Терминжасам тәсілдері және қазіргі терминологиялық аталым ерекшеліктері

Кез келген тілде терминжасам процесі, ең алдымен сол тілдің өз сөздік құрамы, ұлттық лексикасы негізінде жүзеге асырылады. Демек, терминдер тілде бұрыннан бар сөздер мен түбірлерден жасалады. Осыған орай, терминдер қатарында сол тілге тән әр түрлі құрылымдылық типтері кездеседі: түбір сөз, туынды сөз, күрделі сөз, сөз тіркесі және т.б.

Академик Ө.Айтбайұлы «Қазақ сөзі» атты еңбегінде қазақ тіліндегі терминжасам тәсілдері мәселесіне кеңінен тоқталады: «Жаңа термин жасаудың тілдерде, оның ішінде, әсіресе түркі тілдерінде қалыптасқан мынадай бірнеше жолын, алдымен, атап көрсетуге болады: семантикалық тәсіл, морфологиялық тәсіл, синтаксистік тәсіл және калькалау тәсілі. Аталып отырған тәсілдің бәрі де негізінен, екі түрлі арнадан туындайды. ... Оның бірі – тілімізде бұрыннан бар сөздерді терминдік мәнде қолдану болса, екіншісі – жаңа терминдерді қазақ тілінің сөзжасам мүмкіндіктерінен пайдалана отырып жасау» [53].

Академик Ә.Т.Қайдаров «Қазақ тілі терминологиясына жаңаша көзқарас» деген ғылыми мақаласында қазіргі терминжасамның мынадай 11 принципін ұсынады [52, 15-б.]:

1. Мемлекеттік тіл тірегі – терминологияға мемлекеттік қамқорлық;

2. Терминжасам ісінде көрініс беріп жатқан бұқаралық процестің жақсы үлгілерін орнықтыру;

3. Байырғы лексикалық байлығымызды сарқа пайдалану;

4. Туысқан түркі тілдері тәжірибесін іске қосу;

5. Интернационалдық терминдерді қазақ тілінің фоно- морфологиялық ерекшеліктеріне икемдеп алу;

6. Орыс тілінен (жалпы славян тілдерінен) енген терминдік атауларды мүмкін болғанынша қазақшаға аударып қолдану, аударуға келмейтіндерін қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне үйлестіре қабылдау;

7. Салалық күрделі терминдер мен атауларды қазақ тілінің өз негізінде алғашқы әріптері мен буындары бойынша қысқартып пайдалануды заңдастыру;

8. Көп жылғы тәжірибе арқылы қалыптасқан дәстүр мен шарттылық заңдылығын мойындау;

9. Лексикалық байлығымызды салалық жүйе бойынша жіктеп, саралап пайдалану;

10. Тіліміздегі ұлттық және интернационалдық термин атаулардың сандық, сапалық салмағын табиғи қалпында сақтаудың жолдарын іздестіру;

11. Терминдер мен атаулардың емлесін тіл заңына, жазу дәстүріне сәйкес реттеу.

Жалпы терминжасам процесінің нәтижесінде жасалған терминдік бірліктерді тұтас құрылымды және көп құрылымды деп бөліп көрсетуге болады. Осы ретте терминжасам процесінің барысында туындайтын терминдердің басым көпшілігі тұтас құрылымды терминдер болып келеді.

Туынды терминдерді жасау барысында терминжасам процесінің семантикалық нәтижелері төменде келтірілген бір түрде болуы тиіс:

1) таза транспозиция (сөздің бір сөз табынан басқа сөз табына ауысып, мағынасының ешбір өзгеріссіз қалуы): аударылған мәтін→ аударма мәтіні;

2) транспозиция (туынды сөздің синтаксистік сипаты мен мағынасының өзгеруі): жеткізу → жеткізілім, түсу → түсім;

3) модификация (бір сөз табына жататын сөз тудырушы және туынды сөздер терминдері арасындағы айырмашылықтар): тіл → тілші, аударма → аудармашы; анықтама → анықтамалық;

4) мутация (бір сөз табы терминдерінің грамматикалық және мағыналық ерекшеліктері): төраға → төрайым.

