Лекция №7 Литосфераның химиялық экологиясы.

Лекция мақсаты мен міндеттері:Литосфераның химиялық құрамы мен магматикалық, тұнбалық, метаморфтық таулы жыныстар жайлы жалпы түсінік қалыптастыру.

Лекция мазмұны: Адамға қажет тамақтық, сусындық заттар өсімдіктер мен жануарлардың көмегі арқылы, негізінен, өзіміз күнде басып жүрген қара жерден, оның жоғарғы құнарлы қабаты - топырақтан алынады. Топырақ - жер бетіндегі тіршіліктің тірегі, ұясы, асыраушы анамыз, халық қазынасы. Одан сан қилы өсімдіктер, жемістер нәр алып, өніп-өсіп, адам мен жануарларға қорек болады. Адам қоғамы топырақ құнарын осы өсімдіктер мен жануарлар арқылы өз мұқтажына пайдаланады. Сондықтан жер - ауыл шаруашылығының қай саласы болсын, егіншіліктің де, мал шаруашылығының да негізі.

Сонымен, қазіргі күнде адамзатқа белгілі планеталар ішінде тек Жерде ғана тіршіліктің дамуына мүмкіншілік бар. Сондықтан адамзаттың Жерді бағалаудағы көз-қарасы тіпті өзгеше болуы заңды. Жер, оның үстіңгі майда қабаты – топырақ, өз құрамында өсімдіктерге қажет минералдық және органикалық заттарды жинақтайды.

Олар өсімдіктердің автотрофтар ретінде алғашқы өнім жинауына, яғни органикалық қосылыстар түзуіне және қоректік тізбекке бір буын ретінде қатысуына көмектеседі. Ал бұл органикалық қосылыстар жер бетіндегі барлық тіршілік пен жан-жануарлар үшін, оның, ішінде тіршіліктің ең жоғарғы туындысы - адам үшін өмір өзегі.

Табиғи жағдайда топырақтың түзілуі өте көп уақытқа созылады. Мысалы, 20 см тереңдікте жыртылатын топырақтың қабаты түзілу ушін табиғи жағдайлардың өзгешеліктеріне қарай жүздеген жылдан 3 - 7 мың жылға дейін уақыт керек екен. Яғни, құнарлы қабаты жойылған топырақтар болжамды уақытта өз-өзінен қалпына келмейді. Сондықтан адам шаруашылық тіршілігінде топырақтың құнарлы қабаттарын су және жел эрозиясының әсерінен, басқа да экологиялық апаттардан сақтап, топырақ құнарын жылдан-жылға арттыратын мелиоративтік шаралар қолдануы қажет.

Құрлықтың 6,1 млрд. га жерін (41 %) мұздар, құмдар, таулар, құрлық өзендері мен көлдері, қалалар және кәсіпорындар алып жатыр, ал 8,8 млрд. га жері (59 %) – ауыл шаруашылығына пайдалануға болатын жерлер. Оның ішінде 4,0 млрд. га (27 %) – ормандар мен батпақтар, 2,83 млрд. га (19 %) – құрғақ дала мен шөлейт жерлерде орналасқан жайылымдар мен шабындықтар, 1,93 млрд. га (13 %) – егістік алқаптар, ауылды жерлердегі елді мекендер, сай-салалар, жолдар, қолдан отырғызылған ағаштар, олардың ішінде егін егуге болатыны - 1,5 млрд. га, яғни құрлықтың 10 пайызы ғана. Адамдар өмір сүргелі 1,5 – 1,9 млрд. га жер құмға, батпаққа, жыра мен сайға, бұта басқан алқапқа айналды.

Топырақты ластаушы және аздырушы көздер. Топырақтың құнарсыздануы жердің азуына, бүлінуіне, тұздануына, батпақтануына, құмға айналуына, ластануына тікелей байланысты болады.

Эрозия топырақ үшін өте қауіпті және жыл сайын ұлғайып келе жатқан құбылыс. Топырақтың эрозияға ұшырауы біздің елде де көп жерді қамтиды.

