Естің негізгі процестері

Есте қалдыру. Есте қалдырудың бастапқы формасы - ырықсыз, ниеттелмеген мнемикалық әрекет, яғни мақсаты болмаған, арнайы тәсілдерді қолданбай-ақ жадта қалдыру. Бұл - болған әсерден ми қабығындағы кейбір қозу іздерінің санада бекіп қалуы. Ми қабығындағы әрқандай процесс соңында бекімі әр деңгейде болған із қалдырады.

Өмірде кездестіргендердің көбі адам есінде ырықсыз орнығады: төңіректегі заттар, құбылыстар мен тұрмыстық оқиғалар, адамдардың қылықтары, әншейін оқыла салған кітап мазмұны және, т.б., ал енді олардың әрқайсысының жадталуы бірдей емес. Әдетте, адам үшін өмірлік маңызды нәрселер, қызығулары мен қажеттіліктеріне орай және іс-әрекет мақсаты, міндетіне байланысты заттар мен оқиғалар жеңіл есте қалады. Тіпті ырықсыз есте қалдырудың өзі де таңдамалы сипатты, адамның төңірекке қатынасының берік не әлсіз болуынан.

Ырықсыз есте қалдырудан адамның алдына мақсат қоюынан болатын ырықты, ниеттелген есті ажырата білу керек. Мұндай есте ақпарат санада бекіп қалуы үшін адам арнайы тәсілдер қолданады, күрделі ақыл-ой әрекетін пайдаланады. Оқу барысында ниетті есте қалдыру көп жағдайда жаттап алу формасында орындалады, яғни оқу материалы толық әрі мүлтіксіз жатталғанша көп мәрте қайталанады. Жаттап алуды мақсат етіп қою маңызды роль ойнап, ол есте қалдыру үшін болған барша іс-әрекеттің мәнін айқындайды. Осыдан, ырықты есте қалдыру ырықсыз, ниеттелмеген есте қалдыруға қарағанда анағұрлым өнімді келеді.

Өмір барысында біз қабылдайтын заттың көбі алдымызға қойған арнайы мақсаттарға негізделмесе, есте тұрмайды. Сонымен бірге, егер алға осы міндет қойылып, оны іске асыру үшін қажет болған шаралар орындалып барса, есте қалдыру тиімді нәтижеге жетіп, санада берік орнығады. Бұл жағдайда жалпы міндеттер белгіленумен бірге (тұтастай жаттап алу), жеке, арнайы міндеттердің де болғаны жөн. Мысалы, бір жағдайда негізгі, басты ой-пікірді есте қалдыру мақсаты тұрса, екіншіде - сөзбе-сөз жаттап алу, ал үшіншіде бірде - деректерді тізбектей жаттау ниеті тұрады.

Түсінікті болатын да, есте қалатын да ең алдымен біздің іс-әрекетімізбен тікелей байланыстағы заттар, құбылыстар. Бірақ біздің мақсатты әрекетіміздің мазмұнынан тыс, ырықсыз есте қалдыруға негіз болған әрекетке енбеген нәрселер көбіне ырықты есте қалдырудың болмағанынан ойда қала бермейді. Қалай болғанда да ескерілетін жәйт: біздің жүйелі білімдеріміздің көбі арнайы әрекет-шаралардың нәтижесінде пайда болады, жинақталады. Мұндай ниетті әрекеттің басты мақсаты - қажетті материалды есте сақтап қалу. Есте қалдыру және тұрақтанған материалды қайта жаңғыртуға бағытталған мұндай әрекет мнемикалық (мнема - ес) әрекет деп аталады. Мнемикалық әрекетте адам өзіне ұсынылған материалдан қажетті бөлігін таңдап, оны есте қалдыру міндетін қояды. Барша жағдайда адам өзіне есте қалдыруға ұсынылған нысанды басқалардан айыра біліп, қосымша әсерлерге берілмей, қайта жаңғырту кезінде сол материал шеңберінен ауытқымауы қажет. Мнемикалық әрекеттің таңдамалылығы осында. Материалды жаттап алу, оны есте сақтау және жатталғанды еске түсіру мақсатында өткендегілерді саналы сараптау - саналы іс-әрекеттің айрықша формасы болып саналады.

