Ісқағаздарын аудару тәжірибесінен

Аударма қазақ тілін аударма тіліне айналдырғандығы туралы пікір қазіргі қазақ тіл білімінде кеңінен тараған процеске айналып отыр. Бұл пікір орынсыз да емес. Қазақ тілінің қажеттілікке айналмауы, қазір де айналмай отыруы қазақ тіліндегі мәтіндерді аударма түрінде қолданысқа енгізуге, пайдалануға мәжбүрлеп отыр. Мемлекеттік тілдің аударма деңгейінде қолданыс табуы да қолайсыздау әрі өзекті мәселелерінің ұшы-қиыры жоқ мәселе. Қысқасы, қалай болғанда да, бүгінгі практика аударманы қажет етуде. Қазақ тілі әзірге аударманың деңгейінде құжаттар мен басқа да деңгейлерде көрініс табуда. Қанша айтсақ та, бүгінгі таңда бұл процестен қашу тағы мүмкін болмай отыр. Оны мойындауға тиістіміз. Кезінде мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі маман ретінде алынған барлық мекемелердегі қазақ тілі мамандары қазірде аудармашыларға айналған. Тіпті, кейбір мекемелерде қазақ тілді мамандарға бұл мәселемен – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілді мекемелер мен кәсіпорындарда, ұлттық компанияларда, министрліктер мен ведомстволарда енгізу мәселесімен қосымша айналысуды тапсырып үлгерген қызметкерлердің негізгі жұмыстарына мемлекеттік тіл мәселесінің қосымша тапсырылуы, бір жағынан, қазақ тіліне деген көзқарастың, қатынастың қоғамда қандай деңгейде екендігін білдірсе, екінші жағынан, осылайша қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде енгізумен қосымша айналысу, мақсатты түрде айналыспау қандай нәтиже беретіндігін, жауапкершілікті қажет етпейтіндігін көрсететіндігі өздігінен түсінікті. Қысқасы, бұл – қазіргі Қазақстан мемлекетіндегі аудармашы мамандардың, мемлекеттік тілге жауапты мамандардың жағдайы. Барлығы болмаса да, басымының осы жағдайды бастан кешіп отырғандығы анық.

Сондықтан ендігі жерде, қазақ тіліне аударылып жатқан мәтіндердің, жекелеген сөздердің, сөйлемдердің, тілдік оралымдар мен құрылымдардың сапалы, тілге жатық аударылуына мән беруден басқа амал қалмайды.

Алайда аудармаға баруға мәжбүр болып отырғандығымызды мойындаумен қатар, аударманың дұрыс жақтарын да айта кету керек. Аударма нәтижесінде қазақ тілінің құжаттық стилі күрделі оралымдармен, заңдық ұғымдарды, ойларды берудегі мүмкіндіктермен толығып отырған екінші қырын да аңғаруға тиістіміз. Әрине, қазақ тілінің сөйлем құрылымдарын шұбалаңқы өзге ойлау жүйесіне де салып жатқан тұстар, осы бағыттағы қазақ тілінің табиғатын бұзудағы кемшіліктер аз емес. Біздіңше, бұл да аудармашылардың шеберлігіне немесе тәжірибесіздігіне, қабілетсіздігіне орай болып жатқан жайттар. Олай дейтін себебіміз жоқ емес. Қазіргі аудармада орыс тілінде жазылып тұрған сөйлемнің ішіндегі бірде-бір сөзді жібермей аударуға тырысу процесі бар. Осы процес сөзбе-сөз аударуға, құрылымды өзгертпей аударуға деген ұмтылыстан туындайды. Ал табиғаты екі бөлек тілдер арасындағы аударма үнемі теңбе-тең, бірге-бір келе бермейді. Оған алшақтауға, осы кемшілікті түзетуге жетелейтін тәсіл – мазмұнды ұғынып, соны беруге ұмтылатын аударма болып саналады деп ойлаймыз. Мазмұн қазақ тілінде қалай берілу керектігін ескере отырып жеткізілсе, қазақ тілінің сөйлем сақталып, мазмұнға нұқсан келмеген болар еді. Бұл процестің кең етек алуына әсер етіп отырған қозғаушы күштер де жоқ емес. Соның бірі – орысша ойлайтын, орыс тілді басшылардың немесе орыс тіліндегі нұсқа мен қазақ тіліндегі нұсқаның сөзбе-сөз сәйкес келуін талап ететін, маманға сенім білдірмейтін басшылардың әрекеті. Мұндай әрекеттер маманды қате аудармаға итермелеп, мазмұнды беруден гөрі, қалыпты (форманы) сақтауына, нәтижесінде сапасы төмен аударма жасауына ықпал етеді. Осы сияқты дәйектер қазіргі кезде жарнама материалдары мен құжаттарда, кейбір ғылыми әдебиеттер мен нұсқаулықтарда жиі кездесіп отыр.