Эрозияның негізгі үш түрі бар: жел, су, техникалық және ирригациялық эрозиялар. Тегіс емес қыратты жерлерде жауын сулары топырақты жуып кететіні болады. Ал тегіс жерлерде топырақтың сыртқы құнарлы қабатының жуылып кетуі үшін жердің 1-2 градус еңістігінің өзі жеткілікті.

Ормандарда, тың жазық далаларда су эрозиясы баяу жүреді: өсімдігі көп жердегі топырақ борпылдақ болатындықтан жауын суы оған жақсы сіңеді және тамырлары арқылы өсімдіктер топырақты бекітіп тұрады.

Өсімдігі жоқ ашық қалған жерлерде топырақ күнге тез кебеді. Оны жаңбыр оңай ағызып, сай-салаларға алып кетеді. Біраз уақыттан кейін бір кездегі құнарлы жерлер тіршіліксіз сұрғылт далаға айналады.

Беткейлерді тігінен төмен қарай жетілмеген техникамен жырту, тыңайтқыш берместен жыл сайын бір дақылды еге беру топырақ эрозиясын күшейте түседі. Оның себебі - сыртқы беті үгітіліп, шаңға айналады да, сумен оңай жуылып кетеді.

Топырақтың тұздануының негізгі себебі – егістік алқаптарды көп жыл бойы мол суару. Топырақтағы тұз 1 пайызға көбейгенде өнім 30 – 35 пайызға азайып, 2 – 3 % - көбейгенде - өсімдіктер өмір сүре алмайды. Топырақтың құмға айналуы жерді дұрыс пайдаланбаудан, жайылымдардың азайып, олардың тынымсыз пайдаланылуынан, ормандардың есепсіз шабылуынан пайда болады.

Топырақтың батпаққа айналуы жауын-шашын мөлшері жер бетінен буланатын ылғалдан көп болуы себебінен болады. Топырақтың құнарсыздануы егістік жерлерді дұрыс пайдаланбау нәтижесінен туындайды.

Топырақтың ластануы ауа және су арқылы әр түрлі зиянды қалдықтардың топыраққа түсуінен туындайды. Қазіргі кезде көптеген жерлерде техногенез әсерінен ландшафттардың әр түрлі модификациялары пайда болуда. Бұл жерлердің көбі рекультивациялауға жарамайды.

Кебірленген жерлерді игеру. Кебірленген жерлер – сортаңданған жерлердің бір түрі. Бұл жерлердің жоғарғы қабаттарында өсімдіктердің өсуіне зиян келтіретін ащы тұздары жоқ, олар жауын-шашынмен жуылып, төменгі қабаттарына сіңіп кеткен. Бірақ суда ерігіш тұздардың құрамындағы натрий топырақтың құрамына еніп, барынша қанығып, сіңіп қалған.

Мұндай жерлерді егістікке игеруге қиындық келтіріп тұрған – осы натрий катионы. Құрамында натрийі мол топырақтарда органикалық және коллоидты минералды бөліктер бірігіп, байланысу орнына, ылғалдан ісініп, ыдырап, сумен төмен шайылады. Осының нәтижесінде топырақтың жоғары қабатындағы құнарлы заттар төмен ығысып жоғары қабаттың түсі кремнийге байығандықтан, бозғыл тартады да, оның есесіне топырақтың төменгі қабаты майда ұнтақталған коллоидты және органикалық қосылыстарға қанығып, түсі қара қонырға айналады, ал оның реакциясы сілтілілеу болады. Су тиген кезде бұл қабаттың көлемі ісініп, жібіп, батпаққа айналады, ал кепкен кезде құрылымы ірі кесекті, түйіршікті болып, қатып қалады. Кебірленген қабаттың физикалық қасиеттерін алдын ала жақсартпайынша, мұндай жерлерден жақсы өнім алуға мүмкіндік жоқ. Қазақстанда 75 млн. га кебірленген жер бар.

