Төрт түлік малдың жүні

Түйе жүнінен неше түрлі өрмек жіптерін иіріп, шекпен, қап, белбеу, құр, кілем, қоржын сияқтыларды тоқиды. Сол сияқты түйе жүні айыл-құйысқан, өмілдірік, ноқта жасауға және көген, бау-шу есуге өте қолайлы. Түйе жүні көрпеге салуға, шапанға тартуға өте жақсы, жеңіл, әрі жылы болады, қылшық шықпайды. “Шуда” деп түйенің мойнындағы, тізесіндегі, екі өркештің үстіндегі салалы қылшық жүндерін айтады. Шудадан жамау-жасқауылдық жіп иіріледі. Бұрын қазақтың тон-шалбары, сабасы мен торсығы, көн ыдыстары осы шуда жіппен тігілген. Түйе шудасы кейбір арнаулы бау-шуларға да қосылып есіледі. Шуда жіп шертер, т.б. ән-күй аспаптарына ішек есебінде де тағылған.

Қойдың жүнін “жабағы”, “күзем жүні”, “қозы жүні”, “өлі жүн” және “шет-пұшпақ” деп бес түрге бөліп айтады.

Жабағы жүн — қылшық жүнді қойдың, түйенің ұйысқан қысқы жүні. Көктемде қыстан арықтап шыққан мал оңалып, денеге жабысқан жабағы жүн көтеріле бастағанда қырқады. Қырыққанда жабағы жүн тұтас түседі. Жабағы жүнді әр түрлі бұйымдар жасауға пайдалану үшін оны түту, сабау сияқты алғашқы өңдеулерден өткізеді Өйткені, оның түгі күзге қарай қалыңдайды. Қойдың жабағы жүнінен шидем шапан, күпі күседі, ішпек, терлік жасайды, тыстап күпсек (бөстек), көпшік, жеңіл байпақ тігеді. Қойдың жабағы жүнін түтіп, одан кейін матаның сыртына шықпас үшін қылшықтарын бүрілтіп қайнатады. Бұл жұмыс жүнді шайырынан арылтып тазарту үшін де жасалады. Жабағы жүнді киімнің, көрпенің арасына салады, неше түрлі иіру ісіне, бізбен, сыммен тоқу жұмысына қолданады. Түтілген жабағы жүннен шүйке жасалып, бау-шу есіледі, өрмек жіптері, неше түрлі жиектер ширатылады.

Күзем -күзге салым қой-қозы жүні қырқылатын мезгілдің ертеректегі халық тіліндегі аты – күзем айы. Ол кіші күзем, үлкен күзем болып бөлінеді. Кіші күзем – қозылардың төрт айлығында, үлкен күзем – қозылардың алты айлығында қырқылатын уақыты. Осы екі уақытта қырқылған жүн де кіші күзем (кейде оны қозы күзем дейді), үлкен күзем деп аталады. Үлкен күземді кейде тоқты күзем деп те атайды. Өйткені қырқым қозының тоқты шыққан уақытына тура келеді. Ал күзем жүнінен, қозы жүнінен киіз басылады, текемет, қалпақ, кебенек, киіз етік, пима сияқты киім-кешектер жасалады. Күзем жүні мен қозы жүні иіруге келмейді, ол киімнің, көрпенің тысының арасына салуға да жарамсыз. Бірнеше рет тоғытылып, кірінен, шайырынан тазартылып қырқылған қойдың күзем жүнінен киіз басылады. Киіз басылатын жүнді шаң-тозаңнан, шөп-шөгірден тазартып, жүннің білтеленіп, ұйысқанын жазу үшін сабаумен сабайды.

 

Қозы жүні-Туғанына төрт ай толған қозының қырқылған жүні. Қозы жүні үлпілдек, тарамды, ажарлы болғандықтан, қой жүнінен артық бағаланатын кездері болады. Қозының жүні ұзындығымен, талшықтарының жуандығымен, бұйрасының аздығымен де ерекшеленеді.