Механикалық және мағыналық есте қалдыру.Есте қалдырудың табысты болуы адамның жадында сақтауға қажетті болған материалының мағынасын толық түсіне білуіне тәуелді. Механикалық жаттауда сөздер, заттар, оқиғалар мен әрекеттер қабылдау негізіндегі ретімен, қандай да бір өзгеріссіз, сол қалпында есте орнығады. Мұндай есте қалдыру барысында адам жатталуға тиіс нәрселердің кеңістік пен уақыт ішіндегі өзара жақындығына сүйенеді. Ал мағыналы есте қалдыруға келетін болсақ, ол материал бөлшектері арасындағы көзден таса, ішкі логикалық байланыстарына негізделеді, яғни мұндай естің астарында екінші сигналды жүйенің жалпыланған байланыстары жатады. Осыдан, мағыналы есте қалдыру оның механикалық түрінен әлдеқайда тиімді келеді. Механикалық жаттау тиімділігі шамалы, көп еңбектеніп, сан мәрте қайталауды керек етеді; мұндай жолмен жатталғандар қажетті кезінде еске түсе бермейтіні де бар. Ал мағыналы жаттау адамды шектен тыс еңбектерден азат етіп, үлкен де нық нәтижелерге кенелуіне жол ашады.

Түсінімді және берік есте қалдырудың шарттары. Материалды түсініп, ұғу үшін әр түрлі әдістерді қолдануға болады. Игерілген материалдың өзекті ой топтары бөліп алынып, жоспар түрінде өрнектеледі. Жоспардың әрбір атамасы - мәтіннің белгілі бөлігінің жалпыланған тақырыбына айналады. Бір бөлшектен екіншісіне өте отырып, материалдың негізгі мағыналарының логикалық бірізді тізбегі құрылады. Мәтінді қайта жаңғырту кезінде қажетті материал жоспар тақырыбы төңірегінде шоғырланып, оны еске түсіру жеңілдейді. Жоспар түзуге машықтану адамды оқуға, қызықтырған мәселелердің ішкі байланысы мен тәртібін байқап баруға үйретеді. Жоспар түзіп жаттауға дағдыланған оқушылардың білімі жоспарсыз есте қалдыруға тырысқан шәкірттердің білімінен анағұрлым артық та берік болатыны сөзсіз.

Материалды ұғудың пайдалы әдісі - салыстыру, яғни заттар, құбылыстар мен оқиғалар арасындағы бір-біріне ұқсастық пен ерекшелікті тани білу. Мұғалім көп жағдайда балаларға жаңа танымды түсіндіруде оны өткендегілермен салыстырып отырады, осылайша ол жаңа материалды оқушыларда қалыптасқан білім жүйесіне ендіріп барады.

Материалдың түсінімді болуы - оның нақтылығында. Бұл үшін жалпы ережелер мен анықтамаларды нақты, күнделікті өмірде кездесетін есептер мен мәселелерді шешу, байқаулар мен дәрісханалық жұмыстар арқылы түсіндіріп бару қажет.

Есте берік қалдырудың жолы - қайталап тұру. Бұл білім, ептілік, дағдыларды игерудің өте маңызды шарты. Бірақ мұндай іс-әрекет өнімді болуы үшін қайталау жұмыстары белгілі талаптарға сай орындалуы тиіс: қайталау белсенді және әр түрлі болуы ләзім (мысалдар келтіру, сұрақтарға жауап беру, схема сызу, таблица түзу, көрнекі құрал жасау, т.б.). Белсенді қайталау барысында екінші сигналдық жүйе жанданып, материалды ұғына түсінуге нәр береді.

Қайталаудың әр түрлі формада іске асуы, игерілетін материалдың өмірмен, күнделікті тұрмыстық практикамен ұштасып баруы есте қалдырудың толыққандылығын қамтамасыз етеді. Енжар (пассив) қайталаудан пайда шамалы. Қайталау уақытын реттестіріп барған жөн. Уақытқа байланысты қайталау екі әдіспен орындалады: жинақты және бөлшектенген. Бірінші әдісте материал бір отырыста жатталады да, оның қайталануы үздіксіз, бірнеше рет орындалады. Мысалы, оқушының өлеңді жаттап алуы үшін 12 қайталау қажет болса, ол сол мәтінді 12 рет оқып, толық есте қалдырмағанша, жұмысын үзбейді. Ал бөлшектенген қайталауда мәтіннің әр оқылу арасы бірнеше уақытпен ажыратылады. Бөлшектенген қайталау жинақты қайталаудан тиімділеу. Уақыт пен қуат үнемделеді, білім игерілуі мен жадта қалуы берік болады. Сондықтан да тәжірибелі мұғалімдер оқу материалын бүкіл жыл бойы қайталап баруға тырысады, бірақ жиі қайталаулардан балалар жалықпасы үшін олардың түрін, формасын, әдістерін алмастырып отырады, өткен материалды жаңа байланыстарға қосып барады.