Осы орайда, біздің ойымызша, семантикалық өзгерістердің ең алғашқысы синтаксистік деривация, екінші және үшінші типтері – лексикалық деривация, ал төртінші тип – терминдік деривация ұғымдарына сәйкес келеді.

Терминжасам тәсілдерінің мәселесіне тоқталатын болсақ, онда көптеген ғалымдардың пікірі бойынша, жалпы қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерінің қай-қайсысы да терминжасам процесінде өнімді қызмет атқара алады. Алайда, ең өнімді тәсіл арқылы жасалған терминдер аффиксті тұлғалар болып табылады. Аффиксті тәсіл уәждеуіш сөздің негізіне аффикстің жалғануы дегенді білдіреді. Терминологиялық сөзжасам актісінің нәтижесі терминсөз белгілі бір ұғымның атауын айқындап, сол ұғымның мазмұнын да көрсетеді.

Әрбір тілдің сөздік қор ерекшелігі, ең алдымен, сол тілдің аталымдық қызмет атқара алатын тілдік бірліктер жасалымындағы техникалық мүмкіндіктерімен айқындалады. Дегенмен, аталымның негізгі тәсілдері (деривация, сөз тіркесі, сөздердің семантикалық өзгеріске түсуі, басқа тілдерден кірме сөздер қабылдау) кез келген тілдің аталымдық құралдар жүйесінде басты орын алып, универсалдық тәсілдер болып табылады. Осыған орай, түрлі тілдердің сөздік қор өзгешелігі атаулану тәсілдер түрлілігімен емес, олардың өнімді-өнімсіз қасиеті тұрғысынан өлшенеді. Мәселен, қазіргі таңда орыс тілінде ең жоғары өнімділік танытып жүрген аббревиация құбылысының кейбір түрлері қазақ тілінде байқалмайды.

Бұл ретте анықтауды қажет ететін мәселелердің бірі «тілдік аталым» мен «терминологиялық аталым» терминдердің арақатынасы болмақ. Осы кезге дейін, көптеген аталым теориясына арналған ғылыми әдебиеттерде «аталым» жалпы «тілдік аталым» деп көрсетіліп, терминологиялық аталымды зерттеуде тілдік аталыммен салыстырады. Біздіңше, терминологиялық аталым да тіл білімінің бір саласы ретінде тілдік қарым-қатынастың өзгеше механизмін зерттеуге бағытталғандықтан, оны жалпы тілдік аталымнан ажыратып көрсетуге болмайды. Керісінше, терминологиялық аталым жалпы тілдік аталымның бір бөлігі болып саналады. Ал, осы уақытқа дейін аталым теориясының аясында, негізінен, лексикалық аталым түрлері қарастырылған. Жалпы тілдік аталым, лексикалық аталым, терминологиялық аталым арақатынасын былай көрсетуге болады:

 

Тілдік аталым


 

 


Лексикалық аталымды жіктеуде ең басты параметрлер ретінде жаңа тілдік бірліктің жаңалығын ұғынып немесе ұғынбай жасау мен аталымның стандарттылығы және стандартқа сәйкес келмеуі немесе нормаға сәйкестігі мен сәйкессіздігі секілді критерийлер басшылыққа алынып, лексикалық аталымның мынадай түрлері көрсетіледі:

1) қалыпты аталым (жаңа атау екендігін мойындап, нормаға сәйкес жасалған атаулар);

2) мутациялық аталым (стандартты, жасау үлгісі тілдік тұрғыдан тұрақты, бірақ тіл тұтынушылары үшін байқалмай жасалған тілдік бірліктер);

3) жасанды аталым (саналы түрде тіл стандартын бұзу арқылы жасалған бейуәжді атаулар);

4) «патологиялық» аталым (тілдік және тілден тыс факторларға байланысты «қате» жасалған, туындаған аталымдық бірліктер) [81, 14-б.].

