Топырақ бонитировкасы

Топырақ бонитировкасы дегеніміз - өнімділігі бойыншатопырақтардың салыстырмалы бағалануы (латын тілінен аударғанда «bonitos» – сапалы деген мағынаны білдіреді). Белгілі егіншілік қарқындылығы деңгейінде ауыл шаруашылық дақылдардың көпжылдық орташа өнімділігімен топырақтардың нақты белгілерін, қасиеттерін және құбылымдарын салыстыру негізінде топырақ бонитировкасы құрылады.

Ресейде бонитировкалау жұмыстары XV, XVI және XVII ғасырлардан жүргізіле бастаған. Сол уақыттарда жер 4 санатқа бөлінген: жақсы, орташа, нашар және өте нашар. Жер сапасын есептеудің екінші кезеңі 1833-1867 жылдары жүргізілген кадастр жұмыстарымен байланысты болды. Оны Мемлекеттік мүлік Министрлігі құрған кадастрлық комиссия өткізген. Кадастрлық комиссия мүшелері топырақ сапасының мәліметтерін жинаған, әр топырақтардың орташа өнімділігін анықтаған. Соның нәтижесінде өнімділік бойынша құрылған бонитировка шкаласы қалыптастырған.

Ресейдегі 1861жылғы реформадан кейін бонитировкалау жұмыстарына В.В.Докучаев және Н.М.Сибирцев қатысты. Олар топырақты бонитировкалаудың ғылыми негіздерін қалады және бұл қағидалар осы күнге дейін маңызын жойған жоқ.

Топырақты бонитировкалау әр шаруашылықтың топырақ жамылғысын нақты бағалауға, әр түрлі шаруашылықтар, аудандар, облыстардың жерлерінің сапасын салыстыруға, олардың шаруашылық әрекетінің нәтижесін бағалауға және топырақ жамылғысын тиімді пайдалануға мүмкіншілік береді. Сонымен бірге, бұл мәлімет жер салығының мөлшерін және жердің сату бағасын анықтауға қолданылады.

Топырақтың бонитировкасы, яғни топырақтың салыстырмалы бағалануы, ауыл шаруашылық дақылдардың өсіп дамуына маңызы зор болатын, топырақтардың объективтік белгілері мен қасиеттеріне сүйене отырып қалыптастырылады. Бонитировка жасағанда сандық көрсеткіштер енгізіледі (ұпайлар), солардың көмегімен бір топырақ екінші топырақтан қаншалықты жақсы екені көрсетеді.

Топырақ бонитировкасының қазіргі әдістері В.В.Докучаев құрған принциптеріне негізделеді, олар өнімділікпен жоғары коррелятивтік байланыста болатын топырақтың сандық көрсеткіштері мен агроклиматты жағдайларды бірдей қолдануға негізделген.

Көпжылдық орташа өнімділікпен тығыз коррелятивтік байланыста болатын топырақ қасиеттері ол қарашірінді мөлшері, қышқылдық, гранулометриялық құрам, сіңіру сыйымдылығы, тығыздық, қарашірінді қабатының қалыңдығы.

Көпжылдық орташа өнімділікпен тығыз коррелятивтік байланыста болатын агроклимат жағдайлары: 100С дан жоғары температура қосындысы, ылғалдану коэффициенті (Высоцкий-Иванов бойынша), климаттың континентальдық деңгейі.

Топырақ қасиеттері мен агроклиматтық жағдайдың мәліметтерін қоса қолдану көпжылдық орташа өнімділікпен топырақтың қасиеттерінің тығыз коррелятивтік байланысы тек белгілі экологиялы-генетикалық топырақтар қатарының ішінде ғана байқалады (барлық топырақ типтеріне қолдануға болмайды). Мысалы, қара топырақтар мен қара-қоңыр топырақтар аймақтарында өнімділікпен тығыз коррелятивтік байланыста топырақ құрамындағы қарашірінді мөлшері (%) немесе оның қоры (т/га) болады. Бірақ, бұл көрсеткіш кебірлерді бағалағанда қажетсіз, өйткені олардың сапасын кебірлену қабатының тереңділігі мен кебірлер қабаттарының физико-химиялық қасиеттері анықтайды.

Бонитировкалау жұмысы алдында сол аймақтың топырақтар карталарының және агрохимиялық, мелиоративтік, эрозиялық карталардың сапасын мұқият тексеру қажет. Егер ол мәліметтер қажетті сапада болмаса, карталардың сапасын жақсартуды жүргізгенше бонитировка жұмыстарына кірісуге болмайды.

