Шөл аймағы топырақтары жамылғысы құрылымы және оларды пайдалану ерекшеліктері
Шөл аймағының топырақ жамылғысы құрылымы ерекшелігі оның өте кешенді болуы. Аймақтық қоңыр және сұр-қоңыр топырақтармен қатар бұл өңірде үлкен құмды алқаптар, сортаң топырақтар, кебірлер тақырлар мен тақырсымақ топырақтар кездеседі. Қазақстанның шөл аймағында сортаңданған топырақтар ауданы 61,2 млн. га және кебірлі кешендер 22,3 млн. гектарды құрайды. Әсіресе сортаң топырақтар Каспий маңы ойпатында, Үстірт пен Маңғыстауда, Арал теңізі маңында, оның кеуіп қалған түбінде, Балқаш көлі маңында, Сырдария, Шу, Іле өзендері аңғарларында кең тараған.
Шөл аймағының қоңыр және сұр-қоңыр топырақтарының ығалмен қамтамасыз етілуі өте нашар, құнарлылығы төмен, өсімдік жамылғысы селдір. Бұл топырақтар негізінен өнімділігі төмен жайылымдар ретінде мал шаруашылығы саласында қолданылады. Қоңыр, сұр-қоңыр, тақырсымақ топырақтарды кейбір жағдайда суармалы егіншілік саласында пайдалануға болады. Бірақ суармалы егістікте оларды қолданғанда топырақтың қайтадан сортаңдануына, кебірленуіне, жел және су эрозиясына шалдығуына жол бермейтін агротехникалық шараларды қатаң сақтау қажет.
Бұл аймақта суармалы егістікке игеруге кебірленбеген, әлсіз кебірленген және сортаңданбаған біртекті ауқымды ауданды алып жатқан қоңыр, сұр-қоңыр, тақырсымақ топырақтар жарамды болып есептеледі. Солардың ішінде ойпаттау жерлерде кездесетін шалғынды қоңыр, шалғынды сұр-қоңыр топырақтардың құнарлылығы жоғарырақ болып келеді. Суармалы егістікте бақша дақылдарын, көкөністерді, жеміс-жидектерді, мақта мен күрішті өсіруге болады. Бұл егістіктерді суарумен бірге топыраққа жеткілікті мөлшерде органикалық және минералды тыңайтқыштар сіңірілуі өте қажет.
Шөл аймағында жайылым жер ауданы мол. Бұл аймақ қой мен түйе шаруашылығын дамыту үшін қолайлы. Бірақ жайылым жердегі топырақтардың істен шығып бүлінбеуі, жел эрозиясына шалдықпауы үшін жайылымдарды ғылыми негізде пайдаланып, артық мал басын жәйіп жүк түсірмей пайдаланып, өсімдік дүниесін қалпына келтіріп, молайту шараларын жүзеге асыру қажет.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 2402;