Психологияда жаттау әдістерінің 3 түрі аталған: тұтастай, шамалап, аралас. Бірінші әдіс: материал мәтіні бастан аяқ, тұтастай бірнеше рет, толық игерілгенше қайталанады. Екіншіде - материал бірнеше бөлікке ажыратылады да, әрқайсысы өз алдына бірнеше қайталанып, жатталады. Аралас жаттауда тұтастай игеру және шамалап есте қалдырумен материал элементтері біріктіріледі. Бүтін материал алдымен толық, көлеміне орай бір не бірнеше рет оқылады, кейін қиын тараулары бөлініп алынып, өз алдына жатталады, ақырында бүтін мәтін қайтадан толық жаттауға түседі.

Есте қалдырудың нәтижелі болуы материал сипатына да тәуелді. Көрнекі-бейнелі нысан жалаң сөзден гөрі тәуір есте бекиді; мағыналы ұштасқан мәтін жеке, байланыссыз сөйлемдерге қарағанда оңай жаңғыртылады. Түсіндірме (объяснительный) мәтіндермен салыстырғанда суреттеме (описательный) мәтіндер оқушылар есінде тез орнығып, ұзақ сақталады.

Табысты есте қалдырудың және бір тиімді жолы қажет материалды жүйелестіре білу, яғни есте қалдыруға керек болған заттарды қандай да белгілері бойынша топқа жіктеп, біріктіру, мысалы, түріне, көлеміне, формасына, оқиғалардың өту уақытына т.с.с.

Есте сақтау. Адам есінде қалдырғанды біршама уақыт аралығында жадта сақтап тұру қабілетіне ие. Есте сақтау ес процесінің құрылымдық бөлігі ретінде өз заңдылықтарына бағынады. Есте сақтау динамикалық (қозғалмалы) және статикалық (тұрақты) түрде көрінуі мүмкін. Динамикалық есте сақтау мезетті қызметтік (оперативная) есте орын иелеп, ал статикалық - ұзақ мерзімді есте әрекетке келеді. Динамикалық есте сақтауда жатталған материал өзгеріске түсе бермейді, ал тұрақты есте, керісінше, қайта құрылып, өңделеді.

Ұзақ мерзімді есте сақталатын материал сырттан үздіксіз келіп жатқан жаңа ақпараттардың әсерінен ұдайы қайта жасалып жатады. Мұндай процесте естің жаңалануы әр түрлі формада өтуі мүмкін: есте сақталған материалдың кейбір бөліктері жойылады, бірінің орнына екіншісі келеді, материалдың орналасу кезегі өзгеріске түсіп, қажет бір жалпылыққа келтіріледі. Бұның барлығы қайта жаңғырту кезінде байқалады. Ақпараттың сақталғаны және оның өзгеріске түскенін естің келесі екі процесінде анықтау мүмкін, бұлар - тану мен қайта жаңғырту.

Тану және қайта жаңғырту. Қандай да нысанды тану сол объектіні қабылдау кезінде көрінеді, яғни объектнің қабылдануы адамда бұрыннан қалыптасқан ес немесе қиял елестері негізінде іске асырылады.

Затты не құбылысты тани отырып, біз оны белгілі бір категориялар тобына жатқызамыз. Тану өзінің дәлдігі және толықтығына орай әр түрлі дәрежеде болуы мүмкін. Танудың ең төменгі дәрежесі адамның алдындағы затты дәл біле алмай, тек шырамытуынан білінеді. Ал аса жоғары тану дәрежесі адамда қабылданатын зат бойынша ешқандай күмәні болмаған жағдайда байқалады; толық тануда субъект қабылданып жатқан нәрсені қалтқысыз белгілі топқа жатқызып, онымен қандай жағдайда кез болғанын айтып бере алады немесе оны танитыны жөнінде қосымша айғақтар келтіреді.

Қайта жаңғыртудың танудан өзгешелігі: ол танудан соң іске асады немесе тіпті тікелей танусыз-ақ одан тыс жүзеге келуі мүмкін. Сондықтан да бұрынғыны қайта жаңғырту процесі танудан гөрі күрделірек келеді. Мысалы, оқушы мәтінді қайта оқи отырып оңай таниды, ал кітап жабық болып, мәтінді тікелей көрмесе, ол, әлбетте, біраз қиналады.

