Оғамдық-саяси еңбектерді аудару тәжірибесінен

Бұл саладағы аударма ісіне байланысты тәжірибені сөз етпес бұрын өткен ғасырдағы, нақтылап айтқанда, кеңестік дәуірдегі тарихымызға біраз көз жүгіртуге тура келеді. 1918 жылдың 8 қазанында, яғни төңкеріс жасап, билік басына келген Кеңес өкіметінің екінші жылында РСФСР Халық комиссариатының Ұлттар ісі жөніндегі қырғыз (қазақ) бөлімі Ордада баспа бөлімі мен аударма бөлімін құру туралы шешім қабылдады. Бұл құрылымдарға орыс тілінен қазақ тіліне кітапшалар, үндеухаттар, ұрандар аудару жұмысы жүктелді.

Қазақ өлкесіндегі полиграфия базасының әлсіздігінен, ұлттық кадрлардан шыққан редакторлардың, аудармашылардың, полиграфистердің, жалпы баспагерлердің жетіспеушілігінен қазақ тіліндегі әдебиеттер алғашқы кезде Мәскеуде, Қазанда, Ташкентте басылды. Ал Қазақстанда баспа ісі 1920-жылдардың бас кезінде дами бастады. Орынбор қаласында Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Шолпан Иманбаеваның, Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ілияс Жансүгіровтің, Ғабит Мүсіреповтің, Жақан Сыздықовтың алғашқы кітаптары жарық көрді.

1924 жылы 23-31 мамырда өткен РКП(б) XШ съезі қабылдаған қарарлар мен қаулыларға ұлт баспасөзі және оны өркендету жайлы арнаулы тармақтар енгізілді. Мысалы, осы құжаттың 11-тармағында «Ұлт республикалары баспасөзінің жергілікті халықтың тіліне көшуін аяқтау, ұлт баспасөзінің таралымын көбейтуге жету... баспа саласында ұлттық баспалардың бәрі негізінен алғанда орыс тілінен басқа тілдерде кітап басып шығаруға көшуіне жету қажет...» деген нұсқаулар бар.

Сөйтіп, 1920-жылдардан бастап саяси әдебиетті аудару ісі жүйелі, жоспарлы түрде жолға қойылды деуге болады. Марксизм-ленинизм классиктері Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің, Владимир Ильич Ленин мен Иосиф Виссарионович Сталиннің еңбектерін, партия мен үкіметтің қаулы-қарарларын қазақ тіліне аудару ісін бір жерге жинақтау, оны дұрыс ұйымдастыру мақсатында Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институты құрылды. Сөйтіп бұдан кейінгі жылдары пролетариат көсемі В.И. Ленин шығармаларының 45 томы, содан кейін 55 томдық толық жинағы, И.В. Сталиннің еңбектері, СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Л.И. Брежневтің сөйлеген сөздері мен баяндамалары «Ленин жолымен» деген атпен 9 том болып қазақ тілінде жарық көрді. Сондай-ақ Коммунистік партияның Бағдарламасы мен Жарғысы, съезд материалдары, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, көрнекті қолбасшылардың мемуарлары және т.б. материалдар қазақ тіліне аударылып шығып тұрды. Замана ағымымен бұл кітаптарға деген көзқарас қазіргі кезде басқаша сипат алып отыр. Қалай дегенмен де мұның өзі мемлекет пен халық тарихының белгілі бір кезеңіне жатады. Сондықтан оны ұмытуға болмайды.

Бір айта кететін жайт, 1960 жылдарға дейінгі аударма мен қазіргі аударманың сапасында және терминдер қолдану тұрғысынан алғанда елеулі айырмашылық бар. Бірер мысал келтірейік. «Дети обоего пола» деген сөйлем бір кезде «Еркек-әйел балалар» деп аударылған (В.И. Ленин. Шығармалары, 29-том, 120-121-беттер. 1960 жылы шыққан). Сол кезеңде үгіт-насихат құралы ретінде жарық көрген саяси оқулықтардың бірінде «масса вопросов» деген сөз тіркесін «сұрақтар бұқарасы» деп, «когда дело пущено на самотек» деген сөйлемді «іс самотекке ұшыраған жерде» деп аударған кісілер де болған. Ал қазіргі кезде мұндай аударманың кездеспейтіні хақ. Өйткені сауатты жандар көбейді, ой-өріс кеңейді, жан-жақты білім алған жастар жетілді.

