Неологиялық терминжасамның нормативтік параметрлері мен терминдік инновациялардың узалдану процесі

 

Қазақ терминінің тілдік табиғаты, әсіресе, қазақ терминологиясының ғылыми-теориялық негіздері, тарихы мен даму жолдары терминолог ғалымдар Ө.Айтбайұлының, Б.Қалиевтің, Ш.Құрманбайұлының және т.б. еңбектерінде жан-жақты баяндалған.

Қазіргі кезде терминология мәселесі тіл білімі ғылымында ғана емес, жалпы баспасөз және ақпарат беттерінде ең көкейкесті тақырыпқа айналып, ұлттық терминологиялық қор жасау қажеттілігінен туындайды. «Тіл – ғылым білімінің, техниканың, яғни барлық арнаулы салалардағы қызметін мүлтіксіз атқару үшін оның сол салалардағы кәсіптік қатынасымды қамтамасыз ете алатындай біріздендірілген, жүйеленген, ретке келтірілген ұлттық терминологиялық қоры жасалуы керек» [86, 20-б.].

Тілде жаңа ұғымдар мен атаулардың пайда болуы ғылым мен техника саласындағы өзгерістермен, жаңалықтармен тығыз байланысты. Осы тұрғыда жиырма бірінші ғасыр ғылым мен техниканың ең жоғары дамыған кезеңі, яғни нағыз терминологияның шарықтау ғасыры болып табылады. Бүгінде терминология мәселесін зерттеудің өзектілігін академик Ә.Қайдаров мынадай себептермен түсіндіреді: «Бірінші себеп – әрбір өркениетті ел ғылыми-техникалық прогрестің айнасы іспетті терминологияның тап-тұйнақтай сындарлы болуына ерекше мән беріп, заман талабына сәйкес оқтын-оқтын оның бағыт-бағдарларын анықтап, процесін байқап, ширатып шынықтырып отыруға тиіс, біз де енді сондай ел санатына жатамыз. Екінші себеп – қазақ әдеби жазба тілі – мемлекеттік тілдің негізі болса, терминология мен ғылым тілі – оның жон арқасы, бүкіл рухани-мәдени өміріміздегі жаңалықтардың бәрін сергек сезініп, сол ыңғайда өзгеріп отыруға бейімді құбылыс, сондықтан да мемлекеттік әдеби тіліміздің бүгінгі күйі мен ертеңгі жағдайы терминологияның реттілігімен, жүйелілігімен, тұрақтылығымен және қолданыс аясының кеңдігімен өлшенеді» [52, 36-б.].

Қоғамдағы өзгерістер, саяси әлеуметтік және экономикалық қатынастардың жаңа күйге ауысуы тіршілігімізге жаңалықтар енгізіп, тілімізде жаңа терминдер мен атаулардың пайда болуына әсер етеді. Қазақ терминжасам ісі ұлт тілі негізінде жүргізіліп, тілде бұрыннан бар сөздер мен түбірлерді терминдер шығармашылығында кеңінен пайдалану процесі байқалады. Сонымен бірге дайын сөзжасамдық үлгілерге де арқа сүйей отырып, өзіндік жаңа формалар мен терминдік парадигмалардың пайда болуын атауға болады.

Ғылыми ұғымдардың қызмет етуі мен жүйелілігін тілдік бірліктер арқылы беретін терминология саласы кез келген тілдің қазіргі таңдағы сөздік қорының ең бір динамикалық бөлігін құрайды. Қазіргі кезде білім-ғылымның қай саласы болмасын тәжірибе жүзінде жаңа ұғымдарға (реалийлерге) термин енді жасалып жатқан жағдайлар болуы сөзсіз. Мәселен, өндірістік және ғылымның даму үстіндегі көптеген салалары өзінің ретті терминологиясы бар құқығын жариялағанда бүкіл жаңа ұғымдар атауларын біріктіріп, қосып беруге тырысады. Бұған дәлел ретінде тіл білімінің жаңа саласы аударматану ілімінің жаңа терминдерін келтіруге болады: ғылыми-техникалық аудармашы, штаттағы аудармашы, штаттан тыс аудармашы, сонымен бірге аббревиатуралар күйінде берілген терминдерде де байқалады: ҒТА (ғылыми-техникалық аударма) және т.б.