Терминологиялық аталым процесі барысында терминдік бірліктердің жай тілдік бірліктерден өзгешелігін ескере отырып, ең басты параметрлер ретінде терминдердің стандарттылығын, нормаға және саналы түрде белгілі бір мақасатпен жасалуын атап көрсетуге болады. Осы тұрғыдан, терминологиялық аталым түрлерін былайша жіктеуге болады:

1) қалыпты терминологиялық аталым (нормаға сәйкес, саналы түрде жасалған терминдер): мұрағатшы, кітапханашы, тасымалдаушы, түзетуші, сарапшы, дайындаушы және т.б.;

2) мутациялық терминологиялық аталым (стандартты, тұрақты үлгілер арқылы жасалған терминдер): сауыншы, зергер, емші, қазаншы, малшы, күмісші және т.б.;

3) жасанды терминологиялық аталым (тілдік нормаға сәйкес жасалған, бірақ алғашқы кезеңде термин жасандылығы белгілі болып тұрады. Ескере кететін жайт, бұл терминологиялық аталымның лексикалық түрінен айырмашылығы ешбір экспрессия болмайды. Себебі лексикалық аталымда бұл түрге жатқызылатын атаулар негізінен белгілі бір экспрессия тудыру үшін жасалады): аспансерік, асқарпаз, әуежайшы, төлқұжатшы, планшетші және т.б.

Лексикадағы патологиялық аталым түрі тек жалпы қолданыстағы сөздер қатарында ғана кездесіп, терминологиялық аталым талаптарына сай келмейді.

Терминологиялық аталым оны тіл білімінің жеке, дербес саласы ретінде анықтайтын бірнеше төмендегідей мәселелермен байланысты болып келеді:

1. термин шығармашылығы;

2. терминологиялық мағынаның арнаулы бағытта дамуы;

3. жүйелілік;

4. реттілік;

5. бірізділік;

6. белгілі бір жүйеде және оған сәйкес терминологиялық өрісте ұйымдастырылып реттелуі;

7. термин экстенциясы мен интенциясы және т.б.

Тілдің терминологиялық аталым тәсілдер жүйесінің сипатын айқындау үшін алғашқы терминологиялық және екінші терминологиялық аталымдардың ара жігін ажырату мәселесі маңызды. Бұл мәселенің шешімі тіл білімінің семасиологиялық және ономасиологиялық бағыттарына сәйкес тілдік бірліктерді талдау ерекшелігіне алып келеді. Мәселен, грамматика саласының маманы Б.С.Қапалбеков қазақ грамматикасының тұлғалық және жұмсалымдық бағытының ерекшелігін зерттеуде осы екі аспектіге ерекше мән береді: «Тұлғалық грамматика тіл жүйесінің «құралдық көрсеткіштен мағынаға» қарайғы бағытта зерттесе, жұмсалымдық грамматика «мағынадан құралдық көрсеткішке» қарайғы бағытта қарастырады. …семасиологиялық және ономасиологиялық зерттеулер бастау нүктесінің «тұлғадан» және «мағынадан» бастап сипатталуына байланысты алынып отыр. Ал негізінде ономасиологиялық грамматиканың өзі құрылымдық жағынан да жұмсалымдық жағынан да қарастырыла береді» [82, 14-15-бб.].

Осы тұрғыдан келгенде орыс ғалымдары В.Г.Гак пен В.Н.Телия екінші аталымға мынадай анықтама береді: «…атаулану процесінің барысында тілде бар аталымдық тәсілдердің жаңа қызметте қолданылуы» [83, 15-16-бб.]. Біздің ойымызша, бұл жерде екінші аталымға семасиологиялық тұрғыдан анықтама беріліп, алғашқы және екінші аталым ұғымдары аталымның тура және жанама түрлерінің ұғымдарына сәйкес келтірілген. Біз алғашқы аталымды тілдік тұлғасы жоқ затқа, құбылысқа т.б. атау беру актісі деп қабылдап, ал екінші аталымды атауы бар затқа, құбылысқа басқа, жаңа атау беру процесі деп ұғынамыз. Қазіргі қазақ терминологиялық аталым процесі негізінен екінші аталым түрінде жүріп жатқаны белгілі. Ал, алғашқы терминологиялық аталым қазақ терминологиясының стихиялық, ғылымға дейінгі (донаучная) кезеңдеріне тән болған деп түсінеміз.