Бұл жерлерді игеру жұмыстары Қазақстан Республикасы ҰҒА–ның Топырақтану институты, негізінен, 3 бағытта жүргізіп келеді:

1. Кебірленген жерлерді картаға түсіріп, олардың агромелиоративтік қасиеттерін зерттеу үшін территориялық зерттеулер жүргізу.

2. Кебірленген жерлерді игерудің әдісі мен технологиясын жетілдіре зерттеу үшін тұрақты тәжірибе жұмыстарын жүргізу. Бұл жұмыстың бірнеше әдістері қолданылып, олардан жап-жақсы нәтижелер алынды.

3. Осы жоғарда айтылған кебірлі жерлерді игерудің практикалық-өндірістік бағыттарымен қатар, Топырақтану институты кебірлі жерлердің пайда болуын, оны мелиорациялаудың теориялық мәселелерін де зерттеуде. Жалпы кебірлі жерлерді игеру ғылыми негізделген әдісті мұқият сақтықпен қолдануды қажет етеді. Негізінен, кебірлі жерлерді тек мал азықтық шөптер егуге пайдалану қажет. Ал кебірлі жерлердің жалпы жыртуға жарамсыз екенін ұмытпаған жөн.

Топырақты қорғау. Топырақтың, табиғаттың басқа бөліктерінен ерекше бір ғажап қасиеті бар. Топырақ көптеген микроорганизмдердің, көп клеткалық организмдердің қатысуымен өздігінен тазаланып, қалпына келе алады. Топырақ жасалу көп ұақытқа созылатын күрделі процесс. Ғалым-дардың деректері бойынша, жер қыртысының 2,5 сантиметрі жасалу үшін 100 жыл, ал бір қалыпты температурада 90 сантиметр топырақ қабаты жасалу үшін 16000 жыл қажет екен. Топырақтың құнарлы қабатының қалпына келуіне сыртқы ортанын факторларды да (ыстық, аясы, т.б.) кедергі жасайды. Жерді кешенді түрде тиімді пайдалану жұмысын ұйымдастыру шаралары:

- Агротехникалық

- Агромелиоративтік

- Гидротехникалық

Бұл шаралар топырақ жағдайын, ауа райын ескере отырып оны тиімді пайдалануға көмектеседі. Топырақ эрозиясымен күресу жолдары:

- Топырақтың ерекшелігін ескере отырып, егістіктерді айналмалы жүйе бойынша орналастыру;

- Жерді топырақтың түріне сәйкес әдіспен жырту;

- Топырақты қорғайтын көпжылдық шөптер егу;

- Агротехникалық, гидротехникалық шараларды іске асыру.

- Су эрозиямен күресу үшін көлбеулігі екі градусқа жететін беткейлерді

көлденеңінен жырту керек. Ал көлбеулігі екі градустан артық жерлерде көлденең су жинайтын микролимандар, қатарларды реттеу сияқты агротех-никалық шаралар жүргізіледі. Мұндай жағдайда көлденең жүргізілген әр боразда мен жыртылған арықтың қырлары суға тосқауыл болады, өсімдік суды жақсы сіңіреді және құнарлы топырақ ағып кетпейді.

- Шортандыдағы Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты топырақ эрозиясына қарсы жерді аудармай жырту әдісін ұсынды.

- Мал жайылатын жерлерге қорғаныс тоғайлар өсіріп, мал жаюды оқшаулау. Гурьев, Қызылорда, Жезқазған сияқты шөлді облыстардағы қорғаныс тоғайлар үшін қандым, жыңғыл, сексеуіл өсімдіктерін пайдалануға болады.

- Суармалы жер үшін бір қауіпті құбылыс сортаңдану. Оны болдырмау үшін ғылыми негізделген мелиоративтік шаралар жүргізу керек.

- Топырақты зиянды заттармен ластанудан сақтау үшін минералды тыңайтқыштарды есеппен пайдалану, технологиялық және тұрмыстық қалдықтарды дұрыс тазарту және жою жұмыстарын жолға қою керек.