 

Өлі жүн-жабағы жүннің екінші атауы.Көктемде қырқылған жабағы жүнді сапасына қарай сары жүн, тезек жүн деп атау да кездеседі. Өйткені өткен күзден бері қырқылмаған қой жүнінің арасында әртүрлі заттар болады. Оның ішінде малдың қордасы (көңі, қиы) мен шөп қалдықтары ұшырасады. Несеп сіңген сулы қорда жүннің түсін бұзып, сарғайтып жібереді. Ондай жүн сатпақталып, сабалақтанып тұрады. Оны жуғанда да оңайлықпен кетпейді.

Шет пұшпақ жүн- Қотанның ортасында түсіп қалған, бұтаның басынан жиналған, бау-шу ескеннен қалған үзік жүндерді «шет-пұшпақ жүн» деп атайды. Мұндай жүндер көбінесе арқан-жіп есуге жұмсалады.

Ешкі жүнін түбіт, қылшық деп екіге бөледі.

Түбіт – ауыл шаруашылық малдары мен аңдардың жіңішкелігі 25 мкм-ге жетпейтін, жіңішкежүн талшықтары. Биязы жүнді қойлар мен түбітті ешкі тұқымдарының жүн жабындысы түгелдей түбіттен тұрады. Түбіттің басты қасиеттері – жылу сақтағыштығы, көп ылғал сіңіргіштігі, т.б. ескере отырып мата, тоқыма киімдер, кілем, аяқ киім, киіз, т.б. бұйымдар жасауға мүмкіндік береді. Технологиялық және тауарлық сапасы физикалық қасиетін (жіңішкелігі, ұзындығы, беріктігі, серпімділігі, түсі, жылтырлығы, т.б.) анықтайды.

Түбіт көбіне ақ, қара, қоңыр түсті болады. Ақ түсті түбітті кез келген түске бояуға болатындықтан, жоғары бағаланады. Түбіттің басқа жүн талшықтарынан (аралық талшық, қылшық, өлі және құрғақ қылшықтар) басты морфол. айырмашылығы – құрамында бос, ауалы кеңістіктің, елеулі өзек қабатының болмауы. Осы ерекшелік түбіттен жіңішке де мықты жіп иірілуін, соған орай, сапалы да әдемі мата, киім-кешек тоқылуын қамтамасыз етеді. Асыл тұқымды биязы жүнді қой, түбітті ешкі шаруашылығында түбіт сапасы мен мөлшері негізгі селекц. белгілердің бірі болып табылады. Осы шаруашылықтардың эконмикалық тиімділігі де елеулі деңгейде түбіт өнімділігінің мөлшері мен сапасына байланысты. Соңғы уақытта әлемдік нарықта “Арнайы талшықтар” деген атпен танымал болып отырған жіңішкелігі 17 мкм-ге дейінгі меринос қой, түйе, альпака, лама және ешкі түбіттеріне деген сұраныс тұрақты түрде артып отыр. Жіңішкелігі 19 мкм 1 кг түбіт 21 мкм түбітпен салыстырғанда 2 есе, ал 17 мкм түбіт 19 мкм түбітпен салыстырғанда 2 есе қымбат. Әлемде ең қымбат түбіт – австралия мериностарының биязы жүні. Осыған орай ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі Мал шаруашылық және ветеринария ғылым-өндірістік орт-на қарасты Қой шаруашылық ғылыми-зерттеу инстуттының ғалымдары биязы жүнді қойларды өсіру, асылдандыру және ешкі шаруашылық бөлімдерінің ғалымдары арнайы ғылыми жұмыстардың әдістемеліктеріне сай қой, ешкі және өте жіңішке түбітті түз тағылары – жабайы арқар мен иір мүйізді жабайы ешкілерді түраралық будандастыруда пайдалана отырып, жіңішке түбітті мал топтарын шығару жұмыстарын іске асыруды қолға алды.

