Тақырып. Табиғатты қорғау және Тұрақты даму.

Жоспар:

1. Табиғатты қорғау.

2. Табиғатты қорғау және Тұрақты даму.

Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру:

Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру мен құқық қолдану функцияларын жүзеге асыру кезінде қосарланушылықты болдырмау және мұндай қызмет процесінде азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын қорғау тетігін құру жолымен мемлекеттік бақылау органдарын күшейту көзделеді.

Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау органдары арнайы инспекциялар өткізумен, немесе құқық қолдану іс-қимылдарын жүзеге асырумен байланысты кез келген мәселелерге қатысты тәуелсіз және әділ шешімдер қабылдау үшін барлық өкілеттіктерге ие болуы тиіс.

Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау жүйесін дамыту келесі бағытта жүріледі:

· құқық қолданудың және Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауды ынталандырудың тиімді жүйесінің негізгі сипаттамасын табуға мемлекеттік органдарға көмектесетін және ұзақ мерзімді перспективада қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалану саласында мемлекеттік бақылау органдарының институционалдық реформасын жүргізуге ықпал ететін модельді құру;

· экологиялық заңнаманы сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметке барлық қатысушылар ретіндегі мемлекеттік органдардың, өнеркәсіп орындарының, үкіметтік емес ұйымдардың және қалың жұртшылықтың арасындағы ынтымақтастыққа және ақпарат алмасуға жәрдемдесу;

· экологиялық менежмент жүйесінің маңызды құралы ретінде өндірістік бақылауды міндетті түрде жүзеге асыру;

· табиғат қорғау іс-шараларының орындалуына қызметтің барлық деңгейіндегі жауапкершілікті нақты айқындау;

· қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғаларға құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер беруге бағытталуы тиіс.

Табиғат пайдалану мен экологиялық сараптаманың рұқсат ету жүйесін оңтайландыру:

Әлемнің дамыған елдерінде қоршаған ортаны ластауға рұқсат беру шарасы қоршаған ортаға келетін әсерді міндетті түрде бағалау негізінде кешенді түрде жүзеге асырылады. Бұл қағиданың бір құқықтық көрінісі әлемнің көптеген елдерінің экологиялық заңнамасына енгізілген қоршаған ортаға әсерді бағалау тәртібі болып табылады. Осындай елдер қатарына Қазақстан Республикасы да кіреді.

Қазақстанда, әдетте, ТМД-ның басқа елдеріндегідей, қоршаған ортаға келген әсерді міндетті түрде бағалаумен қатар, мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізіледі. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың ажырамас бөлігі болып табылатын қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) шаруашылық қызметін алдын ала экологиялық бақылаудың тетігі болып есептеледі.

Қоршаған ортаны алдын-ала қорғау, немесе қоршаған табиғи ортаға антропогендік кері әсердің алдын алу қағидасы әлемнің көптеген елдерінде кең қолдау тапқан. Бұл орайда өңірдегі экологиялық ахуалды, қоршаған ортаның аялық жай-күйін ескере отырып, ластаушы заттар эмиссиясының рұқсат етілген көлемдерін ғылыми тұрғыда негіздеу, табиғат пайдаланудың ерекше жағдайларын белгілеу қамтамасыз етіледі. Қоршаған ортаның ластануын нормалау халықтың денсаулығына және қоршаған ортаның жай-күйіне зиянды кері әсердің салдарын барынша ескере отырып жүргізіледі. Сондай-ақ жоспарланатын қызметтің әлеуметтік-экономикалық салдары да есепке алынады.

Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қортындылары негізінде кәсіпорындар жыл сайын қоршаған ортаны ластауға рұқсат алады. Халықаралық тәжірибені пайдалана отырып және табиғат пайдаланушылар қызметінің жобалық шарттарының ықтимал өзгерістерін ескере отырып рұқсаттардың қолданылу мерзімін оларды ұлғайту жағына қарай қайта қарау арқылы рұқсат беру жүйесін оңтайландыру көзделуде. Бұл кәсіпорындар санының тұрақты өсуін ecкepe отырып, түсетін құжаттамаға талдау жасауға үстірт көзқарас болмауы үшін қажет.

Сонымен қатар, Қазақстанда жаңа нарықтық жағдайда табиғат пайдалануды реттеу процесіне жұртшылықты тартуға мүмкіндік беретін пәрменді тетік болуы тиіс қоғамдық экологиялық сараптаманы жүргізу заңдық тұрғыдан бекітілген. Бұл Қазақстан Республикасының "Экологиялық кодексінде" арнайы көрсетілген.

Үкіметтік емес ұйымдарды (YЕҰ) табиғат қорғау қызметіне неғұрлым белсендірек тарту, олардың ғылыми және бұқаралық әлеуетін белсенді пайдалану шарасы да өте маңызды болмақ. Үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктері мен ресурстарын қоғамдық экологиялық сараптама жүргізуге, оның ішінде заңнамалық актілерді әзірлегенде, экологиялық жобаларды қалыптастырғанда, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен экологиялық ахуалдың мониторингін өткізгенде кеңірек пайдалану қажет. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 наурыздағы N 253 қаулысымен бекітілген Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың 2003-2005 жылдарға арналған бағдарламасының қабылдануын ескере отырып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы YEҰ-ды экологиялық жобаларды іске асыруға, қоғамдық экологиялық сараптама өткізуге қатысуға тартуға нақты мүмкіндік ашылды.

Экологиялық мониторинг жүйесін жетілдіру:

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасындағы экологиялық мониторингті дамытудың деңгейі заман талабына жауап бере алмайды. Бүгінде өлшеу аспаптарымен жарақтануы қажетті деңгейдің 40-тан 80%-ы арасында бола отырып, бақылау нүктелерінің мемлекеттік желісі олардың оңтайлы санының 20%-ын ғана құрайды. Бақылау және өлшеуге арналған техникалық құралдардың ескіріп тозуы одан алынатын ақпараттың көлемі мен сенімділігінің азаюына әкеліп соқтыруда. Әрі түрлі министрліктер мен ведомстволардағы мониторинг жүйесінің өз-ара жеткіліксіз үйлестірілуі қоршаған ортаның жай-күйін толық көлемде әділ бағалауды жүзеге асыруға және уақытылы жедел ақпарат алуға мүмкіндік бермейді.

