IV ТӘЖІРИБЕЛІ АУДАРМАШЫЛАР ЖАЗБАЛАРЫНАН 4 страница

Дегенмен де әр нәрсе өзінің жүйелі орнын табуы керек қой. Айталық, қай халықтың жағдайында болса да, белгілі бір өмір шындығының, кейде бір ұлы ақын айтып кеткен теңеулер мен қанатты сөздердің екінші бір ұлы адамның аузымен қайталанып келетін кездері болады. Міне, осындайдың мысалын біз ұлы Абайдың мұрасынан да кездестіреміз. Әрине, бұл аударма емес, жоғарыда айтылғандай, орыстың ұлы ақындарымен мұңдасып, үндесіп, іштей ұласа табысып кеткендіктің бір көрінісі сияқты нәрселер.

Абайдың осындай бір топ өлеңдеріне талдау жасай келіп, М.Әуезов: «Тегінде, жаңағындай өлеңдерді Абайды аударма демей», «Лермонтовтың ізімен», не «Лермонтовша» деп жіктесе де болар еді», - дейді. (Сонда, 160-бет). Бұл ойын дәлелдеу үшін ол Байронның «В альбом» деген өлеңін Лермонтовтың аударғанын, ал кейін тағы да «В альбом» деген атпен өзі жазған өлеңде сол аудармадағы сарынды басқаша көрсетеді. Бірақ орыс қауымы Лермонтовтың соңғы өлеңін аударма деп жүрген жоқ. Олар оны Байрон сарындас өлең деп атайды. Нақ осындай жағдай Абайда да болған. Сондықтан, ондай өлеңдерді біз де аударма демей, белгілі орыс классиктерімен сарындас шыққан өлеңдер деп қарауға тиістіміз.

Осылай етіп Абай аудармаларының басын ашып алғаннан кейін, автор Лермонтовтан жасалған анық аудармалардың көркемдік, поэзиялық қасиеттерін талдауға көшеді.

Аудармаға қойылатын ең бірінші талап – түпнұсқаның бар қасиетін сақтай отырып, оны қазақ тілінде әсерлі де тартымды етіп шығару. Осы тұрғыдан қараған автор Абай аудармаларынан, ең алдымен, дәлдікті іздейді. Ол көп аудармалардың тупнұсқаға көркемдік тұрғыдан сай келіп отыратынын анықтайды. Мәселен «Бородино», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Тұтқын батыр», «Сал демеймін» («Альбомға»), «Жолға шықтым», «Жалау», «Жартас», «Дұға» деген сияқты, тағы басқа аударма өлеңдер, шумақтары мен жол сандары жағынан да «Құрыш-қуат, әсем сезім күйлі толқындары» жағынан да автормен сайма-сай түсіп отырады. М.Әуезов аудармада түпнұсқаның буын өлшемін сақтау арқылы барып, оның үн-ырғағын келтіруге келгенде Абайдың тамаша шеберлік жасап жіберетініне разы болады.

Автор Абайдың Лермонтовтан дәл аударған жерлерінде қазақтың поэзиясы мен көркем тіліне бұрын болмаған жаңа бір жарастықтар қоса келіп отырғанын көреді. Мәселен, Лермонтовтағы «Линейная рука» деген сөздер Абайда «еркелі нәзік қол» деп, «как сталь твоя при трепетном огне» деген жол – «болатша дірілдеген жалын көрген» деп, «таинственная печаль» деген сөздер – «құпия қайғы» деп, «быть может, долго стих унылый..» деген жол «кім білер жабырқаңқы жазған сөзім» деп аударылған. Осылардың бәрі де қазақ сөздерінен құралғанымен, қазақтың бұрынғы әдебиетінде де, ауызекі тілінде де қолданылмаған тіркес теңеулер еді. Бұлар Абай сынды данышпан ақынның аузымен көркем аударманың әкелген жарасымды жаңалықтары еді.