Қайта жаңғырту материал бөліктерін өз кезегімен еске түсіру арқылы жүргізіледі, бұл жағдайда іске белсенді еріктік әрекет қосылады.

Материалды еске түсіруде жоспарлы берілген сұрақтардың көмегі үлкен. Сұрақтар баланы негізгі мақсатқа жетелеп, материал мәтіндері арасындағы уақытша байланыстарды (ассоциация) қоздырып отырады. Кейде сұрақтар орынсыз қойылып, екіұшты болса, баланың материалды еске түсіруіне кедергілік етеді. Бұл мұғалімнің есінде әрдайым сақталғаны жөн. Қайта жаңғырту ырықты және ырықсыз орындалуы мүмкін. Еске түсіру - бұл әрқашан ырықты, ниеттелген әрекет: адам алдына күні бұрын еске түсіруді мақсат етіп қояды, ол үшін ой толғанысына батып, ерік күшін қосады. Ал ырықсыз жаңғырту өздігінен жүріп жататын процесс, оның негізінде дүние заттарының уақыт пен кеңістікте болған ұқсастық, сыбайластық немесе қарама-қарсылық байланыстары жатады.

Қайта жаңғырту тікелей немесе жанамаболып бөлінеді. Тікелей қайта жаңғыртуда аралық байланыстарды еске түсірудің қажеті болмайды (мысалы, көбейту кестесін жатқа айтып беру). Жанама қайта жаңғыртуда адам байланыстырушы аралық тетіктерді пайдаланады, олардың ішіне жаңғыртылуы тиіс материалға (нысанға) қатысы бар тірек сөздер, бейнелер, сезімдер мен әрекеттер кіреді.

Ұмыту.Ұмыту процесі еске түсіре алмау немесе тану мен қайталап айтып берудегі қателесуде көрінеді. Ұмытудың физиологиялық негізі - уақытша жүйке байланыстарын жандандыруға кедергі етуші ми қабығындағы тежелу әрекеттері. Көбінесе бұл жағдай материалды еске сақтап тұруға ниеттелген қайталаулардың уақытылы болмауынан туындайтын, ойда қалдырғанды бірте-бірте сөндіріп барушы тежелу процесіне байланысты. Толық жаңғырта алу мен бүтіндей ұмыту аралығында психологияда «ес деңгейлері» деп аталған тану кезеңдері байқалады. Мұндай деңгейлер үшеу: 1) қайта жаңғыртушы ес; 2) тану есі; 3) тану мен жаңғыртуды жеңілдетуші ес. Мысалы, оқушы өлеңді жаттап алды. Егер уақыт өтуімен шәкірт жаттағанын түгелдей жаңғырта, айтып берсе, онда балада бірінші деңгейдегі, ең жоғарғы естің болғаны; егер оқушы жаттағанын айтып беруде көп қателессе, бірақ оны кітаптан немесе басқаның айтуында тани алса, екінші деңгейлі еске ие болғаны; егер оқушы жаттағанын өз бетінше кітаптан да, басқаның еске салуымен де қайталап айтып бере алмай, бірақ толық еске түсіріп айтып беру үшін қайта жаттауда аз уақытта нәтижеге ере алса, онда үшінші деңгейлі еске ие болғаны.

Ұмыту материал құрылымын түзуде, яғни жоспарлауда, оның кейбір мәнді бөлшектерін назардан тыс қалдыруда, жаңа жаттағандарын ескілерімен шатастыруда көрініс береді. Ұмытшақтықты жеңу үшін оның туындауына себепші келесі заңдылықтарды білу қажет:

1. Ұмытудың уақыт ішінде желісі әр түрлі. Жатталғанның есте тұрмауы, әсіресе, материалды бірінші қабылдаудың ізін ала болады, ал кейін дейділеген ақпарат ұмытыла бермейді.

2. Қабылданған материалды қайталап бару жұмыстарын кейінге ысырып қоймай, дер мезгілінде орындап тұрған жөн.

3. Қабылдаудың ізін ала ұмтылған материал бірнеше уақыт өтуімен қайта еске оралады. Бұл құбылыс психологияда реминисценция (жобалай еске түсіру) деп аталған.

4. Материалдың тез істен шығып, ұмытылуы, оның түсініксіздігінен, мағынасына жете ене алмағандықтан да болады. Сондықтан әрдайым мұғалім ұсынылған материалдың жеткілікті деңгейде түсінімді болғанын анықтап алғаннан соң ғана оны есте қалдыруға байланысты жаттығуларға өткені дұрыс.