Ведомстволық мониторингтің барлық кәсіпорындары мен мекемелерін, сондай-ақ өндірістік мониторинг жүйелерін енгізе отырып, геоақпараттық жүйелер негізінде қоршаған орта мен табиғи ресурстардың экологиялық мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін құру жөніндегі шараларды шұғыл түрде іске асыру талап етіледі. Оның қалыпты жұмыс істеуі үшін ақпаратты жинау, жүйелеу, сақтау және тарату үшін экологиялық ақпарат қорын құру, бақылау және өлшеу жүйелерінің қазіргі материалдық-техникалық базасын жаңғырту, барлық мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру үшін нормативтік құқықтық актілерді қабылдап жүзеге асыру қажет болады.

Экологиялық статистика:

Экологиялық статистика стратегиялық және индикативтік жоспарлардың, мемлекеттік бағдарламалар мен басқа да бағдарламалық құжаттардың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға, Қазақстанның даму деңгейін, оның әлемдік қауымдастықтағы орнын айқындауға, мемлекеттік органдар мен жұртшылық қызметінің басым бағыттарын бөле көрсетуге ықпал етеді. Алайда, статистикалық көрсеткіштерді қалыптастыруда жүйелі негіздің болмауы, сондай-ақ олардың аздығы қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйінің өзгеру серпінін дұрыс бағалауға мүмкіндік бермейді. Осы мақсатта қоршаған ортаны қорғау саласындағы индикаторлар мен көрсеткіштердің ғылыми негізделген жаңа жүйесін әзірлеу қажет.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы индикаторлар мен көрсеткіштердің жүйесі индикативті әлеуметтік-экономикалық жоспарлау мен мемлекеттік статистика практикасына енгізілуі тиіс.

Қазақстан Республикасының заңнамасын экологияландыру арқылы жетілдіру:

Қазақстан Республикасының заңнамасын экологияландыру қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудегі экожүйе қағидасын ескеру болып табылады және оған Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру және жүйеге келтіру жолымен қол жеткізіледі. Бүгінде Қазақстан құрамына 10 шақты заң мен 200-ден астам заңға тәуелді нормативтік құжаттар кіретін дамыған экологиялық заңнамаға ие.

Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын жетілдіру саласында ең алдымен, дамыған елдердің экологиялық заңнамасына жақындату және халықаралық стандарттарды енгізу бағыты алынған. Бұнда бірінші кезекте, пәрмені қоршаған ортаның жай-күйіне әсер етуі мүмкін Қазақстан Республикасының барлық басқа да заң актілеріне табиғат қорғау нормаларын енгізу қажет.

Міндетті экологиялық сақтандыруды енгізу жөніндегі және өндіріс пен тұтыну қалдықтарының мәселелері жөніндегі заң актілері, экологиялық аудитті енгізу туралы заңды жүйе қамтамасыз етілді. Сақтандыру ұйымдарының қаражатты жинауы қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыру кезінде елеулі авариялар мен апаттар жағдайында да қоршаған ортаға зиянды өтеуге кепілдік беруі тиіс. Экологиялық аудит өз кезегінде кәсіпорындар мен ұйымдарға қоршаған ортаны ластаудың нормативтік көрсеткіштеріне экономикалық тұрғыдан ұтымды әдістерімен қол жеткізуге көмектесуі тиіс.

Қоғамды экологияландыру:

Қоғамды экологияландыру дегеніміз адамның табиғатпен үйлесімділігіне қол жеткізуге бағытталған қоғам көзқарасының жүйесін қалыптастыру процесі деген сөз. Оны жүзеге асыру экологиялық білім беру мен тәрбиелеуді дамыту, оны ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету, экологиялық үгіт-насихат және жұртшылықтың қатысуы жолымен жүргізіледі.

Экологиялық білім беру және экологиялық қауіпсіздікті ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету:

Қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға негіз болатын экологиялық білім беруді дамыту үшін:

· білім берудің барлық деңгейіндегі оқу бағдарламаларына экология және тұрақты даму мәселелерін енгізу арқылы үздіксіз экологиялық білім берудің жүйесін қалыптастыру;

· міндетті және қосымша білім беру жүйесінің барлық деңгейі үшін экология саласындағы кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру;

· экологиялық білім беруді мемлекет тарапынан қолдау қажет.

Экологиялық қауіпсіздікті ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету тұрақты дамуға көшудің теориялық және технологиялық негіздерін қалыптастыруды көздейді, ол өз кезегінде іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің мынадай кешенін қамтиды:

· табиғи жүйелердің экологиялық сыйымдылығы мен олардың тұрақтылық шектерін айқындау;

· экологиялық таза және pecуpc үнемдейтін технологияларды, өндірістерді, шикізаттың түрлерін, материалдарды, өнім мен жабдықты әзірлеп оқыту;

· биологиялық әртүрлілікті, биоқауіпсіздіктің ғылыми негіздерін сақтау проблемасын зерделеу;

· климаттың жаһандық және өңірлік ықтимал өзгерістерін және табиғи орта үшін оның салдарларын зерттеу;

· экологиялық қатер түрлерін айқындаудың ғылыми негіздерін әзірлеу;

· ластанулардың алдын алу мен жоюдың, қоршаған ортаны оңалту және қауіпті қалдықтарды кәдеге жаратудың құралдары мен әдістерін әзірлеу;

· адамдардың ауру түрлері мен қоршаған орта сапасы өзгерістерінің арасындағы байланысты зерделеу;

· қоршаған ортаны қорғау саласындағы жинақталған білімді жүйелеу және ғылыми зерттеулерді үйлестіру.

Экологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми зерттеулерді бюджеттік бағдарламалар және халықаралық гранттар арқылы мемлекеттік тапсырыс бойынша ғылыми мекемелер мен оқу орындары жүргізеді.