Сөз тіркестерін былай қойғанда, жеке сөздің өзін құбылта түрлендіруде аударманың атқаратын рөлі орасан зор. М.Әуезов «жабырқаңқы» деген сөздің келісіміне назар аударады. Түпнұсқадағы «унылый» деген сөз «жабырқаңқы» болып аударылған. Қазақта «жабырқау» деген бұл арада сөз бар. Бірақ, «жабырқаңқы» болып аударылған. Қазақта «жабырқау» деген сөз бар. Бірақ, «жабырқау түн» болады. Адамның қабағы жабырқау делінеді. Ал, сөз жабырқау деген ұғым бұрын казақ тілінде, ауызша сөзінде, ақындық сөйлемдерінде қолданылмаған. Абай болса, «жабырқау» деп қана коймайды, «жабырқаңқы» деп жадаулық күйді үдете түседі... Ақынның сөздігіне ең алғаш кіріп отырған жаңа түр. Бұнда Абай орыстың «унылый» деген сөзінің мағынасын ғана емес, тындаушыға беретін қосымша әсерін (дополнительная ассоцианация) де қоса қамтыған».

М.Әуезов кейін көркем аударманы өзі жасағанда да және оның теоретигі ретінде басқа аудармашыларға талап қойғанда да, аударма арқылы ана тіліне осындай жарастықты жаңа үлгілер енгізуді басты шарт деп білді.

Сондықтан ол Абай мұрасын зерттеушілердің алдына да оның аударма арқылы қазақ поэзиясы мен тіліне енгізген осындай жаңа мәдениетін айыра көрсетуді міндет етіп койды.

Абайдың Крыловтан аударған шығармаларын талдағанда, М.Әуезов оның Ыбырай Алтынсаринмен дәстүр жалғасына, онымен шығармашылық үндестігіне тоқтайды. Бұл жерде ерекше назар аударатын бір нәрсе – Абайдың Алтынсарин шығармаларын жақсы біліп, жоғары бағалағанын автор әдейі атап айтқан. Сөйткен де, оны Абайдың Крылов шығармаларын аударуда Алтынсарин үлгісін пайдаланғандығымен дәлелдеген.

Тек аудармада ғана емес, сонымен бірге олардың өздері жазған өлеңдердің де кейбіреулерін салыстыра отырып, автор екі ұлы ағартушының шығармашылық үндестігін ашады. Алтынсариннің «Сәуірде көтерілер рахмет туы» деген өлеңін «қазақтың пейзаж жайындағы болашақ реалистік поэзиясының бастамасы» деп бағалаған автор Абайдың жыл маусымдарына арналған өлеңдерін соның дәстүрлік жалғасы, көркеюі, дамуы деп таниды. (Сонда, 165-бет). Ал екі ақынның Крылов мысалдарынан жасаған аудармала-рын салыстыра келгенде, олардың дәстүрлік жалғастығын Әуезов өлең түрлерінен, өлшемдерінен, сөздіктерінен табады.

Ыбырай мен Абайдың бұл саладағы көркемдік ұқсастығы, үндестігі күшті болуының себебінен де Крылов мысалдарының кейбір аудармалары көпке дейін екі ақынның әрқайсысына бір телініп, шатастырылып жүрді. Осыны айта келіп, автор, мәселен оның «Ворона и лисица» деген мысалының Ыбырай жасаған аудармасы да, Абай жасаған аудармасы да Абайдың 1945 жылы шыққан жинағына қатар басылып, яғни қате кеткенін ескертеді.

Сондай-ақ, Мүрсейіт сияқты бұрынғы Абай шығармаларын көшіріп жүргендердің қателігінен кейбір басқа ақындардың аудармалары да Абайдікі делініп келгенін дәлелдейді. Сол себепті ол шын Абай аударған Крылов мысалдары қайсы екенін анықтауға көмектесіп, атап тұрып бес мысалдың тізімін берген. Олар: «Есек пен бұлбұл», «Бүркіт пен қарға», «Шегіртке мен құмырсқа»,«Түлкі мен қарға»,«Піл мен қанден».

Белинскийдің талдауынша, үш топқа бөлінетін Крылов мысалдарының ішінде бұл шығармаларды екінші топқа, яғни «өсиетшілдік бағыт ақындықпен шарпысып отыратын» мысалдар тобына жатқызған автор Абайдың дәл осыларды таңдап аударуының себебіне де біраз тоқтап өткен. Мұның да себебін ол ең алдымен, Абайдың өз оқушыларының қамын ойлағандығынан, соларға түсінікті болуды көздегендігінен, Крылов за-манындағы орыс халқының нақтылы әлеуметтік және саяси болмысынан туған сатирадан гөрі, «жалпы адам баласының қай қауымына болса да оңай үйлесетін мысалдарды бұрынырақ аударуға талап еткендігінен» іздейді (Сонда, 166-бет).