Бұл келтірілген мысалдар арнаулы салалардағы жаңа атаулар мәселелерінің ғылыми және қолданбалы аспектілері болатындығын дәлелдейді. Терминдер ретті, лек-легімен жасалып, олардың бір бөлігі ғана бірте-бірте салалық терминологиялық жүйелерден орын алады. Терминдерді біріздендіру, реттеу жұмыстарын дұрыс жүргізу үшін термин-неологизмдердің қалай және қашан жасалғанын, қазіргі терминологиялық лексиканың жүйелілік параметрлері тұрғысынан бағалау критерийлерін білу өте маңызды.

Әрине, ең алдымен жаңадан жасалған терминнің өміршеңдігін оның ғылыми мазмұны айқындайды. Бұл терминологиялық неологизацияның басты шарттарының бірі болып табылады. Яғни жекелеген терминдерді нақты бір терминжүйеге іріктеу барысында термин-неологизмдердің ғылыми таным нысаны ретіндегі ғылыми ойлау заты мен ғылыми ойлау белгілерінің ажыратылмас бірлік екендігін ескеру қажет.

Терминологиялық жаңа жасалымдардың қабылдауға болатындығын немесе болмайтындығын олар білдіретін ақпарат көлемі көрсетеді. Өйткені, түрлі семантикалық үлгілерде жасалған терминдер түрлі мән-мағыналық әлеуетті білдіріп, жалпы ұғымдарды ғана емес, сонымен бірге барынша арнаулы ұғымдарды да атайтындығы мәлім. Әдетте, терминологиялық жүйенің негізін универсалды терминдер (аталмыш ғылымның жалпы категориялдық маңызын білдіретін атаулар) құрайды. Сол себепті де осындай ұғымдарды беретін, терминжасам талаптарына сәйкес жасалған жаңа терминдер терминологиялық жүйеден өз орнын міндетті түрде табады деп қорытындылауға болады. Сонымен қатар, дағдылы терминдер ретінде ғылыми зерттеулерге негіз болатын, әсіресе, жаңадан ашылған немесе жете талдауды талап ететін құбылыстарды білдіретін ерекше терминдер де саналады. Бұл ретте ең қиындық тудыратыны – жаңа концепцияның пайда болуына байланысты қалыптасқан жеке авторлық терминдер. Әрине, бұл да терминологияны толықтыратын көздердің бірі болып табылады. Бірақ мұндай терминология әрқашан ғылыми терминдер жүйесіне лайықты бола бермейді.

Терминология саласындағы неологизация құбылысына саналы түрде басқарылатын фактор тән. Түрлі ғылыми және өндірістік сала мамандары өздеріне қатысты терминдер құрамын жай ғана қабылдап қоя салмай, арнаулы терминологияның терминдер жүйесі ретінде қалыптасуы мен жетілдірілуін ескерулері тиіс. Яғни, жаңа жасалымдар қатарынан тек қажеттілері ғана емес, сонымен бірге қазіргі әдеби тіл нормалары мен талаптарына сәйкес келетін ең үздік үлгілері іріктеліп алынады.

Ғылыми-техникалық даму кезінде жаңа терминдер жасалуы, тіпті жаңа терминологиялардың пайда болуы объективті құбылыс болып саналады. Мәселен, жаңа пайда болған ғылым мен техника салаларының (кибернетика атаулары, ғарыш саласының жаңа терминологиясы) және жаңа терминологиялық жүйенің қалыптасуы мен жасалуының уақытын (күні, айы, жылы) анықтауға әбден болады. Бірақ дәстүрлі терминологиялық кешендер аясында неологизация процесінің үздіксіз даму сипатын ескерген жөн. Себебі жаңа терминдер мен терминологиялық жүйелер ғылым мен техниканың дамуымен, жаңа қоғамдық қатынастар пайда болуымен байланысты дүниеге келетіндігі баршаға мәлім.