5. Адамның ұмытшақ болуының үлкен бір себебі - оның айналысқан материалының қызықты болмай, тұрмыстық қажеттілікпен байланыспауынан келіп шығады. Осыдан да ересек адамдардың көбі өз кәсібіне, өмірлік қызығуларына орай өткен оқиғалар мен кезіккен ақпараттарды жадынан шығармайды.

6. Ұмыту желісі материал көлемі мен оны игеру қиыншылықтарына тікелей байланысты.

7. Ұмыту процесінің кем болуы үшін жаттау қызметінен кейінгі іс-әрекет алдыңғы жаттауға кедергі болмай, оны қайталауға байланысты жұмыстармен ұштастыруға мүмкіндік бергені орынды.

8. Ұмытшақтыққа себепші көп факторлардың ішінде аса қатерлісі - адам жүйке жүйесінің әр түрлі сырқаттарға шалдығуы мен бас құрылымының кездейсоқ соққылар мен жарақаттар алуы. Ұмыту қызмет бабымен шаршауға да байланысты. Қажетті материалға назар аударуға кедергі келтіретін шектен тыс әсерлер де ұмытшақ болуға өз ықпалын тигізбей қоймайды.

Ұмытшақтықпен күресте жоғарыда келтірілген жаттаудың ғылыми негізделген әдістерін білу көп жәрдемін тигізері сөзсіз. Бұл ұсыныстарды елемеуден материалды есте қалдыру мен есте сақтау үшін бекерге уақыт жойып, көп еңбек сарп етіп, ақырында межелеген нәтижеге жете алмай қалу екінің бірінде болатын жағдай.

Естің бұзылысы. Ес қызметінің қажетті деңгейінен кері ауытқуы астарында психологиялық талдауды қажет ететін әр түрлі жағдаяттар жатыр. Мидың психикалық қалпы ең алдымен ес бұзылысынан көрінеді. Мұндай ақыл-ес сырқаты көбіне ағымдағы оқиғаларды есте қалдыруға қажет болған ырықсыз (тікелей) естің бұзылуымен байланысты, яғни адам жаңа ғана көрген-білгенін қас-қағым уақыт өтпей ұмытады, бірақ өткендегілерін түгелдей, жақсы болжастыра алады. Науқас адам атам заманда не оқығаны, қандай қызмет атқарғаны жөнінде жай-жапсарын қалдырмай еске түсіріп беруі мүмкін, ал осы бүгін тамақтанды ма, жоқ па; қажет адамымен кездесті ме, кездеспеді ме - бұған жауап таба алмай, мүдіріп қалуы таңқалғандай. Бұл адамдағы қайта жаңғырту, еске түсіре, жатқа айтып беру қабілетінің жойылуы деген сөз.

Ес бұзылысы кейде өткендегі оқиғаларды да қайта тіктей алмаудан көрінеді: науқас адам өмірінде не болғанынан түк хабарсыз, бұрынғыны бүгінгісімен шатастырады, жыл, айларын алмастырады, яғни уақыт пен кеңістік өлшемдерін таразылай алмайтын жағдайға түседі. Сонымен бірге науқас адам санасында өте бір ұзақ уақытта болған қандай да бір оқиға, жағдай естен кетпестей орын тебуі мүмкін.

Кейбір жағдайларда ес өз желісінің (динамика) бұзылуынан да көрінеді: адам белгілі бір уақыт аралығында тәп-тәуір жаттап, материалды қайта жаңғырта алса, ал қысқа бір мерзім өтумен бұл қабілетінен айырыла қалады. Мұндай сырқатқа шалдыққандар кейде оқыған, білгендерін тәптіштеп айтып беріп отырса, біраздан соң әйтеуір жай нәрсені есіне түсіре алмай қиналады. Мұндай жайлардан адам есі үзіліске түсіп, оның ой жүрісінің бұзылғанын байқаймыз.

Ес бұзылыстарын зерттеу ми сырқаттарының белгілерін дәл танып, болжастырумен бірге.

(Қараңыз. «Жантану негіздері». С. Бабаев (Бап-Баба). Алматы, 2001 ж. 154-170 беттер).

 

Ес теориялары

 

Өткен ғасырдың 80-жылдары неміс психологі Г. Эббингауз ойлаумен байланысты болмаған таза ес заңдылықтарын ашты: мағынасыз әріп буындарын жаттата отырып, материалды есте қалдырудың негізгі шектерін белгіледі. Ал психиатр Э. Крепелина аталған тәсілді психикалық ауытқуы бар сырқаттардың есте қалдыру (жаттау) әрекетін тексеру үшін қолданды. Адам есінің бекуі және қайта жаңғыруымен байланысты негізгі заңдар Г.Э.Мюллер еңбектерінде жария етілді.