Сол бір кезеңдерде саяси сауаты, білімі жеткілікті аудармашылар көп бола қоймаса да қоғамдық-саяси әдебиеттер жиі аударылатын. Аударманың аты аударма. Ол жетіле береді, сапасы барған сайын жақсара түседі. Сондықтан сол кездегі аударманың дәреже-деңгейін біршама анықтау мақсатында бірнеше мысал келтірелік. Түпнұсқаны түсінбей қате аударылғандықтан, мағынасы өзгеріп кеткен немесе орашолақ, шұбалаңқы болып шыққан сөйлемдерге талдау жасап көрелік. Бұл мысалдар «қырғи-қабақ соғыс» («холодная война») дәуірінде Мәскеуде шыққан «Секреты секретных служб» деген кітаптан алынған:

1. «Мадридский корреспондент Пренса Латины» деген сөйлем аударған кезде «Мадрид тілшісі Пренса Латина» болып шыққан. Бұл жерде әңгіме әлемдегі аса ірі агенттіктердің бірі – Пренса Латина агенттігінің Мадридтегі тілшісі жайында болып отыр. Ендеше бұл сөйлем «Пренса Латинаның Мадридтегі тілшісі» немесе «Пренса Латинаның мадридтік тілшісі» деп аударылуы керек еді.

2. «Не менее сотни миллионов погубленных человеческих жизней» деген сөйлем «Құртылып жіберілген кемінде жүздеген миллион адам өмірі» деп аударылған. Ал тілді жетік білетін жан мұны қыршынынан қиылған жандар, құрбан болған боздақтар деп алған болар еді.

3. «Европейский дом стал тесным и огнеопасным до крайности»«Европада қазір үй тар, сондықтан ол өрттен өте қауіпті» деп аударылыпты. Бұл сөйлемді талдап жатудың өзі күлкілі. Біріншіден, сөзбе-сөз, екіншіден, қате аударылған. Мұның мағынасы Еуропа аумағы тарылып, мейлінше қауіпті болып отыр деген мағынада ғой.

4. «Захвачено большое количество оружия и боеприпасов»«Қару-жарақ пен оқ-дәрінің үлкен көлемі қолға түсті». Мұны, мәселен, «Мол қару-жарақ пен оқ-дәрі қолға түсті» дей салуға болмас па еді?

5. «Половина сотрудников разбросаны по разным странам мира»«Қызметшілердің жартысы дүние жүзінің түрлі елдеріне пышыратып қойдай жайып жіберілген».

Ал керек болса! «Бояушы бояушы дегенге сақалын бояйдының» кері! Және бұл мысал мұндай аударма кімге керек деген сұрақтың нақты жауабы бола алады. Апырм-ау, сауатты адам, тілге жаны ашитын, оқырманды сыйлайтын азаматтың осылай жасауы мүмкін бе? Жоқ, олай болуы мүмкін емес деп ойлаймыз. Бұл немкеттіліктен, немқұрайдылықтан, әйтеуір тамыр-таныстықпен баспадан кітап алып аударған болып, нан жеудің амалы. Мұндай жәйттер баспалардың тарихында кездесіп тұратын процесс. Ал шикілі-пісілі, күлді-көмеш, боркемік аудармалар баспа редакторларына үлкен ауыртпалық түсіреді. Сондықтан мұндай аудармаларды бастан аяқ қайта жасап шығуға тура келеді. Мынау әлгі сөйлемнің редакцияланған нұсқасы: «Қызметкерлердің жартысы әлемнің түрлі елдеріне тарап кеткен».

6. «Однако Советский Союз выстоял, стоит и будет стоять» деген сөйлемнің аудармасы былай болып шыққан: «Алайда Совет Одағы қасқиып төтеп берді, ол сол қасқиған күйінде қалт етпей бүгін де, ертең де тұра береді».

Осы сөйлемді талдап көрелік. Орысшасы 8 сөзден тұрады, ал аудармасы 18 сөз болып шыққан. Бұл – бір. Екіншіден, қазақшасы ішектей шұбатылып жатыр. Сөйлемнің ұзын-ырғасы езу тартқызбай қоймайды. «Қасқиған» деген сөз адамға айтылмайтын ба еді? Сонан соң «бүгін де, ертең де» деп қосудың қажеті қанша? Орысшасын қайта бір оқиық. «Однако Советский Союз выстоял, стоит и будет стоять». Осындағы «выстоял», «стоит» деген сөздерді бір-бір сөзбен қазақшалаудың қиын екендігі рас, дегенмен ықшамдап аударуға әбден болар еді. Мысалы, «Алайда Кеңес Одағы төтеп берді, төтеп беруде және төтеп берері хақ» деген сияқты.

Енді күнделікті шығып жататын газет-журналдардан, кітаптар мен кітапшалардан алынған мысалдарға кезек берелік.