Арнайы жүргізілген зерттеулер қазақтың жергілікті қылшық жүнді ешкілерінің түбіті сапасы бойынша әлемдік нарық талаптарына сай, бірақ олардың өнімділігі өте төмен екендігін көрсетті. Осыған сәйкес, генотиптік және паратиптік (бағу-азықтандыру) жағдайларды ғыл. негізде жақсарта отырып, түбіт түсімі мен сапасын арттыру ешкі шаруашылық тиімділігін көтерудегі маңызды мәселе болып табылады. Жеңіл өнеркәсіпті бағалы түбітпен қамтамасыз етуде түйе шаруашылығының да орны ерекше. Қос өркешті түйелерден орта есеппен 10 – 12 кг, жіңішкелігі 16 – 20 мкм, дара өркешті түйелерден 3 – 5 кг жүн алынады. Сонымен бірге үй қояндары, басқа да мамық жүнді хайуанаттарды қолда ұстау арқылы да Т. өндіруге болады. Қоян Т-інің жіңішкелігі 15 – 20 мкм, ересек үй қоянынан жылына 700 г-нан астамтүбіт алынады. Мамық жүнді аң түбітінің жіңішкелігі 25 – 30 мкм, түбіт оның қысқы түгінен алынады, жазғы жүнінде түбіт болмайды.

Қылшық жүн қазақы, еділбай, гиссар, қаракөл т.б. қойлардан қырқылады.Ұяң жүн аралық қылшық пен түбіттен тұрады. Одан сапалы кілем, тоқыма бұйымдар жасалынады. Сапалы ұяң жүн сараджа, тәжік, балбас, қарғалы қойларынан алынады. Қойдан жүн алу үшін биязы жүнді қойларды жылына бір рет ­ көктемде, қылшық жүнді қойларды екі рет ­ көктемде және күзде қырқады. Ең көп жүн биязы жүнді қойлардан қырқылады.

Жылқының жал-құйрығын “қыл” деп атайды. Жал-құйрық, көбінесе, арқан-жіп есуге, сүзгі тоқуға, тұзақ есуге жұмсалады. Жылқы қылын терімен қаптап көпшік, жастық, бөстек жасауға, қобызға тағуға пайдаланған. Қазақ шеберлері мал жүнінен басқа қоянның жүнін, құстың мамығын да іске жаратқан. Қоянның жүнінен жылы шарф, қолғап, шұлық, бөкебай тоқыған.

Құстың мамығынан құс жастық, құс төсек жасаған, қауырсындарынан қарқара қадаған, жебенің желбезегіне желімдеген, ондай оқты төменде тұрып жоғарыдағы нысананы дәлдеп атуға қолайлы және ұшқан жолында ауытқымай дәл барады деп есептеген. Тымақтың маңдайына, найзаның ұшына, салт атты адамның иығына тағып алған құс қауырсыны “өте асығыс” деген белгіні білдірген. Осыдан келіп ел мен ел арасында тығыз хабар жөнелтілгенде хаттың сыртына бір тал қауырсын бекітілетін, оны “үкілі пошта” деп атаған. Үкінің жүні қазақтың ескі салты бойынша әсемдіктің белгісі деп саналған. Сонымен бірге үкіні қасиетті деп те білген. Мыс., хан тұқымдары, атақты батыр, ақын, салдар үкі тағып жүрген. Ұзатылар қызға, қайнына баратын күйеуге, алғаш отау болғанда шымылдыққа үкі қадау ғұрпының жоралғысы осыдан қалса керек. Осыдан келіп жүнделетін бір үкі бір аттың құнымен бағаланған. Үкі жүнін ұлпа және қара қасқа үкі деп екі түрге ажыратады. Үкінің балақ жүнін – ұлпа, ал бауыр жүнін – қара қасқа үкі деген. Қара қасқа үкіні, көбінесе, ерлер қадаған. Сәукеле, тақия, бөрік сияқты қыз-келіншектер киіміне, көбінесе, ұлпа (балақ жүн) үкісі қадалған. Ақ үкінің жүнін түрлі түсті етіп бояп та пайдаланған. Мұндайда бояуға қазының майын қосқан. Үкіні аулап ұстап, балақ жүні мен бауыр төсінің жүнін алып, өзін жемге тойғызып қоя беретін. Мұны “үкі жүндеу” деп атайды. Үкі жүндеген ауылдан олжа алу салты да болған.

 

Жүн талшықтары

 








Дата добавления: 2017-11-04; просмотров: 2701;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.009 сек.