Негізінен, жаңа терминдерді ғылым, техника және т.б. салалардағы жаңа идеяның авторы болып табылатын немесе өз саласында жаңалық жасаған, ашқан мамандар жасайды. Сондықтан да терминдерді ғылыми-өндірістік қызметтің өзгеше бір өнімі деп санауға болады. Көп жағдайда жаңа технологиялық атаулар авторларының арнайы филологиялық дайындығы болмауы бір жағынан терминжасамды бастапқы кезіндегі стихиялық жағдайға алып келетін болса, ал екінші жағынан жаңадан жасалған терминді кодификациялау, стильдік нормалау кезінде терминші-мамандарды іске қосып отырады.

Әлеуметтік лингвистика аспектісі қазіргі кездегі терминжасамның мүмкіндіктері мен тілдік тәсілдердің жете қатыстырылуын талап етеді. Жалпы алғанда терминдер тілде бар, белгілі сөздер, сөз тіркестері мен олардың бөліктерінің терминденуі арқылы жасалады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, олар жалпы қазіргі тілдің сөздік қорын толықтыратын амал-тәсілдер арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, неологизмдердің өнімді форманттар арқылы жасалуы, жергілікті диалектілердің, әлеуметтік және кәсіби жаргон, тұрмыстық тіл элементтерінің термин ретінде қабылдануы, кірме сөздер және тілде бар сөздердің семантикалық өзгеруі. Сонымен бірге терминдер тілдің лексикологиялық заңдылықтарына сәйкес топтастырылып, синонимдік және көпмағыналылық құбылыстарға да ие болады. Мәселен, қызмет көрсету саласы, тұрғын үй, коммуналды шаруашылық қызмет көрсету атауларының ішінде кәсіпке қатысты мынадай түрлері болады: арада, қоларада белдекте кесуші, құбыр мен дайындаманы кесуші, сұйық металды кесуші, арнаулы белдекте бұранда кесуші; бұрғылаушы → құмтүрпі бұйымдарды бұрғылаушы, кварцті шөпті тілімшені бұрғылаушы, шыны бұйымдарын бұрғылаушы, электр-қыш бұйымдарын бұрғылаушы және т.б.

Жаңа атау авторының терминологиялық атау затының – арнаулы денотатты жетік білуі семантика тұрғыдан оны міндетті түрде уәжді термин жасауына алып келеді. Сондықтан да ең алдымен өнертабысқа сипаттамалы атау беріліп, кейіннен семантикалық конденсация негізінде бұл атау универбтеніп ықшамдалады. Семантикалық ықшамдаудың нәтижесі тек термин-универбтер ғана емес, сонымен бірге термин-қысқартулар да болып табылады.

Жалпы терминжасам процесін неологизация заңдылықтары мен тілдің лексикалық және терминологияның даму ерекшеліктерін ескере отырып жүргізген жағдайда қажетті термин жасау үшін әрқашан оңтайлы жол табуға болады. Терминологиялық жаңа атау оған деген нақты қажеттілік болған жағдайда ғана жасалады. Жаңа терминді арнаулы ұғымның терминологиялық атауы жоқ кезде ғана жасау қажет. Қазіргі заманда жаңа терминді бір автор ғана емес, ұжым да жасауы мүмкін. Бұған дәлел ретінде лавсан (КСРО Ғылым Академиясының Физикалық институт қызметкерлері ойлап тапқан) терминін келтіруге болады.

Сонымен бірге жаңа терминдер жасау барысында тіл дамуының ішкі заңдылықтарын да қатаң сақтаған жөн. Қазіргі таңдағы тілдің негізгі параметрлерін ескеріп, сөзжасамдық, грамматикалық, фонетикалық ерекшеліктерді сақтау қажет.

Жаңа терминдер жасауда тілдің түрлі амал-тәсілдері болғанымен, ең маңызды болып тілдің ішкі заңдылықтарына сәйкес қалыптасқан жаңа терминдерді жалпы әдеби тілде бар сөздер негізінде жасау дәстүрі ең бір өнімді көздердің бірі болып табылады. Терминдену процесі сөздердің семантикалық өзгеруіне, жаңа мағыналардың пайда болуымен бірге, жеке, дербес сөздердің форманттарға айналуына да алып келеді. Мәселен, қазақ тіліндегі аффиксоидтар құбылысы (әуежай, саяжай, жағажай және т.б.).