1. «Новый трудовой рекорд установили строители»«Құрылысшылар жаңа еңбек рекордын орнатты» деп аударылған. Сөз мағынасы тұрғысынан алғанда рекорд орнатылмайды, рекорд жасалады. Сондықтан бұл сөйлем «Құрылысшылар еңбекте жаңа рекорд жасады» деп аударылуы керек.

2. «В этом некогда богом забытом краю» деген сөйлемді аудармашы мән-мағынасын түсінбегендіктен, «Осынау бағзы бір кезде құдайдың да назарына ілікпеген өлкеде» деп жіберіпті. Бұл арада әңгіме жан баспаған құла дүз, қу медиен жайында болып отыр ғой. Ендеше ол «Адам аяғы баспаған құла дүз» немесе «Жан баспаған қу медиен», т.т. болуы керек еді.

3. «В первую очередь следует навести порядок в области землепользования, покончить с фактами разбазаривания и хищнического отношения к земле» «Ең алдымен жерді пайдалану саласында тәртіп орнатып, жерді талан-таражға салу және жерді аздыру фактыларын біржола жою керек».

Бұл сөйлемде «жерді» деген сөз үш рет қайталанады, сонан соң жерді аздыру деп емес, тоздыру деп алу керек. Өйткені адам азады, жер тозады деп айтылады емес пе?

4. «Потрясенная до глубины души, девушка сначала написала об этом страстную статью и отправила в Индию»«Жанының тереңіне дейін тітіркенген қыз бұл туралы алдымен жан ұшыра мақала жазып, оны Индияға жіберді».

Бұл сөйлем қай жағынан алғанда да (мағыналық, стилистикалық жағынан) дұрыс аударылмаған. Бұл – бір. Екіншіден, Индияның Үндістан деп жазылатыны баршаға белгілі. Сол себептен де мұны «Жаны қатты күйзелген қыз алдымен бұл жайында жүрек тебірентер мақала жазып, оны Үндістанға жіберді» десек әрі жатық әрі қазақша болып шығар еді.

5. «Лишь по счастливой случайности» – «Бақытты кездейсоқтыққа байланысты ғана...»

Мұндағы көзге ұрып тұрған орашолақтық айтпаса да түсінікті. «Бақытты кездейсоқтығы» несі? Қазақ мұндай жағдайды «Сабақты ине сәтімен дегендей» немесе «Істің сәтін салайын десе» деп айтады ғой.

6. «Пожар в системе электроснабжения»«Электрмен жабдықтау дүниесінде болған өрт». Мұндағы «жүйесінде» деп алынуы керек сөз «дүниесінде» болып кеткен.

7. «Он с детства свободно владеет русским, немецким и казахским языками» «Ол орыс, неміс және қазақ тілдерін бала жасынан бастап толық меңгерді».

Осындағы «свободно владеет» деген тіркес «толық меңгерді» деп қате аударылған және «бала жасынан бастап» деген тіркесті сәтті алынған деу қиын. Дұрысы: «Ол жастайынан орыс, неміс және қазақ тілдерінде еркін сөйлейді» болу керек.

8. «Вдвойне дорога для него эта книга»«Бұл кітап ол үшін екінші жағынан да қымбат» деп аударылған. «Бұл кітаптың оған аса қымбат болатын жағы да бар» десе жатықтау шықпас па еді?

9. «Еще в школе состоялась первое знакомство с произведениями известного поэта в подлиннике, как в прочем и со стихами Пушкина и Гете»«Белгілі ақынның қазақ тілінде жазылған өлеңдерімен мектепте оқып жүрген кезінің өзінде-ақ алғаш рет танысқан болатын. Сондай-ақ Пушкин және Гете өлеңдерімен де осы тілде танысты».

Мүлдем қате аударылған әрі шұбалаңқы болып шыққан. Әңгіме бір белгілі ақынның шығармаларын, сондай-ақ Пушкиннің, Гетенің өлеңдерін алғаш түпнұсқадан оқып танысқаны жайында болып отыр. Сондықтан «Белгілі ақынның шығармаларымен, сондай-ақ Пушкин мен Гетенің өлеңдерімен түпнұсқасынан алғаш мектепте жүріп танысқан болатын» десе түсінікті болар еді.

10. «В старших классах почувствовал увлечение к чтению национальной литературы» «Аға кластарда оқи жүріп, ұлт әдебиеттерін оқуға құныққанымды сезе бастадым».

Осындағы «аға кластар» дегені «жоғарғы сыныптар», ал «ұлт әдебиеттері» – «ұлттық әдебиет» емес пе? Сондықтан бұл арада дұрысы «Жоғарғы сыныптарда ұлттық әдебиетті оқуға құмарлығын сезінді» болуы керек.