Қоршаған ортаны ластайтын ең бір қауіпті заттардың бірі – мұнай. Мұнай қасиеті әртүрлі және кең көлемді қолданыстағы күрделі зат, оның құрамы 3000-дай қоспадан тұрады және олардың көпшілігі оңай тотығады. Сондықтан мұнай және мұнай өнімдері өсімдіктер мен тірі ағзаларға зиянды уландырғыш заттармен кең көлемде әсер етеді.

Мұнай және газ құбырларын салу кезіндегі қоршаған ортаның ластану мәселесінің жағдайын зерттеу барысында, өнім өндіру кезінде мұнаймен, мұнай өнімдерімен және мұнай газдарымен, олардың жанғаннан кейінгі өнімдерімен, күкіртсутегі, күкірттотығы, ағынды судың минералдануы салдарынан ластанудың жиі болып тұратыны анықталды. Бұрғылау ерітінділері және бұрғылау кезінде төгілген қалдықтар,түрлі беттік әрекетті заттар, фенолдар, альдегидтер және бұрғылауды жылдамдату үшін қолданылатын басқа реагенттер ластануға әсер етеді. Сол себепті қоршаған орта ластанудан қорғауға бағытталған іс шараларды одан әрі жетілдіру керек.

Мұнай кен орындарын барлау, бұрғылау және өңдеу жер қойнауы мен қоршаған ортаны қорғау шараларын толық сақтай отырып жүргізілуі тиіс.

Қоршаған ортаны қорғау елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс шаралар, жер мен суды тиімді пайдалануға, жер асты мен жер беті суларын ластауды болдырмауға, қорықтар мен қорғау аумақтарына қауіпсіздік шараларын жүргізуге бағытталады.

Аймақтық-өндірістік мұнайгаз кешендері мен магистралды мұнай-газ тасымалдаушы құбырларын қоршаған ортаны ластайтын ірі кәсіпорындарға жатқызамыз. Топырақ қабатының мұнай және олардың қоспаларымен ластануы және ағын сулары мен жер асты суларының жоғары минералдануы мұнай-газ шикізатын қайта өңдеуге дайындау кезінде түзіледі. Осыған байланысты мұнай қоспалары, ілеспе мұнай газы және оның жанғаннан кейінгі өнімдері атмосфераға кең көлемде тарайды.

Мұнай және мұнай өнімдерінің табиғи ортаға таралуы салдарынан жалпы экологиялық жағдай қалыптасады:

а) топырақтың құрамы және оның беткі қабатының қасиеттері өзгереді;

б) жер бетіндегі және жер асты сулары ластанады, түбінде тұнбалар түзіледі;

в) өсімдіктердің химиялық құрамы және сыртқы түрі өзгереді;

г) ландшафтар жалпы деградацияға ұшырайды.

Топырақ концентрациясы төмендегі деңгейге жеткенде, бұл топырақ мұнай және мұнай өнімдерімен ластанған деп есептелінеді:

- Өсімдіктер солып, өзгерістерге ұшырайды;

- Экологиялық тепе-теңдік бұзылады, альгофлора және мезофауна түрлері жоғалады;

- Судың физико-химиялық қасиеттері және топырақ құрылысы өзгереді;

- Карбонатты емес сутекті топырақтарда мұнай өнімдеріндегі сутегі мөлшері көбейеді;

- Ауылшаруашылық жерлерінің өнімділігі төмендейді;

- Мұнай өнімдері топырақ арқылы сіңіп жер үсті және жер асты суларына таралады;

Жер қыртысының мұнай өнімдерімен ластанған кездегі қауіпсіз деңгейі деп жоғарыда айтылған негативті (ыңғайсыз) жағдайлар туындамаған кезеңді айтады;

Топырақтың «қалыпты» деңгейдегі көрсеткіші деп, топырақтың өзіне сай негізгі функцияларын орындау жағдайының сай болуы және қоршаған ортаға, өсімдіктерге және адамға негативті әсерінің болмайтын жағдайын айтады;

Әлемнің түрлі елдеріндегі, сонымен бірге түрлі табиғи аймақтардағы экспериментті зерттеулер көрсеткіштерін қорытындылай отырып мұнай өнімдері концентрациясының төмендегідей алғашқы деңгейі ұсынылған.