Алғашқы кездегі ес зерттеулері көбіне саналы іс-әрекетпен байланыстырылды, ал ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында ғылыми іздену шеңбері кеңейе түсті, енді талдау аймағына есте сақтаудың жалпы табиғи, адамға да, жануарға да бірдей механизмдері алынды. Бұл тұрғыдан зерттеу жүргізген американ психологі Торндайк жануарлардағы дағдылардың қалыптасу заңдылықтарын ашып берді. Бұл үшін ол жануарларды лабиринтте жол табуға жаттықтырып, одан қалыптасатын дағдылардың бізді беку процесін байқастырды. ХХ ғ. алғашқы он жылдығында ес процесін зерттеу жаңа ғылыми формаға еніп, ол И.П.Павлов ашқан шартты рефлекстер әдісімен байланысты болды. Есте қалдыруға ықпал жасаушы жаңа шартты байланыстардың пайда болуы мен олардың сақталу жолдары осы И.П.Павлов жаңалығына орай белгіленді. Бұл кезеңге дейінгі психологиялық зерттеулер естің ең қарапайым процестерімен ғана шектелген еді.

Ал естің ең жоғары, адамға өз өмірінің қалаған кезеңін жадқа түсіріп, оны пайдалануға мүмкіндік туғызатын ырықты және саналы формалары тек философтар тарапынан қарастырылып, олар естің табиғи формаларына қарсы қойылды да жоғары сананың туындысы деп танылды. Сондықтан да естің жоғары формаларының пайда болуы мен даму себептерін айқындау философ-идеалистер күн тәртібінде тіпті де қойылмайды. (А. Бергсон)

Естің жоғары формаларының жүйелі зерттелуі орыс ғалымы Л. С. Выготский есімімен байланысты. Ол 20-жылдар аяғында өз шәкірттерімен бірлікте естің жоғары формаларының дамуы жөніндегі мәселені қозғай отырып, олардың әлеуметтік негізге ие психикалық іс-әрекеттің күрделі түрі екенін алғашқы рет дәлелдеді. Ұлы ғалымның ізбасарлары А. А. Смирнов және П.И.Зинченко естің саналы іс-әрекетпен байланыстылығы жөніндегі жаңа әрі мәнді заңдарын ашып, жадта қалдырудың алға қойылған мақсатқа тәуелді болатынын дәлелдеп әрі күрделі материалды есте қалдырудың тәсілдерін белгілеп, ұстаз тағлиматын одан әрі толықтырды.

Ес психологиясын зерттеудің біршама нәтижелі болуына қарамастан, естің физиологиялық механизмдері мен өзіндік табиғаты көпке дейін сыр болып, философтар мен психологтар есті «материяның жалпы қасиеті» деуден аспады. Кейінгі 30 жыл ішінде ғана бұл ғылым бағытында кейбір саңлақтар көрініс берді. Бұл кезеңдегі зерттеулер нәтижесінде есте қалдыру, сақтау және жаңғырту тереңде жатқан биохимиялық өзгерістермен байланысты екені анықталып, оның РНК (рибонуклейн қышқылы) құрамындағы ауысуларға тәуелділігі және ес іздерін биохимиялықжолдармен екінші ағзаға егуге болатыны дәлелденді.

Ақырында, ес іздерін сақтауға қажетті ми аймағын табуға және есте қалдыру мен ұмытудың жүйкелік механизмдерін ашуға ниеттелген зерттеулер жарық көрді. Қазіргі күнде ес процесін тану психологиялық, физиологиялық және биохимиялық негіздердегі ізденістерге сүйенуде. Осыдан, адам есі біртекті қарапайым қызметтен құралмайтыны белгілі болып отыр. Оның құрамы сан-алуан. П. Линдсей мен Д. Норман естің бір-біріне ұқсамас 3 типі болатынын алға тартады: 1) сезімдік әсердің тікелей, нақты ізі; 2) қысқа мерзімді ес; 3) ұзақ мерзімді ес.

Сезімдік әсердің тікелей, нақты ізі. Бұл ес жүйесі біздің сезім мүшеміз қабылдаған дүние көріністерін толық әрі дәл сақтауға жәрдем береді. Мұндай жолмен еске түскен қоршаған орта ақпараты жадымызда өте қысқа мерзімге ғана орнығып, 0, 1-0,5 сек. ішінде жойылып кетеді.