Бонитировка жасау үшін топырақтардың негізгі диагностикалық қасиеттерін айқындау қажет болады, сондықтан барлық шаруашылықтардың мәліметтерін жинау керек. Алынған мәліметтер бойынша әр шаруашылықтың топырақтар тізімі бойынша олардың морфологиялық, агрохимиялық, агрофизикалық және басқа қасиеттері жазылып, қандай көрсеткіш диагностикалық болуы мүмкін екені анықталады.

Әр топырақ кескініне бөлек карточка дайындалады оған келесі мәліметтерді жазады:

1. Топырақтың типі, типшесі және алып жатқан ауданы.

2. Топырақтың гранулометриялық құрамы; 0,05-0,01мм аралықтағы бөлшектер мөлшері, 0,01мм < бөлшектер, 0,001мм > бөлшектер, тасты болуы (м3/га, немесе аз, орташа, мол);

3. Аналық жыныс және астындағы аналық жыныс, (генезисі, балшықты шайылымдардың болуы, қиыршықтануы);

4. А және А+В1 қабаттарының және жыртылатын қабаттың қалыңдығы;

5. Қарашірінді мөлшері (%) және оның қоры (т/га);

6. Мәденилендіру дәрежесі (тың жерлер, мәдениленген, жақсы мәдениленген, орташа мәдениленген, нашар, жасанды, өзгертілген);

7. Эрозияға шалдығу дәрежесі (орташа, сәл, қатты, өте қатты);

8. Кебірлену дәрежесі немесе тұздану дәрежесі (кебірленген қабаттың қалыңдығы, зиянды тұздардың орналасу тереңділігі мен концентрациясы);

9. Глейлену дәрежесі, глейлі қабаттың орналасу тереңділігі, шымтезек қалыңдығы, оның шіру дәрежесі

10. Грунт суларының орналасу тереңдігі, оның минерализациялану дәрежесі;

11. НСl – дан қайнау тереңдігі мен сілтісіздену дәрежесі;

12. Су ертіндісінің рН көрсеткіші;

13. Гидролитикалық қышқылдығы;

14. РК мөлшері;

15. Физикалық қасиеттері;

16. Сіңірілген негіздер мөлшері немесе сіңіру мөлшері;

17. Сіңірілген натрий мөлшері;

Әр топырақ түршесіне бөлек карточкада вариациялы статистикалық әдістер көмегімен осы көрсеткіштерді орташа мөлшерлері анықталады және қанша кескіннен алынғаны көрсетіледі.

Математикалық өндегенде кем дегенде екі көрсеткішті қолданамыз; маңызды көрсеткіш болып, тәжірибе дәлдігі саналады. Сонымен қатар әр көрсеткіш қандай әдіспен анықталғаны көрсетіледі.

Әр топырақ бойынша оның ауданы көрсетіледі, оның ішінде егістік, шабындық, жайылым аудандары көрсетіледі. Әр диагностикалық көрсеткішке бонитировка ұпайы саналады, ішіне орташа көрсеткіші де көрсетіледі, уақытша 100 ұпайға теңеп ең жақсыларын алады.

Топырақтың бонитировка ұпайын есептеуге негізінен тек қана өнімділікпен корреляцияда болатын белгілерді ғана аламыз. Олар топырақ климаттық жағдайларға байланысты нақтылы жергілікті жағдайға байланысты анықталады. Кейбір белгілер көрсеткіштері бір ауданда өнімділікпен байланысса, басқа ауданда ол өнімділікпен байланыспауы мүмкін. Сондықтан бонитировкалау әдісі бойынша белгілерді топырақтану маманы сол жерде нақтылы анықтайды.

Топырақтың әр белгілері үшін бонитировка ұпайын келесі формула бойынша есептейді:

Б=3ф/3м•100

Мұнда, Б- бонитировка ұпайы

3ф – қандай болсын белгінің нақтылы мәні (азот, фосфор, калий, қарашірінді мөлшері);

3м - берілген белгінің ең жоғары немесе оңтайлы көрсеткіші,

Жер құрамындағы қоректік заттардың қорын келесі формула бойынша есептейді:

Н= а • 10000 • В •Р /100

Мұнда, Н – қарашірінді қоры, т/га;

а – генетикалық қабаттың қалыңдығы, м;

В – топырақтың көлемдік салмағы (тығыздығы), г/см3;

Р – қарашірінді мөлшері, %;

Өсімдіктерге тиімді қоректік заттар мөлшерін келесі формула бойынша анықтайды;

Н= а • 10000 •В•М

Мұнда, Н – азот, фосфор, калий мөлшері, кг/га;

а - генетикалық қабаттың қалыңдығы, м;

В - берілген қабаттың көлемдік салмағы, г/см3;

М - азот, фосфор, калий мөлшері, кг/т топырақта.