Дегенмен, терминдік бірліктердің басым көпшілігі тілде бар тілдік элементтер негізінде жасалады. Бұл элементтер атау беруші субъектінің өз тілінікі немесе өзге тілдік (кірме терминдер) болуы мүмкін. Терминологиялық аталым барысында тілдің ішкі қорын пайдалану екі бағытта жүргізіледі. Біріншісі, тілдегі дайын аталымдық бірлікке жаңа семантикалық қызмет (терминдік) жүктелуі арқылы жасалса, екіншісі тұлғалық жаңа терминдік бірлік жасалуымен сипатталады.

Сөз семантикасының түрлі өзгерістерге ұшырауы трансформацияның екі түрін бөліп көрсетуге негіз болады: лексика-семантикалық трансформация және семантика-синтаксистік трансформация. Әрине бұл семантикалық өзгеріс түрлерінің алғашқысы терминология саласы үшін өте өнімді және ұтымды пайдаланылып жүрген тәсілдердің бірі болып табылады. Сондықтан да бұл құбылыстың ерекшеліктеріне арнайы тоқтала кеткен жөн.

Бір қарағанда дайын аталымдық бірліктің жаңа семантикалық қызметте қолданылуы, әдетте жаңа мағынаның сөздің бұрынғы мағынасымен байланысын айқындайтын сияқты. Бірақ кейде алғашқы мағына мен екінші мағына арасында ешбір байланыс байқалмайтын жағдайлар да кездесіп жатады. Яғни екінші мағына алғашқыдан туынды болуы да, болмауы да мүмкін. Осы тұрғыдан лексикалық аталымда лексика-семантикалық трансформацияны екі қырынан қарастыруға болады: ішкі уәжді атаулар және ішкі бейуәжді атаулар. Ал терминологиялық аталым жүйесіне тек алғашқысы ғана тән. Себебі, ішкі бейуәжді семантикалық трансформация негізінен жаргон, арго тілдерінде жүзеге асырылып, ауызекі сөйлеуде экспрессивтілік қызмет атқаруымен ерекшеленеді. Мысалы, милиционер ® мент, бастық ® шеф т.б.

Ішкі уәжді лексика-семантикалық трансформацияны (терминологиялық деривация) жіктеу үшін (терминологиялық) парадигматика және синтагматика ұғымдары негізінде сөз мағыналарының өзгеруін парадигматика және синтагматика тұрғысынан қарастыру қажет. Парадигматика тұрғыдан сөз мағыналарының өзгерістері бір лексика-семантикалық парадигма мүшелері арасында немесе екі түрлі парадигма мүшелері арасында болуы мүмкін. Бірінші өзгерістер түрлеріне мағынаның кеңейюі, мағынаның тарылуы, семантикалық жылжыту (сдвиг) жатады, ал екінші өзгеріс түрі метафораға негізделеді.

Терминнің уәжділігі экстралингвистикалық құбылыстарға жатады. Уәжді термин ерекше сөз ретінде екі экстралингвистикалық болмысты уәждеуші және уәжделуші ұғымдарды біріктіреді. Осының нәтижесінде пайда болған термин өзіне тиісті терминологиялық өрісте қызмет ете бастайды. Белгілі бір дыбыстық кешенге мағына беру процесін зерттеу арқылы атау беруші адам санасында біз зат туралы пайда болған түсінікті сол затқа ұқсас басқа заттар жайлы осыған дейін қалыптасқан түсініктерді біріктіретін ассоциативтік амалдарды анықтауға болады. Нәтижесінде дәл осы түсініктер мағыналар ретінде жаңа сөздің мән-мазмұндық негізін құрайды. Бұл ретте мынадай тілдік құбылыстар орын алады:

1. сөз мағынасының шектелуі: биржалық маклер, бас мердігер, ресми өкіл, яғни маклер, мердігер, өкіл сөздерінің интенциясы арта түседі;

2. сөз мағынасының кеңеюі: өріс → семантикалық өріс → терминологиялық өріс → мал өрісі, яғни өріс ұғымының көлемі кеңейіп, оның экстенциясы ұлғаяды;

3. бір сөз мағынасына басқа сөз мағынасы элементтерінің қосылуы: тұсаукесер – «презентация»баланың тұсаукесері;

4. екі сөз мағынасының бірігуі: пікірсайыс, шаңсорғыш, іссапар және т.б.

Мағынаның кеңеюі ғылыми және техникалық терминологияны толықтыратын ең бір өнімді тәсілдердің бірі болып саналады. Мысалы, делдал – посредник, брокер, маклер, дилер. Сол сияқты сөз мағынасының тарылуы да терминологиялық аталымның тиімді тәсілдерінің бірі. Мәселен, түрлі терминологиялық жүйелердегі түрлі мағыналар білдіретін терминдердің қолданылуы: оператор – құрылыс, байланыс, кино және т.б.; аппаратшы – байланыс, мемлекеттік аппарат т.б. Мағынаның тарылуы түрлік тар белгінің орнына кең, жалпы тектік белгінің қолданылуы тіл жүйесінде жиі қолданылатын тәсіл.

Семантикалық жылжыту (сдвиг) құбылысы, әдетте гетерожүйелік (диалектаралық) немесе диахронды (бір тіл тарихында) қарама-қайшылық ретінде қарастырылады. Мысалы, жабдық – «қару-жарақ» – «құрал-сайман»; жент – «кітаптың қатты мұқабасы» - «тары жармасына май мен бал қосып жасалған тәтті тағам; қоспа» және т.б.

Метафора арқылы шығу тегі мен қолданылуы жағынан мүлдем басқа екі заттар бір белгісі негізінде жақындастырылып, әдетте сыртқы бейнелерінің бір ұқсастығы негізінде ауыспалы мән жасалады. Мәселен: «Ұғымдардың сыртқы пішіндерінің ұқсастығына қарай сөздің метафоралану жолымен терминденуімен келесі мысалдан көреміз: сырға – асыл тастардан жасалған, сән үшін әйелдердің құлағына тағатын затты айтса; биологияда сырға термині – «кейбір құстардың алқымындағы екінші жыныстық белгісі болып табылатын салпыншақ теріні» білдіреді[84, 123-б.].

Мұнда әшекейлі бұйым мен құстың салпыншақ терісінің арасында ешқандай қызмет ұқсастығы жоқ. Сөздің алғашқы мағынасының метафоралануына екі ұғымның сыртқы формаларының ұқсастығы негіз болған дей келе, мынадай қорытынды жасайды: «Деректі ұғымдардың атауы болатын сөздердің метафоралану тәсілі арқылы терминденуінің себебі – дерексіз ұғымдарға қарағанда, оларды көзбен көріп, қолмен ұстап, өзара салыстыру мүмкіндігінің молдығынан болса керек» [84, 156-157-бб.].

Семантикалық өзгерістердің метафораға негізделген түрлері сөздердің парадигма аралық байланыстарынан туындап, бір сөздің орнына басқа лексика-семантикалық парадигма сөзінің қолданылуымен сипатталады. Бірақ бұл екі сөзді бір семантикалық элемент, дифференциалды сема жақындастырады. Мысалы, тығырық – «ілгері жүруі, өтуі қиын айналма, тұйық жер» ® «машиналардың көп жиналғандықтан кептеліп қалуы (пробка)»; жолақ – «жол-жол, алабажақ» ® «автожол жолағы» және т.б.