Түрлі табиғи аумақтардағы топырақтардың ластануының биогеоценоздық реакциясы тәжірибе жүргізу арқылы анықталады. Бұл жағдайда реакцияның топырақты ластаушы заттардың алғашқы салмағына байланысты екені ескеріледі. Экологиялық жүйенің ластану шамасына қарай қайта қалпына келуі немесе келмеуі ластанудың кенеттен, жаппай жүруіне немесе оның біртіндеп жинала келе ластануына байланысты болуы мүмкін.

Топырақ қыртысындағы мұнай өнімдері мөлшерінің ең төменгі шамасы деп, оның концентрациясының жоғарғы қауіпсіз шегін айтады.

Егер концентрация мұнан көп болған жағдайда табиғи ортаның сапасы нашарлай бастайды.

Топырақтардағы мұнай өнімдерінің мүмкін болу шегі көп елдерде бекітілмеген, себебі бұл көптеген факторларға байланысты, түріне, құрамына, қасиетіне, климаттық жағдайға, мұнай өнімдерінің құрамына, өсімдік түрлеріне, жерді пайдалану түріне, тағы да басқадай жағдайларға байланысты. Бұл нормалар белгілі бір ауданға және белгілі бір топырақ түріне қарай белгіленуі керек.

Көп жағдайда қайта қалпына келу мерзімі белгілі болса, осы жағдайға негізделіп шаралар белгіленеді. Егер топырақтың жоғарғы қабаты ғана ластанса қолдан тазартылады, себебі кейде биогеоценоздардың өзінен-өзі тазарып, қалпына келетін табиғи мүмкіндіктерін осы процестерді жылдамдататын әдістермен бірге пайдалану аса тиімді болады.

Анықтап зерттеу барысында жойылған, жарамсыз деп табылған аумақтың гумусты аккумуляторлық қабатының қалпына келуіне ондаған, болмаса жүздеген жылдар кетуі мүмкін. Бұл жағдайда топырақ өзінің сүзгіштік қасиетін жоғалтады, яғни жер асты суларына және қабаттар жүйесіне ластанған қоспалар өте бастайды.

Құрамында жоғары мұнай өнімдері бар топырақ санациялану және рекультивациялану керек. Себебі осы шаралар жүргізілмейінше ол аумақтар тозу жағдайында болады және қоршаған ортаға тұрақты негативті әсер етеді.

Голландияда және Германияда химиялық заттармен ластанған топырақты бағалау үшін, оның ішінде минералды майлармен, қоршаған ортаны қорғау үшін жүргізілетін қажетті шараларға байланысты үш шама қабылданған. Бастапқы шама ретінде, ластанған топырақты бағалау үшін «фондық шама» жүйесі қабылданған.

Елдердің аймақтарына тән улы элементтермен заттардың құрамына байланысты аймақтық фон болады және саны жағынан 1-шама деп алынған.

2-шама ластану динамикасын бақылауды және ластану себептерін жоюды талап ететін, ластану шамасы жоғары деген белгі. Бұл шамадан жоғары ластанушы топырақты «өте лас» деп есептейді.

3-шама топырақ пен жер қыртысын тазалауға тура келеді. Топырақтағы мұнай өнімінің шамасы кестеде көрсетілген. WCA классификациясына сәйкес мұнай өнімдерінің концентрациясы 5г/кг-нан жоғары болса топырақ қабатын одан тазалау шаралары жүргізіледі.

Голландияның нормативті актілерінде топырақтар мұнай өнімдерінің концентрациясы 5000мг/кг болғанда тазалау шаралары жүргізу қаралған.