Кез келген тіл терминжасамда өзінің тілдік қоры мен амал-тәсілдеріне сүйенеді. Дегенмен, әрбір ұлттық терминологияның қомақты бір бөлігін қалыптасқан терминологияның ғана емес, сонымен бірге жаңа атаулар қатарын да өзге тілден қабылданған терминдер құрайды. Бұл құбылыс – терминология саласындағы кірме сөздер процесі жүріп жатқанын және оны саналы түрде реттеу қажеттілігінің дәлелі. Осы тұрғыда мынадай фактіге мән беру қажет: өзге тілді терминологиялық кірме сөздер нақты бір сала қалыптасуының бастапқы кезеңін айқындап, кейін сол тілдің түрлі төл варианттарымен жарыспалы түрде қатар қолданылып, көп жағдайда табиғи бәсекелестікке өз тілінде жасалған терминдерге жол береді.

Сонымен, тәжірибе жүзінде неологиялық терминжасам барысында ең алдымен жаңа термин жасаудың нақты, уәжді қажеттілігіне назар аудару керек. Жаңа терминді жасауда, бір жағынан, ұжымдық-әлеуметтік тәжірибені ескеру қажет болса, екінші жағынан, жаңа атаудың тіл дамуының ішкі заңдылықтарына сәйкестігін ескерген жөн. Жаңа терминдер жасалуына негіз болатын әлеуметтік және жалпы тілдік параметрлердің анықталуы әрбір жасалып жатқан терминологиялық атауды жетілдіру, жақсарту үшін маңызды. Осының барысында терминші-мамандардың қазіргі терминологиялық жүйеге саналы түрде ықпал етуі жүзеге асырылады. Терминдерді жетілдіру процесінде реттеу және біріздендіру кезеңдері болып, оның нәтижесінде жүйеде тек нақты, қажетті және тілдік тұрғыдан дұрыс жасалған терминдер ғана қалады. Ғалым В.П.Даниленко бұл мәселе жөнінде былай деп жазады: «Ең алдымен терминнің лингвистикалық дұрыстығына мән беру қажет. Ал лингвистикалық тұрғыдан терминнің дұрыс болуы немесе болмауы оның қандай сөзжасам амал-тәсілдері арқылы жасалғандығы анықтайды» [87, 189-б.].

Белгілі бір терминологиялық жүйеге енгізілетін жаңа терминологияны реттеу және біріздендіру жұмысының барысында нормативтік параметрлерге сай келетін терминдер іріктеліп, сарапқа салынады. Нормативтік параметрлердің негізгілерін мынадай белгілер құрайды: атаудың ұғым мазмұнына сай келу-келмеуі; термин көпмағыналылығына мүмкіндігінше жол бермеу; термин-синонимдердің тек қажеттілерін қалдырып, синонимдер санын шектеу; терминді тілдік белгілеуде ұтымды форма жасау; терминнің қысқалық белгісін, жеңіл айтылуын қамтамасыз ету; жаңа терминдерді өздеріне тән терминологиялық өріс үлгілеріне сәйкес жасап енгізу.

Осыдан мынадай қорытынды шығаруға болады:

1. жаңадан жасалған арнаулы атаулардың ішінен қажетті, ұтымды терминдерді іріктеп алу;

2. оларға дәл белгіленген анықтама беріп тіркеу;

3. терминнің бірмағыналылығы ескеріліп, қажетсіз синонимдерден шектеу. Осындай терминдер арқылы салалық терминология жүйелері нығайып, бұл саладағы бүкіл өзгерістерге үнемі бейімдеуге мүмкіндік береді.