Қазіргі іс жүргізудегі аударма материалдарды былай топтастыруға болады: а) салалық құжаттар тіліндегі оралымдардың аудармасы; ә) салалық кәсіби сөздердің аудармасы; б) жекелеген жаңа сөздердің аудармасы (қазіргі тіл білімінде терминдердің бір түрі ретінде пайда болып, жасалып, өзге тілдерден алынып жатқан ұғымдарды неонимдер деп атайды – Е.Ә.); в) салалық терминдердің аудармасы және т.б. деп топтастырып көрсетуге болады. Осының барлығын терминдер, термин сөздер, терминдік бірліктер ретінде қабылдайтындығымыздан, барлығын да терминдердің мәселелері ретінде қарап жүргеніміз тағы бар.

Дегенмен, аударма мәселелеріне байланысты тиімді болу үшін бірқатар жиі құрылымдардың аудармасына байланысты ойларды да қозғап өткен орынды. Құжаттар тілінде жиі кездесетін және әртүрлі қолданыс тауып жүрген сөздердің бірі – «бекітілді» сөзі және онымен байланысып тұратын сөйлем құрылымдары. Орыс тіліндегідей қалыпта көбінесе бұл сөзді БЕКІТІЛДІ, БЕКІТЕМІН немесе БЕКІТІЛГЕН деген нұсқада береміз де, астына сөйлемі байланыспай тұрса да «Ғылыми Кеңес шешімімен», «Басқарма мәжілісінің шешімімен» деп аяқталмаған құрылым бере қоямыз да, оның астына күн мерзімін тағы да байланыстырмай береміз. Біздіңше дұрысы орыс тіліндегі қалыпты сақтамай, мына үлгіде берген орынды: «2008 жылғы 12 тамыздағы Ғылыми Кеңес шешімімен БЕКІТІЛДІ» деп байланыстыра берген бұрыштама дұрыстау болған болар еді.

Сондай-ақ, жөнінде, жөніндегі, туралы шылауларының қолданысы да алуан түрлі. Бұл орайда бұйрықтардың тақырыптарын жазуда туралы шылауын қолданған орынды. Мысалы: Тәртіптік жазаға тарту туралы, Жұмысқа қабылдау туралы, Іссапарға жіберу туралы және т.б. Ал жөніндегі шылауы сөйлем жүйелерінің ішінде қайталамау мақсатында немесе сөйлем байланысының қолайлығына қарай туралыны ауыстыратын тілдік бірлік ретінде құжаттарда екінші санатта қолданылатын бірлік болып саналғаны дұрыс. Қысқасы, белсенділігі жоғары және құжаттар тіліне жақынырақ нұсқасы – туралы.

Сонымен бірге мекемелердің ішкі құрылымдарын беруде жөніндегі шылауының қолданысы мекемелердің ішкі құрылымдық бөлімшелерінің атауларын аударуда, беруде жиі қолданылады. Осыған байланысты атаулардың аудармасында аталған шылау бірде қолданылса, бірде қысқартылып, түсіріліп қолданылады. Мысалы: Управление по работе с персоналом – Персоналмен жұмыс істеу басқармасы немесе Персоналмен жұмыс істеу жөніндегі басқарма; Управление безопасности – Қауіпсіздік басқармасы – Қауіпсіздік жөніндегі басқарма.

Сонымен бірге работник сөзін жұмыскер деп аударып, жұмысшы деген жалпы атаудан бөлектеп алған орынды.

Қазіргі кезде аударуға қиын соғып отырған сөздердің бірі – пилотный: пилотный проект, пилотная зона, пилотные версии және т.б. Пилотный сөзін жобалық нұсқа деп аударуға болады, дегенмен, пилотный проект тіркесін аударуда жобалық сөзін екі рет қолдану орынсыз болып табылады және түсінікті бола алмайды.

Мақсатында, үшін бірліктері құжаттар лексикасында, әсіресе, хаттар мен бұйрықтарда, өкімдерде жиі қолданылады және бір-бірінің орнына жұмсала береді. Дегенмен, мақсатында сөзінің қолданыстағы белсенділігі басымдау болып саналады. Құжат тілінің түсініктілігін қамтамасыз ету үшін сөйлем жүйелерінде заң талаптарын орындау мақсатында, іс-шаралар өткізу мақсатында, біліктілігін артыру мақсатында, бюджеттік жоспарлауды оңтайландыру мақсатында, жоспардағы қаржыларды үнемдеу мақсатында және т.б. нұсқаларда қолданылады. Бұл екі бірлік қайталаудан қашу мақсатында, бір күрделі сөйлемнің ішінде мақсатты білдіретін екі тілдік оралым қатар келген жағдайда бір-бірін алмастырып, екі нұсқасы да қолданылады. Мысалы: Еңбек өніміділігін арттыру үшін жұмыскерлерге бір мезгілдік сыйақы төлеу мақсатында, БҰЙЫРАМЫН.

Құжат лексикасында, әсіресе, орыс тілінен аударылған сөйлемдерде байланысты, бойынша тілдік бірліктері және онымен байланысты тілдік оралымдар жиі қолданылады. Әсіресе, в связи, поскольку, из-за того сияқты оралымдарды байланысты, кейде ауыстыру үшін себепті сөздерімен берсе, по вопросу, по приказу, по подразделениям деген сияқты оралымдарды бойынша арқылы беру жиі қолданыс тапқан.