Экологиялық үгіт-насихат және оған жұртшылықтың қатысуы:

Халық көпшіліктің ортасында экологиялық ақпарат тарату шарасының экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін шешуде үлкен ағартушылық, әрі үгіт-насихаттық мәні бар. Бұл жұмыста орталық, облыстық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдары белсенді түрде қатыстырылуы дұрыс болады. Сонымен бірге, таратылатын ақпараттардың сапасын, жеделдігін және өзектілігін арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет. Мемлекеттік органдар осы бағытта ресми материалдар беру арқылы өзекті экологиялық проблемаларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауы жөн. Бұл үшін интернетте экологиялық сайттар құрып, онда ресми ақпараттарды орналастыру, ғылыми мақалаларды, монографияларды жариялауды жалғастыру, экологиялық газеттер мен журналдар басып шығару өте маңызды.

Экологиялық проблемаларды шешуде барлық мүдделі тұрғындардың қатысу тиімділігін ескере отырып, мемлекеттік органдар экологиялық ақпаратқа дер кезінде қол жеткізуді, қоршаған орта қорғау саласындағы шешімдерді қабылдауды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл әдіс сұраныстағы ақпаратты берумен және қоршаған ортаға айтарлықтай әсер ететін ірі шаруашылық жобалары бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізумен қамтамасыз етілетін болады.

Экологиялық үгіт-насихатта және ағартушылықта табиғатпен үйлесімдіктегі салауатты өмір салтын насихаттауға, экологиялық туризмді дамытуға ерекше рөл беріледі. Халықаралық конвенциялар бойынша алған міндеттемелерге сәйкес үкіметтік емес экологиялық ұйымдардың әлеуетін, қоғамдық бақылауды жандандыру, қоғамдық экологиялық сараптаманы жүргізу арқылы экологиялық проблемаларды шешуге, қоршаған ортаның сапасын жақсарту мәселелері бойынша қоғамдық көзқарасты қалыптастыруға қатысуға бағыттау күн тәртібінде болады.

Қазақстан Республикасындағы қоршаған тіршілік ортасының ахуалы: Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елдің экологиялық тұрғыда орнықты дамысы жөніндегі мемлекеттік шаралардың кешенін айқындау мақсатында 2003 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы Жарлығы шыққан болатын. Осы бір маңызды құжатта келтірілгендей Қазақстандағы тәуелсіздік жылдары экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мүлде жаңа мемлекеттік жүйесінің құрылып, қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалануды басқарудың және Қазақстан Республикасында қоршаған ортаны қорғау саласындағы атқарушы органдардың жақсы ұйымдастырылған және аумақтық таралған жүйесінің қалыптасу жылдары болды. Бұл қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды және оны дәйекті іске асыруды қамтамасыз ете бастады.

Алайда, Қазақстанда көптеген онжылдықтар бойы қоршаған ортаға төтенше жоғары техногендік салмақпен қысым түсіретін, табиғат пайдаланудың көбінесе шикізаттық жүйесі қалыптасып өркендеп келген еді. Сондықтан бүгінде экологиялық жағдайдың түбегейлі жақсаруы бірден байқала қойған жоқ. Ұлттық экономиканың барлық салаларын түбегейлі реформалау табиғи ресурстарды пайдалануға көзқарастардың өзгеруіне, қоршаған ортаны сақтауды ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық дамуды жүзеге асыруға негіз болды.

Бүгінде қоршаған орта және орнықты даму жөніндегі Рио-де-Жанейро декларациясының қағидаларына сүйене отырып, Қазақстан Республикасындағы қоршаған тіршілік ортасының ахуалын үш түрлі деңгейде алып қарастыруға болады. Олар жаһандық, ұлттық және жергілікті деңгейлер болып табылады және қоршаған тіршілік ортасын сауықтыру іс-шаралары да осы келтірілген үш деңгейге байланысты қарастырылғаны жөн.

Жаһандық экологиялық проблемалар: Бұл деңгейдегі экологиялық проблемалар қатарына бүкіл әлемдегі ауа райының өзгеруі, озон қабатының бұзылуы, биоәртүрлілікті сақтау, Жердің шөлейттенуі және тозуы секілді жер шарын толығымен қамтитын іргелі өзгерістерді жатқызуға болады.

Ауа райының өзгеруі: "Жылыжай әсерінің" салдарынан болатын ауа райының өзгеруі жалпы әлемдік көлемдегі проблема болып табылады және ол қоршаған ортаның жай-күйіне барынша ықтимал қатер төндіреді.

Қазақстан 1995 жылы Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның Yлгілік конвенциясын бекітті, ал 1999 жылы осы Конвенцияға сай Киото хаттамасына қол қойды. Аталған хаттаманы бекіткен және ол күшіне енген жағдайда Қазақстан “жылыжай газдары” деп атап жүрген қызған газдардың шығарындыларын қысқарту жөніндегі сандық көрсеткіштерді өз міндетіне ала отырып, осы хаттамадағы І қосымшаның заңды Тарапы болып шығатын еді. Қазақстанның Киoтo хаттамасын бекіту шарасы ұлттық мүдде, мақсатқа қаншалықты сай болатындығын айқындау үшін 2004-жыл барысында қызған газдардың шығарындыларын қысқарту жөніндегі сандық міндеттерді анықтап, оның Қазақстан экономикасына әсері бойынша зерттеулер жүргізу қажет болған еді.

Киото хаттамасын бекіту сөзсіз экологиялық тиімділігінен басқа, біздің ел үшін халықаралық инвестицияларды тарту, басқа елдердің экономикасына активтерді орналастыру мүмкіндігін туғызумен қатар, инвестор рөлінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру және "таза даму" процестеріне қатысу, өндірістің энерготиімділігін арттыру үшін жаңа технологияларды қолдану, сыртқы энергетикалық нарықта елдің экономикалық мүдделерін қорғау үшін көміртегі кредиттерін шоғырландыру, қызған газдардың шығарындыларына квоталар сату секілді көптеген жаңа мүмкіншіліктерді ашып беретін еді.

Киото хаттамасын бекіткеннен кейін нақты жобалар мен іс-шараларды іске асыруды көздейтін Қазақстан Республикасында қызған газдардың шығарындыларын азайту жөніндегі 2015-жылға дейінгі бағдарлама әзірленіп, сол бойынша іс-шаралар жүрілуде.

Озон қабатының бұзылуы: Жердің озон қабатының бұзылуы адамзат пен жануарларға, өсімдіктер мен микроорганизмдерге олардың қалыпты тіршілігі үшін ықтимал қатер болып табылады.1973 жылдан бері жүргізіліп келген байқаулардың нәтижесі Қазақстан аймағының үстіндегі озон қабатының қалыңдығы 5-7%-ға азайғанын көрсетті.

