Классикалық дәуірдегі антикалық философия.
1. Сократ философиясы.
2. Платон философиясы.
3. Аристотель философиясы.
Сократ – философия тарихындағы ең атақты тұлға. Көне дәуірдің өзінде – ақ ол даналықтың, дана адамның идеалы болып саналды. Сонымен қатар, Сократ - ең жұмбақ тұлға. Өйткені, ол ешнәрсе жазған жоқ, ешқандай жазба мұра қалдырмаған. Афина көшесін ұзаққа кезіп жүріп, философиялық ойларын айтқан. Көшеде кім кездессе сонымен әңгіме дүкен құра берген. Сократ философиясының барлық мағынасы мен мәнін оның шәкірті Платонның философиялық жағынан терең, көркемдігі жағынан тартымды шығармаларынан білеміз.
Сократ философияның негізгі мәселесі адам деп шешті. Сондықтан адам адамгершілігінің табиғатын зерттеуге көңіл бөлді. Адамның ішкі жан дүниесінің мәнін анықтайтн игілік, жамандық, жақсылық, әділеттілік, сүйіспеншілік сияқты құндылықтарды анықтауға кірісті. Осыдан келіп өзін-өзі тану мәселесі туындайды.
Көне Стоя Китилік Зенон, Клеланпф, Хрисипп біздің заманымызға дейінгі II – I ғасырлар. Кейінгі Стоя – Анней Сенека, Эпиктет, Марк Аврелий – біздің заманымызға дейінгі V ғасыр – біздің заманымыздың 65, 121, 180 жылдары.
Негізгі мәселе – мораль мәселесі. Философияның негізгі міндеті адамгершіліктің кемшіліктерін жою, игіліктерге тәрбиелеу. Стоицизмнің көптеген мәселелері христиан философиясына ұқсас.
Рим стоиктері тұлға психологиясымен айналысты. Ұждан моральдың функционалды ұғымы, ал еркіндік моральдық, әрекеттің тетігі ретінде қарастырылды. Адамның күнәлы болуы түсіндірілді. Адам, тіпті ұлы адамның өзі де кей уақытта кінәлы болады. Өйткені, Құдай ғана күнәсіз. Сенека тағдыр алдындағы адамдардың бірлігі туралы идея ұсынады.
Жалпы платоншылдық ағымы Плотин, Прокл есімдерімен тығыз байланысты. Плотин өзінің көзқарасын «Эннеадтар» деген еңбегінде жариялаған. Барлық тіршіліктің бастауы, қайнар көзі – Құдай. Ол болмыстан да, ойлаудан да жоғары. Бәрінен де жоғары болмыс – Құдай эманация арқылы бәрін жаратқан. Құдай, ең алдымен әлемдік ақылды, сонан соң әлемдік жанды, соңында құбылыстардың сезімдік әлемін жаратты. Адам өмірінің мақсаты - өзін тән құрсауынан босатып құдайға қайта оралуы.
Плотин ілімін Порфирий мен Ямвлих одан әрі дамытқан.
2. Платон философиясы
Платон (б.з.д. 427-347) – көне Грекияның көрнекті философы, Сократтың шәкірті, Академия мектебінің, философиядағы идеалистік бағыттың негізін қалаушы.
Платон ірге философиялық еңбектердің авторы: «Сократ апологиясы», «Парменид», «Горгий», «Федон», «Мемлекет», «Заңдар» шығармаларының көпшілігі сұхбат түрінде жазылған.
Платон философиясының негізгі қағадалары мынадай:
- материалдық заттар өзгермелі, тұрақты емес, уақыт өткен сайын құрдымға кетеді;
- айналадағы қоршаған орта да өзгермелі, уақытша, дербес субстанция ретінде өмір сүре алмайды;
- шын мәнінде тек таза идеялар ғана бар;
- таза идеялар мәңгі және тұрақты;
кез келген зат пен құбылыс сол зат туралы алғашқы идеяның көрінісі, сұлбасы ғана;
Материалды әлем идеялар әлемінің бейнесі болғандықтан, таным процесіннің негізгі объектісі таза идеялар бола алады. Таза идеяларды сезімдер арқылы тануға болмайды, оларды тек ақылдың көмегімен тануға болады.