Әртүрлі елдердегі ластанған топырақ шамасы 5000-нан 10000мг/кг деп алынған осы көрсеткіштер аралығындағы топырақтың санациялау және рекультивациялау үшін интенсивті шаралар талап етіледі, 1000-нан 10000мг/кг аралығында топыраққа өздігінен тазалау процестерін аздап күшейту шаралары жүргізіледі. Осындай шаралардан кейін бір жылда топырақтағы мұнай өнімдері қауіпсіз шамаға дейін төмендейді екен. Ластану шамасы 10000мг/кг-нан жоғары болса рекультивациялау әдісінің тиімді түрі таңдап алынады.

Мұнаймен ластанған топырақ қасиеті көптеген физико-химиялық өзгерістерге ұшырайды. Әлсіз топырақ құрамының бұзылуы және топырақ бөлшектерінің суды сіңіру қасиеті төмендейді.

Мұнаймен ластанған топырақта көміртегі мен азоттың арасындағы салыстырмалы көрсеткіші жылдам өсіп кетеді, ол топырақтың азот режимін нашарлатады және өсімдіктің тамырымен қоректенуін бұзады. Бұдан басқа, мұнай жерге төгілгенде және топырақ қыртысына сіңе отырып оттегіні ығыстырады, ал оттегі өсімдік және микроорганизмдердің өмір сүруі үшін қажет.

Мұнай кен орындарын пайдалану процестерінде, мұнайды тасымалдап және қайта өңдеу кезінде көптеген әртүрлі қалдықтар түзіледі. Олардың негізгі бөлігін ашық резервуарларда жиналып сақталған мұнай шламдары құрайды. Бұл мұнай шламдары екінші дәрежелі қоршаған ортаны ластайтын қалдықтар көзі болып саналады. Сондықтан мұнай өндіруші аймақтардағы құрамында мұнайы бар шламдарды қайта өңдеу, қоршаған ортаны қорғау облысындағы негізгі мәселелердің бірі.

Соңғы уақыттарда мұнай өнімдерін ыдырату үшін биологиялық әдіс кеңінен пайдалануда. Ол түрлі биопрепараттарды қолдануға негізделіп, артықшылығы экологиялық тұрғыдан қауіпсіз болады. Ұсынылып отырған әдісте, технологиялық қондырғылар, жабдықтар тікелей мұнай шламдары орналасқан орындарда қолданылады және энергетикалық шығындарды талап етпейді, сондықтан бұл әдістің болашағы зор.

Топырақтың ластанудан өздігінен тазарудың табиғи механизмдерінің ішінде микроорганизмдердің орасан зор маңызы бар, олар үшін көмірсутектері жалғыз ғана энергия көзі болып табылады.

Қазіргі уақытта, мұнайды тотықтырғыш микроорганизмдердің 67 штаммдары айқындалған. Талдау қорытындысында бір ғана көміртегіне ассимиляцияланған топырақ үлгілерінен алынған бактериялардың қасиеті анықталған: октан-16%, нафтендер-75,1%, парафиндер-64,2%, толуол-58,3%, гексан-50,8%, бензол-41,2%, асфальтен-67,7%.

Көмірсутекті қайта қалпына келтіретін бактериялар әсерінен, топырақтағы мұнайдың бұзылу шамасы 31,3-73,9% болды.

Қазіргі кезде, мұнаймен ластануға қарсы күресте микробиологиялық әдістерді ойлап табу барысында биоценатты комплекстер шығару үшін мұнай тотықтырушы микроорганизмдердің аборигенді штаммдарын сұрыптап алу мүмкіндігі бар.

Микробиологиялық тазалау екі бағытта жүреді:

-аборигенді бактерия штаммдарының қызметін жандандырып, белсенділігін жоғарылату. Ол үшін олардың табиғи өмір сүру ортасына мұнайдың биодеградациялану қасиетін ынталандыратын, қосымшалар жіберу.

-ластанған жерлерге сырттан микроорганизмдер әкеліп қосу.

Мұнайгаз өндіруші аудандар үшін, мұнаймен ластанған жерлерді, рекультивациялау басты мәселе болып келеді. Тұрақты өсімдіктер ассортименті және оларды өсіру агротехникасы ойластыруда.