Озон қабатын бұзатын заттарды пайдалану барысын реттеу жөніндегі Монреаль хаттамасына сәйкес қабылданған шаралар нәтижесінде әлемде 1986 жылдың деңгейімен салыстырғанда озон қабатының бұзылу қарқыны 10 eceгe азаюына ықпал етті.

Біздің ел озон қабатын сақтау туралы халықаралық келісімдерге 1998 жылы қосылған еді. Қазіргі уақытта Қазақстанда озон бұзғыш заттарды (ОБЗ) пайдалануды азайту және оларды айналымнан шығару, озон қабатын бұзбайтын заттарды қолданатын жаңа технологияларды енгізу жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.

Озон қабатын бұзу қатерін жоюдың негізгі жолдары мыналар болып табылады:

· ОБЗ пайдаланудан жедел бас тарту және оларды қауіпсіз жоюды қамтамасыз ету;

· ОБЗ-дың заңсыз айналымының алдын алу;

· қолға алынған шаралар мен күш-жігердің табыстылығына көз жеткізу үшін тропосферада оның жинақталуына тұрақты мониторинг жүргізу.

Сондай-ақ ОБЗ пайдаланатын кәсіпорындардың қызметін лицензиялау жөніндегі қажетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдап, ОБЗ пайдалану қызметімен айналысатын мамандарды оқыту ісі де қолға алынуда. Қазақстанның үстіндегі озон қабатының жай-күйін зерделеу жөнінде іргелі ғылыми зерттеулер жүргізуді бастау, сонымен қатар жаңа технологияларды енгізу жолымен ОБЗ пайдалану көлемін қысқарту және қолданыстан шығару жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет болады.

Осы іс-шараларды жүргізу нәтижесінде ОБЗ шығарындысы қысқарып, ол Жер шарының озон қабатын сақтауға септігін тигізетін болды.

Биоәртүрлілікті сақтау:

Орталық Азияда және тұтастай алғанда Азия континентінде Қазақстанның экожүйесі биологиялық әртүрлілік жағынан өзінің ерекше бірегейлігімен ерекшелінеді. Өсімдіктер мен жан-жануар түрлерінің жойылып кетуі генетикалық деңгейдегі әртүрлілікті жоғалтуға және экожүйелерде тиісті өзгерістер пайда болуына әкеліп соқтырады. Биоәртүрлілікті іc жүзінде жоғалтудың негізгі себебі олардың өмір сүру ортасының жойылуы және тозуы, ең бастысы, ормандарды кесіп отау, топырақтың эрозиясы, ішкі су айдындары мен теңіз суларының ластануы, өсімдіктер мен жануарлар түрлерін тым көп тұтыну болып табылады. Таяуда ғана белгілі бір аймаққа өсімдіктер мен жануарлардың бөгде түрлерінің келіп жерсінуі де биоәртүрлілікті жоғалтудың себебі болуы мүмкін деп танылды.

Биоәртүрлілікті сақтау үшін Қазақстан Республикасы 1994 жылы Биоәртүрлілік жөніндегі конвенцияны бекітті, биологиялық әртүрлілікті сақтау және теңгермелі пайдалану жөніндегі ұлттық стратегия мен іс-қимыл жоспарын әзірледі.

Биоәртүрлілікті сақтаудың ең бір тиімді шарасы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру болып табылады. Республиканың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының ауданы 13,5 млн. гектарды, яғни барлық аумақтың 4,9%-ын құрайды, ал бұл көрсеткіш биологиялық әртүрліліктің экологиялық теңгерімін сақтау үшін тым жеткіліксіз және 10%-ды құрайтын әлемдік стандарттан екі еседей төмен.

Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын дамыту мен орналастыру тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға дейін олардың алаңын 17,5 млн. гектарға дейін ұлғайту көзделген, бұл республика аумағының 6,4%-ын құрайды.

Қазақстанда биологиялық әртүрлілікті сақтау мақсатында биоәртүрлілік объектілерінің жай-күйін бағалау және түгендеу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың желісін ұлғайту және қазіргі табиғи және антропогендік процестерді ескере отырып, оларды жасанды жолмен молайту және бұзылған аумақтарда қалпына келтіру арқылы табиғи популяциялардың сирек түрлерін сақтау, елдің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи және мәдени мұрасы және "Адам және биосфера" бағдарламасы шеңберіндегі биосфералық аумақтар тізіміне енгізу жөніндегі шараларды іске асыру қажет.

Республика аумағының небәрі 4,2%-ын алатын Қазақстанның барлық орман алқабының ерекше экологиялық, ғылыми, рекреациялық, эстетикалық және мәдени мәнін, сондай-ақ биологиялық әртүрліліктің табиғи резерваттары ретіндегі олардың орасан рөлін ескере отырып, оларды ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесіне көшіру жөніндегі шұғыл шаралар қабылдау қажет. Бұл үшін мемлекеттік биосфералық резерваттардың желісін қалыптастыру бағдарламасы болуы қажет.

Соңғы уақытта, әлемде кең таралған генетикалық өзгерген организмдер мен өнімдерді әкелу Қазақстан үшін елеулі сыртқы қатер болып отыр. Бүкіл әлем бойынша генетикалық өзгерген организмдер мен өнімдердің кең таралу қауіпін ескере отырып, Биоәртүрлілік жөніндегі конвенцияның Биоқауіпсіздік жөніндегі Картахена хаттамасына қол қою шарасы қолға алынды. Қазақстанның Картахена хаттамасына қол қоюы өзге елдердің біздің еліміздің аумағында генетикалық өзгерген организмдер мен өнімдерді трансшекаралық өткізуімен байланысты қызметті жүзеге асырудағы жауапкершіліктерін арттыруға, оларды елге әкелуге жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауға, зерттеулер мен ғылыми-техникалық әзірлемелер ісінде өзара көмекті, сондай-ақ биотехнологиялар саласындағы ақпарат алмасуды қоса, халықаралық тығыз ынтымақтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осы келтірілген шараларды іске асыру қоршаған орта объектілерін сақтауды, оны белгілі бір тұрақтылық деңгейінде ұстап тұруды, өзін-өзі реттеу қабілеті мен жанды және жансыз табиғат түрлерінің, оның ішінде жойылу қаупі төнген тіpі организмдер геноқорының көптүрлілігін сақтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жердің шөлейттенуі және тозуы:

Қазақстанның көп бөлігі қуаң аймақта орналасқан және оның аумағының шамамен 66%-ы түрлі деңгейде шөлейттену процестеріне бейім. Алдын ала жүргізілген есептерге қарағанда жайылымның тозуынан, егістік эрозиясынан, қайталама тұзданудан және басқа да себептен алынбаған кіріс шамамен 300 миллиард теңгені құрайды екен.