1. Қолыңызды 4 саусағыңызбен қағып, кейін одан келген сезімнің қалайша өшетініне мән беріңіз: қағу тоқтағаннан соң да, болған қаққылау сезімі біршама уақыт сақталып барып, соң жойылады да, кейін тек нақты әрекеті болғаны ғана есіңізде қалады.

2. Көзіңізді біраз жұма тұрып, кейін сәл мезетте ашумен, қайта жұмыңыз. Ашып-жұму арасында қас-қағымда көрген заттарыңыздың бейнесі нақ күйінде көз алдыңызда біраз сақталып, кейін жаймен жойыла бастайды.

3. Қалам не сұқ саусағыңызды көз алдыңызда оңды-солды жүргізсеңіз, қозғалған затқа оның бұлдыр сағымы ергенін байқайсыз.

Қысқа мерзімді есте жоғарыда баяндалған жүйедегіге қарағанда материал басқаша тұрақтайды. Бұл жағдайда есте қалған бейне сезімдік деңгейдегі толық көріністей болмай, оқиғаның қандай да бір шағын баламасына сәйкес келеді. Мысалы, сізге қаратылған ақпарат оны құрайтын дыбыстар жүйесінде қабылданбай, біртұтас сөздер қалпында еске алынады. Әдетте, ұсынылған материалдың ең мәнді деген 3-4 бірлігі немесе кейінгі элементтері ғана қабылданады. Саналы, ерік күшін қосумен сол қабылданған сөздік материалды бірнеше рет қайталай отырып, оны біршама ұзақ мерзім сақтауға болады. Ал сезімдік естегі бейне қайталанбайды, ол секундке жетпей жойылады да ұзақ сақтауға келмейді.

Ұзақ мерзімді ес. Баршаға белгілідей, осы мезетте болған оқиға мен атам заманда жүз берген тарихи жағдайларды есте сақтаудың арасында айтарлықтай өзгешелік бар. Осыдан ұзақ мерзімді ес - жадта сақтау жүйесінің маңызды да әрі күрделі түрі. Жоғарыда келтірілген 2 ес жүйесінің қамту аймағы өте шектелген: біріншісі - шағын уақытқа жұмыс істесе, екіншісі - материалдың кіші бір бөлігін ғана ұстап қалуға қабілетті. Ал ұзақ мерзімді естің уақыты да, қамту көлемі де шексіз. Бірнеше минуттан артық сақталғанның бәрі ұзақ мерзімді еске кіреді.

Ұзақ мерзімді еске байланысты қиыншылық - бұл санадағы ақпаратты іздестіріп, таңдап, қажеттісін таба білу. Ал есіміздегі мәліметтің көптігі соншалықты, оны санмен айғақтау мүмкін емес. Солай болса да, сана қорымыздан қажетті дерек дер кезінде шыға келетініне таңданбасқа болмайды.

Бірақ ұзақ мерзімді естің де аймақ көлемінің шегі барын мойындамасқа болмайды, себебі ол өлшем мимен байланысты. Ғылымда дәлелденгендей, ми 10 млрд. нейроннан тұрады, ал әрбір нейрон аса көп санды ақпарат сақтауға қабілетті. Бірақ әрбір жеке адам миының есте қалдырып, сақтау мүмкіндігі оның биологиялық, әлеуметтік дамуына тәуелді.

Ес механизмдерін психологиялық зерттеу тарихы басқа психикалық құбылыстарды үйренуден гөрі ертерек бастау алған. Алғашқы кең етек алған естің ассоциативтік теориясы. Бұл теорияның мәні: дүние заттары мен құбылыстарының есте орнығуы мен қайта жаңғыруы бірінен бірі бөлектенген күйде емес, өзара байланысты «топталған не тізбектелген» (Сеченов) қалыпта жүреді. Осы процеске тәуелді мида жадта қалдыру мен қайта жаңғыртудың физиологиялық негізі - уақытша жүйке байланыстары түзіледі. Мұндай байланыстар психологияда ассоциациялар деп аталған. Ассоциациялардың бірі заттардың уақыт пен кеңістіктегі қатынас бейнесінен, яғни жанасу ассоциациясы, екіншісі - олардың ұқсастығынан туған бейнеден, яғни ұқсастық ассоциациясы, үшіншісі - қарама-қарсылыққа негізделеді (контрастық ассоциациясы), төртіншісі - себеп-салдарлы қатынастардан туындайды (каузальдық ассоциация). Бұл бағыттағы теорияны ұсынып, дамытқандар: Аристотель, Юм, Д.Джеймс, Спенсер, И.М.Сеченов, И.П.Павлов.