Аналитикалық мәліметтерді, егісте және басқа жерлерде орналасқан кескіндерден алынған топырақ үлгілерін талдау нәтижесінен алады.

Әр аймақта өнімділікке тікелей әсер ететін белгілер әр түрлі, сондықтан бонитировка ұпайын есептейтін белгілер жиынтығы әр аймақта әр түрлі болып келеді. Солтүстік Қазақстан аймағында бұл белгілер келесідей:

- топырақтың 0-50см. қабатындағы қарашірінді мөлшері, %;

- топырақтың 0-50 см. қабатындағы сіңірілген Na-дің орташа мөлшері (сіңіру сыйымдылығынан), %;

- топырақтың 0-50см. қабатындағы сіңірілген Мg-дің орташа мөлшері (сіңіру сыйымдылығынан), %;

- топырақтың 0-50см. қабатындағы тұздану типі мен тұздардың мөлшері;

- қиыршықтану дәрежесі.

- гидроморфтық дәреже.

Негізгі бонитировка ұпайы топырақтың 0-50 см. қабатындағы қарашірінді мөлшері бойынша есептеледі, ал басқа қасиеттері бойынша түзету коэффициенттерін қолданып, нақтылы бонитировка ұпайын анықтайды. Қазақстанның суарылмайтын егістік жерлері аймағында топырақтың 0-50 см қабатында 7% қарашірінді бар жерге 100 ұпай беріп, оны эталон ретінде қолданады.

Қазақстан Республикасы жер аумағы аудастырылып табиғи – ауыл-шаруашылық аймақтарға бөлінген (52-кесте, 47-сурет). Осы аймақтардың топырақтарының орташа бонитировка ұпайы көрсеткіші келесідей болып келеді:

- орманды – дала аймағы топырақтарындағы егістік жерлерде - 52, мал жайылымдарында - 26 ұпай;

- дала аймағы топырақтарындағы егістік жерлерде – 38, мал жайылымында – 19, шабындықтарда – 30 ұпай;

- қуаң дала аймағы топырақтарындағы егістік жерлерде – 25, мал жайылымында – 15, шабындықтарда – 22 ұпай;

- шөлейтті аймақ топырақтарындағы егістік жерлерде – 19, мал жайылымында – 11, шабындықтарда – 14 ұпай;

- шөлді аймақ топырақтарындағы егістік жерлерде – 12, мал жайылымында – 9, шабындықтарда – 12 ұпай;

- тау етегі-шөлді-далалық аймақ топырақтарындағы егістік жерлерде – 21, мал жайылымында – 12, шабындықтарда – 16;

- субтропикалық шөлді аймақ топырақтарындағы егістік жерлерде – 13, мал жайылымында – 8, шабындықтарда – 10;

- Орта Азиялық таулы аймақ топырақтарындағы егістік жерлерде – 45, мал жайылымында – 29, шабындықтарда – 35;

- Оңтүстік Сібір таулы аймақтар топырақтарындағы егістік жерлерде – 45, мал жайылымында – 45, шабындықтарда – 35.

 

52 – кесте. Қазақстанның табиғи – ауыл шаруашылық аймақтары

 

Ин де кс Табиғи-ауыл шаруашылық аймақтар Аудан млн.га % Оның ішінде ауыл шаруашы лық алқаптар, млн. га %
І Орманды дала 0,8 0,3 0,5 0,2
II Дала 26,5 9,7 9,7 10,6
III Қуан дала 62,4 22,9 22,9 24,9
IV Шөлейтті 37,2 13,7 13,7 15,2
V Шөлді 112,1 41,1 41,1 37,6
VI Тау етегі-шөлді-далалық 12,3 4,5 4,5 4,6
VII Субтропикалық шөлді 4,4 1,6 1,6 1,7
VIII Субтропикалық-тау етегі-шөлді 3,5 1,3 1,3 1,4
IX Орта Азиялық таулы 10,1 3,7 3,7 3,2
X Оңтүстік Сібір таулы аймақтар 3,2 1,4 1,4 0,6
  Республика бойынша барлығы 272,5 222,6

 


 

47–сурет. Республика аумағын табиғи жағдайлары бойынша аймақтарға бөлу сұлбасы

3.15.3. Топырақ картасы

 

Топырақтарды шаруашылықтарда дұрыс пайдаланып, оның табиғи және тиімді құнарлағын мол өнім алу үшін ұтымды қолдану жұмыстарын іске асыру барысында топырақ карталары мен картограммалардың маңызы үлкен.

Топырақ картасы белгілі бір жер аймағының топырақ жамылғысының ерекшелігін көрсетеді. Ол көрнекі түрде топырақтардың сапасын және топырақ түрлерінің жер бетінде орналасуын сипаттайды.