Қазақстан үшін елеулі ішкі қатер болып табылатын жердің шөлейттенуі мен тозу проблемасы, шаң-тұз дауылының пайда болуы және ауа массаларының ластаушы заттарды алыс қашықтыққа ұшырып таратуы кесірінен біртіндеп трансшекаралық проблемаға айналуы мүмкін.

Соңғы жылдары шөлейттенудің көлемі мен құрғақшылықтың кері әсерінің алдын алуға және қысқартуға, тозған жерлерді және топырақтың құнарлылығын қалпына келтіруге, ресурстық базаны сақтауды және қалпына келтіруді қамтамасыз ететін, халықтың экологиялық қауіпсіздігін нығайтатын тұрақты жер пайдаланудың экономикалық тетіктерін әзірлеу мен енгізуге, сондай-ақ шөлейттенумен күрес процесінде халықтың кең қауымының хабардар болуы мен қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған шөлейттенумен күрес жөнінде бағдарлама әзірлеу және оны бекітіп жүзеге асыру міндеті ерекше маңызға ие болып отыр.

Бағдарламаның негізгі нәтижелері шөлейттену процестерін болдырмау және жердің тозу ауқымын қысқарту, шөлейттенумен күрестің экономикалық тетіктерін енгізу, ауыл шаруашылығы жерлерінің өнімділігін арттыру болмақ.

Ұлттық экологиялық проблемалар:

Экологиялық апат аймақтары:Табиғи экологиялық жүйелердің бұзылуы, флора мен фаунаның тозуы орын алған және қолайсыз экологиялық ахуал салдарынан халықтың денсаулығына елеулі зиян келтірілген Арал және Семей өңірлері экологиялық апат аймақтары болып жарияланды. Экологиялық апат аймақтары елдің ішкі қауіпсіздігіне шынайы қатер болып табылады.

Қазіргі уақытта бұрынғы Семей полигонына шектес аудандарда (71,9 мың халқы бар 85 елді мекен) онкологиялық аурулардың және адамдар өлімінің, қан айналымы жүйесі ауруларының, жаңа туған сәбилер арасындағы кеселдердің және ерте қартаю көрінісінің жоғары деңгейі байқалуда.

Арал өңірі экологиялық апат аймағында (186,3 мың халқы бар 178 елді мекен) әсіресе әйелдер және балалар арасында асқазан-ішек аурулары мен қан аздығы, балалардың шетінеуі мен туа біткен патологияның жоғары деңгейі байқалуда.

Елдің ішкі қауіпсіздігіне қатысты осы қатерді жою мақсатында экологиялық апат аймақтарында халық тұруының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын кешенді талдау жөнінде іс-шаралар жүргізу, оның сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуіне баға беру, экологиялық талаптарды әзірлеу және аумақтарды экологиялық бағалау мен ядролық сынақтар және өзге де факторлардың халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға әсерінің салдарларын ескере отырып, сауықтыру-оңалту іс-шараларын жүзеге асыру қажет. Осы орайда халықтың ішкі көші-қоны және экологиялық апат аймақтарының аумақтарын шаруашылыққа пайдалану бағдарламасы әзірленуі қажет.

Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонын және Арал өңірінің проблемаларын кешенді шешу жөнінде ұсыныстар әзірлеуді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2003 жылғы 22 тамыздағы N 182-ө Өкімімен құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы жүзеге асыруда.

Каспий теңізі қайраңының ресурстарын қарқынды игеруге байланысты проблемалар:

Каспий теңізі бассейні мемлекеттерінің көмірсутегі ресурстарын кеңінен игеруі теңіз және жағалау маңы экожүйелеріне келетін кері әсер ауқымын ұлғайтады. Теңіз мәртебесінің айқындалмаған жағдайында трансшекаралық сипаттағы сыртқы экологиялық қатерлер елеулі мәнге ие болады.

Теңіздің қазақстандық секторында көмірсутегі шикізатын алдағы кезде баса игеру елдің экологиялық қауіпсіздігіне ықтимал қатер төндіреді.

Каспий теңізінің қоршаған теңіз ортасын қорғау жөніндегі үлгілік конвенциясы және басымдық іс-қимылдардың өңірлік стратегиясы Каспий теңізінің коммерциялық ресурстарын пайдалану және Каспий маңы елдерінің Каспийдің экожүйесін қорғау жөніндегі алдағы іс-шараларға қатысты өзара ортақ іс-қимылы бойынша негізгі бағыттарын айқындайды.

Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасында 2005 жылдың аяғына дейін теңіз және жағалау маңы экожүйелеріне залал келтірместен көмірсутегін өндірудің мүмкін болатын шекті деңгейін айқындау жөніндегі арнаулы зерттеулерді жүргізу, геодинамикалық мониторингті іске асыру, иесіз мұнай ұңғымаларын және басқа да байырғы ластануларды жою, ілеспе газды алауларда жағуды және мұнай құбырлары мен радиактивті ластанған жабдықтарды рұқсат алынбай көмуді тоқтату жөнінде шаралар қабылдау көзделген еді.

Зерттеулер нәтижесінде Каспий қорық аймағын аймақтарға бөлуді қоса алғанда, теңіздегі экологиялық қауіпсіз шаруашылық қызметін қамтамасыз ететін нақты нормативтік экологиялық талаптар әзірленуі тиіс.