Синтагматика тұрғысынан лексика-семантикалық өзгерістердің екі түрі болады: семантикалық ықшамдау және метонимия. Семантикалық ықшамдаудың тіл ғылымында басқа да терминдік эквиваленттері бар: «конденсация», «универбация» және т.с.с. [73, 18-24-бб.].

Семантикалық ықшамдау механизмі бір сөздің семантикасына (дифференциалды семантикалық компонент негізінде) онымен синтагматикалық байланыста болатын басқа сөз семантикасын жүктеу негізінде жүзеге асырылады. Яғни сөз тіркесінен құралған атаудың бір сөзі қалып қойған екінші сөздің синтаксистік валенттілігін жоймай, бүкіл сөз тіркесі білдіретін мағынаны береді. Жалпы мұндай семантикалық ықшамдау құбылысы, әсіресе, ауызекі сөйлеу тіліне тән болып келеді. Мысалы, компьютерге теру ® теру, әскерде борышын өтеу ® борышын өтеу, қызметтен босату ® босату т.б. Ал, нақты терминология саласына қатысты семантикалық ықшамдау құбылысы терминологиялық аталымның белгілі бір актісінде ғана орын алады. Мәселен, тіл маманы – тілші, абайтану ғылымын зерттеуші – абайтанушы, шығыстану ғылымының маманы – шығыстанушы және т.б.

Сөздердің синтагматикалық қатынастарын білдіретін әдетте жалпықолданыстық тілге тән лексика-семантикалық трансформация тәсілінің бір түрі – бұл метонимия. Мұнда екі ұғымның бір кеңістікте немесе уақыт аралығында шектес, іргелес болуы негізге алынады. Мысалы, арнаулы аталымдар екі денотатқа бірдей бағытталған атаулар категориясы бар: процесс әрі нәтижені білдіретін атаулар (су ағызғыш, құйма, қорытпа, балқыма т.б.); қызмет көрсететін орынды (бөлме, кеңсе т.б.) әрі адамдар тобын білдіретін атаулар (баспа, цех, бюро) және т.б. Ал, ауыспалы мән тудырушы тағы бір тәсіл – синекдоханың бүтіннің орнына бөлшекті, жалқының орнына жалпыны (және керісінше) атайтын атаулардың терминологияда өте сирек кездесуіне байланысты, оларды метанимияның бір түрі ретінде қарайды. Сонымен ауыспалы мән тудырушы тәсілдердің ішінде терминологияда ең көп қолданылатын – метафоралық тәсіл. Алайда терминологияда бұл тәсіл арқылы жасалған атаулар өзінің көркемдік-стилистикалық емес, ал аталымдық қызмет атқаруымен сипатталады. Метонимия мағына өзгеруінің төмендегідей тұрақты үлгілері арқылы беріледі: оқу курсы, пән ® осы пән бойынша емтихан немесе сынақ тапсыру (қазақ тілін тапсыру, математиканы тапсыру); материал ® сол материалдан дайындалған бұйым, зат (алтын таққан – алтын сырға таққан). Терминология саласында бұл тәсіл аса өнімділік танытпағанымен, оның негізінде біршама терминдер жасалуын да атап көрсетуге болады. Мысалы, коллегия ® кафедра, сектор, топ, кеңес және т.б.