11. «Мне хочется сказать спасибо своей учительнице Назкен Канаевой»«Мен өзімнің оқушым Назкен Қанайқызына рахмет айтқым келеді». Мұндағы өрескел қателік – түпнұсқадағы «учительница» деген атау аудармада «оқушы» болып кеткен. Сөйтіп мәтіннің мағынасы мүлдем өзгеріп шыға келген. Дұрысы: «Мен өзімнің мұғалімім (немесе ұстазым) Назыкен Қанайқызына рахмет айтқым келеді» деуі керек еді.

12. «Народ Пенджаба продемонстрировал редкое единство в
борьбе против терроризма и отпоре провокациям»
«Пенджаб
халқы терроризмге қарсы күресте және ... арандатуларға тойтарыс
беруде бірлікті сирек көрсетті»
деп алыныпты.

Бұл сөйлемді бүлдіріп тұрған – «бірлікті сирек көрсетті» деген тіркес. Ал шынтуайтында орысшасындағы біз астын сызған «редкое единство» деген тіркес бұл арада бір «кісідей жұмылып» деген мағынаны білдіреді. Ал аудармадағы «бірлікті сирек көрсетті» деген тіркес мүлдем кері мағынада алынған. Сондықтан бұл сөйлем «Пенджаб халқы лаңкестікке қарсы күресте және арандатуларға тойтарыс беруде бір кісідей жұмылып топтаса түсті» болуы керек.

13. «По пути наименьшего сопротивления» – «Мейлінше аз қарсылық көрсету жолымен». Бұл да дәл жоғарыдағыдай қалай болса солай аударыла салынған нәрсе. Сәл де болса ойланған кісі мұны «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» деп алған болар еді.

14. «Животные при благоприятной погоде содержатся на открытом воздухе, это очень важно для их роста»«Мал қолайлы ауа райы жағдайында ашық ауада бағылады, мұның өзі олардың өсуі үшін өте маңызды». Тіл білмеушілік, тіл бұзарлық деген осындай-ақ болар, сірә. Әйтпесе қай қазақ «мал ашық ауада бағылады» дейді? «Мал өріске айдалады» немесе «Мал өз аяғымен жайылады» демеуші ме еді?

15. «Работа над этим проектом...»«Бұл жобаның үстіндегі жұмыс». Осындай аудармаларды оқығанда не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Мұны тілге жаны ашымаған адамның ісі деп білу керек болар, сірә. Әйтпесе, «жобаның үстіндегі» деген не сөз? Жай ғана «Бұл жобаның жұмысы...» деген сөз емес пе?

16. «Казахстан и Белоруссия ... каждая по своему героические республики»«Қазақстан мен Белоруссия ... әрқайсысы өзінше қаһарман республикалар...»

Осындағы «өзінше» сөзі басқаша бір реңк беріп тұр. Өйткені, ауыз-екі сөйлескенде «өзінше әлдеқандай болады» деп біртүрлі кекесінмен айтылады емес пе? Осы жерін «өзіндік ерекшелігі бар» десек, түпнұсқаға қиянат жасалмас еді.

17. «Мы проявляем серьезную заинтересованность» – «Елеулі түрде мүдделік білдіреміз» деп сөзбе-сөз аударылыпты. Мұны «Біз бұған барынша мүдделі болып отырмыз» деп қазақшалау керек еді.

18. «Ангола заняла ныне достойное место в рядах прогрессивных африканских государств» – деген сөйлем «Ангола қазір прогресшіл Африка мемлекеттерінің қатарынан лайықты орын алып отыр» деп аударылған. Африка континентін түгелдей прогресшіл деуге бола коймас. Бұл арада әңгіме Африканың прогресшіл мемлекеттеріне қатысты айтылып отыр. Сондықтан «Ангола қазір Африканың прогресшіл мемлекеттерінің қатарынан лайықты орын алып отыр» деген жөн болар еді.

19. «А жизнь учит, что инициатива, обреченная на самотек, глохнет, замирает»«Ал самотекке ұшыраған бастаманың үні өшіп, құрып бітетінін өмір көрсетіп отыр». Ал керек болса! «Самотекке ұшыраған» деген қандай аударма? «Іс бетімен жіберілген жерде бастаманың үні өшіп тынатынын өмір көрсетіп отыр» десе бір сәрі.