Су ресурстарының сарқылуы және ластануы:

Қазақстан су ресурстарының көп мөлшердегі жетіспеушілігінен зиян шегіп отырған елдер санатына жатады. Қазіргі уақытта су объектілерін тау-кен өндірісі, металлургия және химия өнеркәсібі кәсіпорындары, қалалардың коммуналдық қызметтері үлкен қарқынмен ластауда және ол нақты экологиялық қатер төндіруде. Ертіс, Нұра, Сырдария, Іле өзендері, Балқаш көлі неғұрлым шамада ластанған. Халықты ауыз сумен қамтамасыз етудің негізгі көзі болып табылатын жер асты сулары да ластануға ұшыраған.

Су объектілеріне түсетін антропогендік салмақ пен олардың өздігінен қалпына келу қабілетінің арасындағы теңсіздік экологиялық қолайсыздықты іс-жүзінде барлық ірі өзен бассейндеріне тән құбылысқа айналдырды, ал су шаруашылығының мұқтаждықтарын жеткілікті дәрежеде қаржыландырмау су шаруашылық объектілерінің барынша ескіріп тозуына, кей жерде апаттық техникалық жай-күйіне әкеліп соқтырды және халықты ауыз сумен қамтамасыз ету проблемаларының тым шиеленісуіне себеп болды.

Бұл проблемаларды шешу үшін Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2002 жылғы 21 қаңтардағы N 71 қаулысымен су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану проблемаларын шешудің негізгі жолдары айқындалған. Экономиканың су секторын дамытудың және Қазақстан Республикасы су шаруашылығы саясатының 2010 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданған еді. Сондай-ақ халықты жеткілікті көлемде және кепілді сападағы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 23 қаңтардағы N 93 қаулысымен "Ауыз су" салалық бағдарламасы бекітіліп, Қазақстан Республикасының Су кодексі және "Cу пайдаланушылардың ауылдық тұтыну кооперативтері туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, 2005-2010 жылдары негізгі су бассейндерінің су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғаудың сұлбаларын әзірлеу жөніндегі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қабылданған бағдарламалық құжаттардың щеңберінде іске асырылуы тиіс шаралар суды қажет ететін өндірістер дамысының қарқыны мен көлемін шектeугe, су үнемдейтін технологияларды, су пайдаланудың айналымды және тұйық жүйелерін жаппай енгізуге, өнім бірлігіне және пайдалану шығындарына жекелей су пайдалануды азайтуға, су шаруашылық жүйелерін есепке алу мен реттеудің қазіргі заманғы құралдарымен жарақтандыруға мүмкіндік береді. Бағдарлама су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлейтін төлемнің қолданыстағы ставкаларын саралау, су шаруашылық объектілерін ұстау мен жөндеу жөніндегі шығыс түрлерін өзін-өзі ақтауға кезең-кезеңмен көшіре отырып, су пайдаланушыларға су жеткізу жөніндегі қызмет үшін баға белгілеуді оңтайландыру жөніндегі іс-шараларды да қамтуы тиіс.

Өзен экожүйелеріне ауыртпалықты азайту мақсатында және олардың ластануы мен қоқыстануының алдын алу үшін 2005-2010 жылдар барысында пайдаланылатын барлық су объектілері үшін су қорғау аймақтары мен жолақтарының жобалары әзірленетін болады. Зиянды әсердің мүмкін болатын шекті нормативтерін және судың жай-күйінің мақсатты көрсеткіштерін әзірлеу жөніндегі ғылыми-қолданбалы зерттеулердің кешені жүргізіледі. Ол су объектілеріне ластаушы заттар төгінділерін әрбір нүкте бойынша белгілеуден бас тартып, жиынтық нормалауға кезең-кезеңмен көшіруді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осының бәрі ағынды суларды тазартатын құрылыстарды салу мен қайта жаңғырту кезінде жаңа технологияларды енгізуді жеделдетеді.

Қолда бар су ресурстарының санын ұлғайту мен сапасын жақсарту үшін су жетіспеушілігінің кесірін тартып отырған өңірлерде өзен ағынын реттеу жөніндегі, оның ішінде бассейн аралық қайта бөлу, сондай-ақ жер асты ауыз суларын пайдалануды жеделдету жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет.

Байырғы ластанулар:

Ластанудың "байырғы" көздеріне қазіргі кезде иесіз тұрған объектілер, олардың ішінде мұнай-газ және гидрогеологиялық ұңғымалар, шахталар, кеніштер (оның ішінде радиактивтік қалдықты жерлер), елдің экологиялық қауіпсіздігіне нақты қатер болып табылатын қалдық сақтағыштар мен төгінді лас су жинақтауыштар жатады.

Қазіргі кезде уран өндіру өнеркәсібінің радиактивтік үйінділерін жою жөніндегі бағдарлама, иесіз мұнай ұңғымалары мен өздігінен төгілетін гидрогеологиялық ұңғымаларды жою жөніндегі бағдарлама іске асырылуда. Алайда, бұл бағдарламалар байырғы ластанулардың барлық түрлерін толық қамтымайды. Сондықтан, байырғы ластануларды жою жөнінде бағдарлама әзірлеудің қажеттілігі күн тәртібінде тұр. Бұл бағдарламада қоршаған ортаға келтіретін олардың әсерін бағалай отырып, кезең-кезеңмен байырғы ластанулардың барлық объектілеріне толық түгендеу жүргізу, ал 2010 жылдан бастап мұндай объектілерді жою жөніндегі жұмысты бастау көзделуде.

Жаңа ластанулардың туындауына жол бермеу мақсатында олардың пайда болуын болдырмайтын құқықтық, экономикалық және өзге де тетіктерді әзірлеу және енгізу қажет болып табылады.

Трансшекаралық сипаттағы мәселелер:

Трансшекаралық экологиялық проблемаларға су бөлу, трансшекаралық су объектілерін, атмосфералық ауа мен топырақты ластау, қауіпті технологияларды, заттар мен қалдықтарды өткізу, пайдалы қазбалардың шектес жатқан кен орындарын игеру, бірегей табиғи кешендерді сақтау мәселелері жатады.

Трансшекаралық экологиялық проблемалар елдің экологиялық қауіпсіздігіне нақтылы сыртқы қатер болып табылады, оларды шешу халықаралық шарттар шеңберінде көршілес мемлекеттермен бірлескен іс-қимылдар арқылы қамтамасыз етіледі.