Терминологиялық аталым жүйесіндегі семантика-синтаксистік трансформация негізінде сөздердің синтаксистік қасиеттері өзгерістерге ұшырап, сөз таптарының транспозициялануы арқылы, олардың субстантивтенуі жүзеге асырылады. Бұл жөнінде ғалым Ш.Құрманбайұлы: «Ғылым мен техниканың түрлі салаларындағы етістік терминдердің ішінде ең көп ұшырасатыны – тұйық етістік. Етістіктің бұл түрі арқылы жасалған терминдерді арнаулы салалардың барлығынан дерлік табуға болады. Мысалы, тіл білімінде – жіктеу, септеу, қиысу, қабысу, матасу, меңгеру, үстеу, жалғау т.б. Заң ғылымында – айыптау, анықтау, беттестіру, ескерту, тергеу, тұтқындау, тінту, таныту, іздеу т.б., геологияда – бұрғылау, қабатталу, кептелу, үлгілеу, шаймалау, сүйірлену, ісіну т.б., экономикада – арзандау, арзандату, жекешелендіру, кему, қымбаттау, тұтыну, ұзарту, өткізу, үйлестіру, сақтандыру т.б., информатикада – жобалау, жоғалу, елеу, қамығу, мүшелеу, күту, сұрыптау, перделеу т.б., әдебиеттануда – шендестіру, әсірелеу, дамыту, теңеу, суреттеу, толғау т.б., философияда – адасу, қоздыру, бейнелеу, табыну, ойлау, байқау, қорыту, терістеу, шектеу, байымдау, қалыптасу т.б, химияда – тұтану, шіру, булану, ісіну, көмірлену, тотығу т.б. …Терминологияда сын есімдердің де өзіндік орны бар. Сын есімдер негізінен тіркесті терминдердің құрамында кездеседі. Мысалы, жай сөйлем (тіл білімі), қара өлең (әдебиеттану), сары дақ (физиология), ащы ішек (медицина)… Терминологияда сын есімнің зат есім сияқты дербес ешбір сөзбен тіркеспей терминденуі де ұшырасады. Мәселен, сезікті(подозреваемый) деп, заң ғылымында – «қылмыс істеді деген күдікпен ұсталған және айып тағылмастан бұрын бұлтартпау шарасы қолданылған адамды» - айтады», - деп көрсетеді [79, 17-18-бб.].

Терминологиялық аталымның техникалық құралдар жүйесінде жаңа аталымдық бірліктің жасалуы ең маңызды болып есептеледі. Бұл ретте бір лексемадан тұратын термин және екі немесе одан да көп сөздерден тұратын терминдер (сөз тіркесі, синтагма, фраза) жасалады. Бір лексемалы терминдер сөзжасамында ең басты өнімділік танытатын сөзжасам тәсілдері – бұл аффиксті сөзжасам мен композитті сөзжасам. Кез келген тілдің сөзжасам жүйесінде аффиксті сөзжасам ең бір өнімді тәсіл ретінде жан-жақты зерттелген, амал-тәсілдері мен түрлері айқындалған құбылыстардың қатарына жатады. Терминологиялық аталым процесінде бұл сөзжасам түрінің лексикалық аталымдағыдай амал-тәсілдердің барлығы қолданылып, ешбір айтырлықтай өзгерістер кездеспейді.

Ал композитті сөзжасам арқылы белгілі бір тұтас синтагмалық реттілік негізінде берілген сөздердің қосарлануы нәтижесінде бір лексемалы термин жасалады. Олар бірнеше жолмен жасалады: сөзқосым, қосарлау, қысқарту. Сөзқосым тәсілі арқылы туындаған терминдер синонимдік сөз тіркестеріне бара-бар болып келіп, олардың синтаксистік байланыстары жаңадан жасалған уәжді терминдерде сақталады. Мысалы, әуежай, бортсерік, әнұран, оққағар, мұражай т.б. Сөздерді қосарлау арқылы жасалған қос сөздер тілде екі сөздің қосарлануы және бір сөздің қайталануы негізінде жасалады. Мәселен, сауда-саттық, академик-хатшы, ұшқыш-ғарышкер т.б.

Қысқарту тәсілі тілдің ықшамдау заңдылығына байланысты пайда болған тәсіл: филология факультеті ® филфак, мемлекеттік терминологиялық коммисия ® мемтерминком т.б. Тіл білімінде қысқартулардың ерекше бір түрі ретінде акронимияны қарастырады. Акронимия дегеніміз – бастапқы сөз тіркесінің дыбыстық я әріптік қысқарымдарынан жасалған зат есімдер: тәуелсіз мемлекеттер достастығы ® ТМД, бұқаралық ақпарат құралдары ® БАҚ, біріккен ұлттар ұйымы ® БҰҰ және т.б.