Енді қазақ тілін шұбарлайтын аудармадан бірнеше мысал келтірелік. Бұларды талдап, қателерін шығару, оқыған жұрт түсінетіндей етіп редакциялау жалпы оқырмандар үшін пайдалы болады әрі аударма ісімен айналысқысы келетіндердің тәжірибе жинақтауына көмектеседі деп ойлаймыз. Бұл мысалдар «Переписки семьи Ульяновых» деген кітаптан алынды:

1. Когда о нем говорит весь мир...Ол бүкіл дүние жүзінің аузында отырғанда ...

Дұрысы: Ол туралы бүкіл әлем сөз етіп отырғанда...

2. Как известно, в подзаголовке написано: «Из искры возгорится пламя»Жұртқа мәлім, «Искра» аттың астына «Ұшқыннан жалын қаулайды» деген сөз жазылған.

Дұрысы: Тақырыптың астына «Ұшқыннан жалын қаулайды» деген сөз жазылғаны баршаға мәлім.

3. Недоставало топлива на Шуйские фабрики – Ильич также решает разбронировать находящиеся вблизи 3000 кубометров торфа и передать фабрикам – Шуйскідегі фабрикаларға отын жетпеді, сонда Ленин мұны да шешіп, таяу жердегі 3000 текше метр шымтезекке бронь салдырып, оны сол фабрикаларға бергізеді.

Дұрысы: Шуйск фабрикаларына отын жетпей қалған кезде Ильич таяу жердегі 3000 текше метр шымтезекке ешкімді тигізбей фабрикаларға жіберуді ұйғарды.

4. По отношению к специалистам мы не должны придерживаться системы мелких придирок – Мамандар жөнінде біз ұсақ-түйек тиісу системасын қолданбауға тиістіміз.

Дұрысы: Біз жоқтан өзгені сылтауратып мамандарға тиісе бермеуіміз керек.

5. Однако вспомнишь, что ведь Ильичу тоже, наверное, частенько приходятся держать душу за крылья, и стыдно мне слабости своей – Бірақ та, Ильичке де, тегі жанды қанатынан ұстап отыратын кездер талай кездесетіні есіме түскенде өзімнің нашарлығымнан ұяламын.

Дұрысы: – Алайда Ильичтің де жанын шүберекке түйіп отыратын кездері жиі кездесетіні есіме түскенде өзімнің нашарлығыма қысыламын.

6. У него была естественная связь только со своими товарищами по работе, рабочими и крестьянами, и он предпочитал отдавать все свое время только им – Оның тек жұмысшылар мен шаруалар жөніндегі ғана табиғи байланысы болды, сондықтан да өзінің бар уақытын тек соларға арнауды артық көретін.

Дұрысы: Ол жұмыстағы жолдастарымен, жұмысшылармен және шаруалармен етене тығыз байланыста болды, сондықтан бар уақытын тек соларға арнағанды жөн көретін.

7. Объективы фотокамер и кино вместе с художниками ловили неуловимого живого Ленина – Суретшімен бірге фотокамералар да, кино объективтері де сынаптай толқыған тірі Ленинді аулауға кірісті.

Дұрысы: фотокамералар мен кино объективтері суретшілермен бірге қолға түсе бермейтін Лениннің бейнесін түсіріп алуға ұмтылумен болды.

Кейде құрмалас сөйлем кездескенде түпнұсқаны түсінбей аударғандықтан мән-мағынасы мүлдем өзгеріп кететін кездер болады. Мысалы, мына бір сөйлемді талдап көрелік.

«Герой пьесы В.Шаврина «Разбуженная совесть» Анатолий, бежавший из тюрьмы и скрывающийся под чужой фамилией вор, доказывает Зоре, что в совершенных поступках виноват не человек, а обстоятельства».

Осы сөйлемнің аудармасы былай болып шыққан:

«В.Шавриннің «Оянған ар» атты пьесасының кейіпкері Анатолий түрмеден қашып шығып, біреудің фамилиясымен жасырынып жүрген ұры – Зоря деген қызға қылмыс жасауда адам емес, жағдай кінәлі деп дәлелдейді».

Ал керек болса! Түпнұсқада түрмеден қашып, жасырынып жүрген ұры Анатолий деген жігіт болса, аударма мәтінінде ол Зоря деген қыз болып шыға келген.

Мұндай қателіктерге ешбір жол беруге болмайтыны өзінен-өзі түсінікті жәйт. Бұл – аударманың өзіндік ерекшеліктері бар қиын өнер екенінің тағы бір дәлелі.

Бүгін таңда әдебиетіміздің бір саласы болып отырған қоғамдық-саяси әдебиеттердің аудармасы жылдан-жылға қанаты қатайып, бағанасы бекіп келеді деуге болады.