Мысал жанрының негізгі мақсаты — ғибрат. Ғибрат оның бар тұспалының түйіні. М.Әуезов Абайдың мысалдар аударудағы тұспалдап айтқан ойды түю жағына қалай көңіл бөлгенін де көрсетеді. Абай кейде қорытындыны өзінше жасап, түпнұсқаны өзгертіп те жіберіп отырған. Оның бұл өзгерісі де Крыловтағы нақтылы қоғамдық, саяси-әлеуметтік жағдайды сынаудан гөрі, жалпы мінездік жайға ауыстыру жағына қарай бейімделе береді. Мәселен, ол Крыловтың «Вороненок» дейтін мысалын аударғанда, оның «үлкен ұры құтылып, ұсақ ұры тұтылды» деген мағына білдіретін ғибратын «Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл» деп өзгерткен (Бұл да сонда, 167-бет).

Крыловтың «Стрекоза и муравей» дейтін мысалын Абай «Шегіртке мен құмырсқа» деп аударған. «Стрекоза» шегіртке емес, инелік. Әуезов Абайдың оны неге өзгертіп, «инелік» демей, «шегіртке» деп алған себебіне тоқтайды. «Қазақтың ауыз әдебиетінде болсын, жайшылықтағы ұғымында болсын, инеліктің мұндайға араласа қоятын жері көп емес. Сол себепті Абай оны әдейі өз оқушысының ұғымына жақынырақ, көкейіне қонымдырақ ету үшін «шегіртке» етіп өзгертіп алған тәрізді дейді автор (Бұл да сонда, 167-бет).

Бұдан кейінгі Әуезовтің ерекше бір көңіл аударғаны – мысалдық шығармалардың жанр ерекшелігі туралы. «Нағыз әдебиет жүйесінің көзімен қарағанда, орыс әдебиетінде мысал (басня) — өлең (стих) емес. Ол өзі бөлекше жанр. Оның жол өлшеулері өлеңге тән өзгешеліктей боп шумаққа да бөлінбейді. Әр кезде сөйлеп айтатын ауызша әңгіме» сияқты боп, оқиғалы, мазмұнды боп келеді. Міне, мысалдың осындай жанрлық ерекшелігі қазақ тіліндегі аудармаларында сақталмаған.

Бұл ерекшелік Ыбырай мен Абайда да, сондай-ақ мысал жанрын аударумен шұғылданған қазақтың барлық басқа ақын-жазушыларында да сақталмай келеді. Олар, негізінен, өлең түрінде аударады. Кейбіреулері төрт жолдық шумағы бар он бір буынды өлең етіп аударса, екінші біреулері жеті-сегіз буынды жыр өрнегімен алып шығады. Осының себебінен жол саны да көбейіп кетіп отырады, оқиғаны баяндау үлгісі сөйлесу түрінде еркін шықпай, белгілі бір ырғақ — өлшемдегі өлең шеңберінде қалады. Сон-дықтан да «қазақша аударылуда, орыс әдебиетінің бұндайлық бөлекше жанры, қазақша да бөлекше жанр тудырмайды» деген қорытындыға келеді автор.

Ал Абайдың өз қайраткерлігін сөз еткен жерде М.Әуезов оның мысал жанрларын аудару арқылы қазақ поэзиясына енгізген жаңалықтарын жоғары бағалайды. Сол кездегі қоғамдық қалыпты, жеке адамдардың басындағы ездіктерді мінеуге келгенде, Абайдың тұспалдап айтатын мысал жанрын місе тұтпай, Лермонтов үлгісіне, Некрасов пен Салтыков-Щедриннің дәстүріне көшкенін аңғартады автор. Абай соларша «басқа соғып, көзге шұқып отырып айтуды ақынның айқын жолы деп білді» дейді.