Платон – бір тұтас, жүйелі философиялық ілім жасаған алғашқы грек философы. Оның құрамында әлем, адам, оның жаны және қоғам мен мемлекет туралы көзқарастар бар.
Платонның пікірінше, әлем үшқабаттан тұрады. Ең жоғарғы және негізгі қабат – идеялар әлемі, екіншісі – адамдар тұратын материалдық әлем, ал үшіншісі түнек, яғни идеяның күйреуі.
Ойшыл құрметтеген негізгі идеялар қатарына, этикалық сипаттағы Ақиқат, Игілік, Әдемілік және Әділеттілік идеялары жатады.
Платон өз идеяларын екі немесе одан көп тыңдаушылар қатысатын сұхбат түрінде баяндаған. Олардың біреуі әруақытта Сократ болған, Сократ авторлық идеяны жеткізуші, түсіндіруші.
Сұхбат ерекше көтеріңкі, поэтикалық түрде өрбіген. Қажет уақытында автор философиялық сипаттағы мифтік шығармашылықты да кеңінен пайдаланған. Мәселен, Платон үңгір туралы мифте материалдық әлемдегі адам санасының кейпін бейнелейді. Өзіңіз көз алдыңызда елестетіңізші: бір үңгірде оның қабырғасын ғана көре алатындай етіп байланған тұтқын отыр. Үңгірге кіре берісте қолына шырақ ұстаған адамдар әрі бері қозғалып жүр, жанған оттар көрінеді. Тұтқын үңгірдің қабырғасынан не көре алады? Бұлыңғыр, ары бері қозғалып жүрген көлеңкені ғана көреді. Үңгірдің сыртында не болып жатқанын ол біле алмайды. Адам әлемде болып жатқан оқиғаларды білетін сияқты, ол шын мәнінде ол шындықтың көлеңкесін ғана біле алады, яғни идеяның жарық түсіруін ғана сезе алады.
Платон өз шығармашылығында мемлекет мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Мемлекеттің бірнеше түрлерін анықтайды:
Монархия – бір адамның әділетті билігі.
Тирания – бір адамның әділетсіз билігі.
Аристократия – азшылықтың әділетті билігі.
Олигархия – азшылықтың әділетсіз билігі.
Демократия – көпшіліктің әділетті билігі.
Тимократия – көпшіліктің әділетсіз билігі.
Платон мемлекеттік құрылымның өзіндік бағдарламасын ұсынады. Бұл бағдарлама бойынша:
- мемлекеттің барлық халқы үш сословиеге – философтар, әскерлер, жұмысшылар – бөлінеді;
- жұмысшылар ауыр қара жұмыспен айналысып, материалдық игіліктерді жасайды, аз көлемде меншік иесі бола алады;
- әскерлер ұдайы өзін - өзі шынықтырады, жетілдіреді, қоғамда тәртіп пен реттілікті қамтамасыз етіп отырады.
- философтар әлемді таниды, мемлекетті басқаруды үйретеді, философиялық теориялар жасайды.
Философтар мен әскерлер жеке меншік иесі бола алмайды.
- мемлекет тұрғындары бос уақыттарын бірге өткізеді, бірге тамақ ішеді, бірге демалады.
Платон философиясының тарихи маңызы мынада:
- бірінші рет философ іргелі философиялық туындыларды дүниеге келтіреді;
- идеализм бағытына негіз болды;
- бірінші рет тек табиғат қана емес, қоғам мен мемлекет мәселелері жан – жақты талқыланды;
- ұғымдық ойлаудың негізі қаланды;
- философиялық мектеп – Академия пайда болды.
Платон Академиясы – Афина қаласының маңында 387 жылы құрылған діни – философиялық мектеп болды. Оның ең атақты шәкірттері:
- Аристотель
- Ксенокрит
- Кратет
- Аркесилай
Академия 529 жылы Византия императоры Юстинианның бұйрығымен жабылған.
3. Аристотель (б.з.д. 384-322) – классикалық дәуірдегі көрнекті философ. Платонның шәкірті, Александр Македанскийдің ұстазы.
Аристотельдің философиялық іс - әрекетінің дамуында үш маңызды кезеңді бөліп көрсетуге болады.
- б.з.д. 367-347 (30 жыл), 17 жасынан бастап Платон Академиясында жұмыс істеді.