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде ғалымдар мен жазушылар, журналистер мен оқытушылар, мамандар, жалпы ана тілімізді өркендетуге үлес қосқан азаматтар ұсынып, терминология комитеті бекіткен біраз терминдер құлаққа сіңісіп кетті. Мысалы:

айқындама – позиция

аманат – наказ

бағдарлама – программа

ғарышкер – космонавт

елтаңба – герб

жарлық – указ

құжат – документ

мәртебе – статус

отбасы – семья

өкім – распоряжение

өркениет – цивилизация

тапсырыс – заказ

ұлан – гвардия

хаттама – протокол және т.б.

Біз бұл арада ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізген кезде басқаларынан гөрі жиірек кездеседі-ау деген терминдерді ғана алып отырмыз.

Сол сияқты соңғы кездері ара-тұра қолданыла бастаған

автотұрақ – автостоянка

әлеует – потенциал

зымыран – ракета

мұражай – музей

процент – пайыз

сазгер – композитор

сынама – проба сөздерінің де келешегі кемел болар дегіміз келеді.

Еліміз едәуір еркін тыныстап, қанатымызды қаймықпай қаға бастаған бүгінгі таңда Ана тіліміздің бай, өрісі кең екенін қай жағынан болса да дәлелдей алатын дәрежеге жетіп отырмыз. Ол үшін шетел тілдерінен кейбір тілдерге аударылмай алынатын, ал қазақ тілінде керемет баламалары табылған сөздерден бір мысал келтірелік. «Гонорар» (латын сөзі) мен «горизонт» (грек сөзі) көптеген тілдерде аударылмай алынады. Ал осы сөздердің ана тіліміздегі баламалары «қаламақы» және «көкжиек» болып алынып жүргенін жұрттың бәрі біледі. Тек бірен-саран шала қазақтар болмаса, көпшіліктің құлағына сіңісіп те кетті. Мұндай сәтті алынған баламалар тілімізде көп-ақ. Оның үстіне бұрынғы кезде аударылмай алынып жүрген біраз сөздердің баламалары табылып, тіліміз тазара түсті. Мысалы, конфисковатътәркілеу, оформлениересімдеу, изучение – зерделеу. Бұларды біз бұрын «кәмпескелеу, хаттау, зерттеу» деп келгенбіз. Оның үстіне «исследование» сөзін де «зерттеу» дейтінбіз. Енді, міне, бұл сөздердің әрқайсысы өз орнында, дәл мағынасын беріп тұр деуге болады.

Әлбетте шетел тілдерінен енген терминдердің бәрін беталды аудару қиын іс әрі оның қажеті де жоқ деп ойлаймыз. Мысалы, халықаралық қолданыста қалыптасып кеткен: автобус, автомобиль, автономия, автор, банк, биржа, виза, диплом, доктор, идея, капитал, кино, колледж, комиссия, комитет, конструктор, маркетинг, менеджмент, медаль, министр, орден, радио, редактор, редакция, сессия, студент, театр, университет, филармония, фирма, цейтнот, чемпион, экономика, этнография, этнос және әр елдің өзіне тән, көбінесе сол елдің өзінде ғана қолданылатын: департамент, канцлер, кардинал, легион, лорд, префектура, рейхстаг, сейм, хурал деген сөздер бар. Бұлар қолданыста көп кездеспейтіндіктен, әрқайсысына балама іздеп әуре болудың да керегі жоқ сияқты.

Енді әркімнің көкейінде жүр-ау осы деген талас тудыратын даулы терминдер жайлы бірер сөз. «Творчестволық» сөзін терминология комиссиясы «шығармашылық» деп бекітті, қазір көпшілігіміз осылай жазып та жүрміз. Бірақ «шығармашылық» сөзі барлық жерде бірдей «творчество» сөзінің дәл мағынасын бере алмайтыны айқындалып отыр. С.И Ожеговтың «Толковый словарь русского языка» сөздігінде бұл сөзге мынадай түсініктеме берілген: «творчество – мәні мен мазмұны жағынан жаңа мәдени немесе материалдық құндылықтар жасау. Көркем т., халық т., Пушкиннің т., жаңашылдардың т.». Осы тұрғыдан алғанда әдебиет пен өнер, мәдениет пен білім салаларында оның мән-мағынасы даусыз дейтін болсақ, ғылым мен техника, өнеркәсіп пен өндіріс саласына келгенде үйлесе бермейтіндігі көзге ұрып тұрады. Мысалы, конструктордың шығармашылығы, инженердің шығармашылығы деген құлаққа біртүрлі естіледі. Бұл да баршамыз болып ойланатын жайттың бірі.

