағындағы саясат белгілі бір мемлекеттің халқын жаппай сауаттандыру мен білім беру ісін ұйымдастырудағы әрекеттерінің сипатымен анықтайды.
Білімнің басты мақсаты – жан-жақты дамыған, өзін-өзі анықтауға, өзін-өзі жетілдіруге, өзін-өзі басқаруға жетілдіруге, өзін-өзі басқаруға қабілетті адамдарды қалыптастыруға негіз болу.
Бүгінгі күнгі білім берудің өзекті парадигмасы өзін-өзі шығармашылықпен дамытуға, нығайтуға ұмтылыс жасайтын тұлғаны қалыптастыру.
Лекция
Дата добавления: 2015-01-21; просмотров: 2184;