Картада жер аумағы масштабты түрде кішірейтіліп қағаз бетіне түсіріледі. ТМД мемлекеттерінде келесідей масштабты топырақ карталары қолданылады:

Ұсақ масштабты карталар. Масштабы 1:300000-тан кіші. Олар мемлекеттің немесе өлкелер мен облыстардың топырақ жамылғысын сипаттайды. Мемлекеттегі жер қорын есепке алу үшін, ауыл шаруашылығын аймақтарға бөлу, ауыл шаруашылығы дақылдарын аудандастыру және т.б. жұмыстарды жүргізу үшін қажет.

Орташа масштабты. Масштабы 1:300000 – 1:100000 дейін. Олар аудандардың топырақ жамылғысын көрсетеді және аудандағы шаруашылықтардың топырақтарды тиімді пайдалану шараларын іс жүзінде асыру үшін қолданылады.

Ірі масштабты карталар. Масштабы 1:5000 – 1:100000. Бұл карталар жеке шаруашылықтардың, шаруа қожалықтардың топырақ жамылғысын сипаттайды. Осы шаруашылықтардағы топырақтарды тиімді пайдалану үшін агротехникалық шараларды, тыңайтқыштарды дұрыс қолдану үшін қажет.

Түбегейлі (детальные) карталар. Масштабы 1:5000 – 1:200. Ғылыми зерттеу институттарының, тәжірибе станцияларының жер аумағы үшін және стационарлық көпжылдық тәжірибе өткізетін егіс танаптарына дайындалады. Ғылыми зерттеу жұмыстарының дұрыс негізде, тиімді жүргізілуі үшін қолданылады.

Топырақ карталары әдетте қосымша ретінде дайындаған әр түрлі картограммалармен толықтырылады. Картограмма дегеніміз сұлба түрінде жасалған ауыл шаруашылық картасы. Агрономиялық картограмма мағынасына байланысты ұсыныс беретін және мәлімет беретін болып келеді. Мәлімет беретін карта топырақтың белгілі бір басты қасиетін сипаттайды. Бұндай картограммаларға топырақтың қарашірінді қабатының қалыңдығы, топырақтың гранулометриялық құрамы, кебірлену дәрежесі, топырақтың эрозия құбылыстарына шалдығу дәрежесі немесе оларға шалдығу қауіпі дәрежесі картограммалары жатады.

Ұсынысты картограммаларда топырақтарды тиімді пайдалану жолдары туралы нұсқаулар мен ұсыныстар көрсетілген болады. Мысалы, оларға топырақтарды агроөндірістік топтарға бөлу картограммасы, суармалы егістіктерді суару құбылымы картограммасы жатады.

Қолдану мақсатына байланысты картограммалар үш түрге бөлінеді. Олар:

- топырақтардың тектік және өндірістік ұқсастығына байланысты топтарға жіктелген картограмма (агроөндірістік топтау картограммасы);

- топырақ картасының бір бөлігін толықтыратын картограмма (топырақтағы қарашірінді мөлшерін көрсететін, жер асты суларының орналасу тереңдігін көрсететін);

- топырақ картасын толықтыратын (топырақтағы жылжымалы фосфор мөлшерін, алмаспалы сіңген калий мөлшерін көрсетеді).

Топырақ карталарын дұрыс пайдалану үшін әр бір топырақ картасына арнайы дайындалған «топырақ очеркі» болады. Бұл құжатта топырақтардың агрономиялық қасиеттері толық сипатталады және осы топырақтарды тиімді пайдалану жолдары көретіледі.

Топырақ карталары топырақтарды далалық жағдайда зерттеп, олардан алынған топырақ үлгілерін зертханалық жағдайда химиялық, физикалық талдаулардан өткізу арқылы жинақталған мәліметтер нәтижесінде дайындалады.

Шаруашылықтардың топырақ картасын дайындау үшін ірі масштабты топырақ зерттеулерін ұйымдастырады. Осы зерттеулерде алынған мағлұматтар шаруашылықтың ауыл шаруашылық алқаптары ауданын есептеу үшін, ішкі жерге орналастыру жұмыстарын жүргізу үшін, әр бір топырақ түрі алқаптарына арналған агротехникалық әдістерді қалыптастыратын және оны іске асыру үшін қажет. Сонымен бірге топырақ картасындағы мәліметтер мәдени дақылдарды топырақтың ерекшеліктеріне сәйкес алқаптарға орналастырып өсіруге, топырақтарды мелиорациялау (жақсарту) әдістерін таңдауға, топырақтарды бонитировкалау жұмыстарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Карта мәліметтеріне сүйене отырып алынатын өнімнің көлемін жоспарлауға болады.








Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 7551;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.038 сек.