- б.з.д. 347-335 – Македонияның астанасы Пеледе тұрды, патша Филиптің өтініші бойынша Александр Македонскийді тәрбиеледі.
- б.з.д. 335-322 - өзінің мектебі – Ликейді құрды, өмірінің соңына дейін сонда істеді.
Аристотельдің көрнекті еңбектері: «Органон», «Физика», «Механика», «Метафизика», «Жан туралы», «Никомах этикасы», «Риторика», «Политика», «Поэтика».
Ойшыл философияны үш бөлімге жіктеген:
- теориялық, яғни алғашқы философия – болмысты, оның әртүрлі қабаттарын, әртүрлі құбылыстардың себебін зерттейді;
- практикалық – адамның іс - әрекетін, мемлекеттің құрылымын қарастырады;
- поэтикалық.
Сонымен қатар, Аристотель логиканы да дамытқан.
Болмыс мәселесін қарастыру барысында философ Платонның идеялар туралы білімін сынға алды. Платонның кемшілігі - идеяларды шындықтан бөліп қарауға тырысуы. Аристотельдің пікірінше, қоршаған ортамен байланыссыз таза идеялар болуы мүмкін емес. Нақты жеке құбылыстар мен заттар бар. Мысалы, үйдің идеясы емес, белгілі сипаттары бар нақты үй бар.
Болмыс таза идея емес, сонда ол қайдан пайда болды. «Болмыс дегеніміз не» - осы сұраққа жауап беру барысында болмысты ұғымдар арқылы анықтауға болады деген ұйғарым туындайды.
Аристотель он ұғымды бөліп қарастырады. Олар мән, сан, сапа, қатынас, уақыт, орын, жағдай, әрекет, қиналу. Яғни, болмыс дегеніміз - сандық, сапалық, уақыттық, орындық, қатынастық, жағдайлық, әрекеттік, қиналу сипаты бар мән.
Аристотель философиясынды материя ұғымы маңызды роль атқарады.
Оның пікірінше, материя дегеніміз – формамен шектелген потенция (мысалы, мыс шар – бұл шардың формасымен шектелген мыс). Осы мәселе төңірегінде Аристотель мынадай ой қорытады:
- әлемдегі барлық болмыс материя мен формадан тұрады;
- материя мен форманың өзгерісі заттың мәнін өзгертеді;
- шындық материядан формаға және формадан материяға өту болып табылады;
- материя енжар, ал форма белсенді бастау.
Сананың негізі - рух немесе жан. Философ жанның үш деңгейін анықтайды.
- өсімдік жаны
- жануар жаны
- ақылды жан
Сананың негізгі иесі ретінде жан ағзаның функцияларын да орындайды.
Өсімдік жан тамақтану, өсіп, жетілу функцияларына жауап береді. Жануар жан да осыған қатысты, бірақ оған адамның түйсігі мен тілектері де бағынышты. Ақылды жан аталған функциялардан басқа ой қорыту және ойлау әрекеттерін де атқарады. Осы соңғы қасиетті адамды ерекше бөлектейді.
Аристотельдің пікірінше, адам жоғары ұйымдастырылған жануардың бірі болып табылады, бірақ басқалардың оның айырмашылығы ақылы мен ойлауының болуында.
Адамдар топтасын өмір сүруге бейім. Осы қасиеті қоғамның туындауына негіз болған. Қоғам дегеніміз белгілі территорияда өздеріне қажетті материалдық игілікті өндіріп, оны өзара бөлісіп, бір – бірімен белгілі әлеуметтік қатынаста болатын адамдардың жиынтығы.
Қоғамдағы қатынастарды мемлекет реттеп отырады.
Аристотель философиясының тарихи маңызы мынада:
- Платонның идеялар теориясын сынау барысында оның ілімінің осал жақтарын дәл тауып көрсетті;
- Әлем мен адамның қалыптасуын материалистік тұрғыдан түсіндірді;
- Он философиялық категорияларды анықтады;
- Категориялар арқылы болмыстың анықтамасын берді;
- Материяның мәнін түсіндірді;
- Логиканың дамуына елеулі үлес қосты, дедуктивтік әдістің мәнін ашып, силлогизмдер жүйесін жасады.
Лекция
Дата добавления: 2015-01-21; просмотров: 3392;