Биоремедиациялауға мұнай және мұнай өнімдерімен, өндіру кезінде, қабатқа айдауда, тасымалдауда, сақтауда, жинақтауда апатты құю нәтижесінде қабаттағы сумен ластанған топырақтар, сондай-ақ «ескі» және жаңадан құрылымдалған мұнай қалдықтары және бұрғылау қоқыстары, оның ішінде скважинаны игеру өнімдерімен (мұнай өнімдерімен) ластанған топырақтар жатады.

Топырақта өзін-өзі тазарту және бейімделу механизмдері әрекет ететіндігі белгілі. Топырақ биосфераның бөлігі ретінде онда болатын организмдермен бірге әмбебап физикалық, химиялық және биологиялық адсорбент және адамның шаруашылық қызметі қалдықтарының барынша әр түрлі органикалық бірлестіктерін, оның ішінде мұнай және мұнай өнімдерін бейтараптандырушы болып табылады.

Алайда топырақта мұнайдың көп мөлшерде болуы өзін-өзі тазарту механизмін толығымен жоюға қабілетті және адамның араласуынсыз табиғатта топырақты қалпына келтіру ондаған жылдарға созылып кетер еді.

Қалдықтарды төменгі температурадағы термиялық десорбция әдісімен өңдеу ластанған топырақтарды өңдеу бойынша қондырғы көмегімен жүргізіледі.

Таңдау ластанған материалдың физикалық-химиялық ерекшеліктері мен ластаушы заттардың химиялық ерекшеліктеріне байланысты болады. Негізінен бұрғылау қоқыстары, мұнаймен ластанған топырақтардан тұратын қатты мұнай қалдықтары ластану мен топырақ бөліктері арасында туындайтын байланыстардың жоғары беріктігімен шарттастырылатын, әдетте балшықтар мен саздақтардан тұрады.

Балшықтар мен саздақтарды мұнай қалдықтарымен байыту олардың домбығуын елеулі түрде төмендетеді, битум сыйымдылығын азайтудан битумның адгезивтігін және дымданушылығын жақсартады. Бұл ретте битумлы топырақтың технологиялық және пайдалану ерекшеліктері жақсара түседі.

Бұрғылау қоқыстарын, мұнаймен ластанған топырақты және олардың қосындыларын термиялық десорбция әдісімен өңдейтін қондырғы экологиялық жағынан жарамды және қоршаған ортаны қайталап ластау мүмкіндігін болдырмайды.

Оқытудың техникалық құралдары:интерактивті тақта, проекторсызба – кестелер, видео-, дыбыс аппаратурасы.

Оқытудың әдістері мен түрлері:баяндау, сұрақ – жауап, түсіндіру, кіріспе лекция

Деңгейлік тапсырмалар:

1деңгей. Топырақта өзін-өзі тазарту және бейімделу механизмдері әрекет ететіндігі туралы жазыңыз.

2-деңгей. Микробиологиялық тазалау қанша бағытта жүреді түсіндіріңіз.

3-деңгей. «фондық шама» жүйесі схемасын көрсетіңіз.

ОБСӨЖ тапсырмалары:Атмосферадағы химиялық реакциялар және оның қорғаныш қасиеттері.

СӨЖ тапсырмалары:Су қоймасындағы тіршілік үшін темірдің рөлі және оның судың органолептикалық сапасына әсері

Пайдаланылатын әдебиеттер:

1. Жұмаділлаева С., Баешов А., Жарменов А. Қоршаған орта химиясы. – Алматы, 1998.

2. Джумадуллаева С., Баешов А., Жарменов А., Мамырбекова А. Практикум по химии окружающей среды. Учебник. – Алматы, 2000.

3. Голдовская Л.Ф. «Химия окружающей среды ».М.: Мир, 2005.

4. Зилов Е.А. Химия окружающей среды.-Иркутск, 2006.

 








Дата добавления: 2017-03-29; просмотров: 371;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.038 сек.