2003 жылдың басында Қазақстан Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау мен оларды аулаққа шығаруды бақылау туралы Базель конвенциясына қосылды. Бұл қауіпті қалдықтарды декларациялау жөніндегі жаңа кеден ережелерін белгілеуге және кейіннен олардың қайталама шикізат пен өнім түрінде республика аумағына қайтадан түсуін болдырмауға мүмкіндік береді.

Қазақстан трансшекаралық өзендерді ұтымды пайдалану және қорғау проблемасын шешуге бірыңғай құқықтық тәсілдерді қалыптастыруға мүмкіндік беретін Трансшекаралық ағын сулар мен халықаралық өзендерді қорғау мен пайдалану жөніндегі Хельсинки конвенциясына қосылды. Алайда, Орталық Азия өңірінің қалған елдері бұл конвенцияға қосылмағандықтан, трансшекаралық ағын суларды дұрыс та әділ пайдалануды қамтамасыз ету, қауіпті заттардың құйылуынан ықтимал трансшекаралық әсердің алдын алу, "ластаушы төлейді" деп аталатын қағиданы орындау жөнінде шаралар қолданған жоқ.

Трансшекаралық сипаттағы экологиялық қатерлердің алдын алу және жою үшін:

· 2005 - 2007 жылдары Қазақстан мен іргелес мемлекеттердің шекаралас аудандарын экологиялық бағалау жөніндегі бірлескен зерттеулер жүргізу;

· Орталық Азия мемлекеттерінің Хельсинки конвенциясына қосылуы жөніндегі Қазақстанның бастамасын өткізу арқылы трансшекаралық су проблемаларын шешу;

· бірегей табиғи кешендерді сақтау мақсатында 2005 - 2006 жылдар барысында Батыс Тянь-Шань мен Алтай-Саян өңірінде трансшекаралық биосфералық аумақтар құру қажет болды.

Қабылданған шаралардың нәтижелері ықтимал трансшекаралық экологиялық қатерлерді анықтауға, азайтуға және жоюға жәрдемдесетін болады.

Әскери-ғарыш және сынақ кешендері полигондарының әсері:

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының аумағында төрт әскери сынақ полигоны және "Байқоңыр" ғарыш кешені жұмыс істейді. Зымырандардың жерге түскен және құлайтын бөліктері, оған ілесе аса улы отынның төгілуі және қоршаған орта мен тікелей жақын жерде тұратын халыққа қолайсыз әсер ететін басқа да факторлар нақты экологиялық қауіп төндіреді.

"Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымыран тасығыштарды ұшыру кезінде бөлінетін бөлшектер құлайтын мақсатта жалпы ауданы 12,24 млн. гектар жер аумағы көрсетіліп белгіленген. Осы жерлердегі қоршаған ортаның жай-күйін бағалау шарасы ғарыш құралдарын, әскери техниканы және әскери объектілерді шығару, сынау, сақтау және пайдалану орындарында, сондай-ақ өнеркәсіп ұйымдары орналасқан, зымыран-ғарыш қызметін жүзеге асыратын әскери бөлімшелер мен құрылымдар тұрған орындарда техногендік ықпалдың алдын алу мен оны жою проблемасын шешуде маңызды орын алады.

Қазіргі уақытта "Қазақстан Республикасы аумағының зымыран-ғарыш қызметімен байланысты учаскелерінің экологиялық жай-күйінің мониторингі" бюджеттік бағдарламасы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2002 жылғы 29 желтоқсандағы N 1449 қаулысымен бекітілген Елдің минеральдық-шикізаттық кешені ресурстық базасын дамытудың 2003-2010 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде әскери-сынақ полигондарының аумақтарын кешенді гидрогеологиялық және геоэкологиялық зерттеулер басталды.

Бірқатар міндеттерді шешуде ғарыш құралдарына балама жоқ болғандықтан, зымыран-ғарыш қызметінің қоршаған орта мен халықтың денсаулығына әсерін азайту, зымыран-ғарыш кешендерінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету барған сайын өзекті болуда.

Осыған байланысты полигон аумақтарының экологиялық жай-күйінің мониторингі жөнінде бағдарлама әзірлеп іске асыру қажет.

Жергілікті экологиялық проблемалар:

Әуе бассейнінің ластануы:

Атмосфералық ауа ластануының негізгі себебі түсті металлургия, жылу энергетикасы, қара металлургия, мұнай-газ кешені кәсіпорындары мен көлік шығарындыларымен байланысты. Атмосфералық ауаның ластануы тұрғын халық денсаулығының нашарлауына және қоршаған ортаның тозуына бірден-бір әсер етеді.

Атмосфералық ауаның ластану проблемасы негізінен республика халқының жартысына жуығы өмір сүретін ірі қалалар мен өнеркәсіптік агломераттарға тән болып есептеледі.

Ауасы барынша ластанғандар қатарына 10 қала жатқызылады, оның ішінде 8 қаласы ауасы өте жоғары деңгейде ластанғандар болып табылады. Қалаларда ауа ластануының жоғары деңгейде болуының басты себебі өндірістің ескірген технологиялары, түтін тазартқыш құрылымдардың тиімсіздігі, қолданылатын отын сапасының төмендігі, қуаттың жаңғыртылатын және дәстүрлі емес көздерінің аз пайдаланылуы деп көреді. Кәсіпорындардың 20%-дан астамында нормативтік санитарлық-қорғау аймағының болмауы себебінен өндіріс орталықтарындағы тұрғын халықтың басым көпшілігі зиянды шығарындылардың әсері жоғары аймақта тұрып жатыр.

Автомобиль санының күрт өсіп көбеюі де ірі қалаларда (Алматы, Өскемен, Шымкент) көмір тотығы мен азот тотығының ауа құрамында жиналуын ұлғайтады, осы зиянды заттардың орташа жылдық шоғырлануы бұл қалаларда шекті мөлшерден әлде қайда асып түседі.

Ауа бассейнінің ластануына, сондай-ақ, көмірсутегі шикізатының бұрынғы кен орындарын дамыту және жаңа кен орындарын игеру де кері әсерін тигізуде. Бұл атмосфераның күкіртсутегімен, меркаптандармен ластануын ұлғайта түседі. Алауларда ілеспе газдың жағылуы қызған газдардың, күкірт пен азот тотықтарының едәуір көлемін атмосфераға таратып шығарумен қатарласа жүреді, сөйтіп кен орындарының төңірегінде жоғары жылу аясы қалыптасады.