Абай мұрасының ішінде аударма туындыларының қандай орын алатындығы, олардың қайсысының кімнен аударылғандығы туралы, кейбір аударма өлеңдердің көркемдік қасиеттері туралы бізде жазылған еңбектер біраз бар. Бірақ солардың бәрінде де нақ Әуезовше аударманың ішкі сырларына терең үңілгені аз. Бұл еңбектің құндылығы сол – ол Абай аудармаларының творчествалық сырын ашуға, оның көркемдік ерекшеліктерін зерттеуге тікелей жол ашады. Бұдан былайғы Абай мұрасын зерттеушілердің қай-қайсысы да бұған соқпай өте алмақ емес.

Бұл М.Әуезовтің аударма туындыларын тікелей салыстыра отырып зерттеген ең көлемді еңбегі. Бұдан кейін ол аударманың жалпы теориялық мәселелерімен көбірек шұғылданды, оның негізгі мәселелерін шешуге жалпы Одақ көлемінде ат салысып отырды.

Тегі елуінші жылдар бізде көркем аударма жайындағы ғылыми ой-пікірдің едәуір дамып, кең өріс ала бастаған жылы болды. Бұл жылдары газет-журналдардың беттерінде бұл мәселеге арналған мақала-рецензиялар көбейді.

1957 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы осындай мақалалардың біразынан құрастырып «Көркем аударманың кейбір мәселелері» деген жинақ шығарды. Жинақ профессор М.Әуезовтің «Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері» деген мақаласымен ашылады. Онда автор аударма жайындағы теориялық ой-пікірдің ептеп дами бастағанын айта келіп, «алайда аударма теориясы ғылымның бір саласы болып әлі жетілмегендігін, әлі төл күйінде, әрі кеткенде қалыптасып, есею күйінде ғана екендігін» атап айтқан («Көркем аударманың кейбір мәселелері», ҚКӘБ, 1957 ж., 3-бет).

Содан соң ол аударма теориясын жасаудағы негізгі кемшіліктер деп, аударманың жақсы тәжірибелерін анықтай отырып, оларды үлгі ретінде ұсыну жағы жеткіліксіз екендігін, көркем аударма туралы басылып шығып жүрген мақалалардың көбі жеке сөздердің не дұрыс, не теріс аударылғандарын тізіп, ұсақ нәрселерді сөз етумен ғана тынатынын, ал аударманың күрделі теориялық мәселелерін саралап күн тәртібіне әлі қоя алмай отырғандығымызды және оларды шешетін ірі еңбектер әлі тумай жатқандығын көрсетеді. Сонымен бірге қазіргі кезендегі аударма теориясының ең күрделі міндеттері ретінде автордың стилін сақтау, түпнұсқадағы ұлттық сипатты жеткізу мәселелерін арнайы бөліп алады. «Аударма саласындағы көптеген міндеттер нақтылы түрде, түпнұсқаның түрлі қасиеттерін толық беру үшін аудармашы қолданған құрал-тәсілдерді зерттеумен анықталады, ол қасиеттерге: интонация, ырғақ, образдылық (синонимдердің, идиомалардың, мақал-мәтелдердің, афоризмдердің түрліше астарларымен бірге) секілді элементтер жатады және бұған ұлттық форманың әрқилы өзгешеліктері, тарихи сипаттары да келіп қосылады» дейді автор.

М.Әуезов осы міндеттерді іс жүзінде ойдағыдай шешудің үлгісі деп, шығармаларды аудару тәжірибесіне тоқтайды. Бұл жұмыстың жалпы Одақ көлемінде белгілі бір ғылыми негізге қойылғандығын, оның бар жұмысты басқарып отыратын беделді ғылыми орталығы, бірыңғай жүйесі, әрбір республикада филиалдары мен бөлімшелері бар екенін, сол себепті мұнда негізгі мәселелер ұжымдық түрде, ғылыми тұрғыдан ойланып-толғану арқылы байыпты шешіліп отыратынын баяндай келіп, аударма тәжірибесінде олардың қолданып жүрген тәсілдері көркем прозаның аудармасына да көп ретте қолайлы келетінін дәлелдейді. «Аударманың өте-мөте қонымды ғылыми дәлелденген түрі деп олар — шығарманың мазмұнын да, формасын да толығырақ беретін ғылыми дәл, балама аударманы есептейді. Марксизм-ленинизм классиктерін аударушылар аударылатын шығарманың лексикасын да, синтаксисін де, олардағы ой-пікірлерді, эмоциялык және образдық көріктерді толығымен сақтауға, түпнұсқаның мазмұны мен формасының бүкіл нәр-қуатын толық беруге талаптанады» – дейді деп, М.Әуезов нақ осы қағиданы прозалық көркем шығармалардың аудармасына да қолдануды ұсынады.