Терминологиялық аталымның екі немесе одан да көп сөздерден жасалаған терминдердің негізгі түрін сөз тіркестері құрайды. Сөз тіркестерінің терминологиялық аталымның ерекше бір құралы ретінде белсенді қызмет етуін кейбір ғалымдар сөзжасамдық амал тәсілдердің жеткіліксіздігімен түсіндіреді. Алайда бұның негізгі дәлелі олардың айқын уәжділікті білдіруімен анықталады. Сөз тіркестердің бір лексемалы сөздің эквиваленті ретінде басты белгілері – тұрақтылық, клишелілігі және оның мәтіндердегі жиі қайталанымдылығы.

Қазіргі таңда термин-фразалар, әсіресе, техника мен өндіріс технологияларында кеңінен орын алып, аталған салаларда процес, құрылыс, қосылыс (химическое соединение) және т.б. сипатын дәл беруімен ерекшеленеді. Себебі, бұл салалардағы жаңа ұғымдар көп жағдайда белгілі тілдік материалдар арқылы көрсетіліп, оларға қосымша анықтамалар беріліп отырады. Мысалы, өндірістік процестерді автоматтандыру, жұқа түйіршікті агрегат, жерасты суының жинақталуы, алмас өндіруші өнеркәсіп, жылдам соқпалап бұрғылау, автоматты түрде төңкерілетін вагонетка, қазуды кері жүріспен жүргізу, бұзылған жерлерді қалпына келтіру, топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру, созылым бойымен қазып алу, тау жынысының газға қанықтығы, тазартып қазып алу аймағы, тау жынысының бекемдік коэффициенті және т.б.

Ғалым Н.Д.Арутюнованың пікірі бойынша, сөйлемдер де аталым құралы болып, тек белгілі бір уақиға аталымы ғана емес, сонымен бірге заттық аталымдық қызметті де атқара алады. Сөйлемнің аталымдық бірлік болуы трансформация (номинализациялануы) арқылы жүзеге асырылады [85, 18-19-бб.]. Мысалы, өндірістік процестерді автоматтандыру, тау жынысының түрлілігі, табиғи судың талдауы т.б.

Өзге тілдерден кірме терминдер қабылдау терминологиялық аталымның өнімді тәсілдерінің бірі. Кірме терминдерді әдетте лексикалық (сыртқы тұлғасы) және семантикалық (ішкі формасы немесе калькалау) деп екіге бөледі. Лексикалық кірме терминдерге мынадай сөздер мен сөз тіркестерін жатқызуға болады: опера, балет, шахмат, альма матер, терра инкогнита және т.б.

Калькалау тәсілі арқылы жасалған терминдер де екіге бөлінеді: а) сөзжасамдық калькалар: денсаулық сақтау здравоохранение; семантикалық калькалар: грамматика термині тек род т.б. Сонымен қатар сөз тіркесті калькалау құбылысын да байқауға болады: теміржол железная дорога, ақ алтын белое золото, қара алтын черное золото т.б. Егер өзге тілдегі сөз жартылай ғана көшірілсе, оны жартылай калька дейді. Мысалы, теледидар, автокөлік, велошабандоз т.б.

Сонымен, терминологиялық аталым жүйесінде қолданылатын амал-тәсілдерге қарағанда, әрине, лексикалық аталым құралдары өзінің түрлілік жағынан да сандық жағынан да терминологияға қарағанда сан қырлы болып келеді. Себебі терминологиялық аталым тек арнаулы ұғымдарды білдіретін атауларға қатысты болып, экспрессия мен эмоцияны білдіретін атауларға тән емес. Терминологиялық аталым жүйесіне зат есімнен басқа да сөз таптары қатысқанымен олар негізінен субстантивтену, номинализациялану құбылыстарымен шектеледі. Яғни терминдер түрлі алуан арнаулы салалардағы деректі немесе дерексіз ұғымдардың атаулары ретінде тек заттық формада ғана көрінеді.

 








Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 11426;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.023 сек.