1993 жылдан 2000-жылға дейінгі аралықта зиянды заттардың атмосфераға шығарылуы негізінен өндірістің құлдырауы есебінен 5,1 млн. тоннадан 3,2 млн. тоннаға дейін кеміді. Алайда, соңғы жылдары қалыптаса бастаған экономикалық өрлеу барысында атмосфераға таралатын зиянды заттардың шығарылуын 3,2-3,4 млн. тонна деңгейінде тұрақтандыру міндетін мемлекеттік экологиялық сараптаманы жаппай енгізудің және қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік бақылау жүргізуді тұрақтандырудың нәтижесінде қол жеткізілді. Осындай тетіктерді одан әрі жетілдіру арқылы 2010 жылдан кейін қоршаған ортаны мөлшерден тыс ластайтын кәсіпорындарға қойылатын экологиялық талаптарды күшейтіп, зиянды шығарындыларды жоспарлы түрде төмендетуге кірісуге мүмкіндік туындайды.

Aуa бассейнінің одан әрі ластану қаупін болдырмау саласындағы қажетті шаралар қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қысқа мерзімді бағдарламаларда көзделіп, жүзеге асып отыратын болады.

Радиактивті ластану:

Радиактивті ластану Қазақстанның экологиялық қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіреді. Оның негізгі көздерін мынадай төрт топқа бөліп қарайды:

· жұмыс істемей тұрған уран өндірушілер және уран өңдеуші кәсіпорындардың қалдықтары (уран кен орындарының үйінділері, өздігінен төгілетін ұңғымалар, қалдық қоймалары, технологиялық желілердің бөлшектелген жабдығы);

· ядролық қаруды сынау кесірінен ластанған аумақтар;

· мұнай өндіру өнеркәсібі мен мұнай жабдығының қалдықтары;

· ядролық реакторлардың жұмыс істеуі нәтижесінде пайда болған қалдықтар мен радиизотоптық өнім (иондаушы сәулеленуді пайдаланудан шыққан көздер).

Қазақстанда табиғи радиактивтіліктің жоғары деңгейін беретін уран қоры бар алты ірі геологиялық өңір, көптеген шағын кен орындары мен уран байқалатын кеніштер, уран өндіруші кәсіпорындар мен ядролық жарылыстар жасалған жерлерде шоғырланған қалдықтар бар.

Қазақстан аумағының 30%-ында адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретін табиғи радиактивтік газ - радон бөлінуінің жоғары ықтимал мүмкіндігі орын алған. Радинуклидтермен ластанған суды ауыз суға және шаруашылық мұқтаждықтары үшін пайдалану қауіпті болып табылады.

Қазақстан кәсіпорындарында иондаушы сәулелерді пайдаланудан қалған 50 мыңнан астам көздер бар және республика аймағында жүргізілген радиациялық зерттеу барысында 700-ден астам бақылаусыз көздер анықталып, олардың 16-сы адам үшін аса қауіпті болғандықтан біржола жойылды.

Тұрғын халықтың радиактивті улануын болдырмай қоршаған ортаның ластану қаупінің алдын алу үшін мынадай іс-шараларды жүргізу қажет болып отыр:

· радиактивті ластану көздерін түгендеу жөніндегі жұмысты аяқтау және табиғи радиактивтіліктің халықтың денсаулығына кері әсерін зерттеуді қамтитын бағдарлама әзірлеп іске асыру;

· құрылыс салуға арналған алаңдарды таңдау және табиғи құрылыс материалдарын пайдалану кезінде техникалық шектеу шараларын қабылдау;

· ауыз судың табиғи көздерінің радиактивті ластануына бақылау жүргізу және мұнай ұңғымалары мен өздігінен төгілетін, не өздігінен ағатын гидрогеологиялық ұңғымаларды жою, әйтпесе консервациялау бағдарламасының шеңберінде радинуклидтердің жоғары құрамы бар гидрогеологиялық ұңғымаларды жабу;

· жоғары радиациялық зиянды сәуле алу қаупі туралы халықты уақытылы хабардар ету жөнінде шаралар әзірлеу;

· уран өңдеуші өнеркәсіптердің радиактивті үйінділерін түгендеу және олардың қоршаған орта мен халықтың денсаулығына тигізетін әсерін айқындау жөніндегі жұмысты аяқтау.

Бұл проблеманың кешенді шешілуі үшін радиактивті қалдықтарды ұқсату мен көму саласында мамандандырылған мекеме құру көзделуі тиіс.

Аталған іс-шараларды жүргізудің нәтижесінде тұрғын халықтың зиянды сәуле алуы мен қоршаған ортаның радиактивтік ластануын төмендету мақсатына қол жеткізуге болады.

Бактериологиялық және химиялық ластану:

Арал теңізіндегі Возрождение аралында орналасқан биологиялық полигонның қызметі кесірінен туындаған бактериологиялық ластану сол аймақта бактериологиялық жұқтырудың ықтимал қаупін төндіреді.

Кейбір биологиялық агенттердің қоршаған орта объектілері мен жануарлардың ағзасында ұзақ уақыт бойы сақталатынын ескеретін болсақ, олардың республика мен басқа да шектес мемлекеттер аумағына таралуының нақты қатері бар екені түсінікті болады. Возрождение аралында оба, күйік және туляремия сияқты өте қауіпті жұқпалы аурулардың табиғи ошақ аймақтары болуы мүмкін.

Бактериологиялық ластанудың алдын алу үшін Возрождение аралының аумағындағы қоршаған орта объектілері мен фаунаның тұрақты эпидемиологиялық және эпизоотологиялық мониторингін жүргізу қажет.

Осы мақсатта 2004-жылы жұқпалы ауру қоздырғыштарының ұзақ сақталу мүмкіндігін бақылау тұрғысынан Возрождение аралының әртүрлі бөлігінде зерттеу жүргізіп, Арал аумағының қазақстандық бөлігінде оң нәтижелер табылған жағдайда Возрождение аралындағы биологиялық полигон қызметінің зардаптарын жоюды көздеген іс-шарала








Дата добавления: 2015-09-11; просмотров: 5056;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.097 сек.