Естің нейрондық теориясы. Адам миының құпиялары көп жағынан әлі ашылар емес. Ол өте құрылымды. Осы күрделі ақуызды жинақтың жаңа ақпарат топтап, оны сақтай алу қабілетін қазіргі күндегі психология онда жүріп жататын құрылымдық немесе химиялық өзгерістермен байланыстырып отыр. Бұл теорияның негізгі мәні мынада: есте қалдыру мидың электрлік белсенділігімен, яғни мидағы химиялық не құрылымдық белсенділік қандай да бір жолмен ағзадағы электр қуатын арттырады. Бұл үшін ес іздерін іске қосатын жүйке тізбегі болуы шарт. Физиология заңдарына орай нейрон жеткізген импульстер аксон (қозуды жеткізуші) арқылы бір жасушадан екіншісіне беріледі. Аксонның жасушамен тоғысқан жері синапс деп аталады. Жеке бір жасушаның өзіндегі осы синапстың саны мыңдаған. Синапс негізінен екі түрлі қызмет етеді, бірі - қоздырушы, екіншісі - тежеуші. Сонымен, қысқа мерзімді не ұзақ мерзімді естің екеуі де бірдей қозушы немесе тежелуші жүйке элементтерінің бір-біріне әсерінен туындайды. Айырмасы - қысқа мерзімді ес белгілі нейрондардың уақытша электрлік белсенділігінен болады да ұзақ мерзімді ес нейрондардың тұрақты құрылымынан келіп шығады.

Естің биохимиялық теориясы. Нәсілдік негізінде жатқан химиялық процестер ашылуымен ғылымда сол процестің есте қалдыруға ықпалы жоқ па деген ой пайда болды. Әр ағза үшін тән болған генетикалық ақпарат ДНК (дезоксирибонуклейн қышқылы) молекулаларында шоғырланады, ал оны тасымалдау басқа (РНК) нуклейн қышқылыныңмолекуласымен орындалады. ДНК ағзаға тән әр жаңа генетикалық есті өзінде сақтайтындықтан, оның өзі немесе РНК игерілген тәжірибені де бірден бірге өткізуі мүмкін деген болжам жасалды. Эксперименттер нәтижесінде тәнді құрайтын молекуланың химиялық құрамы тіршілік иесінің тәжірибе топтауымен өзгеріске келетіні анықталды. Бұл келесі сұрақты туындатты: үйрету барысында өзгерген РНК молекуласы жаңа пайда болған дағды жөніндегі мәліметті өзінде сақтай ма не сақтамай ма? Эксперимент барысы: жануар қажетті әрекетті орындауға үйретілген-ді. Оның жүйке жүйесінің бір аймағынан РНК молекуласы бөліп алынды, кейін ол игерілген білікті екінші жануарға өткізу үшін жаңа ағзаға егілді. Үйретілген жануардың РНК молекуласын қабылдаған екінші жануар (жалпақ құрт) алғашқысының дағдысын қайталап берді.

Тағы бір эксперимент. Планари құрттары бірі-бірін қорек етеді. Егер бір планариді белгілі бір әсерленуге үйретіп, оны турап, үйретілмеген екіншісіне жегізсе, онда кейінгі құрт та алғашқысының әрекетін қайталайтыны байқалған (Д. Мак-Коннел).

Аталған эксперимент тәжірибелерден естің ерекше іздері дене молекулаларындағы химиялық бірікпелерде таңбаланып (кодталып), организмде еркін қозғалыста болатыны және олардың бір жануардан екіншісіне ауысатыны толық дәлелденді.

Есте қалдыру және қайтадан жаңғырту үшін жұмсалатын әрекеттердің сипатына орай естің әр түрі келесі негізгі үш өлшемге (критерий) сәйкес болуы шарт: 1) әрекеттегі басымдырақ болған психикалық белсенділіктің сипаты бойынша ес - қозғалысты, сезімдік, бейнелі және сөз-логикалы болып бөлінеді; 2) іс-әрекет мақсатына орай ес - ырықты және ырықсыз болуы мүмкін; 3) дүниелік іс-әрекеттегі ролі мен орнына тәуелді жатталып, сақталу мерзімінің мөлшеріне байланысты - қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді және нақты қызметтік (оперативная) естер ажыратылады.

 








Дата добавления: 2015-10-26; просмотров: 17661;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.025 сек.