Сөздер өзінен-өзі жасалып, бірден тілдік қолданысқа ене салатын бірлік емес. Сөздер оған нақты қажеттілік туындаған жағдайда ғана жасалады. Мәселен, жалпы лексикада сөздер, әдетте, белгілі сөйлеу жағдаятына байланысты жасалып, оған түрлі ассоциациялар негіз болса, ал арнаулы салада атау беруші сол затты ойлап тапқан адам немесе оған жақын шағын бір топ адамдар болуы мүмкін. Жалпы тілдік аталымның терминологиялық аталымнан айырмашылығы жалпы лексикалық аталымның сөйлеу барысында пайда болған атаулар қоғамдық тәжірибе тұрғысынан іріктеліп, олардың кейбіреулері ғана тілдік нормаға еніп, қолданысқа түседі. Ал, арнаулы лексикада, керісінше, бастапқыда ұсынылған атаулардың барлығы қабылданып, сол сала ішінде қалыптасып, тең дәрежеде пайдаланылуы мүмкін.

Сондықтан да аударма терминдер қатарындағы варианттылық, жарыспалылық құбылысы заңды құбылыс болып табылады. Мәселен, ең алғашқыда төмендегідей терминдердің мынадай варианттары тең дәрежеде қолданылған:

Снегурочка – ақшақар, қарханшайым, қаршақыз;

Коляска – бесікарба, қолкүйме, күймебесік;

Личный счет – бетесеп, жеке есеп;

Экстрасенс – болжамгер, емгер;

Консолидация нации – ел болып ұю, ұлт болып ұю;

Патриот – елжанды, ұлтжанды, отансүйгіш;

Боеголовка – құстұмсық, ақтұмсық, оқбасы;

Опекун – қорғаншы, қамқоршы;

Тратуар – аяқжол, жиекжол, жаяусоқпақ және т.б.

Қазіргі қазақ тілінде приватизатор терминінің аудармасы ретінде жекешелендіруші сөзі қалыптасқан. Егер аударма сөздің құрылымы мен смеантикасына назар аударатын болсақ, онда бұл сөзді қабылдауды, ұғынуды қиындататын элементтерді байқауға болады: Приватизатор – приват (лат. privat – жекеменшік), -из (іс-әрекетті білдіруші жұрнақ), -атор (іс-әрекетті атқарушы); жекешелендіруші – жекеше (дербес, бөлек, өз алдына), -лен (пассивация), -дір (каузация), (іс-әрекет), -ші (іс-әрекетті атқарушы). Семантика және құрылымы тұрғысынан бұл терминге негізінен қазақ тілінің жекеменшікжекеменшіктеуші сөздері лайық болып келеді. Бірақ жекешелендіруші сөзі кеңінен таралып, тіл фактісіне айналды. Яғни узуалдану процесінің барысында кез келген окказионалды атау узуалдыға айналуы мүмкін.

Ал жалпы узуалдану процесі дегеніміз – бір атаудың бірнеше варианттарының ішінен біреуінің іріктеліп, сол ұғымның болашақта атауы болатын варианттың таңдалып алынуы.

Мысалы, кезінде медсестра терминінің сөйлеу тілінде қолданылған мынадай бірнеше варианттары болған: мейірбике («Ана тілі» газеті), медбике, емші бибі (Ө.Айтбайұлы), медбибі (Т. Жанұзақов, Ө. Айтбайұлы), шипагер, аяжан, емшібике, медайым («Ана тілі» газеті), медицина бикесі («Алматы ақшамы» газеті). Осы варианттар арасынан бекітілгені медбибі нұсқасы. Бұл ретте, біздің ойымызша, аталған терминнің узуалдануына мынадай факторлар себеп болды: 1) атаудың қолданылу жиілігі; 2) варианттардың басқа атаулардың орнына қолданылуы (врач – шипагер), (сестра милосердия – мейірбике) («Ана тілі» газеті); 3) аталған вариантты қолданған авторлардың маман ретіндегі беделі (Т.Жанұзақов, Ө.Айтбайұлы).

Сонымен, ғылыми мәтіндерде, ресми құжаттарда вариантты терминдердің мүмкіндігінше Мемлекеттік терминология комиссиясы тарапынан бекітілген немесе ресми, ғылыми тілде стандартталған, сондай-ақ жазба тілде қолдану жиілігі жоғары (нормаға айнала бастаған) тұлғасы пайдаланылуы тиіс.








Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 3459;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.012 сек.