Бұл пікір көркем аударманың практикасы мен теориясына көп еңбек сіңірген жазушы М.Әуезовтің кездейсоқ айта салған ойы емес, қазақтың тіл мәдениетінің, әдебиетінің, көркем ойының, тіпті жалпы дүниежүзілік әдебиет пен мәдениеттің даму бағытын бағдарлай отырып, ұзақ ойланудан соң айтқан ғылыми қорытынды еді. Бұл әдіс, яғни түпнұсқаның формасы мен мазмұнын толық та дәл сақтай отырып айнытпай аударуға тырысу, сол кездің өзінде көркем аудармада молынан бар болатын. Бірақ онда, бар тәжірибені қорытып, бар жұмысты белгілі бір ізге салып отыру жағы болмағандықтан, бұл тәжірибе кейде сәтті, кейде сәтсіз шығатын да, түпнұсқаның формасы мен мазмұнын, автордың күллі стилін толық сақтаймын деушілердің бірсыпырасы сөзбе-сөздікке, әріпқойлыққа ұрынып қалатын.

М.Әуезов көркем аудармада түпнұсқаның мазмұнымен қатар, бүкіл формасын да айнытпай сақтау керек деген қағиданы ұстады. Мұны ол бұл мақаласын жариялаудан бес жыл бұрын, яғни 1952 жылы И.Тургеневтің «Дворян ұясы» романының өзі жасаған аудармасын жариялаумен байланысты жазған кіріспе мақаласында да атап көрсеткен болатын. «Мен шамам келгенше ең алдымен романды дәл аударуға тырыстым, - деген ол.

−Тек дәл аудару ғана үлкен жазушының тіл, стиль, сөйлем ерекшеліктерін бере алатын болады, бұл жөніндегі дәл аудару дегенді мен сөйлеміне сөйлем орай етіп аудару деп түсінемін. Сондықтан қанша ұзын болса да, романның өзіндегі сөйлемі үзіліп, бөлшектеніп, бірнеше сөйлем боп берілмейді. Соның орайына орысша текстің өзінде болған тыныс белгілерінің (пунктуацияның) көбі қазақша тексте де мол қолданылады. Сөйтіп, Тургеневтің сөйлемдері қазақшасында да өзінің ұзынды-қысқалы көлемімен дәл беріледі». («Әдебиет және искусство», 1952 ж., №9, 9-бет). Аудармада күрделі сөйлемді күрделі сөйлеммен жеткізу күні бүгінге дейін практикалық жағынан аса шеберлікті, теориялық жағынан көптеген ішкі сырларын ашып, терең талдауды керек ететін күрделі мәселе. Мұнда ең алдымен екі тілдің әрқайсысына тән ерекшеліктері мен бір-біріне ұқсамайтын ішкі заңдылықтары сөзсіз бой көрсетеді. Сондықтан, абайламаған адам, тек қана түпнұсқаның сөйлеміне сөйлем орайластырамын деп отырып, оның ыкпалына түсіп кеткенін білмей де қалуы, сөйтіп, ана тілінің заңды жүйесіне нұқсан келтіруі, соның салдарынан аударма еңбектің ұғымдылығын, әсерлілігін, көркемдік-эстетикалық ләззатын кемітіп алуы әбден ықтимал. Жалпы қағидасын дұрыс койғанымен, М.Әуезов бұл мәселені іс жүзінде қалай шешу керек екенін ашып айтпайды. Сонымен қатар оның осы тәсілді қағида ретінде әдейі қолданған жерінде, яғни «Дворян ұясының» аудармасында сол сөзбе-сөз, жолма-жолдықтың ұнамсыз әсері де жоқ емес. Бұл турасында белгілі сыншы, филология ғылымының докторы М.Қаратаевтың: «Аудармашы түпнұсқаға сөзбе-сөз ұқсатамын деп, кітаптың оқушыға түсініктілігін ауырлатып алған, Тургенев прозасының нәзік психологиялық суреттерін толық жеткізе алмаған» деп кезінде айтқан пікіріне біз толық қосыламыз (М.Қаратаев, «Рожденная Октябрем», КИХИЛ, 1958, 91-бет).