Әр түрлі қолданыстарына байланысты осы сияқты аудару қиын соғып жататын терминдерге тоқтала кеткен орынды.

Мысалы, назначениемәні, пәні, қолданысы деген нұсқаларда аударылып жүр. Расында, назначение мақсаты болып аударуға жақындайды. Ал мақсаты цель ұғымына жақындайды, сондықтан бұл қолданыс мақсаты дегеннің ұғымын білдіретіндіктен, қолданысы деп алған орынды. Ал мәні немесе пәні деп алынған тұстар шартты алынған тілдік тұлғалар болып саналады.

Задачи сөзі міндеттер, объязательства сөзі міндеттемелер түрінде аударылып, кейде міндеттер мен міндеттемелердің аражігі ажыратылмай қолданылып жүр.

Квартальныйтоқсандық, ширектік болып екі нұсқада аударылуда.

Бөлімше сөзі бірде орыс тіліндегі отделение дегеннің ұғымын берсе, бірдечасть дегенді білдіріп, әртүрлі ұғымдарды аудару үшін қолданылып жүр.

с – по – аралығында (с 12 августа по 6 сентября – 12 тамыз – 6 қыркүйек аралығында)

в разрезе – шаққандағы / бөлінісіндегі

рентабельный – өзін-өзі ақтайтын, өнімді

действие – әрекет

Аударуға қиын соғып отырған, жекелеген аудармашылар тарапынан әр түрлі аударылып, көбінесе кірме нұсқасында қолданылып жүрген құжат лексикасындағы сөздерге мыналарды жатқызуға болады:

Виза – виза, рұқсатнама

Сопровождение – қолдау, қолдау көрсету, ілеспе

Пилотный – жобалық, жоба алды, жоба түріндегі

Филиал, директор – филиал, бөлім, бөлімше, директор, мүдір

Конфигурация – құрылымдық белгілер, ерекшеліктер, жүйелік белгілері

Настройка – құрылымдастыру, түзетпе жасау, тетіктеу, тетіктестіру (дұрысырағы тетіктеу – Е.Ә.)

Процесс – процесс, процес, барысы

Акция – акция, бір мезгілдік іс

Пункт – пункт, орын

Адресная книга – адрестік кітабы, анықтамалық кітап, анықтамалық

Биржа – биржа

Агентские услуги, курьерские услуги – агенттік қызмет, курьерлік қызмет – тасымалдау қызметі – услуга доставки – жеткізу қызметі, жеткізіп тапсыру қызметі

Персонал, кадр – персонал, кадр, маман, жұмыскер

Норма, норматив, балванка – норма, норматив, балванка.

Мекемелер мен кәсіпорындарда бірінші басшының лауазымына немесе басшылық құрам өкілдерінің лауазымдарына айрықша мән беру үшін Басқарма Төрағасы, Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары сияқты қолданыстарды орфографиялық заңдылықтарға сай келмейтін тыс бас әріптестермен жазу процеске айналып барады. Бұл да қателік болып саналады. Әрбір мәтін жазушылардың, әрбір мекеме ішіндегі жеке заңдылықтардың болуы тілдегі бейберекеттікті тудырып, сауатсыздыққа итермелейді.

Мекемелерде құжаттар тілінде сөздерді, атауларды қысқартып қолдануға деген бейімділік байқалады. Осы орайда, кейбір сөздердің қысқартылуы түсініксіз болып қала берсе, кейбір қысқартулар бірдей нұсқада болып шығады. Мысалы: ҚҚБ – құқықтық қамтамасыз ету басқармасы, ҚҚБ құжаттық қамтамасыз ету бөлімі.

Және шылауының қолданысы да талдап өтуді қажет етеді. Бірыңғай мүшелермен, бірыңғай жай сөйлемдер жүйесімен келген кезде және шылауын соңғы бірыңғай тілдік бірліктің алдында көрсетіп, оған дейін үтірлерді қолданған орынды. Мысалы: Төраға орынбасарлары, бас бухгалтерлер және құрылымдық бөлімше басшылары.

Жекелеген сөздердің қолданысына байланысты мынандай аудармаларды ұсынуға болады:

Согласовано – келісілді

Узел – торап

Курирующий руководители – басқарушы басшы

Земной транспорт – жер көлігі

Авиатранспорт – әуе көлігі

Предсертификационный, предаттестационный, предпоследний – сертификаттау алдындағы, аттестаттау алдындағы, соңғының алдындағы

Факты – дәйек

Положение, Правила – Ереже;

Учитывая – ескере отырып,

Привлекать к дисциплинарной ответственности – тәртіптік жауапкершілікке тартылсын

Дисциплинарное взыскание – тәртіптік жаза.

Осымен бірге қазіргі аудармаға жетпей жатқан тілге түсінікті, қарапайым стильмен беруге ұмтылу, сөйлемнің жатықтығы мен сөздердің арасындағы, сөйлемдердің арасындағы байланыстың болуы сияқты талаптарды айта кеткен орынды.








Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 3707;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.016 сек.