Қазір газет-журналдарымыз бір сөздің өзін әртүрлі етіп алып жүр. Мысалы, семья отбасы, жанұя, үйелмен; микрорайон ықшам аудан; мөлтек аудан, шағын аудан; медсестра медбике, медбибі, мейіркеш, емшібибі, дәрігерлік сестра т.б.

«Семья» атауын терминком «отбасы» деп бекіткен. Дәл мағынасы да осы. Қазақ «отбасың аман ба?» деп сұрамай ма? Ал үй иесін «отағасы» дейді ғой.

Ал «микрорайонды» – «мөлтек аудан» деп алғанымыз жөн сияқты. Өйткені шағын, ықшам сөздерінің қолданылу аясы басқашалау. Мысалы, шағын кәсіпорын, ықшам киім деген сияқты. Осы «мөлтек» сөзін бір кезде жазушы Қалихан Ысқақов енгізген болатын. «Лениншіл жас» газетінің әдебиет бөлімін басқарып отырған жазушы Қазақ университетінде оқып жүрген менің «Аялдамада ашылған сыр» деген қысқа әңгімемді оқып шығып, ұнатып алып қалып, газетке «мөлтек әңгіме» деген айдармен берген болатын. Біраз газеттер қазір «мөлтек аудан» деп жазып та жүр. Мысалы, Алматы қаласында қазір жеті аудан бар, ал мөлтек аудандардың саны көбейіп келеді – «Ақсай», «Алмагүл», «Атырау», «Әйгерім», «Жетісу», «Жұлдыз», «Құлагер», «Орбита», «Таугүл» және 1-ден 12-ге дейін нөмірленген мөлтек аудандар. «Мөлтек аудан» деген тіркес айтуға да жеңіл, қысқартуға да оңай болар еді. Мысалы, микрорайон – м-н, мөлтек аудан – м-н деген сияқты.

«Медсестраны» – «медбике» деген дұрысырақ болар еді деген ой туындайды. Өйткені қазақ аты-жөнін білмейтін, бірінші көрген адамын «бикеш» демей ме?

Бұларды тәптіштеп айтып отырған себебіміз, қазіргі кезде қала тұрмақ алыстағы ауылдарда да тіліміз кесепатты түрде шұбарланып барады. Ал қаладағы қазақтардың аузынан шығатын сөздеріне келетін болсақ, қойыртпақтың дәл өзі. Көшеде болсын, қоғамдық көлік ішінде болсын, мекемелерде болсын, бір сәт қызық үшін қандастарымыздың бір-бірімен сөйлескендеріне құлақ түріп көріңізші. Екі сөзінің бірі «нешауо, маладес, пожалыста, обшым, знашыт, дабай, кәнешні, сәбсім, зірә, ужыс, ладна» деген тәрізді не орысша емес, не қазақша емес тіркестерден құралады. Бүйте берсек, біз бара-бар күнделікті тыныс-тіршілігімізде оңды-солды араластырып айтып жүрген әлгі сөздердің бәрін түпкілікті «иемденіп» алатын шығармыз, сірә.

Дей тұрғанмен, әрбір қазаққа ой салар деген үмітпен жоғарыда біз келтірген, жұрт күнделікті қам-қаракет тіршілікте жиі қолданатын кірме сөздердің ана тіліміздегі баламаларын ұсынып көрелік (айтылатын ойдың мән-мағынасына қарай):

давай ал жақсы, болсаңшы, бол тез және т.б.

значит демек

конечно әрине, әлбетте

кстати айтпақшы

ладно мақұл, жарайды

молодец бәрекелді, жарайсың

ничего – шүкір, оқасы жоқ, ештеңе етпес, дәнеңе етпес

пожалуйста мархабат, тілеуіңді берсін

срочно шұғыл, тез

ужас, ужасно масқара, бетім-ай және т.б.

Осылай деп қолданар болсақ, бұлардың орысша ұғымдардан несі кем! Тек көбімізге құнттылық, мұқияттылық, ыждағаттылық, кейде, тіпті, керек десеңіз, ар-намыс жетіспей жататыны ащы шындық. Осылардың бәріне жеке-жеке тоқталып, әрқайсысына анықтама беруге әбден болар еді. Біз мысал үшін күнделікті тұрмыста аяқ басқан сайын кездесіп отыратын біреуін ғана тілге тиек етіп көрелік.