Алайда бұл аударма ғылыми тұрғыдан арнайы зерттеуді керек етеді. Өйткені мұнда бұрын аударма өнерінде небір тамаша үлгілер көрсетіп, еркіндік пен дәлдікті шебер ұштастыра білген классик жазушының әдейілеп жасаған бетбұрысы бар. Сондықтан да бұл еңбектен дәл аудару жолындағы қиындықтарды көрсететін көп мысалдар табуға болады. Профессор М.Әуезовтің бұл пікіріне сол кезінде-ақ дау айтушылар болды. Аудармашы-жазушы Ә.Ипмағамбетов 1954 жылы «Әдебиет және искусство» журналының 2-санында басылған, кейін әлгі айтылған жинаққа енген «Көркем аударманың кейбір мәселелері» деген мақаласында М.Әуезовтің аудармада автордың өзіндік ерекшеліктерін жеткізу үшін сөйлемді бөлшектемей, тұтас аудару керек деген пікірін толық куаттай отырып, былай деген: «бірақ М.Әуезов жолдас сөйлемді тұтас аударумен қатар автордың стилін неғұрлым айқынырақ көрсету үшін, сол сөйлемнің ерекшеліктерін, тыныс белгілеріне дейін, сол күйінде, бұлжытпай, дәл беру керек дейді. Бұл соңғы пікіріне қосылуға болмайды. Түпнұсқадағы сөйлемнің көшірмесін дәл беру мүмкін емес, өйткені әр тілдің өз алдына синтаксисі бар» («Көркем аударманың кейбір мәселелері», Мақалалар жинағы, ҚКӘБ 1957 ж., 32-бет).

Бірақ Ә.Ипмағамбетов та автордың стилін дәл беруді аударушының алдына басты талап етіп қойғанымен, оны жүзеге асырудың жолы қайсы екенін, аудармашы қалай еткенде түпнұсқаны бұлжытпай жеткізе отырып, әрі ана тілінің бүкіл заңдылығын сақтай алатынын мақаласында ашып көрсетпеген.

Тегінде мәселенің нақ осы жағы біздегі көркем аударма теориясының әлі аша алмай жатқандығына еңбек жазған адамның қай-қайсысы болса да, әзірше, «автордың стилін сақта, түпнұсқаның мазмұны мен формасын бұрмалама, аударма қазақша жатық болсын» деген тәрізді жалпыға белгілі қағидаларды тізеді де, бұл айтқандарын В.Белинскийдің «аудармада шығарманың әрпін емес, рухын беру керек» деген сөзімен қорытып өте шығады. Ал аударма өнерінің тәжірибеде дәлелденген, ғылыми негізде қорытылған нағыз методологиялық мәселелері қандай екендігін дәл нұсқап айтатын еңбек бізде әлі туа қоймай жатыр. Шынында, сол «шығарманың рухы» дегеннің өзі не нәрсе? Оны қалай түсіну керек? Әлде, автордың айтайын деген ойының жалпы нобайын ғана сақтап, түпнұсқаның стиль, ырғағын елемей, қазақтың қарадүрсін сөздерімен еркін тарта беруді «шығарманың рухын сақтау» деп білеміз бе? Жоқ. Олай болмаса керек. М.Әуезовтің айтуынша «шығарманың рухы» дегеннен оның күллі мән-мазмұнын, нәр-қуатын ұғуға тиістіміз.

Шығарманың мазмұны мен күллі нәр қуаты қайтсе толық беріледі? Әрине, ол алдымен сөз арқылы, автордың сөз қиыстыру тәсілдерін қолдана білу арқылы беріледі. Бұл жерде оның әрбір сөзінің, үн-ырғағының, демек, тыныстау тәртібінің де ерекшеліктерін ескермейінше ешбір мүмкіншілік жоқ. М.Әуезов мұны өмірінің соңғы жылдарында айырықша ескертіп отырды.

 








Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 2938;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.014 сек.