Таңертең жұмысқа немесе оқуға келе жатқанымызда көшеде немесе қоғамдық көлікте зәуде бір таныстарымызды кездестіре қалсақ, содан жұмысқа келген соң ұжымымыздағы әріптестерімізбен алдымен хал сұрасатынымыз анық қой. Сонда «Хал қалай?», «Қалайсыз?» деген сұрақтарға көпшілігіміздің «Ничего» деп жауап беретініміз жасырын емес. Немесе аралас-құралас болып жүрген жандардың бірі байқаусызда оқыс іс-әрекет, оғаш қимыл жасап қойып не аңдамай аузынан ағат сөз шығып кетіп, ізінше бұл қылығына кешірім сұраса, «оқасы жоқ», «ештеңе етпес», «ондай-ондай болады» деп түсіністікпен жұбатудың орнына «ничего-ничего» дей саламыз. Бұл арада аузымыз солай айтуға қалыптасып кеткенін өзіміз де байқамаймыз, керек десеңіз, осылай сөйлеуді тіпті әдетке айналдырып алғанбыз. Мен хал сұрасқан кезде өзім білетін екі кісінің аузынан «ничего» деп жауап бергенді ешуақытта естіген емеспін. Бірі – белгілі де белді жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов, екіншісі – ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков. Мен осы кісілермен кездескенде «Халіңіз қалай?» дегенде Әбекең ылғи да «шүкір аллаға» дейді, ал Мырзекең «шүкір» дейді. Қандай жарасымды! Таза сөйлегенге не жетсін, шіркін!

Мысалы, Германияда неміс тілін білмегендерді жұмысқа алмайды. Бұл елге жұмыс іздеп көршілес Польшадан, Словакиядан, Түркиядан, Чехиядан, т.б. елдерден келетіндер көп-ақ. Олардың неміс тілін білетіндерінің ғана бағы жанады. Францияда осы елдің азаматтары сөз арасында ағылшын сөздерін араластыратын болса, айып төлейді екен. Ана тілін ардақтаған, тіл тазалығы үшін күрескен дегеннің үлгісі осындай-ақ болар, сірә. Ал бізде бәрі басқаша сипат алып отыр. Осы орайда еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі өмірін шет елдерде (Түркияда, Германияда) өткізуге мәжбүр болса да жұдырықтай жүрегі елім, жерім деп соққан қандас бауырымыз Хасан Оралтай ағамыздың жуырда «Жас қазақ» газетінде шыққан «Қазақша сөйлемейтін елді қалай Қазақстан дейміз?» деген сұхбатындағы мына бір пікіріне құлақ аспасқа, қосылмасқа амал жоқ. «Бір жолы мен Францияға бардым. Содан әуежай маңындағы дүңгіршектен газет алайын деп сатушыға ағылшынша сөйлесем, үндемейді, түрікше сөйлесем жауап бермейді... Тек французша сөйлесең ғана қалағаныңа қол жетеді. Бұл жағдай Англияда да, Германияда да бар. Олар өз тілдерін қызғыштай қориды. Бұның бәрі ұлттық сананың мықтылығы...

...Қазақтың парламенті қазақша сөйлеуі керек қой. Заңдары қазақша жасалып, соттары қазақша тергеу жүргізуі керек емес пе?! Неге олай істейсің деп қазақты кінәлауға кімнің қақысы бар? Елімізде 130 ұлыс өкілдері бар, пәлен-түген дейді. Басқа елдерде де бар ондай халық. Германияда 4 миллион түрік бар. Солар үшін немістің ресми орындары түрікше сөйлеп жатқан жоқ қой? Түркияда да неше түрлі халық бар. Бәрінің тілі – бір тіл, мемлекеттік тілі – түрік тілі. Қазақстанның белгісі қазақ қой. Ал қазақтың белгісі – қазақ тілі. Осыдан кейін қазақтың тілінде сөйлемеген елдің мемлекетін қалай Қазақстан деуге болады?»

Иә, әзірше біздің жағдайымыз басқаша болып отыр. Сондықтан қазақ тілі аударма тілі болып қала бермек! Оның қанша уақытқа созылары бар қазақтың сана-сезімінің оянуына байланысты.

Тіл туралы Заң бар, мемлекеттік бағдарлама қабылданған, Конституциямыз бекіді. Мақсат – айқын, міндет – зор. Ендеше бұл істі көп болып қолға алуымыз керек қой. Алдымен, мүмкіндік бар жердің бәрінде ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшуіміз керек. Бұл істе аудандық, облыстық әкімдіктер көп шаруа тындыра алар еді. Мысалы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кейбір игі іс-шаралар мен іс-тәжірибелерді айтуға болар еді. Іскер, жігерлі азаматтар бар жерде бұл істің өркен жаяры сөзсіз. Бұған бәріміз болып ат салысуымыз керек.








Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 2464;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.051 сек.